Елшілердің істері
2 Елуінші күн мейрамында*+ шәкірттердің бәрі бір үйге жиналды. 2 Кенеттен қатты жел соққандай көктен шу естіліп, бүкіл үйдің іші жаңғырып кетті+. 3 Сонда оларға тілге ұқсаған от жалындары көрінді де, бөлініп-бөлініп, әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды. 4 Сөйтіп, бәрі киелі рухқа кенеліп+, рухтың дарытуымен әртүрлі тілдерде сөйлей бастады+.
5 Осы уақытта Иерусалимде жердің түкпір-түкпірінен келген, Құдайды қастерлейтін яһудилер жүрген еді+. 6 Қатты шуды естіп, сол жерге қалың жұрт жиналды. Олар шәкірттердің олардың тілдерінде сөйлеп жатқанын естіп, аң-таң болды. 7 Қатты таңырқаған жұрт былай десті: “Қараңдар, мына сөйлеп тұрғандардың барлығы ғалилеялықтар+ емес пе? 8 Олар қалайша әрбіріміздің ана тілімізде сөйлеп жатыр? 9 Арамызда парттықтар, мидиялықтар+, еламдықтар+ бар, Месопотамияда, Яһудея мен Кападокияда, Понт пен Азия*+ аймағында, 10 Фригия мен Памфилияда, Мысырда және Ливияның Күренеге жақын өлкелерінде тұратындар және Римнен келгендер — яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар+, 11 сондай-ақ криттіктер мен арабтар бар. Бірақ бәріміз де бұлардың өз тілдерімізде Құдайдың ғажайып істері жайлы айтып жатқанын естіп тұрмыз”. 12 Осылай таңырқап, абдырап тұрған жұрт: “Мұнда не болып жатыр?”— десті. 13 Ал өзге біреулері: “Олар шарапқа тойып алған”,— деп мазақ ете бастады.
14 Сонда Петір 11 елшімен бірге тұрып+, былай деп дауыстады: “Яһудея мен Иерусалим тұрғындары, мынаны біліп алыңыздар әрі сөзіме мұқият құлақ салыңыздар: 15 бұл адамдар, сіздер ойлағандай, мас емес. Қазір үшінші сағат* қой. 16 Жоел пайғамбар арқылы алдын ала былай делінген: 17 “Соңғы күндері рухымды әрбір адамға төгемін,— дейді Құдай.— Сонда ұл-қыздарың пайғамбарлық етеді, жас жігіттерің аян алып, қарияларың түс көреді+. 18 Тіпті құл-күңдеріме де рухымды төгемін, сонда олар пайғамбарлық етеді+. 19 Көкте кереметтерді, ал жерде белгілерді — қан, от пен будақтаған түтінді — көрсетемін. 20 Ехобаның ұлы да салтанатты күні келмес бұрын, күн түнекке, ай қанға айналады. 21 Сонда Ехобаны атын атап шақырған әркім құтқарылады+”.
22 Исраилдіктер, мына сөздерге құлақ түріңіздер! Өздеріңіз білетіндей, Құдай назареттік Иса арқылы араларыңызда құдіретті істер, кереметтер мен белгілер көрсетіп+, оны сіздерге танытты. 23 Ал сіздер оны тұтқындап, зұлым адамдардың қолымен бөренеге іліп өлтірдіңіздер+. Бұл жайт Құдайдың еркімен және алдын ала білуімен орын алды+. 24 Бірақ оны тірілтіп+, өлімнен* босатты, өйткені сонда қалуы мүмкін емес еді+. 25 Ол жайлы Дәуіт пайғамбар: —Ехобаны әрдайым көз алдымда ұстаймын, ешқашан шайқалмауым үшін ол менің оң жағымда тұр. 26 Сондықтан жүрегім шаттыққа толып, зор қуанышпен сөйлеймін. Мен үмітпен өмір сүремін. 27 Өйткені сен мені* көрде* қалдырмайсың, адал қызметшіңнің тәнін шірітпейсің+. 28 Сен маған өмір жолын көрсетіп, көз алдыңда мені зор қуанышқа бөлейсің+,— деген.
29 Ағайындар, сіздерге бабамыз Дәуіт туралы ашық айта аламын: ол дүниеден өтіп, жерленді+, ал қабірі бүгінге дейін осы қаламызда тұр. 30 Ол пайғамбар болды және ұрпағының бірін Құдай таққа отырғызуды ант еткенін білді+. 31 Сондықтан Мәсіхтің қайта тірілетінін алдын ала біліп, Құдайдың оны көрде* қалдырмайтынын және тәні шірімейтінін айтқан болатын+. 32 Құдай осы Исаны қайта тірілтті, бұған бәріміз де куәміз+. 33 Ол көкке көтеріліп, Құдайдың оң жағына отырды+ да, Әкесі уәде еткен киелі рухты алды+. Осылайша өздеріңіз көріп, естіп тұрғандай, осы рухты бізге төкті. 34 Дәуіт болса көкке көтерілген жоқ. Бірақ ол: —Ехоба менің Иеме былай деді: 35 “Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, оң жағымда отыр”+,— деген ғой. 36 Сондықтан бүкіл Исраил үйі мынаны жақсылап біліп алсын: Құдай өздеріңіз бағанаға ілген+ Исаны Иеміз+ әрі Мәсіх етті”.
37 Бұл сөздер олардың жүректеріне инедей қадалып, Петір мен өзге елшілерден: “Ағайындар, енді біз не істеуіміз керек?”— деп сұрады. 38 Петір оларға былай деп жауап берді: “Күнәларыңыз кешірілу үшін+ өкініп+, әрбіріңіз Иса Мәсіхтің атынан шомылдыру рәсімінен өтіңіз+, сонда сый ретінде киелі рухты аласыздар. 39 Себебі бұл уәде+ сіздерге, балаларыңызға, шалғайдағы адамдарға және Ехоба Құдайымыз өзіне шақырып жатқандардың барлығына берілді+”. 40 Петір тағы біраз жайттарды айтып, түбегейлі куәлік берді. Сондай-ақ: “Мына бұзылған ұрпақпен+ бірге жойылып кетіп жүрмеңіздер”,— деп қайта-қайта ескертті. 41 Оның сөздерін қуана қабылдағандар шомылдыру рәсімінен өтті+. Сол күні шәкірттердің қатарына шамамен 3000 жан қосылды+. 42 Олар елшілерден тәлім алып, өзара араласып*, бірге ас ішіп+, бірге дұға етіп жүрді+.
43 Елшілер көптеген белгілер мен кереметтер көрсетті+. Мұны көрген әрбір жан Құдайды қастерлей бастады. 44 Исаның ізбасары болғандардың барлығы бірге жиналып, қолда барларын ортақ ұстады, 45 әрі өз меншіктерін сатып+, түскен қаражатты әркімге қажетіне қарай үлестірді+. 46 Олар күн сайын өзара ниеттес көңілмен ғибадатханада жиналып жүрді, сондай-ақ бір-бірінің үйіне барып, шын жүректен әрі зор қуанышпен дастарқандас болып, 47 Құдайды мадақтады және барша жұрттың ықыласына бөленді. Ал Ехоба құтқарылатындардың санын күннен-күнге көбейтіп, шәкірттердің қатарына қосып отырды+.