Рут
4 Бағоз қала қақпасының қасына+ барып отырды. Сол жерден Рутқа айтқан туысы+ өтіп бара жатты. Бағоз оған: “Пәленше*, мұнда келіп отыршы”,— деді. Ол қасына келіп отырды. 2 Сосын Бағоз қаланың он ақсақалын+ шақырды да, оларға: “Мұнда жайғасыңыздар”,— деді. Олар да отырды.
3 Сонда Бағоз туысына+ былай деді: “Бауырымыз Елимелектің+ үлесіндегі жерді Моаб елінен оралған Нағима+ сатуы керек болып жатыр. 4 Саған осыны айтуды жөн көрдім. Жұрттың және осы ақсақалдардың алдында соны сатып ал+. Туысқандық міндетіңді орындаймын десең, орында. Ал орындамаймын десең, оныңды айт. Өйткені бұл міндетті алатын ең жақын туысы сенсің, сенен кейін менмін”. Бұған ол: “Сатып аламын”,— деді+. 5 Сонда Бағоз былай деді: “Егер Нағимадан жерді сатып алсаң, марқұм ұлының әйелі моабтық Руттан да сатып алуың керек. Осылайша марқұмның мұрасы өз атында қала береді”+. 6 Бұған ол: “Онда мен сатып ала алмаймын, өз мұрама нұқсан келтіріп алармын. Туысқандық құқымды саған бердім, сен сатып ал, мен ала алмаймын”,— деді.
7 Сол заманда Исраилде туысқандық міндетті беру немесе айырбас жасау сияқты мәселелерге қатысты мынандай дәстүр болған: жасалған келісімді заңды түрде бекіту үшін адам бір сандалын шешіп+, екінші адамға беру керек еді. 8 Сондықтан туысы Бағозға: “Өзің сатып ал”,— деп, бір сандалын шешіп берді. 9 Сонда Бағоз ақсақалдар мен күллі жұртқа былай деді: “Бүгін сіздер Елимелектің, оның ұлдары Килион мен Махлонның бүкіл меншігін Нағимадан сатып алып жатқаныма куәсіздер+. 10 Сондай-ақ марқұмның мұрасы өз атында қала беру үшін, Махлонның жесірі моабтық Рутты да әйелдікке аламын+. Осылай марқұмның есімі бауырлары мен қала жұртшылығының арасында* өшпейді. Бүгін сіздер бұған куәсіздер+”.
11 Сонда қақпа алдындағы адамдар мен ақсақалдардың бәрі: “Иә, біз куәміз,— деп растап, артынан былай деді: —Босағаңды аттағалы жатқан бұл әйелді Ехоба жарылқап, оны Исраилдің үрім-бұтағын өрбіткен Рахила мен Лиядай етсін+! Ал өзің Ефратада+ табысты, Бетлехемде+ жақсатты бол! 12 Ехоба саған осы әйелден ұрпақ сыйлап+, әулетіңді Тамар Яһудаға туып берген Парестің әулетіндей+ қылсын!”
13 Сонымен, Бағоз Рутқа үйленіп, екеуі жақындасты. Ехобаның жарылқауымен Руттың бойына бала бітіп, ұл туды. 14 Сонда әйелдер Нағимаға былай десті: “Сені туысқандық міндетін атқаратын адамсыз қалдырмаған Ехоба мадақталсын! Оның есімі бүкіл Исраилде дәріптелсін! 15 Бұл бала сенің жаныңды қайтадан жадыратты, ол қартайған шағыңда сүйенішің болады. Себебі оны дүниеге әкелген — өзіңді жақсы көретін+ әрі жеті ұлдан да артық келінің”. 16 Нағима баланы алып, бауырына басып, бағып-қақты. 17 Көрші әйелдер: “Бұл — Нағима үшін туылған ұл”,— десіп, оған Ғабит+ деген есім берді. Ол Есейдің+ әкесі, Дәуіттің атасы болды.
18 Парестің шежіресі+ мынау: Парестен Хесрон+, 19 Хесроннан Рам, Рамнан Әминадап+, 20 Әминадаптан+ Нағасон, Нағасоннан Салмон, 21 Салмоннан Бағоз, Бағоздан Ғабит, 22 Ғабиттен Есей+ туылды, ал Есей — Дәуіттің әкесі+.