“Бірауыздан” Құдайды мадақтайық
“Осылай Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдайды ынтымақпен, бірауыздан мадақтай аласыңдар” (РИМДІКТЕРГЕ 15:6, ЖД).
1. Пауыл бауырластарды әр түрлі көзқарасқа қалай қарау керек екеніне қатысты нені үйреткен?
МӘСІХШІЛЕРДІҢ талғамдары әр түрлі, олар бәрі бірдей таңдау да жасамайды. Алайда барлық мәсіхшілер иық тіресіп, өмір жолымен бірге жүрулері керек. Бұл мүмкін бе? Егер болмашы айырмашылықтарға бола үлкен дау тудырмайтын болсақ, мүмкін. Бірінші ғасырдағы бауырластарға елші Пауыл осыны үйреткен. Бұл маңызды сұрақты ол қалай түсіндірген? Оның киелі рухтың жетелеуімен айтқан кеңесін қалай қолдана аламыз?
Мәсіхшілер ауызбіршілігінің маңыздылығы
2. Пауыл ауызбіршіліктің маңызды екеніне қалай ерекше көңіл аударды?
2 Пауыл мәсіхшілердің ауызбіршілігінің маңызды екенін білген және мәсіхшілердің бір-біріне төзімді болып, сүйіспеншілік көрсетулеріне көмектесетін кеңес берген (Ефестіктерге 4:1—3; Қолостықтарға 3:12—14). Дегенмен 20 жылдан аса уақыт өте, көптеген қауымдар құрып, басқа қауымдарды аралап шыққаннан кейін де, ол ауызбіршілік сақтаудың қиын болатынын білген (1 Қорынттықтарға 1:11—13; Ғалаттықтарға 2:11—14). Сондықтан Пауыл Римдегі бауырластарды: “Табандылық пен жігердің бастауы — Құдай... Осылай Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдайды ынтымақпен, бірауыздан мадақтай аласыңдар”,— деп шақырған (Римдіктерге 15:5, 6, ЖД). Бүгінде де біз Ехоба Құдайды өзінің біріккен халқы ретінде “бірауыздан” мадақтауымыз керек. Мұны біз қаншалықты орындап жүрміз?
3, 4. а) Римдегі мәсіхшілердің шыққан тектері қандай болған? ә) Римдегі мәсіхшілер қалайша Құдайға ауызбіршілікпен қызмет ете алар еді?
3 Римдегі көп мәсіхшілер Пауылдың жақын достары болған (Римдіктерге 16:3—16). Олардың шыққан тегі әр түрлі болса да, Пауыл барлық бауырластарын ‘Құдайдың сүйіктілері’ ретінде қабылдаған. Ол: “Сендердің сенімдерің туралы хабар әлемнің шартарабына тарап жатқандықтан.., бәрің үшін Иса Мәсіх арқылы Құдайыма ризашылығымды білдіремін”,— деп жазған. Римдіктер көп жағынан үлгілі болғандары анық (Римдіктерге 1:7, 8; 15:14). Дегенмен кей жағдайларда қауымның кейбір мүшелерінің ойлары бір жерден шықпаған. Бүгін де мәсіхшілердің шыққан тектері мен мәдениеттері әр түрлі болғандықтан, Пауылдың айырмашылықтарға қалай қарауға қатысты киелі рухтың жетелеуімен жазған кеңесін талқылағанымыз ауызбіршілік сақтауға көмектесе алады.
4 Римде яһудиліктермен қатар басқа ұлттардан келген мәсіхшілер де болған (Римдіктерге 4:1; 11:13). Кейбір яһуди мәсіхшілер құтқарылу үшін Таурат заңының кейбір жораларының қажеті жоқ екенін түсінсе де, оны ұстануларын тоқтатпаған болу керек. Бірақ көптеген өзге яһуди мәсіхшілер Мәсіхтің құрбандығы оларды Таурат заңы бойынша қойылған шектеулерден босатқанын мойындаған. Сондықтан олар кейбір әдеттері мен жораларын тастаған (Ғалаттықтарға 4:8—11). Осыған қарамастан, мәсіхшілердің бәрі де Пауыл айтқандай, ‘Құдайдың сүйіктілері’ болған. Егер бір-біріне дұрыс қараса, барлығы Құдайды ауызбіршілікпен мадақтай алар еді. Бүгінде де біз бір нәрсеге әрқалай қарауымыз мүмкін, сондықтан Пауылдың бұл маңызды принципті қалай түсіндіргенін мұқият қарастырғанымыз дұрыс (Римдіктерге 15:4).
‘Бір-біріңді қабылдаңдар’
5, 6. Неге Римдегі мәсіхшілер әр түрлі көзқарасты ұстанған?
5 Өзінің Римдіктерге жазған хатында Пауыл әр түрлі көзқарасқа қатысты жағдайды әңгіме етеді. Ол: — Біреу “маған тамақтың бәрін де жеуге болады” деп сенсе, соған күмәнданатын басқа біреу көкөніс қана жейді,— деп жазды. Неге бұлай болған? Мұсаның заңы бойынша доңыздың етін жеуге тыйым салынған (Римдіктерге 14:2; Леуіліктер 11:7). Бірақ Иса өлген соң, Таурат заңына бағынудың қажеті болмаған (Ефестіктерге 2:15). Оның үстіне, Исаның өлімінен соң үш жарым жыл өте, елші Петірге періште Құдайдың көз алдында ешқандай тағам арам деп есептелмеу керек екенін айтты (Елшілердің істері 11:7—12). Осы жайттарды ескере отырып, кейбір яһуди мәсіхшілер доңыз етін немесе Таурат заңы бойынша тыйым салынған басқа да тағамдарды жей беруге болады деген тұжырымға келген болулары мүмкін.
6 Дегенмен бұрын арам деп есептелетін тағамдарды жеуді ойлаудың өзі басқа яһуди мәсіхшілерге жиіркенішті болуы мүмкін еді. Мұндай сезімтал адамдар яһуди бауырластарының осындай тағамды жеп жатқандарын көргенде, іштей жиырылып қалатын болса керек. Оның үстіне, бұрынғы діндерінде асқа қатысты шектеулер болмаған басқа ұлттан келген кейбір мәсіхшілер біреудің асқа бола дау тудыруын түсіне алмаған болулары мүмкін. Әрине, егер құтқарылу үшін осылай ету керек деп тұрып алмайтын болса, біреудің қандай да бір астан бас тартқаны қате болып саналмаған. Дегенмен көзқарастың әр түрлі болуы қауымда оп-оңай дау тудыруы мүмкін еді. Римдегі мәсіхшілер осындай айырмашылықтардың Құдайды “бірауыздан” мадақтауларына кедергі болуына жол бермеу үшін мұқият болулары керек еді.
7. Әр аптада бір күнді ерекше тұтуға қатысты қандай әр түрлі көзқарас болған?
7 Пауыл тағы бір мысал келтіреді: “Кейбіреулер бір күнді басқасынан қасиеттірек, ал өзгелері күндердің бәрін бірдей қасиетті деп санайды” (Римдіктерге 14:5а). Мұсаның заңы бойынша діни демалыс күні жұмыс істеуге болмайтын. Ол күні тіпті жол жүруге де қатаң шектеу қойылған (Мысырдан шығу 20:8—10; Матай 24:20). Бірақ заң күшін жойған соң, бұл шектеулер де күшінен айырылған. Алайда кейбір яһуди мәсіхшілер үшін бұған дейін қасиет тұтып келген күні енді қандай да бір іспен айналысу немесе алыс сапарға аттану оңай болмаған болса керек. Тіпті мәсіхші болғаннан кейін де, Құдайдың діни демалыс күніне қатысты көзқарасы өзгергеніне қарамастан, олар жетінші күнді тек қана рухани істерге арнаған болулары мүмкін. Олардың осылай істегендері қате болды ма? Егер олар мұны Құдайдың талабы деп тұрып алмаса, қате болмаған. Сондықтан бауырластардың ар-ұждандарын ескере отырып, Пауыл былай деп жазған: “Әркім өзінің санасымен көз жеткізгеніне сай әрекет етсін” (Римдіктерге 14:5ә, сілтемені қараңдар).
8. Басқалардың ар-ұжданын ескергендерімен, Пауылдың айтуынша, Римдегі мәсіхшілер не істемеулері керек еді?
8 Бірақ бауырластарды ар-ұждандары дүдәмал бауырластарға шыдамдылық танытуға шын жүректен жігерлендіре отырып, Пауыл құтқарылу үшін Мұсаның заңына бағынуды талап ететіндерге қатаң сөгіс берді. Мысалы, ол б. з. 61 жылы яһуди мәсіхшілерге Исаның құрбандығына негізделген керемет үміттері болғандықтан, олар үшін Мұсаның заңына бағынудың еш қажеті жоқ екенін айқын түсіндіретін Еврейлерге арналған сөздері өтімді хатын жазған (Ғалаттықтарға 5:1—12; Титке 1:10, 11; Еврейлерге 10:1—17).
9, 10. Мәсіхшілердің неден аулақ болғандары дұрыс? Түсіндіріп беріңдер.
9 Көріп отырғанымыздай, Пауыл егер Киелі кітап принциптері бұзылып жатпаса, талғамның әр түрлі болуы ауызбіршілікке қауіп төндірмеу керек екенін айтады. Сондықтан ол әлсіз мәсіхшілерге: “Мұндай ережелерді орындамайтын бауырласыңды айыптауға қандай қақың бар?” — деген сұрақ қояды. Ал әлділерінен (Таурат заңы бойынша тыйым салынған белгілі бір тағамдарды жей беруге немесе діни демалыс күні жұмыс істей беруге ұяттары жібере беретін бауырластардан): “Оларды орындап жүрген бауырласыңа менсінбей қарауға қандай қақың бар?” — деп сұрайды (Римдіктерге 14:10). Пауылдың сөздеріне сәйкес, ар-ұждандары дүдәмал мәсіхшілер ар-ұждандары өздерінікіндей тым сезімтал емес бауырластарды сынап-мінеуден аулақ болулары керек. Тура сол тәрізді әлді мәсіхшілер кей жерлерде ар-ұждандары әлсіз бауырластарға менсінбей қарамаулары керек. Барлығы да өзгелердің таза ниеттерін сыйлаулары керек және ‘өздері туралы тиістісінен артық ойламаулары керек’ (Римдіктерге 12:3, 18).
10 Пауыл осыған қатысты байсалды көзқарасты түсіндіреді: “Ет жейтін бауырлас одан бас тартқанды қорламасын, ал еттен бас тартқан бауырлас оны жейтінді айыптамасын, өйткені Құдай оны да қабылдады”. Одан соң ол: “Мәсіх өздеріңді қалай қабылдаса, сендер де бір-біріңді солай қабылдап, Құдайдың даңқын асырыңдар!” — деп қосады. Сондықтан Құдай мен Мәсіх ар-ұжданы мықтыны да, дүдәмалды да қабылдайтындықтан, біз де осындай кеңпейілді көзқарас танытып, ‘бір-бірімізді қабылдауымыз’ керек (Римдіктерге 14:3; 15:7). Мұнымен кім келіспейді?
Бүгінде бауырмалдық ауызбіршілікке жетелейді
11. Пауылдың күнінде қандай ерекше жағдай болған?
11 Римдіктерге жазған осы хатында Пауыл ерекше жағдайды сөз қылған. Ехоба жақында ғана бір келісімді күшінен айырып, жаңасын құрған. Сондықтан кейбіреулердің жаңа келісімге бейімделуі қиын болды. Тура мұндай жағдай бүгінде жоқ, дегенмен кейде осыған ұқсас сұрақтар туындауы мүмкін.
12, 13. Бүгінде мәсіхшілер қандай жағдайларда бауырластардың ар-ұждандарын сыйлайтындарын көрсете алады?
12 Мысалы, мәсіхші әйелдің бұрынғы дінінде сәнденуге тыйым салынған шығар. Енді шындықты қабылдағанда оған орынды жерде қарапайым әрі ашық түсті киім киіп немесе жөнімен боянуға бейімделу қиынға соғатын шығар. Киелі кітаптың принципі бұзылып жатпағандықтан, біреудің мәсіхші әйелді ар-ұжданына қарсы әрекет етуге көндіруге тырысқаны дұрыс болмас еді. Сонымен қатар бұл бауырластың өзі де басқа әйел бауырластың осындай нәрселерді қолдануға ар-ұжданы мазаламайтыны үшін айыптамау керек екенін түсінеді.
13 Басқа бір мысалды қарастырайық. Мәсіхші ер адам ішімдік ішу айыпқа саналатын жерде өскен делік. Шындық туралы білім алған соң, ол Киелі кітаптан шарап Құдайдың сыйы екенін және оны мөлшерімен ішуге болатынын білді (Забур 103:15). Ол мұнымен келіседі. Алайда өзінің шыққан ортасына байланысты ол ішімдіктен толығымен бас тартады. Бірақ ол ішімдікті мөлшермен пайдаланатындарды айыптамайды. Осылайша ол Пауылдың: “Өзара тату жүріп, бір-біріміздің рухани өсуімізге көмектесетіннің барлығына жан-тәнімізбен ұмтылайық!” — деген сөздерін қолданады (Римдіктерге 14:19).
14. Қандай жағдайларда мәсіхшілер Пауылдың Римдіктерге берген кеңесінің рухын түсініп, қолдана алады?
14 Тағы бір жағдайларда Пауылдың Римдіктерге берген кеңесінің рухын түсініп, қолдану керек болады. Мәсіхшілер қауымында неше түрлі адамдар бар және олардың талғамдары да әр түрлі. Сондықтан олардың, айталық, киім және сыртқы көрініске байланысты талғамдары да әр түрлі болуы мүмкін. Киелі кітапта барлық ниеті таза мәсіхшілер үшін анық принциптер жазылған. Ешқайсымыздың да ерсі көрінетіндей, әдепсіз немесе бізді осы дүниенің ұнамсыз адамдары сияқты көрсететіндей киініп немесе шаш қойғанымыз дұрыс болмайды (1 Жохан 2:15—17). Мәсіхшілер барлық уақытта да, тіпті көңіл көтеріп, тынығатын кезде де Әлемнің Әміршісінің өкілдері болып қала беретіндерін естерінен шығармайды (Ишая 43:10; Жохан 17:16; 1 Тімотеге 2:9, 10). Дегенмен көп жағдайларда мәсіхшілер үшін киюге тұрарлық киімді еркін таңдай алатын мүмкіндіктері барa.
Басқалардың рухани әлсіреуіне себеп болудан сақ болыңдар
15. Қандай кездерде мәсіхші бауырластарының жағдайын ойлап, өз құқынан бас тартуы мүмкін?
15 Пауылдың Римдегі мәсіхшілерге берген кеңесінен назарымызды аударатын тағы бір маңызды принципті байқауға болады. Кейде ар-ұжданын жақсы тәрбиелеген мәсіхші істеуге толық құқы бар істен бас тартуы мүмкін. Неге? Себебі өзінің қандай да бір әрекетімен басқаларға зиян тигізіп алуы мүмкін екенін түсінеді. Мұндай жағдайға кезіксек не істейміз? Пауыл былай дейді: “Егер ет жеу, шарап ішу немесе басқа нәрсе істеу бауырласыңның сенім жолынан тайып, азғындыққа елігіп, рухани әлсіреуіне себеп болса, ондай нәрселерден бас тартқаның жөн” (Римдіктерге 14:14, 20, 21). Сондықтан “біз, әлділер, әлсіздердің әлсіздіктерін көтеруге тиіспіз, өзімізді қанағаттандыруымызға болмайды” (Римдіктерге 15:1, 2, сілтемені қараңдар). Істерімізбен бауырластарымыздың сезімдерін жарақаттап аламыз-ау деген жағдайда оларға деген сүйіспеншілігіміз бізді басқалардың сезімдерін ескеріп, белгілі бір нәрселерден бас тартуға жетелейді. Мысалы, бұл ішімдікті пайдалануға қатысты болуы мүмкін. Мәсіхшіге шарапты мөлшерімен ішуге болады. Бірақ бұнысымен жолдастарына кері әсер етуі мүмкін болса, ол өзінің ішуге толық құқы бар екенін айтып тұрып алмайды.
16. Өзіміз тұрып жатқан аумақтағы адамдардың жағдайымен санасатынымызды қалай көрсете аламыз?
16 Бұл принципті қауымнан басқа жерлерде де қолдануға болады. Мысалы, біз тұрып жатқан жердегі негізгі діннің ілімі бойынша аптаның бір күні демалыс күні боп есептеледі делік. Осыны ескере отырып, көршілеріміздің жақтырмауына түрткі болып, уағыздау ісіне өзіміз кедергі жасап алмау үшін сол күні мүмкіндігінше олар ұнатпайды-ау деген істерден бас тартамыз. Басқа жағдайда бақуатты тұратын мәсіхші қажеттілік бойынша тұрғындарының әл-ауқаты төмен жерге көшіп баруы мүмкін. Ол жаңа көршілеріне мұқият екенін көрсете отырып, жағдайының келетініне қарамастан қарапайым киінуді немесе қарапайым өмір салтын кешуді шешуі мүмкін.
17. Неге шешім қабылдағанда басқалардың сезімін ескерген парасаттылыққа жатады?
17 “Әлділер” осылай бейімделеді деп күткен орынды ма? Келесі жағдайды көздеріңе елестетіңдерші: үлкен жолда көлік айдап келе жатып, алдымызда бір топ баланың жол бойына тым жақын жүріп келе жатқанын көрдік. Заң бойынша қатты айдауға құқым бар деп, жылдамдықты бәсеңдетпей барынша қатты айдай береміз бе? Жоқ, балаларға қауіп төндірмеу үшін жылдамдықты азайтамыз. Сол сияқты кейде бауырластармен немесе басқалармен жақсы қарым-қатынасымызды сақтау үшін жылдамдықты азайтуға немесе жол беруге дайын болуымыз керек болады. Мүмкін, ойымыздағыны істеуге толық құқымыз бар шығар. Киелі кітаптың принциптері де бұзылып жатқан жоқ шығар. Дегенмен басқалардың сезімін жарақаттап немесе ар-ұжданы әлсіздерге зиян келтіруіміз мүмкін болса, сүйіспеншілігіміз абайлап әрекет етуге жетелейді (Римдіктерге 14:13, 15). Ауызбіршілік сақтағанымыз және Патшалық мүддесін қолдағанымыз өз құқымызды пайдаланып қалудан әлдеқайда маңыздырақ.
18, 19. а) Басқаларға мұқият екенімізді көрсетіп, Исаның үлгісіне қалай еліктейміз? ә) Неге қатысты біз толық үйлесімділікпен әрекет етеміз және келесі мақалада не талқыланады?
18 Осылай етер болсақ, ең жақсы үлгіге еліктегеніміз. Пауыл: “Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істеді. Забурда алдын ала былай деп жазылған: — Сені қорлаушылардың ғайбат сөздері Маған тиді”,— деп айтқан. Иса біз үшін өмірін құрбан етуге дайын болған. Әрине, егер бұл “әлсіздердің” бізбен бірге Құдайды мадақтауына мүмкіндік беретін болса, өз құқымыздың кейбіреулерін құрбан етуге дайынбыз. Шынында да, көнбістік танытып, ар-ұжданы дүдәмал бауырластарға кеңпейілдік көрсету арқылы немесе өз құқымызды қорғап тұрып алмай, таңдаған нәрселерімізден өз еркімізбен бас тарту арқылы “Иса Мәсіхтің ой-қалпын” танытамыз (Римдіктерге 15:1—4, 5, ЖД).
19 Киелі кітаптың принциптеріне қатысы жоқ сұрақтарға келгенде көзқарастарымыз қандай да бір дәрежеде әр түрлі болғанымен, ғибадат етуге келгенде үйлесімді түрде әрекет етеміз (1 Қорынттықтарға 1:10). Мұндай ауызбіршілік, мысалы, шынайы ғибадатқа қарсылық білдіретіндерге қатысты анық көрінеді. Киелі кітапта мұндай қарсыластар бөтендер деп аталады және бізге ‘бөтендердің дауысынан’ сақ болуды ескертеді (Жохан 10:5, ЖД). Мұндай бөтендерді қалай анықтауға болады? Оларға қатысты өзімізді қалай ұстауымыз керек? Бұл сұрақтарды келесі мақалада қарастырамыз.
[Сілтеме]
a Кәмелетке толмаған балалар киім таңдағанда ата-аналарының қалауымен санасады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге жеке көзқарастарымыздың әр түрлі болуы ауызбіршілігімізге қауіп төндірмеу керек?
• Неге біз, мәсіхшілер, сүйіспеншілікпен бір-біріміздің жағдайымызды ескергеніміз жөн?
• Бүгінде ауызбіршілік сақтау үшін Пауылдың кеңесін қолданудың кейбір жолдары қандай және бұлай етуге бізді не талпындырады?
[23-беттегі сурет]
Пауылдың ауызбіршілікке қатысты берген кеңесі қауым үшін маңызды болған
[24-беттегі сурет]
Мәсіхшілер әр түрлі ортадан шыққандарына қарамастан ауызбіршілік сақтайды
[26-беттегі сурет]
Қазір бұл жүргізушінің не істегені дұрыс?