Езекиел
21 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді: 2 “Адам ұлы, жүзіңді Иерусалим жаққа бұрып, оның қасиетті орындарына қарсы сөйле, Исраил еліне қарсы пайғамбарлық етіп, 3 хабарымды жеткіз! Ехоба мынаны айтады: —Біліп қой, мен саған қарсы шығамын. Семсерімді қынабынан суырып алып+, сендегі әділдерді де, зұлымдарды да қырамын. 4 Иә, оңтүстіктен солтүстікке дейінгі барлық адамды әділ демей, зұлым демей қыру үшін семсерімді қынабынан суырамын. 5 Сонда адам атаулы менің, Ехобаның, семсерімді қынабынан суырғанымды білетін болады. Ол қынабына қайтып салынбайды+.
6 Ал сен, адам ұлы, қалтырап-дірілдеп күрсін, иә, олардың алдында жүрегің қарс айырыла күрсін+. 7 Олар сенен “Неге күрсінесің?” деп сұраса, “Бір хабар алғандықтан күрсінемін” деп жауап бер. Өйткені ол міндетті түрде орындалады, сол кезде барлығының зәре-құты қалмайды, қолдарынан қуат кетеді, ұнжырғалары* түседі, қорыққандарынан бұттарына жіберіп қояды+. Бұл жүзеге асады, орындалмай қоймайды. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.
8 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді: 9 “Адам ұлы, пайғамбарлық етіп, менің хабарымды жеткіз! Ехоба мынаны айтады: —Семсер! Семсер+ қайралып, жалтырап тұр!— деп айт.— 10 Ол қырып-жою үшін қайралды, найзағайдай жарқылдау үшін жалтыратылды. Сонда жұрт: “Бірақ біз қуануымыз керек емес пе?”— дейді. Құдай болса мынаны айтады: —Оның* ағаш атаулыны шауып тастайтынындай, өз ұлының асатаяғын да шауып тастай ма+?
11 Семсер жалтыратылу үшін, қолда ойнақтату үшін берілді. Ол қайралып, жалтыратылып, үкімді жүзеге асырушының қолына тапсырылды+.
12 Адам ұлы, айқай салып жыла+. Өйткені семсер менің халқыма және Исраилдің күллі басшыларына қарсы қолданылмақ+. Олар халқыммен бірге семсерден қырылады, сондықтан қайғырып, жамбасыңды соққыла. 13 Семсер сыналып қойды+. Ал ол асатаяқты шауып тастаса ше? Асатаяқ жоқ болады+. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
14 Адам ұлы, пайғамбарлық ет те, қол соғып, “Семсер!” деп үш рет қайтала. Бұл — қырып-жоятын, беделділерді қоршап алып, қырғынға ұшырататын семсер+. 15 Олар зәре-құты қалмай қорқады+, көбісі қала қақпасының алдында өлім құшады. Мен оларды семсермен қырамын. Иә, семсер найзағайдай ойнап тұр, ол қырып-жою үшін жалтыратылды! 16 Семсер, өткір жүзің оңға да, солға да сілтенсін! Жүзің қайда бағытталса, сонда сілтенсін! 17 Мен өзім де қол соғамын, сонда ашуым басылып, жаным жай табады+. Мұны айтып отырған мен — Ехоба”.
18 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді: 19 “Ал сен, адам ұлы, Бабыл патшасының семсеріне бағыт беретін екі жол таңда. Екеуі бір жерден басталып, кейін екіге айырылатын болсын. Ал жолдың айырылатын тұсына белгі орнатып қой. 20 Семсерді бағыттау үшін таңдаған жолдардың бірі аммондықтардың Рабба+ қаласына, ал екіншісі Яһуда еліндегі бекіністі қала Иерусалимге+ апаратын болсын. 21 Себебі Бабыл патшасы сол жолайрыққа тоқтап, бал ашады, жебелерін сілкілейді, пұттарынан ақыл сұрайды, бауыр қарайды. 22 Оның оң қолы Иерусалимді таңдайды да, қамал бұзатын қарулар орнатуға, “Қырыңдар!” деген бұйрық беруге, атой салуға, қала қақпаларына қарсы қамал бұзатын қарулар орнатуға, оны қоршауға алып, бекініс тұрғызуға аттанады+. 23 Бірақ оларға ант бергендер*+ үшін бұл жалған сәуегейлік болып көрінеді. Бабыл патшасы болса айыптарын есіне алып, оларды қолға түсіруді ұйғарады+.
24 Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Барлық істеріңнен күллі қылмыстарың ашылып, күнәларың көрінсін. Осылай кінәлі екендерің еске салынады. Сол үшін енді сендерді күштеп алып кетеді.
25 Ей, өлімші болып жараланған Исраилдің зұлым басшысы+! Жазаңды толық тартатын уақытың келді! 26 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Басыңдағы шалмаң мен тәжіңді шеш+. Енді жағдай бұрынғыдай болмайды+. Төмен тұрғанды жоғарылат+, ал жоғары тұрғанды төмендет+. 27 Мен тәжді құртамын, құртамын, құртамын! Заңды иесі келмейінше+, ол ешкімге берілмейді. Мен оны соған табыстаймын+.
28 Адам ұлы, сен пайғамбарлық етіп, менің хабарымды жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба аммондықтарға және олардың көрсеткен қорлығына қатысты мынаны айтады: —Семсер қырып-жою үшін қынабынан суырылды, найзағайдай ойнап, жалмау үшін жалтыратылды. 29 Жалған аяндарың мен өтірік сәуегейліктеріңе қарамастан, сендер өліктердің — күндері жетіп, жазаларын толық тартатын уақыты келген зұлымдардың — үстіне сұлайсыңдар. 30 Семсер қынабына қайта салынсын! Мен сендерді өздерің жаратылған жерде, туған елдеріңде соттаймын. 31 Сендерге қаһарымды төгіп, ашуымның отын үрлеймін, қырып-жоюға әбден машықтанған жауыз адамдардың қолына беремін+. 32 Сендер отынға айналасыңдар+, қандарың өз елдеріңде төгіледі, енді қайтып еске де алынбайтын боласыңдар. Себебі мұны айтып отырған мен — Ехоба”.