Ехобаның жолдарын біл
‘Өз жолдарыңды білдіре гөр. Сонда мен Сені жақыннан танимын’ (МЫСЫРДАН ШЫҒУ 33:13, сілтемені қараңдар).
1, 2. а) Мысырлықтың еврейді жәбірлеп жатқанын көргенде, Мұса неге Киелі кітапта айтылғандай әрекет еткен? ә) Ехобаның лайықты қызметшісі болу үшін Мұса нені үйрену керек еді?
МҰСА перғауынның сарайында өскен және Мысыр ақсүйектері жоғары бағалаған білімді алған. Алайда Мұса өзінің мысырлық емес екенін ұмытпаған. Оның ата-анасы еврей болған. Қырық жасқа келгенде Мұса бауырластарының, Исраил ұлдарының, жағдайын көруге шығады. Мысырлықтың бір еврейді жәбірлеп жатқанын көргенде, Мұса қарап тұра алмайды. Ол мысырлықты өлтіріп қояды. Мұса Құдай халқымен бірге болуды таңдайды және Құдай қандастарымды құтқару үшін мені пайдаланып жатыр екен деп ойлайды (Елшілердің істері 7:21—25; Еврейлерге 11:24, 25). Бұл жағдай құлақтарына жеткенде, Мысыр патшасының сарайындағылар Мұсаны бүлікші деп табады да, ол жан сауғалап, қашып кетуге тура келеді (Мысырдан шығу 2:11—15). Құдай өзін қолдану үшін Мұса оның жолдарымен жақсырақ танысу керек еді. Мұса бұған дайын болды ма? (Забур 24:9).
2 Бұдан кейін Мұса қырық жыл бойы қуғында жүріп, қой бағумен айналысады. Еврей бауырластарына ренжіместен, Мұса Құдай жол берген жағдайға мойынсұнады. Өзінің ізгі ниетін ешкім түсінбеген сияқты болса да, сол жылдардың бәрінде Мұса Ехобаның тәрбиесін ала береді. Өз беделін өзі көтергендіктен емес, Құдайдың киелі рухының жетелеуімен ол кейінірек: “Мұса болса жер бетіндегі барлық адамдардың арасындағы ең жуасы болатын”,— деп жазады (Руларды санау 12:3). Ехоба Мұсаны керемет түрде қолданды. Біз де жуас болуға тырыссақ, Ехоба батасын береді (Софония 2:3).
Мұсаға тапсырма беріледі
3, 4. а) Ехоба Мұсаға қандай тапсырма береді? ә) Мұса қандай көмек алады?
3 Бір күні періште Синай түбегіндегі Хориб тауының жанында Ехобаның атынан Мұсамен сөйлеседі. Ол: “Мен халқымның Мысырдағы мүшкіл халіне назар аударып, олардың айдаушыларынан жәбір көріп, қинала айқайлағандарына құлақ салып, шеккен азаптарын түгел білемін. Енді Мен халқымды мысырлықтардың қол астынан азат ету үшін көктен түстім. Оларды сол елден алып шығып... жері шұрайлы, кең-байтақ, ағы мен балы ағыл-тегіл елге бастап алып барамын”,— дейді (Мысырдан шығу 3:2, 7, 8). Осыған байланысты Құдай Мұсаға тапсырма жүктеді, бірақ ол Ехоба нұсқаған жолмен іске асу керек еді.
4 Ехобаның періштесі әрі қарай былай дейді: “Сені перғауынға жіберемін. Барып, халқым Исраилді Мысырдан бастап алып шық!”. Мұса келісер-келіспесін білмей, тұрып қалады. Ол өзін дайын емес сезінеді, әрі ол бұған дайын емес те еді. Алайда Ехоба Мұсаның көңілін орнықтырып: “Мен саған жар боламын”,— дейді (Мысырдан шығу 3:10—12). Ехоба оған шынымен Құдайдан келгенін дәлелдейтін ғажайыптар жасауға билік береді. Ал ағасы Һаронды өкілі ретінде қасына қосып береді де, оларға не айтып, не істеу керек екенін үйретеді (Мысырдан шығу 4:1—17). Мұса бұл тапсырманы адал орындап шыға ма?
5. Неге исраилдіктердің көзқарасы Мұсаның міндетін ауырлатқан?
5 Исраил ақсақалдары алғашында Мұса мен Һаронға сенеді (Мысырдан шығу 4:29—31). Алайда көп ұзамай “исраилдік бақылаушылар” Мұсаға және оның ағасына перғауын мен оның нөкерлерінің алдында ‘бізді жек көрінішті етіп көрсеттіңдер’,— деп кінә артады (Мысырдан шығу 5:19—21; 6:9). Мысырдан шыққан исраилдіктер мысырлықтардың соғыс күймелерімен арттарынан қуып келе жатқанын көргенде, зәрелері қалмайды. Алдарында Қызыл теңізді, арттарында соғыс күймелерін көргенде, олар өздерін қақпанға түскендей сезініп, Мұсаны сөге бастайды. Сол жерде сен болсаң, өзіңді қалай ұстар едің? Исраилдіктердің қайықтары болмағанымен, Ехобаның басшылығымен Мұса оларға жолға жиналуды бұйырады. Одан соң Құдай Қызыл теңіздің суын қақ айырғанда, теңіз түбі исраилдіктер өте алатындай құрғақ жерге айналады (Мысырдан шығу 14:1—22).
Құтқарылудан әлдеқайда маңызды дау
6. Мұсаға тапсырма бере отырып, Ехоба не нәрсеге ерекше көңіл аударады?
6 Мұсаға тапсырма бере отырып, Ехоба қасиетті есімінің маңыздылығына ерекше назар аударған. Бұл есімді және осы есімнің Иесін құрметтеу маңызды болған. Есімінің кім екенін сұрағанда, Ехоба Мұсаға: “Мен кім болуды қаласам, сол боламын”,— деген. Бұдан кейін Мұса исраилдіктерге: “Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие [“Ехоба”, ЖД] мені сендерге жіберіп отыр”,— деп айту керек еді. Одан соң Ехоба: “Мәңгі-бақи Менің атым осылай болмақ. Күллі келер ұрпақтар да Мені осы есіміммен естеріне сақтасын”,— деп қосады (Мысырдан шығу 3:13; 14, ЖД; 15). Құдай өзінің бүкіл жер бетіндегі қызметшілеріне әлі күнге дейін Ехоба деген осы есімімен белгілі (Ишая 12:4, 5; 43:10—12, ЖД).
7. Перғауынның паңдығына қарамастан, Құдай Мұсаны не істеуге талпындырды?
7 Перғауынның алдына барғанда, Мұса мен Һарон Ехобаның атынан сөйлейді. Бірақ перғауын паңдана жауап қатып: “Мен айтқанын тыңдап, Исраилді жібере салатындай Ехоба деген кім? Мен Ехобаны білмеймін де, Исраилді жібермеймін де”,— дейді (Мысырдан шығу 5:1, 2, ЖД). Перғауын өзінің тас жүрек әрі өтірікші екенін көрсетеді, дегенмен Ехоба өзінің хабарын жеткізу үшін оған Мұсаны қайта-қайта жібереді (Мысырдан шығу 7:14—16, 20—23; 8:1, 2, 20). Мұса перғауынның әбден ашуының келгенін көрген. Оған енді барудың жөні бар ма? Исраил бостандықты тағатсыздана күтіп отыр. Ал перғауын еш илігер емес. Мұсаның орнында болсаң, сен не істер едің?
8. Ехобаның перғауынға да қатысы бар жағдайды шешу жолының қандай пайдасы болды және ол оқиғалар бізге қалай әсер ету керек?
8 Мұса тағы бір хабар әкеліп, былай дейді: “Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие [“Ехоба”, ЖД] былай дейді: Маған ғибадат ету үшін халқымды жібер!” Құдай сондай-ақ: “Қаласам баяғыда қолымның ұшын созып-ақ өзіңді де, халқыңды да індетке ұшыратып, жер бетінен жоқ қылған болар едім. Алайда саған құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым” (Мысырдан шығу 9:13—16). Ехоба перғауынды жазалау арқылы өзіне әдейі бағынбайтындардың бәріне сабақ болатындай құдіретін көрсетпекші болды. Бұлардың арасында Иса Мәсіх кейінірек “осы күнәкар дүниенің әміршісі” деп атаған Шайтан Ібіліс те бар (Жохан 14:30; Римдіктерге 9:17—24). Алдын ала айтылғандай, Ехобаның есімі бүкіл жер бетіне жарияланды. Ехобаның асқан шыдамдылығының арқасында исраилдіктер мен оған ғибадат етуді шешкен әр түрлі ұлттан жиналған көптеген халық аман қалды (Мысырдан шығу 9:20, 21; 12:37, 38). Содан бері шынайы ғибадатқа қосылған миллиондаған адамдар Ехобаның есімінің жариялануының пайдасын көруде.
Қиын адамдарды алып жүру
9. Мұсаның халқы Ехобаны сыйламайтынын қалай көрсетті?
9 Еврейлер Құдайдың есімін білген. Мұса олармен сөйлескенде, ол есімді айтып отырған, бірақ олар бұл есімнің Иесіне лайықты құрмет көрсете бермеген. Ехоба исраилдіктерді ғажайып түрде Мысырдан босатқан соң, көп ұзамай олар ауыз суды тез арада таба қоймағандары үшін не істейді? Олар Мұсаға қарсы күңкіл шығарады. Одан кейін тамақ жоқ деп наразылық білдіреді. Мұса оларға өзі мен Һаронға ғана емес, Ехобаға қарсы күңкілдеп жатқандарын айтып, ескертеді (Мысырдан шығу 15:22—24; 16:2—12). Синай тауының жанында Ехоба исраилдіктерге кереметтер көрсете отырып, Таурат заңын береді. Бірақ халық оған мойынсұнбай, табыну үшін алтыннан жас бұқа мүсінін жасап алып, “Жаратқан Иеге арналған мейрам” күнін жариялайды (Мысырдан шығу 32:1—9).
10. Неге Мысырдан шығу 33:13-те жазылған Мұсаның өтінішіне бүгінгі ақсақалдар ерекше көңіл аударады?
10 Ехобаның өзі тоң мойын, қыңыр деп атаған халықты Мұса қайтіп алып жүрмекші? Ол Ехобаға жалбарынып: “Егерде маған риза болсаң, (бізді жүргізетін) өз жолдарыңды білдіре гөр. Сонда мен Сені жақыннан танып, Сен маған келешекте де риза боласың”,— дейді (Мысырдан шығу 33:13, сілтемені қараңдар). Мәсіхші ақсақалдарға Ехобаның қазіргі куәгерлері, анағұрлым жуас отар, табысталған. Дегенмен олар да Мұса сияқты: “Уа, Тәңір, маған жолдарыңды көрсетіп, Өзіңнің ақ жолыңмен жүруді үйретші”,— деп дұға етеді (Забур 24:4). Ехобаның жолдарын білгендерінің арқасында ақсақалдар мәселені Құдай Сөзі мен Оның болмысына сай шеше алады.
Ехоба өз халқынан не күтеді?
11. Ехоба Мұсаға қандай басшылық берген және неге олар бізді қызықтырады?
11 Ехобаның өз халқынан не күтетіні Синай тауының жанында ауызша айтылған. Кейінірек Мұса Он өсиет жазылған екі тас тақтайша алған. Таудан түсіп келе жатып, ол исраилдіктердің алтыннан құйылған жас бұқаға табынып жатқанын көреді де, ашумен тақтайшаларды лақтырып жіберіп, тас-талқанын шығарады. Ехоба Мұса жасап әкелген басқа тас тақтайшаларға Он өсиетті тағы жазып береді (Мысырдан шығу 32:19; 34:1). Олардың алғашқы өсиеттерден еш айырмашылығы жоқ еді. Мұса осы өсиеттерге сай әрекет ету керек еді. Сонымен қатар Құдай құдіретімен Мұсаға өзінің қандай Тұлға екенін және осылайша оған Құдайдың өкілі ретінде өзін қалай ұстау керек екенін көрсетеді. Мәсіхшілер Таурат заңына бағынбағанымен, Ехобаның Мұсаға айтқан сөздерінен өзгермейтін және Құдайдың бүгінгі барлық қызметшілері де қолдана беретін көптеген негізгі принциптерді байқауға болады (Римдіктерге 6:14; 13:8—10). Олардың кейбіреулерін қарастырып көрейік.
12. Ехобаның тек өзіне берілуді талап етуі Исраилге қалай әсер ету керек болған?
12 Тек Ехобаға беріліп қызмет ет. Исраил халқы Ехобаның тек өзіне берілуді талап ететінін өз құлақтарымен естіген болатын (Мысырдан шығу 20:2—5). Исраилдіктер Ехобаның шынайы Құдай екенін дәлелдейтін көптеген оқиғаларды көрген (Заңды қайталау 4:33—35). Ехоба өз халқының арасында басқа халықтар айналысатын пұтқа табынушылықтың қандай да бір түрінің немесе спиритизмнің болуына жол бермейтінін анық білдіреді. Исраилдіктердің оған деген берілгендігі қандай да бір рәсімдерді жасаумен ғана шектелмеуі керек еді. Олардың бәрі де Ехобаны шын жүректен, жан-тәндерімен және бар күштерімен сүюлері керек болған (Заңды қайталау 6:5, 6). Иә, бұл олардың сөздерінен де, істерінен де, яғни өмірлерінің барлық саласынан көріну керек болған (Леуіліктер 20:27; 24:15, 16; 26:1). Иса Мәсіх те Ехобаның тек өзіне берілуді талап ететінін анық көрсеткен (Марқа 12:28—30; Лұқа 4:8).
13. Неге исраилдіктер Құдайдың бұйрықтарын екі етпей орындауға міндетті болған және бізді оған бағынуға не талпындыру керек? (Екклесиаст 12:13).
13 Ехобаның бұйрықтарын екі етпей орында. Ехобамен келісім жасаған соң, оның айтқанын екі етпеуге міндетті болғандарын Исраил халқына ескерту керек болған. Олардың көп жағдайда еркіндіктері болған, бірақ Ехоба бұйырған нәрселерді олар екі етпей орындаулары керек еді. Осылай олар Құдайға деген сүйіспеншіліктерін көрсетер еді, әрі Ехобаның талаптарының бәрі оларға пайдалы болғандықтан, өздері де, ұрпақтары да бұның игілігін көрер еді (Мысырдан шығу 19:5—8; Заңды қайталау 5:27—33; 11:22, 23).
14. Құдай исраилдіктердің рухани істерді бірінші орынға қоюларына қалай ерекше көңіл аударған?
14 Рухани нәрселерді бірінші орынға қой. Исраил халқы тәндік қажеттіліктерін ойлап, рухани істерді ұмытып кетпеулері керек еді. Олар өмірлерін осы дүниелік істерге ғана арнамаулары керек еді. Ехоба өзіне ғибадат етуге қатысты істермен ғана айналысу үшін қасиетті күн ретінде аптаның бір күнін бөліп қойған (Мысырдан шығу 35:1—3; Руларды санау 15:32—36). Сондай-ақ жыл сайын қасиетті жиындар өткізуге қосымша уақыт бөлінген (Леуіліктер 23:4—44). Бұл күндерде Ехобаның құдіретті істері туралы айтылып, оның жолдарын еске түсіріп және оның бар жақсылығы үшін ризашылық білдіретін мүмкіндік болған. Халық Ехобаға деген адалдықтарын білдіргенде, Құдай алдындағы қорқыныш пен сүйіспеншілік қасиеттерін дамытып, бұл оларға Құдай жолымен жүруге көмектескен болар еді (Заңды қайталау 10:12, 13). Сол нұсқауларда берілген кейбір маңызды принциптер Ехобаның бүгінгі қызметшілері үшін де пайдалы болып табылады (Еврейлерге 10:24, 25).
Ехобаның қасиеттерін түсіну
15. а) Неге Ехобаның қасиеттерін түсінгені Мұсаға пайдалы болған? ә) Ехобаның әрбір қасиеті туралы тереңірек ой жүгіртуімізге қандай сұрақтар көмектеседі?
15 Ехобаның қасиеттерін түсінгені Мұсаға халықты басқаруға көмектескен болар еді. Мысырдан шығу 34:5—7 дейінгі тармақтарда Құдай Мұсаның алдынан өтіп: “Жаратқан Ие! Жаратқан Ие! Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, Сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұрады. Ол сүйіспеншілігін мыңдағандарға ұдайы көрсетеді, Тіпті Өзіне қарсы шығып әділетсіздік жасап, Күнәға батқан адамды да кешіруге дайын. Ал (қасарысқан күнәкарды) жазалаусыз қалдырмайды. Аталарының жасаған әділетсіз істері үшін Балалары мен немерелерін, Тіпті шөберелері мен шөпшектерін де жазалайды”,— деп дауыстағаны жазылған. Осы сөздер жөнінде ой жүгірту үшін уақыт бөлші. Өзіңнен: “Осы қасиеттердің әрқайсысы нені білдіреді? Ехоба оларды қалай көрсеткен? Мәсіхші бақылаушылар бұл қасиеттерді қалай таныта алады? Ол қасиеттер әрқайсымыздың әрекетімізге қалай әсер ету керек?”— деп сұрауыңа болады. Бірнеше мысалды қарастырайық.
16. Қалай Құдайдың рақымдылығын тереңірек түсінуімізге болады және бұлай еткеніміз неге маңызды?
16 Ехоба — “рақымды да қайырымды” Құдай. Ехобаның рақымы кейде жазаны жеңілдететінімен қатар, оған зор жанашырлық та жатады. Осы қасиеті Құдайды өз халқына жеңілдік әкелуге талпындырады. Құдайдың исраилдіктерді уәде етілген жерге жеткенше тәндік те, рухани да жағынан қамтамасыз етіп отырғаны осының дәлелі (Заңды қайталау 1:30—33; 8:4). Ол рақымымен қателіктерді кешірген. Ехоба өзінің ежелгі халқына рақымын көрсеткен. Олай болса, оның бүгінгі қызметшілерінің бір-біріне жанашырлық көрсетуге көбірек негіздері бар емес пе!? (Матай 9:13; 18:21—35).
17. Ехобаның қайырымдылығын түсінгеніміз шынайы ғибадатты қолдауымызға қалай көмектеседі?
17 Ехобаның рақымдылығы қайырымдылықпен байланысты. “Қайырымды” және “қайырымдылық” сөздерінің мағынасын қалай түсіндірер едің? Мұны Ехоба қайырымды Құдай ретінде суреттелген Жазба орындарымен салыстыр. Киелі кітапта Ехоба өз халқының ішіндегі мұқтаж адамға сүйіспеншілікпен қамқорлық жасау арқылы қайырымдылық танытатыны көрсетіледі (Мысырдан шығу 22:26, 27). Кез келген елде басқа адамдар сияқты шетелдіктердің жағдайлары нашар болуы мүмкін. Өз халқын бет-жүзге қарамауға және осындай адамдарға мейірімділік көрсетуге үйрете отырып, Ехоба олардың да кезінде Мысырда жат жерлік болғанын естеріне салған (Заңды қайталау 24:17—22). Құдайдың бүгінгі халқы ретінде біздер туралы не деуге болады? Қайырымдылық танытқанымыз бірлігімізді сақтайды және басқаларды да Ехобаға ғибадат етуге талпындырады (Елшілердің істері 10:34, 35; Аян 7:9, 10).
18. Ехобаның басқа халықтарға қатысты исраилдіктерге айтқан ескертуінен неге үйренеміз?
18 Алайда Исраил басқа халықтардың жағдайын ойлап, Ехоба мен оның жоғары талаптарына деген сүйіспеншіліктерін ұмытып кетпеуі керек еді. Мысалы, Ехоба исраилдіктерді айналадағы халықтарға еліктеп, олардың діни дәстүрлері мен азғын өмір салттарын қабылдамауды үйреткен (Мысырдан шығу 34:11—16; Заңды қайталау 7:1—4). Бұл бүгінде бізге де қатысты. Құдайымыз Ехобаның қасиетті болғаны сияқты біз де қасиетті халық болуымыз керек (Петірдің 1-хаты 1:15, 16).
19. Ехобаның күнәға қатысты көзқарасын түсіну оның халқын неден сақтайды?
19 Ехоба Мұсаға жолдарын жақсылап түсіндіру үшін өзінің күнәні ақтамағанымен, ашулануға баяу екенін оған анық көрсетеді. Ол адамдарға өзінің талаптарымен танысуға және оларды орындауға мүмкіндік береді. Ехоба күнәсіне өкінген адамды кешіреді, бірақ күнәкарды ауыр күнә үшін лайықты жазаны тартудан босатып жібермейді. Ол жақсы болсын, жаман болсын исраилдіктердің істері олардың ұрпақтарына әсер ететінін Мұсаға ескерткен болатын. Ехобаның жолдарын біліп, оны бағалағаны Құдай халқын өздері барып ұрынған істері үшін Құдайды кінәлаудан немесе ол баяу қимылдайды деп ойлаудан сақтайды.
20. Бауырластармен және қызметте кездесетін адамдармен дұрыс қарым-қатынаста болуға не көмектеседі? (Забур 85:11).
20 Ехоба мен оның жолдарын тереңірек білгің келсе, әрі қарай да іздене бер және Киелі кітапты ой жүгірте отырып, оқи бер. Ехобаның қасиеттерінің әр түрлі тартымды қырларын мұқият зертте. Құдайға қалай еліктей алатыныңды дұға ете отырып қарастыр және өміріңді оның еркіне мейлінше бейімде. Бұл саған тұзақтан аулақ болуға, бауырластармен дұрыс қарым-қатынаста болуға және басқалардың керемет Құдайымыз туралы біліп, оны жақсы көрулеріне ықпал етуіңе көмектеседі.
Не білдіңдер?
• Неге Мұса үшін жуас болу маңызды болған және біз үшін бұл неге маңызды?
• Ехобаның Мұсаны перғауынға қайта-қайта жіберуінің қандай пайдасы болды?
• Мұса бізге де пайдасы бар қандай керемет принциптерді үйренген?
• Ехобаның қасиеттерін қалайша тереңірек түсінуімізге болады?
[9-беттегі сурет]
Мұса перғауынға Ехобаның сөзін адал жеткізген
[11-беттегі сурет]
Ехоба Мұсаға өзінің не талап ететінін көрсеткен
[12-беттегі сурет]
Ехобаның қасиеттері туралы ой жүгірт