Шежірелер 2-жазба
20 Бұдан кейін моабтықтар+ мен аммондықтар+ бірсыпыра аммонилерге* қосылып, Жосафатқа қарсы соғысқа аттанды. 2 Жосафатқа “Теңіз* жақтан, Едом+ елінен, саған қарсы қалың қол келе жатыр. Олар Хазазон-Тамарға, яғни Ен-Гедиге+ таяп қалды” деген хабар жетті. 3 Мұны естігенде, патша қорқып кетті. Бірақ ол Ехобаны іздеуге бел буып+, бүкіл Яһуда елі ораза тұтсын деген жарлық шығарды. 4 Сонда бүкіл Яһуда халқы Ехобадан көмек сұрауға жиналды+. Жұрт Ехобадан басшылық сұрау үшін Яһуданың барлық қалаларынан келді.
5 Жосафат Яһуда мен Иерусалим халқының алдында, Ехобаның үйіндегі жаңа ауланың алдында тұрып, 6 былай деді: “Уа, ата-бабамыздың Құдайы Ехоба! Сен жержүзіндегі патшалықтарға билік жүргізетін+ көктегі Құдай+ емессің бе?! Күш те, құдірет те сенің қолыңда. Саған ешкім қарсы тұра алмайды+. 7 Уа, Құдайымыз, осы елдің тұрғындарын өз халқың Исраилдің алдынан қуып жіберіп, оны досың Ыбырайымның ұрпағына мәңгіге берген едің ғой+! 8 Олар осы елге қоныс теуіп, өзіңнің есіміңе арнап мына ғибадатхананы салды+. Халқың дұға етіп: 9 —Егер елімізде соғыс болса, жазаға ұшырасақ не басымызға індет, аштық сияқты апат түсіп, мына үйдің және өзіңнің алдыңа келіп (өйткені бұл үйде сенің есімің орныққан+), қиналған шағымызда көмек сұрасақ, бізге құлақ түріп, құтқара көр+,— деді. 10 Ал енді Аммон мен Моаб елінен және Сейірдің таулы өңірінен+ келген халықтың не істегелі жатқанына назар салшы. Кезінде Мысырдан шыққан Исраилге олардың еліне шабуыл жасауға тыйым салған едің. Сондықтан халқың сырт айналып өтіп, оларды құртып жібермеді+. 11 Енді болса олар жақсылығымызға жамандықпен қайтарып отыр. Жау бізді сенің иелігіңнен, халқыңа мұралы иелікке берген жеріңнен, куып жіберуге келе жатыр+. 12 Уа, Құдайымыз, оларға үкімді өзің шығаршы+! Себебі біз қарсы келе жатқан қалың нөпірдің алдында дәрменсізбіз. Не істерімізді білмей+, назарымызды өзіңе тігіп отырмыз+”.
13 Осы кезде бүкіл Яһуда халқы, қыз-келіншек, үлкенді-кішілі бала-шағаларына дейін, Ехобаның алдында тұрды.
14 Сонда жиналған жұрттың арасында тұрған Зәкәрия ұлы Жахазиелге Ехобаның рухы қонды. Ол Асаптың ұрпағынан тараған леуілік Матанияхтың шөпшегі, Жейелдің шөбересі, Бенаяхтың немересі еді. 15 Жахазиел былай деді: “Бүкіл Яһуда мен Иерусалим тұрғындары, тыңдаңдар! Жосафат патша, сен де құлақ сал! Ехоба сендерге мынаны айтады: —Өздеріңе қарсы келе жатқан қалың нөпірден қорықпаңдар, үрейлерің де ұшпасын! Өйткені бұл — сендердің емес, Құдайдың шайқасы+! 16 Ертең жауға қарсы аттаныңдар. Олар Зиз асуы арқылы келеді. Сендер оларды Еруел шөлінің тұсындағы аңғардың шетіне таман кездестіресіңдер. 17 Бұл жолы сендерге шайқасудың қажеті болмайды. Тек сол жерге барыңдар да, тапжылмай тұрыңдар+, сонда Ехобаның өздеріңді қалай құтқаратынын көресіңдер+. Ей, Яһуда мен Иерусалим, еш қорықпаңдар, үрейлерің де ұшпасын+! Ертең жауға қарсы аттаныңдар. Ехоба сендерге жар болады+!”
18 Бұны естіген бойда, Жосафат жерге дейін иіліп тағзым етті. Ехобаға ғибадат ету үшін, күллі Яһуда мен Иерусалим тұрғындары да Ехобаның алдында жерге жығыла кетті. 19 Бұдан кейін Қахат+ пен Қорах ұрпақтарынан тараған леуіліктер орындарынан тұрып, бар дауыстарымен Исраилдің Құдайы Ехобаны дәріптей жөнелді+.
20 Келесі күні күллі жұрт ерте тұрып, Текоя+ шөліне қарай беттеді. Олар жолға шығарда, Жосафат тіл қатып: “Ей, Яһуда мен Иерусалим тұрғындары, сөзіме құлақ салыңдар! Құдайларың Ехобаға сенім артыңдар, сонда берік тұрасыңдар! Оның пайғамбарларына сенім артыңдар+, сонда істерің алға басады!”— деді.
21 Сосын патша халықпен ақылдасып, қасиетті киім киіп, Ехобаға арнап ән айтатын адамдар тағайындады+. Әншілер қарулы әскердің алдына түсіп: “Ехобаға алғыс айтыңдар, өйткені оның айнымас сүйіспеншілігі мәңгі”,— деп Құдайды мадақтап жүрмек еді+.
22 Әншілер қуанышты үнмен мадақ айта бастағанда, Ехоба Аммон мен Моаб елінен және Сейірдің таулы өңірінен келіп, Яһуда елін басып алмақ болған жауға тұтқиылдан тиді де, олар бірін-бірі қыра бастады+. 23 Аммондықтар мен моабтықтар Сейірдің таулы өңірінен+ келгендерге тап беріп, қырып-жойып, көздерін құртты. Оларды қырып тастаған соң, өзара шайқаса бастады+.
24 Яһудалықтар шөл даладағы+ күзет мұнарасына келіп, жаудың қалың қолы тұрған жаққа қараса, олардың бәрі жерде сұлап жатыр екен+. Бірде-бірі аман қалмапты. 25 Сонда Жосафат пен қасындағы жұрт жауды тонауға келіп, сол жерден өте көп заттар, киім-кешек, қымбат бұйымдар тапты. Жұрт олжаны көтеріп әкете алғандарынша алды+. Олжаның көп болғаны сонша — бәрін жинап әкетуге үш күн қажет болды. 26 Төртінші күні олар Ехобаны мадақтау* үшін Берах аңғарына жиналды. Сондықтан бұл жер күні бүгінге дейін Берах* аңғары деп аталады+.
27 Бұдан кейін Яһуда мен Иерусалимнің адамдарының бәрі, басы Жосафат болып, зор қуанышпен Иерусалимге қайтты. Себебі Ехоба оларға жеңіс сыйлап, қуанышқа бөлеген еді+. 28 Олар Иерусалимге ішекті аспаптар мен арфада ойнап+, керней тартып кірді де+, Ехобаның үйіне қарай беттеді+. 29 Жержүзіндегі патшалықтар Исраилдің жауларымен Ехобаның өзі шайқасқанын естігенде, олардың бойын Құдайдан келген үрей биледі+. 30 Осыдан кейін ешкім Жосафаттың патшалығындағы халықтың тынышын бұзбады. Өйткені Құдайы оған айнала тыныштық сыйлады+.
31 Жосафат Яһуда еліне билік жүргізе берді. Ол 35 жасында патша болып, Иерусалимде 25 жыл билік етті. Оның анасы Шилкидің қызы Азуба еді+. 32 Жосафат әкесі Асаның жолынан таймай+, Ехобаға ұнамдыны істеп жүрді+. 33 Бірақ оның тұсында ғибадат төбелері жойылған жоқ+. Халық әлі де ата-бабаларының Құдайын іздеуге берік шешім қабылдамаған еді+.
34 Жосафаттың басқа да істері Ханани+ ұлы Иқудың+ жазбаларында бастан-аяқ баяндалған. Бұл жазбалар Исраил патшаларының тарихы баяндалған кітапқа енгізілген. 35 Кейінірек Яһуда патшасы Жосафат Исраилдің зұлым патшасы Ахазиямен+ одақтасты. 36 Осылай Жосафат онымен бірігіп, Тарсиске баратын кемелер+ жасауға келісті. Кемелер Есион-Геберде+ жасалатын болды. 37 Бірақ марешалық Додабақу ұлы Елиезер Жосафатқа пайғамбарлық хабар әкеліп: “Ахазиямен одақтасқаның үшін, Ехоба ісіңді түкке асырмайды+”,— деді. Осы сөздер орындалып, кемелер апатқа ұшырап+, Тарсиске қарай сапарға шыға алмай қалды.