Жохан
21 Бұдан кейін Иса Тиберия теңізінің жағалауында шәкірттеріне тағы көрінді. Бұл былай болған еді: 2 Шимон Петір, Тома (ол Егіз деп те аталатын)+, Ғалилеядағы Қана қаласынан шыққан Натанайыл+, Зебедей ұлдары+ және Исаның тағы екі шәкірті бірге болды. 3 Сонда Шимон Петір: “Мен балық аулауға бара жатырмын”,— деді. Өзгелері: “Біз сенімен барамыз”,— деді де, бәрі барып, қайыққа отырды, бірақ сол түні түк ұстаған жоқ+.
4 Ал таң ата жағада Иса тұрды, бірақ шәкірттері оны танымады+. 5 Иса олардан: “Балалар, жейтін бірдеңелерің* бар ма?”— деп сұрады. Олар: “Жоқ!”— деп жауап берді. 6 Ол: “Ауды қайықтың оң жағына салыңдар, сонда ұстайсыңдар”,— деді. Олар ау салған соң, түскен балықтың көптігінен оны тартып шығара алмады+. 7 Сол кезде Исаның жақсы көретін шәкірті+ Петірге: “Бұл — Иеміз ғой!”— деді. “Иеміз ғой!” дегенді естігенде, жартылай жалаңаш жүрген Шимон Петір киімін үстіне іле сала, суға секірді. 8 Ал қалған шәкірттер балыққа толы ауды сүйретіп, кішкентай қайықпен жүзіп келді. Олар жағадан алыс емес, 90 метрдей* жерде еді.
9 Жағаға шыққан олар шоқты, оның үстінде жатқан балықты көрді. Сол жерде нан да бар екен. 10 Иса: “Қазір ұстаған балықтарыңнан әкеліңдер”,— деді. 11 Шимон Петір үлкен-үлкен балыққа толы ауды жағаға шығарды, онда 153 балық бар екен. Балық сонша көп болса да, ау жыртылмапты. 12 Иса оларға: “Келіңдер, таңғы астарыңды жеп алыңдар”,— деді. Шәкірттердің ешқайсысының одан “Кімсің?” деп сұрауға батылы бармады, себебі Иелері екенін білді. 13 Иса келіп, нанды алып, үлестірді, балықтан да берді. 14 Бұл оның өлімнен қайта тірілгелі шәкірттеріне үшінші рет+ көрінуі еді.
15 Олар тамақтанып болған соң, Иса Шимон Петірден: “Жохан ұлы Шимон, мені мыналарға* қарағанда көбірек жақсы көресің* бе?”— деп сұрады. Ол: “Иә, Ием, сізді жақсы көретінімді* білесіз ғой”,— деп жауап берді. Сонда Иса: “Онда тоқты-қозыларыма азығын бер”+,— деді. 16 Сосын екінші рет: “Жохан ұлы Шимон, мені жақсы көресің* бе?”— деп сұрады. Петір: “Иә, Ием, сізді жақсы көретінімді* білесіз ғой”,— деді. Иса: “Қозыларымды бақ”+,— деп тапсырды. 17 Ол үшінші рет: “Жохан ұлы Шимон, мені жақсы көресің* бе?”— деп сұрады. “Мені жақсы көресің бе?” деп үшінші рет сұрағандықтан, Петір мұңайып: “Ием, сіз бәрін білесіз, сізді жақсы көретінімді* де білесіз”,— деді. Иса мынаны айтты: “Қозыларыма азығын бер+. 18 Саған нағыз шындықты айтамын, жас кезіңде өзің киініп, қалаған жағыңа бардың. Ал қартайғанда қолыңды созып тұрасың, сені басқа біреу киіндіріп, барғың келмеген жаққа алып кетеді”. 19 Ол мұны Петірдің қандай өліммен Құдайды даңқтайтынын білдіру үшін айтты. Осыдан кейін оған: “Бұдан былай да соңымнан еріп жүр”+,— деді.
20 Петір бұрылды да, Исаның жақсы көретін шәкірті+ ілесіп келе жатқанын көрді. Ол кешкі ас кезінде дастарқан басында Исаның төсіне басын тақап “Ием, сізге опасыздық жасайтын кім?” деп сұраған шәкірт еді. 21 Петір оны көргенде, Исаға: “Ием, ал мынау ше?”— деді. 22 Иса: “Мен келгенше, оның осында болғанын қаласам, солай болады, оны қайтесің? Ал сен соңымнан еріп жүре бер”,— деп жауап берді. 23 Сондықтан бауырластар арасында “сол шәкірт өлмейді” деген сөз тарады. Бірақ Иса Петірге оның өлмейтінін айтқан жоқ, жай ғана “Мен келгенше, оның осында болғанын қаласам, солай болады, оны қайтесің?” деген болатын.
24 Осылар туралы куәлік еткен әрі жазған — сол шәкірт+. Біз оның куәлігінің шынайы екенін білеміз.
25 Иса бұдан да басқа көп істер жасады. Олар егжей-тегжейлі жазылса, меніңше, жазылған шиыршықтар бүкіл дүниеге сыймас еді+.