Елшілердің істері
26 Агриппа+ Пауылға: “Өзіңді қорғап сөйлеуіңе болады”,— деп рұқсат етті. Сонда Пауыл қолын созып, сөзін былай бастады:
2 “Агриппа патша, яһудилердің таққан барлық айыбына+ байланысты өзімді сіздің алдыңызда тұрып қорғауға қуаныштымын. 3 Өйткені сіз яһудилердің барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерін жақсы білесіз. Сондықтан мені сабырлықпен тыңдауыңызды өтінемін.
4 Жастайымнан халқымның арасында және Иерусалимде қалай өмір сүріп келгенім яһудилердің көбіне мәлім+. 5 Олар қаласа, менің парызшыл+ ретінде дініміздің ең қатал ағымын ұстанғанымды растай алады+. 6 Ал енді Құдайдың ата-бабаларымызға берген уәдесіне үміт артқаным+ үшін тергеліп жатырмын. 7 Халқымыздың 12 руы да күні-түні аянбай қасиетті қызмет атқару арқылы осы уәденің орындалуын көреміз деп үміттенеді. Уа, патша, яһудилер мені осы үмітке бола айыптауда+.
8 Құдайдың өлгендерді тірілтетініне неге сенбейсіздер? 9 Кезінде мен назареттік Исаның есіміне көп қарсылық көрсетуім керек деп ойладым, 10 әрі Иерусалимде солай еттім де. Жоғарғы діни қызметкерлерден өкілеттік алып, көптеген қасиеттілерді түрмеге жаптым+ және олардың өлім жазасына кесілуін құптадым+. 11 Оларды сенімдерінен бас тартқызу үшін, барлық мәжілісханаларды аралай жүріп, талай рет жазаладым. Ашуға булыққаным сонша — оларды басқа қалаларға да барып қудаладым.
12 Осы істерге кірісіп кеткен мен жоғарғы діни қызметкерлерден тапсырма мен өкілеттік алып, Дамаскіге бара жатқанмын. 13 Сонда тал түсте маған және серіктеріме көктен күн нұрынан да жарық сәуле түсті+. 14 Бәріміз жерге құлай кеттік. Сонда бір дауыс шығып, еврей тілінде: —Саул, Саул, мені неге қудалап жүрсің? Үшкір таяққа* қарсыласа берсең, өзіңе зақым келтіресің,— дегенін естідім. 15 Бірақ мен: —Сіз кімсіз?— дегенімде, ол: —Мен өзің қудалап жүрген Исамын. 16 Орныңнан тұр, саған қызметшім әрі куәгерім етіп таңдау үшін көріндім. Сен көргендерің жайлы және болашақта көрсететіндерім жайлы жариялайтын боласың+. 17 Мен сені яһудилер мен өзге ұлттардың арасына жіберемін+, сондай-ақ олардың қолынан құтқарамын. 18 Түнектен+ жарыққа+, Шайтанның билігінен+ Құдайға бет бұрулары үшін, сені олардың көзін ашсын+ деп жіберемін. Сонда маған сенгендерінің арқасында Құдай олардың күнәларын кешіріп+, қасиетті етілгендермен бірге мұра береді.
19 Сондықтан, Агриппа патша, көктен келген аянға мойынсұнып, 20 бірінші, Дамаскідегілерге,+ сосын, Иерусалим тұрғындарына+, кейін бүкіл Яһудея аймағы мен өзге ұлттарға барып, олардың өкінуі әрі бұны іс жүзінде көрсетулерімен Құдайға бет бұрулары керектігін жарияладым+. 21 Яһудилер мені осы үшін ғибадатханада ұстап алып, өлтірмек болды+. 22 Алайда мен пайғамбарлардың және Мұсаның алда болатын жайттар туралы айтқандарынан+ артыққа бармай, Құдайдың көмегімен ұлықтарға да, кішіктерге де осы күнге дейін куәлік етіп келемін. 23 Атап айтқанда, Мәсіхтің азап шегу керек болғаны+, бірінші болып қайта тіріліп+, яһудилер мен өзге ұлттарға жарық әкелетіні туралы куәлік етудемін+”.
24 Пауыл өзін қорғап, осыларды айтып жатқанда, Фест қатты дауыстап: “Пауыл, сенің есің дұрыс емес! Көп білгенің сені есіңнен адастырды!”— деді. 25 Ал Пауыл былай деді: “Менің есім дұрыс, жоғары мәртебелі Фест. Мен шындық пен естіліктің сөздерін айтып тұрмын. 26 Өзім алдында еркін сөйлеп тұрған патша бұларды жақсы біледі. Айтқандарымның ешқайсысы оның назарынан тыс қалмағанына да сенімдімін, өйткені бұлар көзден таса жерде жасалған жоқ+. 27 Агриппа патша, пайғамбарларға сенесіз бе? Сенетініңізді білемін”. 28 Сонда Агриппа: “Аз уақыттың ішінде мені мәсіхші болуға иландырмақсың ғой”,— деді. 29 Пауыл: “Аз ба, көп пе, әйтеуір бір уақытта тек сіз ғана емес, мені осында тыңдап тұрғандардың барлығы, бұғауланған күйімді қоспағанда, мен сияқты болғандарыңызды Құдайдан тілеймін”,— деді.
30 Кейін патша орнынан тұрғанда, әмірші мен Бернике және отырғандардың барлығы орындарынан тұрды. 31 Олар сол жерден шығып бара жатып, өзара: “Бұл адам өлімге кесілетіндей не бұғауланатындай ештеңе жасап жүрген жоқ+”,— десті. 32 Агриппа болса Фестке: “Егер ол императордың сотын талап етпегенде+, босатып жіберуге болар еді”,— деді.