Қорынттықтарға 1-хат
14 Сүйіспеншілікке ұмтылыңдар. Рухани сыйлар алуға, әсіресе пайғамбарлық ету сыйын алуға барынша тырысыңдар+. 2 Себебі өзге тілде сөйлейтін кісі адамдарға емес, Құдайға сөйлейді: ол рух арқылы қасиетті құпияларды+ айтқанымен, оны ешкім түсінбейді+. 3 Ал пайғамбарлық ететін кісі сөздерімен адамдарды рухани нығайтады, жігерлендіреді әрі жұбатады. 4 Өзге тілде сөйлейтін адам өзін, ал пайғамбарлық ететін адам қауымды нығайтады. 5 Мен бәріңнің өзге тілдерде сөйлегендеріңді қалар едім+, бірақ одан гөрі пайғамбарлық еткендерің артық+. Иә, өзге тілдерде сөйлейтін адам қауымды нығайту үшін өз сөздерін аудармаса, одан гөрі пайғамбарлық ететін адамның пайдасы көбірек. 6 Бауырластар, мен сендерге келіп, өзге тілдерде сөйлесем, менен қандай пайда? Ал егер сендерге көмектескім келсе, аянға+, білімге+, пайғамбарлыққа негізделе отырып, тәлім боларлықтай етіп сөйлеуім керек емес пе?!
7 Сыбызғы, арфа сияқты жансыз аспаптар да үн шығарады ғой. Бірақ ырғағы өзгеріп тұрмаса, сол сыбызғыда немесе арфада не ойналып жатқанын қайдан білеміз? 8 Керней түсініксіз үн шығарса, кім соғысқа дайындалады? 9 Сол сияқты, ауыздарыңнан түсінікті сөз шықпаса, не айтқандарыңды адам қалай түсінеді? Сөздеріңнің далаға кеткені ғой. 10 Дүниеде қаншама көп тілдер бар, бірақ олардың ешқайсысы да мәнсіз емес. 11 Егер айтылған сөздің мағынасын түсінбесем, мен сөйлеп тұрған адам үшін, ал ол мен үшін шетелдік болады ғой. 12 Сендер де рухтың сыйларына ие болуды барынша қаласаңдар, қауымды нығайтатын сыйларды молынан алуға ұмтылыңдар+.
13 Сондықтан өзге тілде сөйлейтін адам өз сөздерін аудара алу үшін дұға етсін+. 14 Өйткені егер мен өзге тілде дұға етсем, онда рух дарытқан сый дұға етуде, бірақ санаммен оны түсінбеймін. 15 Сонда не істеу керек? Мен рух дарытқан сыймен, сондай-ақ санаммен де дұға етемін. Рух дарытқан сыймен, сондай-ақ санаммен де Құдайды мадақтап жырлаймын. 16 Ал егер рух дарытқан сыймен Құдайды мадақтап жырлағаныңда, сол жердегі қарапайым кісі не айтып жатқаныңды түсінбесе, айтқан ризашылығыңа қалайша “Аумин” дейді? 17 Сен жақсылап ризашылық айтқаныңмен, бұдан әлгі кісі рухани нығаймайды. 18 Мен барлығыңнан да көп тілде сөйлеймін, сол үшін Құдайға ризамын. 19 Әйтсе де қауымда өзге тілде 10 000 сөз айтқанша, басқаларға тәлім беру үшін түсінікті болатын бес сөз айтқаным артық+.
20 Бауырластар, түсініктерің жас баланікі сияқты болмасын+. Бірақ жамандыққа келгенде, бала сияқты+, ал түсінуге келгенде, ересек адамдай болыңдар+. 21 Заңда былай делінген: “Бұл халыққа шетелдіктердің тілімен және бөтендердің аузымен сөйлеймін, бірақ сонда да олар мені тыңдаудан бас тартады,— дейді Ехоба”+. 22 Сонымен, өзге тілдерде сөйлеу — сенетіндер үшін емес, сенбейтіндер үшін белгі+, ал пайғамбарлық ету — сенбейтіндер үшін емес, сенетіндер үшін белгі. 23 Бүкіл қауым жиналып, бәрі өзге тілдерде сөйлеп жатқанда, қарапайым не сенбейтін адамдар сол жерге келсе, сендерді естері ауысыпты демей ме? 24 Ал бәрің пайғамбарлық етіп жатқанда, сенбейтін не қарапайым адам келсе, айтқан сөздерің оны әшкерелейді әрі өзін мұқият тексеруге талпындырады. 25 Сонда жүрегіндегі құпиялары айқын болып, бас ұрып: “Құдай шынымен сендердің араларыңда!”— деп, Құдайға тағзым етеді+.
26 Сонымен, бауырластар, не істеу керек? Бірге жиналғанда, бірің зәбүр жырларын айтасың, бірің тәлім бересің, бірің аян аласың, бірің өзге тілде сөйлейсің, тағы бірің аударасың+. Осының бәрін бір-біріңді нығайту үшін істеңдер. 27 Өзге тілде сөйлейтіндер болса, екеуі, көп дегенде үшеуі кезектесіп сөйлесін, ал біреу аударып тұрсын+. 28 Егер аударатын ешкім болмаса, қауымда үндемей, іштей Құдайға сөйлесін. 29 Пайғамбарлардың да екеуі не үшеуі+ сөйлеп, ал басқалар мағынасын пайымдасын. 30 Егер сонда отырғандардың бірі аян алса, сөйлеп тұрғаны оған сөз берсін. 31 Бәріңнің кезектесіп пайғамбарлық етулеріңе болады. Сонда бәрің тәлім алып, жігерленесіңдер+. 32 Пайғамбарларға берілген рухтың сыйын пайғамбарлардың өздері қадағалау керек. 33 Өйткені Құдай — тәртіпсіздіктің емес, татулықтың Құдайы+.
Қасиеттілердің барлық қауымындағыдай, 34 әйелдер қауымда үндемесін, себебі оларға сөйлеуге рұқсат етілмейді+. Қайта, ер адамдарға бағынсын+, Құдай Заңында да осылай делінген. 35 Егер бірдеңені түсінбесе, үйінде күйеулерінен сұрасын. Өйткені әйелдің қауымда сөйлегені ұят.
36 Құдай сөзі сендерден шығып па еді, әлде сендерге ғана жетіп пе еді?
37 Кім өзін пайғамбармын не рухтың сыйына иемін деп ойласа, менің жазып отырғандарымды Иеміздің өсиеті деп қабылдасын. 38 Ал мұны елемейтін адамның өзі де елеусіз қалады*. 39 Сонымен, бауырластарым, пайғамбарлық етуге талпына беріңдер+, сөйтсе де өзге тілдерде сөйлеуге тыйым салмаңдар+. 40 Тек барлығы лайықты әрі тәртіппен болсын+!