5-ТАРАУ
“Олардың қандай жиренішті істермен айналысып жатқанына қара”
ОЙБАҒДАР: Жолдан тайған яһудилердің рухани және моральдық құлдырауы
1—3. Ехоба Езекиелді ғибадатханаға апарып не көрсеткісі келді және не үшін? (2-бөлімнің мәтіні мен суретін қараңыз.)
ЕЗЕКИЕЛ діни қызметкердің ұлы болғандықтан, Мұса Заңын жетік білген. Ол Иерусалимдегі ғибадатхананы да, ондағы ғибадаттың қандай болу керектігін де жақсы білген (Езек. 1:3; Малх. 2:7). Ал б. з. б. 612 жылы ғибадатханада болып жатқан жайттарды көргенде, Езекиел тұрмақ кез келген адал яһудидің төбе шашы тік тұрар еді!
2 Ехоба Езекиелдің ғибадатхананың мүшкіл күйін өз көзімен көріп, көргендерін үйінде жиналған “Яһуда ақсақалдарына” айтып бергенін қалады (Езекиел 8:1—4 оқыңыз; Езек. 11:24, 25; 20:1—3). Аянда киелі рух Езекиелді көтеріп алып, Бабылдағы Кебар өзенінің жанындағы Тель-Авивтен жүздеген шақырым қашықтықта жатқан Иерусалимге апарды. Ехоба оны ғибадатханадағы солтүстікке қарап тұрған ішкі қақпаның аузына әкелді. Осылай Езекиелдің аянда ғибадатхананы аралауы басталды.
3 Езекиел ол жерде жаға ұстатарлық төрт көріністің куәсі болып, халықтың әбден рухани құлдырап кеткенін көрді. Ехобаға тиесілі таза ғибадат қалай арамдалды? Бұл аянның біздің күндерімізге қандай қатысы бар? Езекиелмен бірге сізді де ғибадатхананы аралауға шақырамыз. Бірақ алдымен Ехоба өзінің ғибадат етушілерінен нені талап ететініне тоқталып өтейік.
“Мен... өзіме қалтқысыз берілуді талап ететін Құдаймын”
4. Ехоба өзіне ғибадат ететіндерден нені талап етеді?
4 Езекиелдің заманына дейін тоғыз ғасырдай бұрын Ехоба ғибадат етушілерінен нені талап ететінін анық айтқан еді. Исраилдіктергеa берілген Он заңның екіншісінде ол: “Мен, Ехоба Құдайың, өзіме қалтқысыз берілуді талап ететін Құдаймын”,— деген (Мұс. 2-ж. 20:5). “Қалтқысыз берілуді талап етемін” деуімен Ехоба қызметшілерінің өзге бір тәңірге ғибадат етуіне еш төзбейтінін білдірді. Осы кітаптың 2-тарауынан білгеніміздей, таза ғибадаттың бірінші талабы бойынша, ғибадат жалғыз Ехобаға арналуы керек. Қызметшілері Ехобаға өмірлерінің төрінен орын берулері шарт (Мұс. 2-ж. 20:3). Ехоба олардың таза ғибадатты жалған ғибадатпен араластырмай, рухани тазалық сақтағандарын қалайды. Исраил халқы б. з. б. 1513 жылы өз еріктерімен Заң келісіміне отырған еді. Осылайша олар Ехобаға қалтқысыз берілуді серт етті (Мұс. 2-ж. 24:3—8). Ехоба өз келісіміне әрдайым адал. Ол халқы да солай адал болады деп күтті (Мұс. 5-ж. 7:9, 10; Сам. 2-ж. 22:26).
5, 6. Неге Ехоба исраилдіктердің қалтқысыз берілгендік танытуына лайық болған?
5 Ехобаның исраилдіктерден қалтқысыз берілгендікті талап еткені әділ болды ма? Әрине! Өйткені ол Құдіреті шексіз Құдай, Әлемнің Әміршісі, өмірдің қайнар көзі мен қуаттандырушысы! (Зәб. 36:9; Ел. іс. 17:28). Оның үстіне, Ехоба — Исраилді азат еткен Құдай. Ол халыққа Он заң бергенде, осыны естеріне салып: “Мен сені Мысыр елінен, құлдықтың үйінен, алып шыққан Ехоба Құдайыңмын”,— деген (Мұс. 2-ж. 20:2). Ехоба исраилдіктердің жүректерінен тек өзіне ғана тиесілі дара орын алуға әбден лайық еді!
6 Ехоба ешқашан өзгермейді (Малх. 3:6). Ол үшін қалтқысыз берілгендік қашанда маңызды. Олай болса, ғибадатханадағы сұмдық төрт жайтты көргенде, оның нендей күй кешкенін өзіңіз ойлай беріңіз. Қазір Езекиел көрген сол төрт көрініске көңіл бұрайық.
1-көрініс: Құдайдың қаһарын туғызған мүсін
7. а) Жолдан тайған яһудилер ғибадатхананың солтүстік қақпасының алдында не істеді және бұл Ехобаға қалай әсер етті? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.) ә) Ехобаның қызғанышы деген нені білдіреді? (Сілтемені қараңыз.)
7 Езекиел 8:5, 6 оқыңыз. Езекиел есінен тана жаздады! Ғибадатхананың солтүстік қақпасының алдында жолдан тайған яһудилер пұтқа табынып жатты! Бұл қанахандықтар Бағалдың әйелі деп есептеген Ашера тәңірінің қасиетті бағанасы болса керек. Мейлі, ол Ашера болсын, басқа болсын, исраилдіктер Ехобамен жасасқан келісімдерін аяқасты етіп, опасыздық жасады. Жалғыз Ехобаға тиесілі ғибадатты мүсінге арнауларымен олар Құдайдың қызғанышын оятып, әділ қаһарын туғыздыb (Мұс. 5-ж. 32:16; Езек. 5:13). Ойлап көріңізші, ғибадатхана 400 жылдан аса уақыт бойы Ехобаның мекендейтін үйі болып келді (Пат. 1-ж. 8:10—13). Ал опасыз халық болса оның ауласына жеркенішті пұт кіргізіп, Ехобаны өз үйіне жоламастай етті.
8. Езекиел көрген бірінші көріністің біздің кезімізге қандай қатысы бар?
8 Езекиел көрген бірінші көріністің біздің кезімізге қандай қатысы бар? Жолдан тайған яһудилер бүгіндегі мәсіхшілер әлемін еске салады. Мәсіхшілер әлемінің шіркеулері пұттарға лық толы. Ондағы адамдар қанша жерден Құдайға сиынып жатырмыз демесін, Құдай олардың ғибадатын қабыл алмайды. Өйткені олар шындығында Құдайға емес, пұттарға табынуда. Еш өзгермейтін Ехоба жолдан тайған яһудилерге қалай қаһарланса, мәсіхшілер әлеміне де дәл солай ашулы (Жақ. 1:17). Ол жолдан тайған мәсіхшілер әлеміне мүлдем жоламайды!
9, 10. Ғибадатханада болған пұтқа табынушылық қай жағынан бізге ескерту болып табылады?
9 Ғибадатханада болған пұтқа табынушылық біз үшін ескерту болып табылады. Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытқымыз келсе, “пұтқа табынушылықтан аулақ болуымыз” керек (Қор. 1-х. 10:14). Бәлкім, сіз: “Мен ешқашан пұтқа табынбаймын!”— дерсіз. Бірақ пұтқа табынушылықтың түрлері өте көп, кейбірін ажыратудың өзі қиын. Дүние-мүлік, ақша, жыныстық қатынас, ойын-сауық деген сияқты нәрселер өміріміздің төріне шығып, Ехобаға ғибадат етуден маңызды болып кетсе, олардың біз үшін пұтқа айналғаны (Мат. 6:19—21, 24; Ефес. 5:5; Қол. 3:5). Ендеше, пұтқа табынушылықтың барлық түрінен сақ жүрейік. Ехоба жүрегімізден дара орын алуға және жалғыз оған ғана ғибадат етуімізге әбден лайық! (Жох. 1-х. 5:21).
10 Бірінші көріністе Езекиел “сұмдық, жеркенішті істердің” куәсі болды. Бірақ Ехоба оған: “Сен бұдан да жеркеніштісін көресің”,— деді. Құдайдың үйінде пұтқа табынудан да асып түсетін тағы қандай жеркенішті нәрсе болуы мүмкін?
2-көрініс: Жетпіс ақсақалдың жалған құдайларға хош иісті зат түтетуі
11. Ғибадатхананың құрбандық ошағы тұрған ішкі ауласына кіргенде, Езекиел қандай жеркенішті істер көрді?
11 Езекиел 8:7—12 оқыңыз. Езекиел дуалды үңгіп, ғибадатхананың құрбандық ошағы тұрған ішкі ауласына кіргенде, “қабырғаларға айналдыра ойып салынған неше түрлі бауырымен жорғалаушыларды, жеркенішті аңдар мен... жеркенішті пұттарды” көрдіc. Бұлардың бәрі жалған құдайлардың бейнелері еді. Бәрінен де сорақысы, Исраил үйінің 70 ақсақалы “қараңғыда” сол құдайларға хош иісті зат түтетіп жатты. Мұса Заңы бойынша, түтетілген хош иісті зат адал қызметшілердің Құдайға ұнамды дұғаларын білдіретін (Зәб. 141:2). Бірақ 70 ақсақалдың жалған құдайларға арнап түтетіп жатқан хош иісті заттары Ехоба үшін арам, сасық болды. Олардың дұғалары жеркенішті, жағымсыз иістей еді (Нақ. с. 15:8). Бұл ақсақалдар “бізді Ехоба көрмейді” деп өздерін алдады. Алайда Ехоба оларды көріп тұрды. Олардың ғибадатханада немен айналысып жатқанын ол Езекиелге де ашық көрсетті.
12. Неге біз “қараңғыда” да адал болуымыз қажет және осы тұрғыда әсіресе кімдер үлгі-өнеге болу керек?
12 Езекиел көрген екінші көріністен біз қандай сабақ аламыз? Құдай дұғаларымызды тыңдап, ғибадатымызды қабылдасын десек, “қараңғыда” да адал болуымыз керек (Нақ. с. 15:29). Мынаны ұмытпайық, бәрін көретін Ехоба біздің де не істеп, не қойып жатқанымызды біледі. Ехоба біз үшін тірі Тұлға болса, біз оңаша қалғанда да оның көңіліне қаяу түсіретін нәрсемен айналыспаймыз (Евр. 4:13). Әсіресе қауым ақсақалдары Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүру жағынан басқаларға үлгі-өнеге болу керек (Пет. 1-х. 5:2, 3). Бауырластар сахнадан тәлім беріп, қауымды жетелеп жүрген бұл ақсақалдар “қараңғыда” да, яғни оларды ешкім көрмей тұрған кезде де Киелі кітапқа сай өмір сүреді деп сенеді (Зәб. 101:2, 3).
3-көрініс: Әйелдердің Таммуз құдайын жоқтап жылауы
13. Жолдан тайған әйелдер ғибадатхананың солтүстік қақпасының алдында не істеп жатты?
13 Езекиел 8:13, 14 оқыңыз. Езекиелге жеркенішті екі көрініс көрсеткеннен кейін Ехоба оған: “Сен олардың бұдан да сорақы, жеркенішті нәрселер жасап жатқанын көресің”,— деді. Бұл жолы пайғамбар не көрді? “Ехобаның киелі үйінің солтүстік қақпасының алдында” ол “Таммуз тәңірін жоқтап, жылап отырған әйелдерді көрді”. Таммуз Месопотамиядағы еркек тәңір болған. Ол құнарлылық пен өсіп-өнудің әйел тәңірі Иштардың күйеуі болғанға ұқсайдыd. Жолдан тайған исраилдік әйелдер Таммуздың өлімімен байланысты жоқтау рәсімін жасап жатса керек. Олар жалған құдайға бағышталған бұл рәсімді таза ғибадаттың ордасы — Ехобаның ғибадатханасында жасап жатты! Бірақ Құдайдың киелі үйінде жасағаннан бұл рәсім киелі болып кетпеді. Қайта, олардың істеп жатқандары Ехоба үшін өте жеркенішті болды!
14. Жолдан тайған әйелдердің ісіне Ехобаның қалай қарағанынан не үйренеміз?
14 Езекиел көрген үшінші көріністен не үйренеміз? Ғибадатымыз таза болу үшін, оны жалған діннің арам әдеп-ғұрыптарымен араластырмауымыз керек. Жалған діндерден бастау алған салт-жоралар мен мейрамдарға мүлдем жоламағанымыз абзал. Сонда олардың қайдан бастау алғаны соншалықты маңызды ма? Маңызды болғанда қандай! Бүгінде тойланып жүрген Жаңа жыл, туған күн, Рождество, Пасха деген сияқты мерекелер, бір қарағанда, еш зияны жоқтай көрінер. Бірақ өзіңіз ойлап көріңізші, Ехоба бұл мейрамдардың жалған діннен қалай бастау алып, біздің күнімізге қалай жеткенін өз көзімен көрген ғой! Арада қанша уақыт өтсе де, таза ғибадатпен қанша араласса да, жалған діннің рәсімдері бұдан тазарып кетпейді, олар Ехоба үшін сол күйі жеркенішті болып қала береді (Қор. 2-х. 6:17; Аян 18:2, 4).
4-көрініс: Жиырма бес кісінің Күнге табынуы
15, 16. Ғибадатхананың ішкі ауласында 25 кісі не істеп жатты және қалайша олар Ехобаның жүрегін жаралады?
15 Езекиел 8:15—18 оқыңыз. Ехоба ақырғы төртінші көріністі көрсетер кезде де Езекиелге: “Сен әлі бұдан да сорақы, жеркенішті нәрселерді көресің”,— деді. Пайғамбар сонда: “Осыған дейін көргендерімнен де сорақы болатындай ол не?”— деп ойлаған шығар. Бұл жолы Ехоба Езекиелді ғибадатхананың ішкі ауласына әкелді. Ғибадатхананың кіреберісінің дәл алдында 25 кісі жүздерін шығысқа бұрып, “Күнге табынып жатты”. Бұл Ехобаның жүрегін ауыртқан жаман істердің ең жаманы болар!
16 Көз алдымызға Құдайдың ғибадатханасын елестетіп көрейікші. Оның кіреберісі шығысқа қарап тұр. Демек, ғибадат етушілер ғибадатханаға кірген кезде, жүздері батысқа, ал арқалары шығысқа қарап тұратын. Бірақ мына 25 кісі Күнге табыну үшін жүздерін шығысқа беріп, ал “ғибадатханаға теріс қарап тұрды”. Осылайша олар Ехобаның өзінен теріс айналды, өйткені ғибадатхана “Ехобаның үйі” болатын (Пат. 1-ж. 8:10—13). Бұл опасыз жолдантаюшылар Ехобадан бас тартып, оның Мұсаның 5-жазбасы 4:15—19 тармақтарда жазылған заңын аяқасты етті. Олар қалтқысыз берілгендік танытуға лайық Құдайдың жүрегін қатты жаралады!
Ехоба қызметшілерінің қалтқысыз берілгендік танытуына әбден лайық
17, 18. а) Езекиел көрген төртінші көріністен не үйренеміз? ә) Жолдан тайған Исраил кімдермен қарым-қатынасын бұзды және олар бұндай күйге қалай жетті?
17 Езекиел көрген төртінші көріністен не үйренеміз? Ғибадатымыз таза болып қала беру үшін рухани жарықты, яғни білім мен даналықты Ехобадан алуымыз керек. Ұмытпайық, “Ехоба Құдай — күніміз”, ал оның Сөзі — жолымызға жарық шашатын нұр (Зәбүр 84:11; 119:105). Ехоба Сөзі мен оған негізделген әдебиеттер арқылы жүрегіміз бен санамызға нұрын төгуде. Осылай бізге қазірдің өзінде мән-мағыналы өмір кешуге және мәңгілік өмірге жетелейтін жолмен жүруге көмектесіп келеді. Ал егер біз қалай өмір сүру керектігіне қатысты ақыл-кеңесті осы дүниеден іздейтін болсақ, бұл Ехобаға теріс қарағанмен бірдей болмақ. Мұндай өмір жолы Ехобаны ренжітіп, жүрегіне терең жара салады. Құдайымызды ешқашан бұндай күйге түсіргіміз келмес еді! Езекиел көрген бұл көріністен алар тағы бір сабақ: біз шындықтан теріс айналған жолдантаюшылардан аулақ жүруіміз керек (Нақ. с. 11:9).
18 Пұтқа табынушылық пен жалған ғибадаттың сұмдық төрт көрінісіне қарап, жолдан тайған яһудилердің қаншалықты рухани арамдалғанын көруге болады. Рухани арамдалған кезде, олардың Құдаймен қарым-қатынасы бұзылды. Ал рухани арамдалу бар жерде міндетті түрде моральдық құлдырау да болады. Сол себептен де исраилдіктер өнегесіздіктің небір түріне барып, адамдармен де қарым-қатынастарын бұзды. Қазір опасыз яһудилердің нендей істермен айналысқанына көңіл бұрайық.
“Олар сорақы қылықтар жасайды”
19. Ехобамен келісімге тұрған халықтың моральдық жағынан азып-тозғанын Езекиел қалай сипаттады?
19 Езекиел 22:3—12 оқыңыз. Исраилдің билеушілерінен бастап қарақұрым халқына дейін — бәрі моральдық жағынан құлдырап кетті. “Басшылар” жазықсыз қан төгіп, биліктерін теріс пайдаланды. Олардың соңынан ерген халық та Құдай Заңын ұмыт қалдырды. Жанұяларға келер болсақ, “ата-ананы сыйламау”, қандас туыстар арасында жыныстық қатынасқа түсу белең алды. Жұрт арасында бұзақы исраилдіктер жатжерліктерді алдап, жетім мен жесірді де зар жылатты. Ерлер өзгенің әйелінің арын таптап қорлады. Жүгенсіз ашкөздікке салынғандар пара алып, өзгенің ақшасын тартып алып, тым көп үстеме талап етті. Келісім жасасқан халқының еш шімірікпестен Заңды таптап, оның астарында жатқан сүйіспеншілікті көрмей көр соқыр болғаны Ехобаның жүрегін қанжар сұққандай ауыртты! Ехоба олардың моральдық азып-тозушылығын тікелей өзіне жасалған опасыздық деп қабылдады. Сондықтан азғын халыққа: “Сен мені мүлдем ұмыттың!”— деді.
20. Моральдық тазалық сақтамаған Яһуда біздің күндерімізде нені еске салады және неге?
20 Моральдық тазалық сақтамаған Яһуда біздің күндерімізде нені еске салады? Моральдық құндылықтардың қадірі кеткен бүгінгі заманды еске салатыны анық. Саяси басшылар өз биліктерін бұрыс қолданып, қарапайым халықты қанауда. Дінбасылар, әсіресе мәсіхшілер әлемінің басшылары, ұлтаралық соғыстарға баталарын беріп, миллиондаған жанның қыршын кетуіне себепші болып отыр. Олар тіпті жыныстық өнегелікке қатысты Киелі кітаптың таза да айқын нормаларын бұрмалап, қадірін түсіріп қорлауда. Иә, бұл дүниенің моральдық ұстанымдары құлдыраған үстіне құлдырап барады. Сөз жоқ, Ехоба жолдан тайған Яһудаға айтқанындай, мәсіхшілер әлеміне де: “Сен мені мүлдем ұмыттың!”— дер еді.
21. Моральдық тазалық сақтамаған Яһудадан қандай сабақ аламыз?
21 Моральдық тазалық сақтамаған Яһудадан біз қандай сабақ аламыз? Ғибадатымыз Ехобаға ұнамды болу үшін өміріміздің әр саласында таза болуымыз керек. Әрине, өнегелік құндылықтардан жұрдай әлемде таза болып қалу өте қиын (Тім. 2-х. 3:1—5). Бірақ біз моральдық құлдыраудың барлық жиренішті түрлеріне Ехобаның қалай қарайтынын жақсы білеміз (Қор. 1-х. 6:9, 10). Біз Ехоба мен оның заңдарын қатты сүйеміз, сондықтан оның моральдық нормаларымен өмір сүреміз (Зәб. 119:97; Жох. 1-х. 5:3). Ал моральдық тазалық сақтамағанымыз киелі де таза Құдайымызды сүймейтінімізді көрсетер еді. Ехобаның бізге: “Сен мені мүлдем ұмыттың!”— дейтіндей ештеңе істегіміз келмесі анық.
22. а) Ежелгі Яһуданың қалай құлдырап кеткенін қарастырғаннан кейін, сіз не істеуге бекіндіңіз? ә) Келесі тарау не жайында болмақ?
22 Ехобаның ежелгі Яһуданы әшкерелеп, оның рухани және моральдық жағынан құлдырағанын ашып көрсеткенінен біз көп сабақ алдық. Ехоба ғана қалтқысыз берілгендікке лайық болғандықтан, бәріміз оған адал болуға тастай бекіндік. Сондықтан пұтқа табынушылықтың барлық түрінен аулақ болуға әрі моральдық тазалық сақтауға тиіспіз. Ал жолдан тайған халқына Ехоба шара қолданды ма? Езекиелге ғибадатхананы аралатып шыққан соң, Ехоба: “Мен қаһарлана әрекет етемін”,— деп кесіп айтқан (Езек. 8:17, 18). Ехобаның опасыз Яһудаға не істегенін білу біз үшін маңызды. Өйткені олар қандай жазаға кесілсе, осы дүние де дәл сондай жазаға кесіледі. Ехобаның Яһудаға шығарған үкімдері қалай жүзеге асқанын келесі тараудан білеміз.
a Езекиел кітабындағы “Исраил” сөзі көбіне Яһуда мен Иерусалим тұрғындарына нұсқайды (Езек. 12:19, 22; 18:2; 21:2, 3).
b “Қаһар” дегенді білдіретін еврей сөзі “қызғаныш” деп те аударылады. Бұл сөздің Ехобаға қатысты қолданылуы адалдықтың ол үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Әйелі көзіне шөп салғанда, қызғаныштан бойын ашу кернеген күйеуді елестетіп көріңізші (Нақ. с. 6:34). Келісімге тұрған халқы пұтқа табынып опасыздық жасағанда, Ехобаның бойын дәл осындай ашу кернеді. Бір еңбекке сай, “Құдайдың қызғанышы оның киелілігінен туындайды. Себебі жалғыз ол ғана киелі. Ол өзінен басқа тәңірлердің болуына төзбейді” (Мұс. 2-ж. 34:14).
c “Жеркенішті пұттар” деп аударылған еврей сөзі жануардың нәжісін білдіретін сөзбен мағыналас болуы мүмкін. Бұл сөз жиіркенгенде қолданылады және таза емес, арам нәрсеге нұсқайды.
d Таммуз Шумер жазбаларында Думузи деп те аталады. Кейбіреулер оны Нымродтың басқа аты деп пайымдайды. Бірақ бұлай деуге салмақты дәлел жоқ.