Мұсаның 2-жазбасы
13 Ехоба Мұсаға тағы мынаны айтты: 2 “Исраил халқының арасында тұңғыш туылғанның бәрін: адамның тұңғыш ұлынан бастап малдың алғашқы еркек төліне дейін — маған бағыштаңдар*. Олар менікі+”.
3 Мұса халыққа былай деді: “Мысыр елінен, құлдықтың үйінен, шыққан осы күнді естен шығармаңдар+, өйткені Ехоба сендерді сол жерден құдіретті қолымен алып шықты+. Ендеше ашытылған ештеңе жемеңдер. 4 Бүгін, абиб*+ айында, сендер бұл елден шығып жатырсыңдар. 5 Ехоба ата-бабаларыңа уәде еткен+ қанахандықтардың, хеттіктердің, аморлықтардың, хевтіктер мен ебустіктердің+ жеріне, ағы мен балы ағыл-тегіл мол жерге+ алып барғанда, үнемі осы айда мейрам өткізіп, 6 жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер+. Ал жетінші күн Ехобаға арналған мейрам болсын. 7 Ашытқысыз нанды жеті күн бойы жеңдер+. Сендерде ашытылған еш нәрсе болмасын+, бүкіл аймақтарыңда да ашытқы атаулы болмауға тиіс. 8 Сол күні ұлыңа: —Мысырдан алып шыққанда, Ехобаның маған жасаған жақсылығын есте ұстау үшін осылай істеп жатырмын+,— деп айт. 9 Ехобаның заңы аузыңнан түспес үшін, қолың мен маңдайыңа байланған белгі сияқты+, бұл мейрам сол оқиғаны есіңе салып тұрады. Өйткені Ехоба сені құдіретті қолымен Мысырдан алып шықты. 10 Бұл нұсқауды белгіленген уақытта жыл сайын орындап отыр+.
11 Ехоба өзіңе және ата-бабаларыңа уәде еткен+ Қанахан жеріне сені алып келгенде, 12 Ехобаға тұңғыш туылғанның бәрін: тұңғыш ұлыңнан бастап малыңның алғашқы еркек төліне дейін — бағышта. Олар Ехобанікі+. 13 Есектің алғашқы төлінің құнын қоймен өтеп ал. Егер олай етпесең, оның мойнын үз. Әрбір тұңғыш ұлыңның да құнын өтеп ал+.
14 Кейінірек ұлың: —Бұл нені білдіреді?— деп сұраса, оған: —Ехоба бізді Мысыр елінен, құлдық үйінен, құдіретті қолымен алып шыққан+. 15 Перғауын қырсығып бізді жібермей жатқанда+, Ехоба Мысыр жеріндегі тұңғыш туылғандардың бәрін — адамның тұңғыш ұлынан бастап малдың алғашқы төліне дейін — өлтірді+. Сондықтан малымыздың алғашқы еркек төлдерін Ехобаға құрбандыққа шаламыз, ал тұңғыш ұлдарымызды құн беріп сатып аламыз,— деп айт. 16 Осылайша бұл мейрам, қолың мен маңдайыңа байланған белгі+ сияқты, сол оқиғаны есіңе салып тұрсын. Өйткені Ехоба бізді құдіретті қолымен Мысырдан алып шықты”.
17 Перғауын халықты жібергенде, Құдай оларды філістірлердің жерінен өтетін төте жолмен алып жүрген жоқ. Өйткені Құдай: “Соғысу керектігін көргенде, халық алған бетінен тайып, Мысырға кері қайтып жүрер”,— деді. 18 Сондықтан Құдай оларды Қызыл теңіздің маңындағы шөл даламен айналдырып алып жүрді+. Исраилдіктер Мысырдан әскер жасағындай ұйымдасқан түрде шықты. 19 Мұса Жүсіптің сүйегін де ала шықты. Өйткені Жүсіп: “Құдай сендерге міндетті түрде назарын салады. Сонда менің сүйегімді осы жерден өздеріңмен бірге алып кетіңдер”,— деп, Исраил ұлдарынан ант алған еді+. 20 Олар Суқоттан шығып, шөл даланың шетіндегі Етамда қос тікті.
21 Ехоба күндіз жол көрсету үшін бұлт бағанасы+, ал түнде жарық түсіру үшін от бағанасы арқылы халықтың алдында жүріп отырды. Осылай олар күні-түні жол жүре алды+. 22 Күндіз бұлт бағанасы, ал түнде от бағанасы халықтан ажырамай жүріп отырды+.