Ғалаттықтарға
5 Мәсіх бізді осындай еркіндік үшін азат етті. Сондықтан берік тұрыңдар+, қайтадан құлдықтың мойынтұрығын кимеңдер+.
2 Менің, Пауылдың, айтары мынау: егер сүндеттелсеңдер, Мәсіхтен сендерге еш пайда болмайды+. 3 Сүндеттелетін әрбір адамға тағы айтамын, ол Заңды түгел орындауға міндетті+. 4 Заң арқылы әділ деп жариялануға тырысатындар+, сендер Мәсіхтен ажырап, оның рақымынан айырылдыңдар. 5 Ал біз киелі рух пен сенімнің арқасында әділ деп есептелетінімізге үміттеніп, соны асыға күтудеміз. 6 Иса Мәсіхпен бірліктегілер үшін маңыздысы — сүндеттелу не сүндеттелмеу емес+, сүйіспеншілік арқылы әрекет ететін сенім.
7 Жақсы жүгіріп бара жатыр едіңдер+, шындыққа мойынсұна берулеріңе кім бөгет болды? 8 Бұған сендерді сендірген — өздеріңді шақырған Құдай емес. 9 Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытады+. 10 Иемізбен бірліктегі+ сендердің менімен келісетіндеріңе сенімдімін. Ал сендерге қиындық тудырып жүрген адам+, мейлі ол кім болмасын, лайықты жазасын алады. 11 Ал маған келсек, бауырластар, егер әлі де сүндеттелу керек деп уағыздап жүрсем, неге күні бүгінге дейін қудаланудамын? Онда азап бағанасы* сүріндіретін тас болмас еді ғой+. 12 Сендерді мазалап жүргендердің өздерін тарттырып тастағанын* қалар едім.
13 Бауырластар, Құдай сендерді еркіндікке шақырды. Бірақ еркіндікті тәндік құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін пайдаланбаңдар+, қайта, бір-біріңе сүйіспеншілікпен қызмет етіңдер+. 14 Себебі бүкіл Заң “өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” деген бір заңды орындауды білдіреді*+. 15 Бірақ егер тістесіп, бір-біріңді жалмай берсеңдер+, онда біріңді-бірің құртып жіберуден сақ болыңдар+!
16 Ал менің айтарым — киелі рухтың жетелеуімен жүруді доғармаңдар+, сонда ешқандай тәндік құмарлыққа берілмейсіңдер+. 17 Өйткені тәннің қалауы рухтікіне, ал рухтікі тәндікіне қарсы. Бұлар бір-біріне қарсы. Осылайша сендер істегілерің келгенді істемейсіңдер+. 18 Ал рухтың жетелеуімен жүрсеңдер, сендерге заңның билігі жүрмейді.
19 Тәннің істері белгілі, олар — азғындық*+, арам істер, өрескелдік*+, 20 пұтқа табынушылық, бақсы-балгерлік*+, қаскөйлік, жанжалқойлық, қызғаныш, ашу-ызаға берілу, талас-тартыс, алауыздық, секталар құру, 21 іштарлық, маскүнемдік+, ырду-дырду той-думан құру және осы сияқтылар+. Бұрын ескерткенімдей, тағы ескертемін, осындаймен айналысатындар Құдай Патшалығын мұра етпейді+.
22 Ал киелі рухтың жемісі — сүйіспеншілік, қуаныш, татулық*, шыдамдылық, мейірімділік, ізгілік+, сенім, 23 жұмсақтық, ұстамдылық+. Бұларға қарсы еш заң жоқ. 24 Оның үстіне, Мәсіх Исаның меншігіндегілер өз тәндерімен қоса, құмарлықтары мен қалауларын да бағанаға ілген+.
25 Егер рухтың жетелеуімен өмір сүріп жатсақ, әрі қарай да рухтың жетелеуімен жүре берейік+. 26 Атаққұмар болып+, бір-бірімізді бақталастыққа итермелемейік+, іштарлық та жасамайық.