Еврейлерге
4 Оның сол жерге кіруге қатысты уәдесі әлі күшінде болғандықтан, оған кіруге лайықсыз болып қалудан қай-қайсысымыз да сақ болайық+. 2 Өйткені ата-бабаларымыз іспетті бізге де ізгі хабар жарияланды+. Олар естіген сөздерінің еш пайдасын көрмеді, себебі мойынсұнғандардікіндей сенімі болмады. 3 Ал сенген біздер демалу үшін дайындалған жерге кіреміз. Өйткені Құдай, дүниенің негізі қаланғаннан* бері өз істерін аяқтап қойса да+, бірде былай деген: “Сондықтан мен ашуланып: —Олар менің демалу үшін дайындаған жеріме кірмейді!— деп ант еттім”+. 4 Сондай-ақ бір жерде жетінші күн туралы ол былай деген: “Құдай жетінші күні бүкіл жарату ісінен тынықты”+. 5 Ол тағы да: “Олар менің демалу үшін дайындаған жеріме кірмейді”+,— деді.
6 Ізгі хабарды бірінші естігендер мойынсұнбағандықтан сол жерге кірмеді+, ал кейбіреулер үшін оған кіруге әлі де мүмкіндік бар. 7 Ұзақ уақыттан кейін ол “бүгін” деуімен тағы да арнайы бір күнді белгіледі. Өйткені Дәуіттің жоғарыда келтірілген жырында: “Бүгін сендер оның даусын естісеңдер, жүректеріңді қасарыстырмаңдар”+,— делінген. 8 Егер Ешуа+ оларды демалатын жерге кіргізген болса, Құдай кейінірек басқа бір күн туралы айтпас еді. 9 Сондықтан Құдай халқы үшін әлі де тынығатын Демалыс күні* бар+. 10 Құдай өз жұмыстарынан демалып жатқандай, оның демалу үшін дайындаған жеріне кірген адам да өз жұмыстарынан демалады+.
11 Сондықтан ешқайсысымыз солар сияқты мойынсұнбай кетпеуіміз үшін+, демалатын сол жерге кіруге барынша тырысайық. 12 Себебі Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті+. Ол екі жүзді семсердің қай-қайсысынан да өткір+, бойымызға терең еніп, тіпті жан* мен рухты*, буын мен жұлынды айырады, әрі жүректегі ой-ниетті аян етеді. 13 Құдайдың назарынан жасырын ешбір жаратылыс жоқ+, оның көз алдында бәрі ашық та айқын. Біз оның алдында есеп береміз+.
14 Біздің көкке енген ұлы бас діни қызметкеріміз — Құдай Ұлы Иса+ — бар болғандықтан, оған деген сенімімізді талмай жариялай берейік+. 15 Ол біздің әлсіздіктерімізге жаны ашымайтын бас діни қызметкер емес+, қайта, өзіміз сияқты барлық жағынан сыналды, бірақ күнә атаулыдан таза болды+. 16 Сондықтан көмекке мұқтаж кезімізде оның мейірімділігі мен рақымына ие болу үшін, рақымын төгетін Құдайдың тағына* жақындап, еркін дұға етейік+.