“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
7—13 қаңтар
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 21, 22
“Ехобаның қалауы болсын”
(Елшілердің істері 21:8—12) Келесі күні жолға шығып, Кесарияға келіп тоқтадық. Бұрынырақта таңдалған жеті кісінің бірі болған ізгі хабарды жариялаушы Філіптің үйіне түсіп, сонда қалдық. 9 Бұл кісінің тұрмыс құрмаған төрт қызы да пайғамбарлық ететін. 10 Сол жақта жүргенімізге біраз күн болғанда, Яһудеядан Агаб есімді бір пайғамбар келді. 11 Қасымызға жақындаған ол Пауылдың белбеуін алып, өзінің қол-аяғын байлады да: “Киелі рух былай дейді: — Яһудилер осы белбеудің иесін Иерусалимде дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді”,— деді. 12 Осыны естіген біз және сол жердегі бауырластар Пауылдан Иерусалимге бармауын өтіндік.
“Ехобаның қалауы болсын”
15 Пауыл Філіптің үйінде отырғанда, Агаб есімді бір құрметті кісі келді. Філіптің үйіне жиналғандар Агабтың пайғамбар екенін білетін. Ол Клаудидің тұсында болған аштықты пайғамбарлық еткен еді (Ел. іс. 11:27, 28). Жиналғандар: “Агаб не үшін келді? Қандай хабар әкелді екен?”— деп ойлаған шығар. Сонда Агаб олардың көзінше Пауылдың белбеуін алды. Ол кезде белбеу деген киім сыртынан белге байлау үшін ыңғайлап жасалған ұзынша шүберек болатын және оған ақша не басқа заттар салатын. Содан Агаб әлгі белбеумен өзінің қол-аяғын байлады да, мынадай ауыр хабар айтты: “Киелі рух былай дейді: — Яһудилер осы белбеудің иесін Иерусалимде дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді” (Ел. іс. 21:11).
16 Оның пайғамбарлығы Пауылдың Иерусалимге баратынын растады. Бұған қоса, яһудилердің кесірінен Пауыл “басқа ұлт адамдарының қолына” түсетіні айтылды. Бұл суық хабар сонда отырғандарды дүр сілкіндірді. Лұқа былай деп жазады: “Осыны естіген біз және сол жердегі бауырластар Пауылдан Иерусалимге бармауын өтіндік. Сонда Пауыл: “Бұларың не? Неге жылап, мені алған бетімнен қайтармақсыңдар? Мен Иеміз Исаның есімі үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, өлуге де дайынмын”,— деді (Ел. іс. 21:12, 13).
(Елшілердің істері 21:13) Сонда Пауыл: “Бұларың не? Неге жылап, мені алған бетімнен қайтармақсыңдар? Мен Иеміз Исаның есімі үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, өлуге де дайынмын”,— деді.
“Ехобаның қалауы болсын”
17 Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Лұқа мен өзге бауырластар Пауылдан Иерусалимге бармауды өтінуде. Кейбіреулер жылап жатыр. Өзіне қатты жаны ашып жатқан бауырластарына елжіреген Пауыл оларға: “Мені алған бетімнен қайтармақсыңдар” (басқа аудармаларда: “Жүрегімді ауыртып жатырсыңдар”),— деді. Алайда Пауыл шешімінде нық тұрды. Ол Тирде де, осы жерде де бауырластардың жалынғанына не көз-жастарына қарап, шешімінен тайып кеткен жоқ. Қайта, оларға неліктен ол жаққа баруға міндетті екенін түсіндірді. Пауыл қайтпас қайсарлық танытып, Иерусалимге баруға бекінді. Кезінде Иса да солай еткен болатын (Евр. 12:2). Пауыл шындық жолында құрбан болуды көксеген жоқ, бірақ сондай жағдай орын алса, Иса Мәсіхтің ізбасары ретінде өлуді мәртебе санайтынын көрсетті.
(Елшілердің істері 21:14) Оны көндіре алмаған соң, біз тынышталып: “Ехобаның қалауы болсын”,— дедік.
“Ехобаның қалауы болсын”
18 Бауырластар бұған не деді? Олар Пауылдың шешіміне құрметпен қарады. Киелі кітапта былай делінген: “Оны көндіре алмаған соң, біз тынышталып: “Ехобаның қалауы болсын”,— дедік” (Ел. іс. 21:14). Пауылды Иерусалимге бармауға көндіргісі келгендер өз дегендерінде тұрып алмады. Пауылдың айтқанына құлақ асты. Өйткені олар өздеріне қиын болса да, бұл Ехобаның қалауы екенін түсінді, әрі оны қабылдады. Пауыл ақыры өлімге әкеп соқтыратын жолға аяқ басқан болатын. Жақын адамдары оны ойынан айнытуға тырыспаса, Пауылға оңайырақ болар еді.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Елшілердің істері 21:23, 24) Ендеше, былай істе: арамызда ант берген төрт кісі бар, 24 соларды ертіп алып, бірге тазару рәсімін жасаңдар. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін шығындарын төле. Сонда бәрі сен туралы естігендері жалған екенін, қайта, Мұса Заңын ұстанып, дұрыс жүріп-тұратыныңды білетін болады.
“Өзімді қорғау үшін айтатын сөздеріме құлақ салыңыздар!”
10 Әйтсе де Пауыл Демалыс күні жұмыс істемеу, қандай да бір тағамдардан бас тарту секілді яһуди дәстүрлерін ұстануды жөн көретіндерге түсінікпен қараған (Рим. 14:1—6). Сүндеттелуге қатысты да ережелер орнатпаған. Ол тіпті Тімөтені сүндетке отырғызған. Себебі Тімөтенің әкесі грек болғандықтан, яһудилер оған күдіктеніп жүрмесін деген (Ел. іс. 16:3). Сүндетке отыра ма, жоқ па — бұл әркімнің жеке мәселесі болған. Пауыл ғалаттықтарға: “Маңыздысы — сүндеттелу не сүндеттелмеу емес, сүйіспеншілік арқылы әрекет ететін сенім”,— деген (Ғал. 5:6). Бірақ адам Мұса Заңын ұстану үшін сүндеттелетін болса, не Ехобаның ықыласына ие болу үшін сүндеттелу қажет дейтін болса, бұл оның сенімінің жоқтығын көрсетер еді.
11 Десе де бұрмаланып кеткен бұл алып-қашты сөздер яһуди сенушілерді мазалай берді. Сол себепті ақсақалдар Пауылға мынадай нұсқау берді: “Арамызда ант берген төрт кісі бар, соларды ертіп алып, бірге тазару рәсімін жасаңдар. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін шығындарын төле. Сонда бәрі сен туралы естігендері жалған екенін, қайта, Мұса Заңын ұстанып, дұрыс жүріп-тұратыныңды білетін болады” (Ел. іс. 21:23, 24).
12 Пауыл бұған қарсы болып, мәселе өзі туралы алып-қашты сөздерде емес, әлгі яһуди сенушілердің Мұса Заңын қатаң ұстанатынында деп айтуына болар еді. Бірақ Пауыл Құдайдың принциптеріне қайшы келмеген жағдайларда иілгіш болған. Осыған дейін ол былай деп жазған болатын: “Заңды ұстанатындарды әкелу үшін, өзім сол заңды ұстанбасам да, оны ұстанатындар іспетті болдым” (Қор. 1-х. 9:20). Осы жағдайда Пауыл Иерусалимдегі ақсақалдардың нұсқауына мойынсұнып, “заңды ұстанатын іспетті” болды. Сол әрекетімен бізге үлгі қалдырды. Біз де ақсақалдарға мойынсұнып, өз дегенімізде тұрып алмағанымыз жөн (Евр. 13:17).
(Елшілердің істері 22:16) Неге кідіріп тұрсың? Бар да, шомылдыру рәсімінен өт және күнәларың кешірілу үшін Исаны есімімен атап шақыр,— деді.
nwtsty Е.і 22:16-ның зерттеу мәліметі
күнәларың кешірілу үшін Исаны есімімен атап шақыр: Немесе: “күнәларыңды жу да, Исаны есімімен атап шақыр”. Адамның күнәлары шомылдыру рәсімінен өткендегі су арқылы емес, Исаны есімімен атап шақыру арқылы жуылады. Бұл Исаға сеніп, сол сенімді мәсіхшілерге тән іс-әрекеттермен көрсетуді білдіреді (Е.і 10:43; Жқ 2:14, 18).
ҚЫЗМЕТІМІЗДІҢ САПАСЫН АРТТЫРАЙЫҚ
w10 1.2. 13-б., 2-абз.—14-б., 2-абз.
Демалыс күнін ұстану міндет пе?
Иса Мұса Заңын орындап қойғандықтан, мәсіхшілерге апта сайынғы Демалыс күнін ұстану керек пе? Елші Пауыл рухтың жетелеуімен бұл сұраққа былай деп жауап береді: “Сондықтан ешкім сендерді белгілі бір тағамдар мен сусындар үшін немесе қандай да бір мерекені, Жаңа туған ай мейрамын тойламайтындарың не Демалыс күнін ұстанбайтындарың үшін айыптамасын. Себебі бұлар келуі керек нәрселердің көлеңкесі, ал көлеңкені түсіріп тұрған дене — Мәсіх” (Қолостықтарға 2:16, 17).
Бұл сөздерден Құдайдың қызметшілеріне қоятын талабы бұдан былай өзгергенін байқауға болады. Өзгерістің себебі, енді мәсіхшілер жаңа заңды, “Мәсіхтің заңын” ұстанады (Ғалаттықтарға 6:2). Исаның өлімі исраилдіктерге Мұса арқылы берілген заң келісімін жүзеге асырды. Сондықтан бұл Заң бұдан былай күшін жойды (Римдіктерге 10:4; Ефестіктерге 2:15). Демалыс күніне қатысты бұйрық ше? Ол да күшін жойды. “Заңнан босадық” деген кезде Пауыл Он заңның біреуін келтірген болатын (Римдіктерге 7:6, 7). Демек, Демалыс күні жайлы заңды да қамтитын Он заң күшін жойды. Себебі ол да Заңға кіреді. Сондықтан Құдайдың халқынан енді апта сайын Демалыс күнін ұстану талап етілмеді.
Исраилдік ғибадат ету жүйесінің мәсіхшілікке ауысқанын конституциядағы өзгеріске теңеуге болады. Белгілі бір елде жаңа конституция күшіне енген соң, адамдар бұрынғысына бұдан былай бағынышты болмайды. Жаңа конституциядағы кейбір заңдар тура бұрынғысынша қалып, ал басқалары өзгеруі мүмкін. Сондықтан заңдарды біліп жүру үшін адам жаңа конституцияны зерттеп алу керек. Оған қоса, заңға бағынатын азамат жаңа конституцияның қашаннан бастап күшіне енетінін біліп алады.
Сол секілді Ехоба Құдай Исраил халқына 10 негізгі заңды қоса алғанда, 600-ден аса заң берген. Онда құлықтылыққа, құрбандықтарға, денсаулыққа, Демалыс күніне қатысты заңдар бар еді. Алайда Иса енді оның майланған ізбасарлары жаңа “халық” болатынын айтты (Матай 21:43). Б. з. 33 жылынан бастап бұл халықтың жаңа “конституциясы” пайда болды. Ол “Құдайды сүю” және “өзге адамды сүю” деген екі басты заңға негізделген (Матай 22:36—40). “Мәсіхтің заңындағы” кейбір нұсқаулар Мұса Заңындағыларға ұқсас болғанмен, кейбір заңдар мүлде өзгеріп кеткен, ал кейбірі күшін жойған. Апта сайын Демалыс күнін ұстану керек деген заң енді талап етілмейтін заңдар қатарына жатады.
14—20 қаңтар
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 23, 24
“Пауылға бүлікші және лаң салушы деген айып тағылды”
(Елшілердің істері 23:12) Ертесіне яһудилер Пауылға қарсы сөз байласып, оны өлтіргенше нәр татсақ, бізді қарғыс атсын деп ант берісті.
(Елшілердің істері 23:16) Алайда Пауылдың жиені олардың зымиян жоспарын біліп қойып, сарбаздардың жатақханасына барды да, мұны Пауылға жеткізді.
“Батыл бол!”
5 Бұл Пауыл үшін дер кезінде айтылған жігерлі сөздер болды. Ертесіне 40-тан астам яһуди кісілер “Пауылға қарсы сөз байласып, оны өлтіргенше нәр татсақ, бізді қарғыс атсын деп ант берісті”. Ант бергендеріне қарағанда, олар Пауылды өлтірмейінше тынбауға бекінген. Бұл яһудилер дегенімізге жетпесек, бізді қарғыс атып, пәлеге ұшыраймыз деп ойлады (Ел. іс. 23:12—15). Олар жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдардан рұқсат алып, ісін толығырақ қарастырайын деп жатқандай сыңаймен Пауылды Жоғарғы кеңеске қайтып әкелгізуді жоспарлады. Сөйтіп, бұл қаскөйлер жолда тасадан тап беріп, Пауылды мерт қылмақшы болды.
6 Алайда олардың зымиян жоспарлары жайлы Пауылдың жиені естіп қойып, оған жеткізіп барды. Сосын Пауылдың айтуымен ол бұл туралы римдік мыңбасы Клауди Лисийге айтып берді (Ел. іс. 23:16—22). Ехоба осы аты аталмаған жас жігіт іспетті батылдықпен Құдай халқының игілігін өз басынан жоғары қоятын, Патшалықтың мүддесі үшін қолынан келгеннің бәрін істейтін жастарды жақсы көреді.
(Елшілердің істері 24:2) Тертулға сөз берілгенде, ол Пауылды былай деп айыптай бастады: “Жоғары мәртебелі Феликс, сіздің арқаңызда біз керемет тыныштыққа қол жеткіздік. Көрегендігіңіздің арқасында елде жақсы өзгерістер жасалып жатыр”.
(Елшілердің істері 24:5, 6) Біз мына кісіні бүлікші, жержүзіндегі яһудилердің арасына лаң салушы және назареттіктер сектасының жетекшісі деп таптық. 6 Сонымен қатар ол ғибадатхананы да арамдамақ болды. Ал біз оны ұстап алдық.
“Батыл бол!”
10 Кесарияда “Иродтың сарайында қамауда” отырған Пауыл Иерусалимнен келетін айыптаушыларды күтті (Ел. іс. 23:35). Бес күннен кейін бас діни қызметкер Анани, Тертул есімді заңгер мен бірнеше ақсақал келді. Тертул алдымен, Феликске жағынғысы келгендіктен болса керек, оның яһудилерге жасап жатқан істерін айтып мақтап алды. Сосын іске көшіп, Пауыл жайлы былай деді: “Біз мына кісіні бүлікші, жержүзіндегі яһудилердің арасына лаң салушы және назареттіктер сектасының жетекшісі деп таптық. Сонымен қатар ол ғибадатхананы да арамдамақ болды. Ал біз оны ұстап алдық”. Сонда өзге “яһудилер де осы айтылғандарды құптап, Пауылға қарсы сөйлей бастады” (Ел. іс. 24:5, 6, 9). Лаң салушы, қауіпті сектаның жетекшісі, ғибадатхананы арамдаушы деген айыптар өлім жазасына лайық айыптар еді.
(Елшілердің істері 24:10—21) Әмірші басын изеп, Пауылға сөз бергенде, ол былай деді: “Сіздің мына елге көп жыл бойы төрелік етіп жүргеніңізді жақсы білемін. Сондықтан алдыңызда тұрып, өзімді қорғап сөйлеуге қуаныштымын. 11 Иерусалимге ғибадат етуге барғаныма 12 күн ғана болды. Мұны өзіңіз де анықтай аласыз. 12 Олардың ешқайсысы ғибадатханада біреумен айтысқанымды, я болмаса мәжілісханаларда не қалада жүріп, жұртты бүлікке бастағанымды көрген емес. 13 Бұған қоса, олар қазір таққан айыптарын дәлелдей алмайды. 14 Десе де мен олар секта деп атаған жолда жүріп, осылай ата-бабаларымыздың Құдайына қасиетті қызмет атқарып жүргенімді мойындаймын және Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбаларында жазылғандардың барлығына сенемін. 15 Мен де олар сияқты, Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетініне үміттенемін. 16 Сондықтан Құдай алдында да, адамдардың алдында да ар-ұжданымды әрдайым таза сақтауға тырысамын. 17 Біраз жыл өткен соң халқыма қайыр-садақа беріп, Құдайға құрбандық шалу үшін Иерусалимге келдім. 18 Олар мені тазару рәсімінен өтіп, ғибадатханада жүргенімде көрді. Қасыма ешқандай тобыр жиналған жоқ, бүлік те шығарған жоқпын. Бірақ сол жерде Азия аймағынан келген яһудилер болды. 19 Олардың маған қарсы айтар сөзі болса, мені сіздің алдыңызда тұрып айыптаулары керек еді, 20 я болмаса Жоғарғы кеңестің алдында тұрғанымда, менен қандай кінә тапқандарын осында тұрғандардың өздері айтсын. 21 Араларында тұрып: — Мен өлгендердің қайта тірілетініне сенгенім үшін сотталып жатырмын,— деп айқайлағанымнан басқа еш айыбым жоқ”.
“Батыл бол!”
13 Ехобаға ғибадат еткеніміз үшін бізді де билік иелерінің алдына апарса және бүлікші, арандатушы, “қауіпті сектаның” мүшесі деп жала жапса, Пауылдың үлгісіне еліктегеніміз жөн. Пауыл Тертулға ұқсап, билеушіге жағымпазданған жоқ. Ол сабыр сақтап, құрметпен сөйледі. Сот алдында ілтипатпен боямасыз және нақты куәлік берді. Пауыл өзіне ғибадатхананы арамдады деп айып таққан “Азия аймағынан келген яһудилердің” сотқа келмегенін және заң бойынша ол айыптаушылармен бетпе-бет кездесіп, тағар айыптарын тыңдауы керектігін айтты (Ел. іс. 24:18, 19).
14 Пауылдың еш тайсалмай, сеніміне қатысты куәлік бергені қайран қалдырады. Ол тағы да қайта тірілуге деген сенімін батылдықпен қорғады. Ал бұл мәселе Жоғарғы кеңесті қатты дүрліктірген болатын (Ел. іс. 23:6—10). Өзін қорғаған кезде Пауылдың қайта тірілу үмітіне ерекше назар аударған себебі — ол Иса жайлы және оның қайта тірілуі жайлы куәлік етіп жүрген еді. Ал әлгі қарсыластар мұнымен еш келіспейтін (Ел. іс. 26:6—8, 22, 23). Осы дауды туғызған да дәл осы мәселе, дәлірек айтсақ, Иса мен оның қайта тірілгеніне деген сенім болатын.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Елшілердің істері 23:6) Жиналғандардың жартысы саддукейлер, жартысы парызшылдар екенін байқаған ол даусын көтеріп: “Ағайындар, мен парызшылмын, парызшылдардың ұрпағынанмын. Мен өлгендердің қайта тірілетініне сенгенім үшін сотталып жатырмын”,— деді.
nwtsty Е.і 23:6-ның зерттеу мәліметі
Мен парызшылмын: Жоғарғы кеңестегілердің кейбірі Пауылды білетін (Е.і 22:5). Ол парызшылдардың ұрпағынанмын дегенде, олар Пауылдың кезінде өздері сияқты парызшыл болғанын айтып тұрғанын түсінсе керек. Ондағы парызшылдар Пауылдың кейін құлшынысты мәсіхші болғанын жақсы білгендіктен, ол өзі жайлы бұрмалап сөйлеп жатыр деп ойлаған жоқ. Бұл жағдайда Пауылдың өзін парызшылмын деп атауының тағы бір себебі болуы мүмкін. Ол өзін саддукей емес, парызшылмын деп атады, өйткені солар сияқты, ол да қайта тірілуге сенетін. Осылайша Пауыл өзінің сонда отырған парызшылдармен ортақ нәрсеге сенетінін көрсетті. Ол осы даулы мәселені қозғау арқылы Жоғарғы кеңестің кейбір мүшелерін өзімнің жағыма шығарамын деп үміттенген шығар. Солай болып шықты да (Е.і 23:7—9). Пауыл кейін Агриппа патшаның алдында өзін қорғап сөйлеген кезде де Е.і 23:6-дағыдай сөздерді айтқан (Е.і 26:5). Ол Римнен Філіпідегі бір сенімдегі бауырластарына хат жазғанда да, бұрын өзінің парызшыл болғанын айтып кеткен (Фп 3:5). Сондай-ақ Е.і 15:5-те кейбір сенушілердің, мәсіхшілікке бет бұрғаннан кейін де, “кезінде парызшылдар сектасында болған” деп айтылғаны көңіл қоярлық жайт.
(Елшілердің істері 24:24) Бірнеше күннен кейін Феликс Друзила есімді яһуди әйелімен келді де, Пауылды шақыртып алып, оның Мәсіх Исаға деген сенім жайлы айтқандарын тыңдады.
(Елшілердің істері 24:27) Екі жылдан кейін Феликстің орнына Порси Фест келді. Ал Феликс яһудилерге жаққысы келгендіктен, Пауылды қамауда қалдырды.
nwtsty Е.і 24:24-тің зерттеу мәліметі
Друзила: Е.і 12:1-де аталған І Ирод Агриппаның үш қызының кенжесі. Друзила шамамен б. з. 38 жылы туылған, II Агриппа оның ағасы, ал Бернике әпкесі болған (Е.і 25:13; Түсіндірмедегі “Ирод” деген сөзді қараңыз). Әмірші Феликс оның екінші күйеуі болған. Оның бірінші күйеуі — сириялық Эмес патшасы Азиз. Бірақ кейін онымен ажырасып, б. з. 54 жылдары шамамен 16 жасында Феликске тұрмысқа шыққан. Пауыл Феликске “әділдік, ұстамдылық, алдағы Құдай соты жайлы айтқанда”, Друзила да сол жерде болған болуы мүмкін (Е.і 24:25). Билік Феликстен Фестке өткенде, Феликс “яһудилерге жаққысы келгендіктен” Пауылды қамауда қалдырған. Кейбіреулердің пайымдауынша, ол мұны яһуди болған жас әйелінің көңілінен шығу үшін істеген (Е.і 24:27).
21—27 қаңтар
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 25, 26
“Пауылдың императордың сотын талап етуі және Ирод Агриппа патшаға куәлік беруі”
(Елшілердің істері 25:11) Егер мен шынымен қылмыс жасап, өлімге лайық болсам, рақым етуді сұрамаймын. Алайда мына кісілердің таққан айыптары еш негізсіз болса, мені олардың қолына беруге ешкімнің құқы жоқ. Императордың сотын талап етемін!”
“Императордың сотын талап етемін!”
6 Фест яһудилерге жағамын деп, Пауылдың өмірін қиып жібере жаздады. Сонда Пауыл Рим азаматы ретіндегі құқығын алға тартып, былай деді: “Мен императордың төрелік орны алдында тұрмын, осы жерде сотталуым керек. Яһудилерге еш жамандық жасаған жоқпын. Мұны өзіңіз де жақсы білесіз... Императордың сотын талап етемін!” Әдетте мұндай талап қойған адамның өтініші міндетті түрде орындалатын. Фест те осыны атап өтіп: “Императордың сотын талап етсең, императорға барасың”,— деді (Ел. іс. 25:10—12). Пауылдың жоғары өкілетті органға шағымдануы бүгінгі мәсіхшілер үшін үлгі боларлық жағдай. Қарсыластар “заңды пайдаланып пәлеге ұшыратуға” тырысқанда, Ехоба куәгерлері заңды қолданып, ізгі хабарды тарату құқығын қорғайды (Зәб. 94:20).
(Елшілердің істері 26:1—3) Агриппа Пауылға: “Өзіңді қорғап сөйлеуіңе болады”,— деп рұқсат етті. Сонда Пауыл қолын созып, сөзін былай бастады: 2 “Агриппа патша, яһудилердің таққан барлық айыбына байланысты өзімді сіздің алдыңызда тұрып қорғауға қуаныштымын. 3 Өйткені сіз яһудилердің барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерін жақсы білесіз. Сондықтан мені сабырлықпен тыңдауыңызды өтінемін.
“Императордың сотын талап етемін!”
10 Пауыл Ирод Агриппаға өзін қорғап сөйлеуге рұқсат бергені үшін алғысын білдірді, әрі Иродтың яһудилердің барлық әдет-ғұрыптарын да, даулы мәселелерін де жақсы білетінін айтып өтті. Содан кейін ол өзінің өткен өмірі жайлы сөз қозғап: “Парызшыл ретінде дініміздің ең қатал ағымын ұстанғанмын”,— деді (Ел. іс. 26:5). Парызшыл болғанда, ол Мәсіхтің келуін күтіп жүрген еді. Ал енді мәсіхші болып, көптен күткен Мәсіхтің Иса екенін батыл айтып жүр. Оған кінә тағып отырған айыптаушылар іспетті, Пауыл да Құдайдың ата-бабаларына берген уәдесінің орындалуына үміт артады. Алайда қазір ол дәл осы сенімі үшін сот алдында тұр. Осыны білген Агриппа Пауыл әрі қарай не айтар екен деп қызықты.
11 Пауыл басында мәсіхшілерге қандай қатыгездік жасағанын айтып берді: “Кезінде мен назареттік Исаның есіміне көп қарсылық көрсетуім керек деп ойладым,.. Ашуға булыққаным сонша — оларды [Мәсіхтің ізбасарларын] басқа қалаларға да барып қудаладым” (Ел. іс. 26:9—11). Бұл асыра сілтеп айтылған сөздер емес еді. Оның мәсіхшілерді аяусыз қудалағанын көбісі білетін (Ғал. 1:13, 23). Сол кезде Агриппа ішінен “бұл кісі қалайша өзгеріп кетті?” деп таңғалған шығар.
12 Пауылдың келесі сөздерінен ол сұрағына жауап алды: “Мен жоғарғы діни қызметкерлерден тапсырма мен өкілеттік алып, Дамаскіге бара жатқанмын. Сонда тал түсте маған және серіктеріме көктен күн нұрынан да жарық сәуле түсті. Бәріміз жерге құлай кеттік. Сонда бір дауыс шығып, еврей тілінде: — Саул, Саул, мені неге қудалап жүрсің? Үшкір таяққа қарсыласа берсең, өзіңе зақым келтіресің,— дегенін естідім. Бірақ мен: — Сіз кімсіз?— дегенімде, ол [былай деді]: — Мен өзің қудалап жүрген Исамын” (Ел. іс. 26:12—15).
13 Осы таңғажайып оқиға болмай тұрып, Пауыл “үшкір таяққа қарсыласып” жүрген болатын. Жекпелі жануар үшкір таяққа қарсы қимылдап, өзіне зақым келтіретініндей, Пауыл да Құдай еркіне қарсы шығып, өзіне рухани зақым келтірген болатын. Адал ниетті болғанмен, қатты адасып жүрген бұл кісіні райынан қайтару үшін, оған Дамаскіге барар жолда Иса көрінді (Жох. 16:1, 2).
14 Пауыл расында да күрт өзгерген еді. Агриппаға қарап ол: “Көктен келген аянға мойынсұнып, бірінші, Дамаскідегілерге, сосын, Иерусалим тұрғындарына, кейін бүкіл Яһудея аймағы мен өзге ұлттарға барып, олардың өкінуі әрі бұны іс жүзінде көрсетулерімен Құдайға бет бұрулары керектігін жарияладым”,— деді (Ел. іс. 26:19, 20). Пауыл Иса Мәсіхтің сол тал түс уағында берген бұйрығын орындап келе жатқанына, міне, бірталай жыл өтті. Ал мұның жемісі қандай болды? Пауылдан ізгі хабарды естіген адамдар өнегесіз өмір салттарына өкініп, Құдайға бет бұрды. Олар енді заңға және орнатылған тәртіпке құрметпен қарап, елдің үлгілі азаматтарына айналып отыр.
15 Ал Пауылға өшіккен әлгі яһудилерге келсек, мұндай жақсы өзгерістерді елеп жатқан олар жоқ. “Яһудилер мені осы үшін ғибадатханада ұстап алып, өлтірмек болды. Алайда мен... Құдайдың көмегімен ұлықтарға да, кішіктерге де осы күнге дейін куәлік етіп келемін”,— деді Пауыл (Ел. іс. 26:21, 22).
16 Шынайы мәсіхшілер ретінде біз сенімімізді “қорғап сөйлеуге әрдайым дайын болуымыз” керек (Пет. 1-х. 3:15). Пауылдың Агриппа мен Фестке қалай сөйлегеніне қарап, соттағылар мен билік иелерінің алдында сөйлеуді үйренсек болады. Киелі кітаптағы шындық өз өмірімізге және хабарымызға құлақ асқан адамдардың өміріне қандай пайдасын тигізіп жатқанын құрметпен айтып жеткізсек, сол өкілетті адамдардың жүрегіне жол табуымыз мүмкін.
(Елшілердің істері 26:28) Сонда Агриппа: “Аз уақыттың ішінде мені мәсіхші болуға иландырмақсың ғой”,— деді.
“Императордың сотын талап етемін!”
18 Пауыл әміршіге былай деп жауап қайырды: “Менің есім дұрыс, жоғары мәртебелі Фест. Мен шындық пен естіліктің сөздерін айтып тұрмын. Өзім алдында еркін сөйлеп тұрған патша бұларды жақсы біледі... Агриппа патша, пайғамбарларға сенесіз бе? Сенетініңізді білемін”. Сонда патша: “Аз уақыттың ішінде мені мәсіхші болуға иландырмақсың ғой”,— деді (Ел. іс. 26:25—28). Патша бұны қандай ниетпен айтса да, Пауылдың сөздері оған қатты әсер еткені анық.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Елшілердің істері 26:14) Бәріміз жерге құлай кеттік. Сонда бір дауыс шығып, еврей тілінде: — Саул, Саул, мені неге қудалап жүрсің? Үшкір таяққа қарсыласа берсең, өзіңе зақым келтіресің,— дегенін естідім.
nwtsty Е.і 26:14-тің зерттеу мәліметі
Үшкір таяққа қарсыласа: Ұшы үшкір таяқпен мал айдайтын болған (Би 3:31). “Үшкір таяққа қарсыласу” — грек әдебиетінде қолданылған мәтел. Бұл мәтел айдағанға көнбей, үшкір таяққа қарсыласу арқылы өгіздің өз-өзін жарақаттауынан шыққан. Мәсіхші болмай тұрып Саул осындай жануар іспетті әрекет еткен. Ехобаның қолдауымен жүрген мәсіхшілерге қарсы шығуымен Пауыл өзіне қатты зақым келтіруге шақ қалған еді (Е.і 5:38, 39; Т1х 1:13, 14-пен салыстырыңыз). Уғ 12:11-де “үшкір таяқ” деген тіркес астарлы мағынада қолданылып, тыңдап отырған адамды кеңеске құлақ асуға итермелейтін данышпанның сөздерін білдірген.
nwt түсіндірме
Үшкір таяқ. Мал айдауға арналған ұшы темір ұзын таяқ. Мұндай таяқты дана адамның ақыл-кеңеске құлақ асуға талпындыратын сөзіне теңеуге болады. Киелі кітаптағы “үшкір таяққа қарсыласу” деген тіркес қыңыр өгіздің үшкір таяқпен айдағанға көнбей, өзіне зақым келтіруінен шыққан (Е.і 26:14; Би 3:31).
(Елшілердің істері 26:27) Агриппа патша, пайғамбарларға сенесіз бе? Сенетініңізді білемін”.
Өзгелерге Патшалық туралы хабарды қабылдауға көмектесіңдер
14 Пауыл Агриппаның сөз жүзінде ғана яһуди аталатынын білген. Агриппаның яһуди ілімінен хабардар екенін ескерген Пауыл Мәсіхтің өліп, қайта тірілуіне қатысты “Мұса мен басқа да пайғамбарлар алдын ала айтып кеткендерді ғана үйретіп”, уағыздап жүргенін түсіндіреді (Елшілердің істері 26:22, 23). Сөзін тікелей Агриппаға арнап, ол: “Агриппа патша, сіз пайғамбарлардың айтқандарына сенесіз бе?” — деп сұрайды. Патша тұйыққа тіреледі. Егер пайғамбарларды мойындамайтынын айтса, оның сенуші яһуди деген атына кір келеді. Ал Пауылмен келісер болса, ел алдында елшінің жағына шыққанын көрсетер еді, әрі мәсіхші аталу қаупі туатын. Пауыл: “Оларға сенетініңізді білемін”,— деп, ақылмен өз сұрағына өзі жауап береді. Агриппаның жүрегі қандай жауап қайыруға талпындырды екен? Ол: “Аз уақыттың ішінде мені мәсіхші болуға көндірмексің бе? [“сендірерсің”, ЖД]” — деді (Елшілердің істері 26:27, 28). Агриппа мәсіхші болып кетпегенмен, Пауылдың жеткізген хабары қандай да бір дәрежеде оның жүрегіне әсер етсе керек (Еврейлерге 4:12).
28 қаңтар—3 ақпан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 27, 28
“Пауылдың Римге жол тартуы”
(Елшілердің істері 27:23, 24) Өзім қасиетті қызмет атқарып, соның меншігімін деп жүрген Құдайымның періштесі осы түні жанымда пайда болып: 24 — Қорықпа, Пауыл. Сен императордың алдында тұруың қажет. Құдай жаныңдағылардың да өмірін сақтап қалады,— деді.
“Ешбір жан өлмейді”
15 Пауыл кеме ішіндегілердің көбіне “Құдайдың... берген уәдесіне үміт арту” жайлы уағыздаған болса керек (Ел. іс. 26:6; Қол. 1:5). Ал енді кеме апатқа ұшырағалы жатқанда, Пауыл олардың аман қалатындарына келелі себеп келтірді. Ол былай деді: “Құдайымның періштесі осы түні жанымда пайда болып: — Қорықпа, Пауыл. Сен императордың алдында тұруың қажет. Құдай жаныңдағылардың да өмірін сақтап қалады,— деді.” Осылайша оларды жігерлендіріп: “Сондықтан мойымаңдар, өйткені мен Құдай қалай айтса, дәл солай болатынына сенемін. Алайда бір аралдың маңында кемеміз апатқа ұшырайды”,— деді (Ел. іс. 27:23—26).
(Елшілердің істері 28:1, 2) Жағаға аман-есен жеткен соң, аралдың аты Мальта екенін білдік. 2 Өзге тілде сөйлейтін жергілікті тұрғындар бізге зор адамгершілік танытты. Жаңбыр жауып, күн суып кеткендіктен, олар от жағып, бәрімізді мейірімділікпен қабыл алды.
“Ешбір жан өлмейді”
18 Апаттан аман қалғандар Сицилияның оңтүстігіндегі Мальта аралына тап болды. Шет тілде сөйлейтін тұрғындар оларға “зор адамгершілік танытты” (Ел. іс. 28:2). Олар үсті-бастары малмандай су болып, дірілдеп тұрған бейтаныс кісілерге от жағып берді. Жаңбыр жауып, суық болып тұрса да, олар біраз жылынып алды. Содан сол жерде бір керемет жасалды.
“Ешбір жан өлмейді”
21 Сол аралда меншікті жерлері бар Публи есімді дәулетті кісі тұратын. Ол Мальта аралының басты римдік билеушісі болса керек. Лұқа оны “арал билеушісі” деп сипаттаған және дәл осындай лауазым екі монумент қалдықтарындағы Мальта жазуларынан табылған. Бұл кісі үш күн бойы Пауыл мен оның қасындағы кісілерге қонақжайлылық танытты. Публидің әкесі қатты сырқат еді. Лұқа науқастың хал-жағдайын нақтылап, “ыстығы көтеріліп, іші өтіп, төсек тартып жатқан болатын” деп сипаттайды. Содан Пауыл дұға етті де, оның үстіне қолын қойып, сауықтырып жіберді. Бұл кереметті көріп таңғалысқан жұрт Пауылға сауықтырсын деп басқа науқастарды да әкеле бастады. Олар Пауыл мен оған ерген кісілерге көп сый ұсынып, қажеттінің бәрімен қамтамасыз етті (Ел. іс. 28:7—10).
(Елшілердің істері 28:16, 17) Ақырында, Римге келіп жеттік. Пауылға оны күзететін сарбазбен бірге жалға алынған үйде тұруға рұқсат берілді. 17 Үш күн өткен соң, ол яһуди жетекшілерін шақырып алды. Олар жиналғанда, Пауыл былай деді: “Ағайындар, халыққа да, ата-бабамыздың әдет-ғұрпына да қарсы ештеңе істемесем де, мені Иерусалимде тұтқындап, римдіктердің қолына ұстап берді.
“Түбегейлі куәлік берді”
10 Ақырында бір топ жолаушы Римге келіп жетті. Сонда “Пауылға оны күзететін сарбазбен бірге жалға алынған үйде тұруға рұқсат берілді” (Ел. іс. 28:16). Жеңілдетілген жағдайда қамауда отырған адам қашып кетпес үшін, оны күзетшіге шынжырмен байлап қоятын. Бірақ бұл шынжыр Патшалықтың жариялаушысы Пауылдың тілін бұғаулай алмады. Жолдан кейін үш күн демалып алған соң, ол Римдегі яһуди жетекшілерін шақырып алып, өзі туралы айтты және куәлік берді.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Елшілердің істері 27:9) Бірталай уақыт артта қалып, тіпті Күнәні өтейтін күнгі ораза да өтіп бара жатқандықтан, кемемен жүзу қауіпті еді. Сонда Пауыл оларды ескертіп,
nwtsty Е.і 27:9-дың зерттеу мәліметі
Күнәні өтейтін күнгі ораза: не “күзгі ораза”. Сөзбе-сөз “ораза”. Ораза деп аударылған бұл грек сөзі Мұса Заңында бұйырылған жалғыз оразаға нұсқайды. Бұл жыл сайын тойланатын Күнәні өтейтін күнмен байланысты ораза болған. Бұл күн “Йом Киппур” деп те аталған (еврейше “йом хаккиппурим”, қазақша “қақпақтар күні” [яғни күнәні жабатын күн]). (М3ж 16:29—31; 23:26—32; М4ж 29:7; Түсіндірмеден “Күнәні өтейтін күн” деген тіркесті қараңыз). Күнәні өтейтін күні “қайғыру” деген сөз адамның ораза тұтып, өзіне осы сияқты басқа да шектеулер қоюын білдірсе керек (М3ж 16:29, сілт.). Е.і 27:9-да “ораза” туралы айтылғаны да Күнәні өтейтін күні адамдар бірінші кезекте ораза тұтқанын дәлелдейді. Күнәні өтейтін күнгі ораза әдетте қыркүйек айының соңында не қазан айының басында болатын.
(Елшілердің істері 28:11) Үш айдан кейін тұмсығында “Зевс ұлдары” деген таңбасы бар кемемен теңізге шықтық. Александриядан келген бұл кеме осы аралда қыстаған болатын.
nwtsty Е.і 28:11-дің зерттеу мәліметі
Зевс ұлдары: грекше “диоскоурои”. Грек және рим аңыздары бойынша, Кастор және Поллуск деген “Зевс ұлдары” Зевс (Юпитер) құдайы мен Спарта патшайымы Леданың егіз ұлдары болған. Адамдар Зевс ұлдары өзге істермен қоса, теңізшілерді қорғайды, дауыл болғанда олардың өмірін сақтайды деп сенген. Кітапта кеменің тұмсығындағы таңбаға дейін жазылғаны автордың бұл оқиғаны өз көзімен көргеніне қосымша дәлел.