Лұқа
6 Бір Демалыс күні Иса егіндік арасымен келе жатқанда, шәкірттері масақ үзіп алып, қолдарымен үгіп, жей бастады+. 2 Сонда кейбір парызшылдар: “Неге Демалыс күні істеуге болмайтынды істеп жатырсыңдар?”+— деді. 3 Исаның жауабы мынау болды: “Дәуіт пен қасындағылардың қарны ашқанда, оның не істегені жайлы ешқашан оқымап па едіңдер+? 4 Ол Құдай үйіне кіріп, діни қызметкерлерден басқа ешкімнің жеуіне болмайтын тарту ретінде Құдайға ұсынылған нандарды алып, өзі де жеп, қасындағыларға да беріп еді ғой+?” 5 Сосын: “Адам Ұлы — Демалыс күнінің Иесі”,— деп қосты+.
6 Тағы бір Демалыс күні+ ол мәжілісханаға кіріп, тәлім бере бастады. Сол жерде оң қолы семіп қалған* бір кісі бар еді+. 7 Дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаны айыптауға сылтау іздеп, Демалыс күні біреуді сауықтырар ма екен деп, оны мұқият бақылаумен болды. 8 Алайда олардың ойын білген Иса+ қолы семген адамға: “Түрегеліп, ортаға шықшы”,— деді. Ол тұрып, ортаға шықты. 9 Сонда Иса оларға былай деді: “Сендерден сұрап тұрмын, Демалыс күні не істеген дұрыс: жақсылық па, жамандық па; жанды* құтқару ма, құрту ма?”+ 10 Ол айналасындағыларға қарап шықты да, әлгі адамға: “Қолыңды соз!”— деді. Ол созғанда, қолы сап-сау қалпына келді. 11 Бірақ әлгілер ашуға булығып, Исаға не істесек екен деп, өзара ақылдаса бастады.
12 Сол күндердің бірінде Иса дұға ету үшін тауға шығып+, түні бойы Құдайға сиынды+. 13 Ал таң атқанда шәкірттерін шақырып, араларынан он екісін таңдап алды да, оларды “елшілер” деп атады+. 14 Олардың есімдері мынадай: Исаның өзі Петір* деп атаған Шимон, оның бауыры Әндір, Жақып, Жохан, Філіп+, Барталамай, 15 Матай, Тома+, Әлпей ұлы Жақып, Құлшынған деп аталатын Шимон, 16 Жақып ұлы Яһуда, сондай-ақ кейін опасыз болып шыққан Яһуда Исқариот.
17 Иса олармен бірге таудан түсіп, бір жазыққа келді. Сол жерде көптеген шәкірттері және бүкіл Яһудеядан, Иерусалимнен, теңіз жағалауындағы Тир мен Сидон аймақтарынан келген қалың жұрт бар еді. Халық оны тыңдауға және ауруларынан айығуға келген болатын. 18 Тіпті жын қинаған адамдар да сауығып кетіп жатты. 19 Бүкіл халық Исаға қолын тигізуге ұмтылды, өйткені одан құдірет шығып+, бәрін де сауықтырып жатты.
20 Иса шәкірттеріне қарап, былай деді:
“Жарлылар, сендер бақыттысыңдар, өйткені Құдай Патшалығы сендерге тиесілі+.
21 Қазір аш жүргендер, сендер бақыттысыңдар, өйткені тойынатын боласыңдар+.
Зар еңіреп жүргендер, сендер бақыттысыңдар, өйткені қуана күлетін боласыңдар+.
22 Жұрт сендерді Адам Ұлына бола жек көріп, араларынан аластатып+, қорлап, жаманатты қылса, бақыттысыңдар+. 23 Сол күні қуана секіріңдер, өйткені көкте сендерді зор сый күтіп тұр. Олардың ата-бабалары да бұрынғы пайғамбарларға солай істейтін+.
24 Ал, байлар, сендер қасіретке қаласыңдар+, өйткені рақаттың дәмін толық таттыңдар+.
25 Қазір тоқ жүргендер, сендер қасіретке қаласыңдар, өйткені ашығатын боласыңдар.
Қазір күліп жүргендер, сендер қасіретке қаласыңдар, өйткені қайғырып, зар еңірейтін боласыңдар+.
26 Егер барлық жұрттан мақтау естіп жүрсеңдер, қасіретке қаласыңдар+, өйткені олардың ата-бабалары да жалған пайғамбарларға солай еткен.
27 Мені тыңдап отырғандар, сендерге мынаны айтамын: жауларыңды ұдайы жақсы көріңдер, өздеріңді жек көретіндерге жақсылық істей беріңдер+, 28 қарғайтындарға әрдайым игілік тілеп, өздеріңді қорлайтындар үшін дұға ете беріңдер+. 29 Бетіңнің бір жағын ұрғанға екінші жағын да тос! Сырт киіміңді тартып алған адамға көйлегіңді де алуына қарсылық көрсетпе+. 30 Сұрағанға қажетін бер+, өзіңнен алып қойған нәрсені қайта сұрама.
31 Сондай-ақ басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер+.
32 Егер өздеріңді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсеңдер, қандай сый күтесіңдер? Өздерін жақсы көргендерді күнәкарлар да жақсы көреді ғой+. 33 Өздеріңе жақсылық істегендерге ғана жақсылық істесеңдер, қандай сый күтесіңдер? Күнәкарлар да осылай етеді ғой. 34 Қайтарып аламын деген үмітпен қарыз берсеңдер, қандай сый күтесіңдер+? Бергенін түгелдей қайтарып алу үшін күнәкарлар да өзі сияқтыларға қарыз береді ғой. 35 Ал сендер жауларыңды жақсы көріңдер, жақсылық жасаудан талмаңдар, ештеңе дәметпестен қарыз беріңдер+. Сонда зор сый аласыңдар және Құдай Тағаланың балалары боласыңдар, өйткені ол тіпті алғысты білмейтіндерге де, зұлымдарға да мейірім көрсетеді+. 36 Көктегі Әкелерің қандай мейірімді болса, сендер де сондай мейірімді болыңдар+.
37 Басқаларды айыптауды қойыңдар, сонда өздерің де айыпталмайсыңдар+. Өзгелерге үкім айтуды доғарыңдар, сонда сендерге де үкім айтылмайды. Кешірімді болыңдар, сонда өздерің де кешірілесіңдер+. 38 Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді+. Қойындарыңа нығыздап, шайқап, тасып-төгілген мөлшерде салып береді. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі”.
39 Содан кейін Иса мынадай мысалдар келтірді: “Соқырды соқыр жетелей ала ма? Екеуі де орға құлап түспей ме+? 40 Шәкірті ұстазынан жоғары емес, бірақ толықтай тәлім алған әркім ұстазындай болады. 41 Неліктен бауырласыңның көзіндегі жаңқаны көресің де, ал өз көзіңдегі бөренені байқамайсың+? 42 Өз көзіңдегі бөренені көрместен, қалайша оған: “Кәне, көзіңдегі жаңқаны алып тастайын”,— дей аласың? Екіжүзді! Алдымен өз көзіңдегі бөренені алып таста, сонда бауырласыңның көзіндегі жаңқаны қалай алу керектігін анық көресің.
43 Жақсы ағаш нашар жеміс бермейді, ал нашар ағаш жақсы жеміс бермейді+. 44 Әрбір ағаш жемісінен танылады+. Мысалы, ешкім тікеннен інжір, тікенді бұтадан жүзім жинамайды. 45 Жақсы адам жүрегіндегі жақсы қазынадан жақсы нәрсе, ал жаман адам жүрегіндегі жаман қазынадан жаман нәрсе алып шығады. Өйткені адамның жүрегі неге толса, аузы соны айтар+.
46 Неліктен мені “Ием! Ием!” дейсіңдер, бірақ айтқандарымды істемейсіңдер+? 47 Маған келіп, айтқандарымды естіп, оларды орындайтын адамның кімге ұқсайтынын айтайын+: 48 ол жерді жартасқа дейін терең етіп қазып, іргетасын соған қалап, үй салған кісіге ұқсайды. Сел жүріп, тасыған өзен үйді соққанда, оны шайқалта алмады, өйткені ол жақсы соғылған еді+. 49 Ал айтқандарымды естіп, бірақ орындамайтын адам+ іргетассыз үй салған кісіге ұқсайды. Тасыған өзен үйді соққанда, ол бірден қирап, тас-талқаны шығады”.