Мұсаның 2-жазбасы
9 Сосын Ехоба Мұсаға былай деді: “Перғауынға бар да, мына сөздерді жеткіз: —Исраилдіктер* сиынатын Құдай Ехоба: “Менің халқымды ғибадат етуге жібер+. 2 Егер оларды жіберуден бас тартып, әрі қарай да ұстап отыратын болсаң, 3 Ехобаның қолы+ даладағы малыңа төнеді. Сөйтіп, жылқыларың, есектерің, түйелерің, сиырларың мен қойларың жаман індетке ұшырайды+. 4 Ехоба исраилдіктердің малы мен мысырлықтардың малының арасын ажыратып қояды. Сондықтан исраилдіктердің бірде-бір малы өлмейді+”,— дейді”. 5 Оның үстіне, Ехоба уақытты белгілеп: “Мен, Ехоба, мұны ертең осы елде жүзеге асырамын”,— деп айтты.
6 Келесі күні-ақ Ехоба айтқанын істеді: мысырлықтардың отар-табынындағы мал қырыла бастады+, ал исраилдіктердің малының бірде-біреуі өлмеді. 7 Перғауын адам жіберіп тексертіп еді, исраилдіктердің отар-табындарынан ешқандай мал өлмеген екен. Бірақ ол жүрегін әрі қарай да қасарыстырып, халықты жібермей қойды+.
8 Содан соң Ехоба Мұса мен Харонға былай деді: “Пештен уыстап күл алыңдар. Мұса оны перғауынның көз алдында аспанға шашсын. 9 Сонда күл Мысыр жерін жауып қалатын шаң-тозаңға айналып, бүкіл елдегі адамдар мен малдардың үсті-басына іріңді жаралар шығады”.
10 Олар пештен күл алып, перғауынның алдына барып тұрды. Мұса күлді аспанға шашып жібергенде, адамдар мен малдың үсті-басына іріңді жаралар шыға бастады. 11 Басқа мысырлықтар сияқты сиқыршылықпен айналысатын абыздардың+ да үстін жара басып кетті. Сондықтан олар Мұсаның алдына келе алмады. 12 Алайда Ехоба перғауынның жүрегінің қасарысуына жол берді+. Сондықтан ол, Ехоба Мұсаға алдын ала айтқандай, олардың сөзіне құлақ аспады.
13 Бұдан кейін Ехоба Мұсаға тіл қатып: “Таңертең ерте тұрып, перғауынның алдына бар да, оған мынаны айт: —Исраилдіктер* сиынатын Ехоба Құдай былай дейді: “Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер. 14 Осы жолы саған, қызметшілерің мен халқыңа барлық жазамды жіберемін. Сонда бүкіл жержүзінде маған тең келетін ешкімнің жоқ екенін білесің+. 15 Қаласам, баяғыда-ақ қолымды созып, сені де, халқыңды да жаман індетке ұшыратып, жер бетінен жоқ қылар едім. 16 Алайда саған құдіретімді көрсетіп, есімімді бүкіл жер бетіне жария ету үшін сені тірі қалдырдым+. 17 Ал сен халқымды менсінбей, әлі де жібергің келер емес. 18 Ендеше, мен ертең осы уақытта Мысырға бұрын-соңды болмаған қатты бұршақ жаудырамын. 19 Сондықтан хабар жіберіп, даладағы бар мал-мүліктерің мен адамдарыңды қауіпсіз жерге жина. Ал сыртта қалған адамдар мен малдың бәрі бұршақтың астында қалып қырылады”,— деді.
20 Перғауынның қызметшілерінің ішіндегі Ехобадан қорыққандары құлдары мен малдарын дереу ішке кіргізіп алды. 21 Ехобаның сөзіне мән бермегендері болса құлдары мен малдарын далада қалдырды.
22 Ехоба Мұсаға: “Қолыңды аспанға соз. Сонда бүкіл Мысыр жеріне — адамдарының, малдары мен даладағы өсімдіктерінің үстіне — бұршақ жауады”+,— деді. 23 Мұса таяғын аспанға созғанда, Ехоба күн күркіретіп, бұршақ жаудырып, жерге от* түсірді. Осылай Ехоба Мысыр жерін бұршақтың астында қалдырды. 24 Бұршақ жерге төпелеп, арасынан от жарқылдап жатты. Мысыр елі ел болғалы мұндай бұршақты көрген емес еді+! 25 Бұршақ Мысыр жерінің түгін қалдырмай, адамнан бастап малға дейін ұрып тастады. Даладағы өсімдікті жайпап, ағаштың бәрін сындырды+. 26 Тек исраилдіктер тұрып жатқан Гөшен жеріне ғана бұршақ жауған жоқ+.
27 Содан перғауын Мұса мен Харонды шақыртып, былай деді: “Күнә жасағанымды енді мойындаймын. Ехоба әділ, айыпты болып тұрған — өзім және халқым. 28 Ехобадан күн күркірі мен бұршақты тоқтатсын деп өтініңдер. Сонда мен сендерді жіберемін, әрі қарай ұстамаймын”. 29 Мұса оған былай деді: “Қаладан шыға салысымен, мен қолымды аспанға жайып, Ехобаға дұға етемін. Сол кезде күн күркірі басылып, бұршақ тоқтайды. Осыдан бүкіл жердің иесі Ехоба екенін ұғатын боласыз+. 30 Бірақ сонда да сіздің және қызметшілеріңіздің Ехоба Құдайдан қорықпайтынын білемін”.
31 Зығыр мен арпаны бұршақ ұрып кетті, өйткені арпа масақтанып, зығыр гүлдейін деп тұрған еді. 32 Ал бидай мен қарабидай кеш пісетін дақыл болғандықтан, оларды бұршақ ұрған жоқ. 33 Мұса перғауынның алдынан кетіп, қаладан шыққан соң, қолын аспанға жайып, Ехобаға дұға етті. Сонда күн күркірі басылып, бұршақ пен жаңбыр тыйылды+. 34 Жаңбыр мен бұршақтың тоқтағанын және күн күркірінің басылғанын көргенде, перғауын жүрегін қасарыстырып+, күнә жасауын қоймады, қызметшілері де солай етті. 35 Перғауын қырсығып, исраилдіктерді жібермей қойды. Осылай боларын Ехоба Мұса арқылы алдын ала айтқан еді+.