“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
1—7 сәуір
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 7—9
“Салтбастылық — сый”
(Қорынттықтарға 1-хат 7:32) Мен сендердің уайым-қайғысыз жүргендеріңді қалаймын. Үйленбеген адам Иемізге ұнамды болуға тырысып, оған қызмет етумен байланысты нәрселерді ойлайды.
Салтбасты өмірлеріңнің игілігін барынша көріңдер!
3 Әдетте салтбасты адамның некедегі адамға қарағанда уақыты мен еркіндігі көбірек болады (Қор. 1-х. 7:32—35). Осының арқасында олардың қызмет аясын кеңейтуге, өзгелерге сүйіспеншілік танытуда пейілді кең жаюға және Ехобаға жақындай түсуге мүмкіндіктері бар. Сондықтан көптеген мәсіхшілер салтбасты болудың қаншалықты пайдалы екенін түсініп, біраз уақыт болса да, “солай өмір сүруді” шешті. Өзгелер алғашында салтбасты болуды жоспарламағанымен, жағдайлары өзгергенде, дұға ете отырып ой жүгірткендерінің арқасында Ехобаның көмегімен қанағаттандырарлық өмір сүре алатындарын түсінді. Осылайша өзгерген жағдайға бейімделіп, салтбастылық өмір кешуде (Қор. 1-х. 7:37, 38).
(Қорынттықтарға 1-хат 7:33, 34) Ал үйленген адам әйеліне ұнауға тырысып, осы дүниелік нәрселерді ойлайды. 34 Осылайша ол екі ойлы болады. Сондай-ақ салтбасты әйел мен бойжеткен қыз тәні де, рухы да қасиетті болу үшін, Иемізге қызмет етумен байланысты нәрселерді ойлайды. Ал тұрмыстағы әйел күйеуіне ұнауға тырысып, осы дүниелік нәрселерді ойлайды.
Қорынттықтарға арналған хаттардағы көңіл бұрарлық ойлар
7:33, 34. Некедегі еркек не әйел қам жейтін “бұ дүниелік істерге” не жатады? Бұл жерде Пауыл некедегі мәсіхшілердің қам жеуі керек тұрмыстық істер жайлы айтқан. Бұған мәсіхшілер аулақ жүруі керек жаман істер емес, тамақ, киім-кешек және үй шаруасына қатысты істер жатады (Жох. 1-х. 2:15—17).
(Қорынттықтарға 1-хат 7:37, 38) Ал кімде-кім некеге тұруды қажет деп таппаса, әрі өз еркін билей алатындықтан, салтбасты болып қалуды шешіп, жүрегіндегі осы шешіміне берік болса, дұрыс істейді. 38 Сонымен, некеге тұрған адам дұрыс істейді, ал тұрмаған адам одан да дұрыс істейді.
w96 15.10. 12, 13-б., 14-абз.
Салтбастылық — еш алаңсыз қызмет ететін кез
14 Мәсіхші тек қара басының қамы үшін салтбасты болып жүрсе, ол неке құрғандарға қарағанда “дұрыс істеп” жүрген жоқ. Себебі ол “Патшалық үшін” емес, жеке мақсаттары үшін неке құрмай жүр (Матай 19:12). Салтбасты қыз не ер бауырлас “Иемізге ұнамды болуға тырысып, оған қызмет етумен байланысты нәрселерді ойлау” керек, әрі “ештеңеге алаңдамай, әрдайым Иемізге бар жүрегімен қызмет етуі” қажет. Бұл Ехоба мен Иса Мәсіхке бар зейінімізбен, беріле қызмет етуді білдіреді. Сонда ғана салтбасты мәсіхшілер некеге тұрғандарға қарағанда “дұрыс істейді”.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Қорынттықтарға 1-хат 7:11) Егер кететін болса, салтбасты болып қалсын немесе күйеуімен қайта татулассын. Күйеу де әйелінен кетпеу керек.
Түсіндірме
Кей кезде кейбір мәсіхшілер неке адалдығы бұзылмаса да, бір-бірінен бөлек тұруды шешіп жатады (Қорынттықтарға 1-хат 7:11). Олар келесідей жайттарды себеп етуі мүмкін:
• Отбасының қамын ойлаудан бас тарту. Күйеуі отбасын қамтамасыз етуден бас тартып, отбасын ақшасыз я тамақсыз қалдырса (Тімөтеге 1-хат 5:8);
• Аяусыз күш көрсету. Күш көрсетудің құрбаны болған жары денсаулығына я өміріне қауіп төніп тұрғанын сезсе (Ғалаттықтарға 5:19—21).
• Ехобаға ғибадат етуге мүлдем мүмкіндік бермеу. Күйеуі не әйелі жарының Ехобамен қарым-қатынасына қауіп төндіріп, қызмет етуіне мұрша бермесе (Елшілердің істері 5:29).
(Қорынттықтарға 1-хат 7:36) Ал егер әлдекім құштарлық сезімін жүгендей алмайтындай сезінсе, әрі албырт шақтан өткен болса, өз қалауына сай некелессін. Бұл — күнә емес. Ондайлар некеге тұрсын.
w00 15.7. 31-б., 2-абз.
Мына азғын дүниеде пәк тазалық сақтайық
Жастар жыныстық құштарлықтары ояна бастаған шақта бірден үйленуге асықпағандары жөн. Некедегі адамға зор жауапкершілік жүктеледі. Ал мұндай жауапкершілікті мойнына алу үшін адам айтарлықтай есейіп, пісіп-жетілуі тиіс (Мұсаның 1-жазбасы 2:24). Сондықтан жастардың “албырт шақтан өткенге” шейін күте тұрғаны дұрыс. Себебі албырт шақта жыныстық құштарлықтың өршитіні сонша, адамның санасы тұманданып, дұрыс ойлана алмай қалады (Қорынттықтарға 1-хат 7:36). Ал үйленгісі келетін ересек адамның лайықты жар таба алмағаны үшін ғана біреумен өнегесіз жыныстық қатынасқа түсіп, күнәға батқаны неткен ақымақтық болар еді!
Киелі кітапты оқу
(Қорынттықтарға 1-хат 8:1—13) Пұттарға бағышталған тағамдарға тоқталсам, бұған қатысты бәріміздің де біліміміз бар. Білім менмен етеді, ал сүйіспеншілік рухани нығайтады. 2 Егер кімде-кім бірдеңені білемін деп ойласа, ол оны әлі тиісті деңгейде білмейді. 3 Ал кім Құдайды сүйсе, Құдай сол адамды біледі. 4 Пұттарға бағышталған тағамдарды жеуге келсек, біз пұттың түкке де тұрмайтынын әрі тек бір ғана шынайы Құдай бар екенін білеміз. 5 Көптеген “құдайлар” мен “иелер” бар, сол сияқты көкте де, жерде де “құдай” деп аталатындар бар. 6 Алайда біз үшін жалғыз Құдай Әке бар. Бәрі содан бастау алған, әрі біз сол үшін өмір сүрудеміз. Сондай-ақ жалғыз Иеміз бар. Ол — Иса Мәсіх. Құдай барлығын сол арқылы жаратты, біз де сол арқылы өмір сүрудеміз. 7 Бірақ бәрінде бірдей мұндай білім жоқ. Кезінде пұтқа табынғандықтан кейбіреулер тамақ жегенде, оны пұтқа бағышталған деп қабылдайды. Осылай әлсіз ар-ұждандары арамдалады. 8 Алайда тамақ бізді Құдайға жақындатпайды: жемесек, ештеңе жоғалтпаймыз, жесек, ештеңеге ие болмаймыз. 9 Бірақ абайлаңдар, таңдау еркіндіктерің әлсіздерді сүріндіріп жүрмесін. 10 Ар-ұжданы әлсіз біреу білімі бар сенің пұтқа табынатын ғибадатханада тамақ жеп жатқаныңды көрсе, бұл оған пұтқа бағышталған тамақты жеуге батылдық бермей ме? 11 Осылай сен білімің арқылы Мәсіх өмірін қиған бауырласыңның сеніміне нұқсан келтіресің. 12 Олай болса, өз бауырластарыңа қарсы күнә жасап, әлсіз ар-ұждандарын жарақаттауларыңмен Мәсіхке қарсы күнә жасап жатырсыңдар. 13 Сондықтан жейтін тамағым бауырласымды сүріндірсе, оны сүріндірмеу үшін бұдан былай ешқашан ет жемеймін.
8—14 сәуір
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 10—13
“Ехоба өз сөзіне адал”
(Қорынттықтарға 1-хат 10:13) Сендер кезігіп жүрген азғырулар өзгелердікінен ерекше емес. Құдай өз сөзіне адал: ол шамадан тыс сыналуларыңа жол бермейді. Азғырылғанда адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді.
Оқырман сауалдары
Елші Пауыл Ехобаның “шамадан тыс сыналуымызға жол бермейтінін” айтқан (Қ1х 10:13). Бұл Ехоба не нәрсеге шыдай алатынымызды алдын ала біліп, сосын қандай сынақтар жіберу керектігін шешеді дегенді білдіре ме?
▪ Егер бұл солай болса, онда бұл өмірімізге қалай әсер ететінін ойлап көріңізші. Баласы өз-өзіне қол жұмсаған бір ер бауырлас былай деді: “Әйелім екеуміз ұлымыздың өлімін көтере алады деп Ехоба алдын ала шешкен бе? Құдай бізді төтеп бере алады деп есептегендіктен осылай болды ма?” Бұл дүниеде көпшілігіміз қайғылы жайттарға кезігеміз. Олай болса, Ехоба өмірімізде болып жатқан әрбір нәрсені қадағалайды деп ойлағанымыз дұрыс па?
Қорынттықтарға 1-хат 10:13-ті қарастыра келе, Ехоба біздің не нәрсеге шыдай алатынымызды алдын ала біліп, сосын қандай сынақтар жіберу керектігін шешеді деген ойды Киелі кітап құптамайтынын көреміз. Бұндай тұжырымға келуіміздің төрт себебін қарастырайық.
Біріншіден, Ехоба адам баласына таңдау еркіндігін берген. Ол өмірде өзіміз шешім қабылдағанымызды қалайды (Мұсаның 5-жазбасы 30:19, 20; Ешуа 24:15). Егер Ехобаға ұнамды шешім қабылдасақ, оның қадамдарымызды бағыттайтынына үміт арта аламыз (Нақыл сөздер 16:9). Ал дұрыс емес шешім қабылдасақ, соның салдарын тартатын боламыз (Ғалаттықтарға 6:7). Егер Ехоба басымызға қандай қиындықтар түсетінін шешіп қоятын болса, бізде таңдау еркіндігі бар деп айта алар ма едік?
Екіншіден, Ехоба бізді “кездейсоқ жағдайлардан” қалқаламайды (Уағыздаушы 9:11). Адам қолайсыз уақыт пен қолайсыз жерде болып қалғаны үшін апатқа ұшырауы мүмкін. Иса үстеріне мұнара құлап өлген 18 адам жайлы айтып, олардың өліміне Құдайдың себепші болмағанын анық көрсеткен (Лұқа 13:1—5). Ендеше, оқыс оқиға орын алмай тұрып, Құдай кім өліп, кім тірі қалатынын шешіп қояды деп ойлау ақылға сыймайды.
Үшіншіден, әрбіріміз Ехобаға деген мінсіздігімізді дәлелдеуіміз қажет. Шайтан Ехобаның қызметшілерінің бәрі тек қара басының пайдасы үшін ғана қызмет етеді деп, олардың мінсіздігін дауға салды. Ол сынаққа кезіккенде бізді адалдығымыздан тайып кетеді дегенге меңзеді (Әйүп 1:9—11; 2:4; Аян 12:10). Егер Ехоба бізді шыдай алмайды деп белгілі бір сынақтардан қорғайтын болса, Шайтанның жаласы рас болып шықпай ма?
Төртіншіден, Ехоба бізбен болатын әрбір нәрсені алдын ала біліп отыруға міндетті емес. Әрине, Ехоба білгісі келсе, болашақта не болатынын біле алады (Ишая 46:10). Бірақ Киелі кітаптан көретініміздей, ол әрбір нәрсені алдын ала біле бермеуді жөн көреді (Мұсаның 1-жазбасы 18:20, 21; 22:12). Осылайша Ехоба өзінің келешекті көре білу құдіреті мен біздің таңдау еркіндігімізді сыйлауға келгенде, таразы басын тең ұстайды. Ерік бостандығымызды құрметтейтін және үнемі қасиеттерін бір-бірімен кемелді түрде үйлестіре отырып танытатын Құдайдан осыны күтуіміз керек емес пе? (Мұсаның 5-жазбасы 32:4; Қорынттықтарға 2-хат 3:17).
Сонымен, Ехоба “шамадан тыс сыналуымызға жол бермейді” деп Пауыл не айтқысы келген? Ол Ехобаның сынақтарға дейін емес, сынақ кезінде не істейтінін түсіндірген. Ехобаға сенім артсақ, өмірде қандай қиындыққа кезіксек те, ол бізге қол ұшын береді (Зәбүр 55:22). Пауылдың бұлай деуіне негіз болған екі себепті қарастырайық.
Бірінші себеп — біз кезігіп жүрген сынақтар “өзгелердікінен ерекше емес”. Шайтанның дүниесінде өмір сүріп жатқандықтан, бәріміз де қиындықтарға, тіпті қайғылы жағдайға ұшыраймыз. Бірақ Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, мұндай сынақтарға төтеп беріп, адалдығымызды сақтай аламыз (Петірдің 1-хаты 5:8, 9). Қорынттықтарға 1-хат 10:13-тің мәнмәтінінде Пауыл исраилдіктердің шөл далада кезіккен сынақтары жайлы айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 10:6—11). Ол сынақтардың ешқайсысы да адам баласы бұрын-соңды кезікпеген немесе адал исраилдіктердің көтеруге шамасы жетпейтіндей сынақ емес-тін. Алайда кейбір исраилдіктер Ехобаға мойынсұнбады. Оған арқа сүйемегендіктен, олар жаман қалауларының жетегінде кетті.
Екінші себеп — “Құдай өз сөзіне адал”. Бұл нені білдіреді? Тарих бойы өз халқын қалай қамқорлап келгенінен Ехоба “өзін жақсы көріп, заңдарын орындайтындарға” адалдықпен көмектесетінін көреміз (Мұсаның 5-жазбасы 7:9). Сондай-ақ бұдан ол әрдайым уәдесінде тұратынын білеміз (Ешуа 23:14). Осыны ескерсек, Ехобаны сүйетін әрі оған мойынсұнатын адамдар оның келесі екі уәдесіне сенім арта алады: 1) Ехоба қиындықтың шыдау мүмкін еместей деңгейге жетуіне жол бермейді және 2) “одан шығудың жолын көрсетеді”.
Қалай Ехоба өзіне арқа сүйейтіндерге қиындықтан “шығудың жолын көрсетеді”? Әрине, егер еркі болса, Құдай қиындықты жолымыздан алып тастай алады. Алайда Пауылдың не дегенін еске түсірсек, ол: “[Ехоба]... адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді”,— деген. Демек, көп жағдайда Ехоба бізге адалдық сақтай алуымыз үшін қажетті нәрсені беру арқылы қиындықтан “шығудың жолын көрсетеді”. Қазір сол жолдардың кейбіріне тоқталып өтейік.
▪ Ехоба “бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады” (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4). Ол Киелі кітап, киелі рух және адал құл беріп отырған рухани ас-су арқылы ойымызды, жүрегіміз бен сезімдерімізді жайландырады (Матай 24:45; Жохан 14:16; Римдіктерге 15:4).
▪ Ехоба бізді киелі рухы арқылы жетелеуі мүмкін (Жохан 14:26). Сынақтарға кезіккенде, киелі рух ақылмен әрекет ете алуымыз үшін Құдай Сөзіндегі оқиғаларды, принциптерді есімізге түсіруге көмектеседі.
▪ Ехоба бізге періштелер арқылы көмектесуі мүмкін (Еврейлерге 1:14).
▪ Ехоба бізге көмектесу үшін бауырластарды қолдануы мүмкін. Олар сөздерімен, істерімен бізге тірек бола алады (Қолостықтарға 4:11).
Сонымен, Пауылдың Қорынттықтарға 1-хат 10:13-тегі сөздерінен қандай қорытынды жасауға болады? Ехоба қандай сынақтарға кезігетінімізді шешпейді. Бірақ қиындыққа кезіккенде, мынаған сенімді болсақ болады: егер Ехобаға толық сенім артсақ, ол сынақтардың адам шыдай алмайтын деңгейге жетуіне ешқашан жол бермейді. Ехоба өзіне адал болып қалуымыз үшін қиындықтан шығудың жолын әрдайым көрсетеді. Бұл неткен жұбаныш!
(Қорынттықтарға 1-хат 10:13) Сендер кезігіп жүрген азғырулар өзгелердікінен ерекше емес. Құдай өз сөзіне адал: ол шамадан тыс сыналуларыңа жол бермейді. Азғырылғанда адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді.
(Қорынттықтарға 1-хат 10:13) Сендер кезігіп жүрген азғырулар өзгелердікінен ерекше емес. Құдай өз сөзіне адал: ол шамадан тыс сыналуларыңа жол бермейді. Азғырылғанда адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Қорынттықтарға 1-хат 10:8) Азғындық жасаған кейбірі сияқты азғындыққа да салынбайық. Соның кесірінен бір күнде олардың 23 000-ы өлді.
w04 1.4. 29-б.
Оқырман сауалдары
Неліктен Қорынттықтарға 1-хат 10:8-де азғындықтың кесірінен бір күнде 23000 исраилдік өлді десе, Мұсаның 4-жазбасы 25:9-да 24 000 делінген?
Бұл екі тармақтағы айырмашылыққа бірнеше жайт себепкер болса керек. Солардың бірі: өлгендердің нақты саны 23 000 мен 24 000-ның аралығында болуы мүмкін. Сондықтан оны я 23 000, я 24 000 деп дөңгелектеп айта салуға болады.
Бұған тағы бір жайт себеп болуы мүмкін. Елші Пауыл исраилдіктермен Шиттимде болған оқиғаны ежелгі Қорынттағы мәсіхшілерге ескерту болсын деп жазған. Өйткені ол қала нәпсіқұмарлыққа белшесінен батқан еді. Пауыл: “Азғындық жасаған кейбірі сияқты азғындыққа да салынбайық. Соның кесірінен бір күнде олардың 23 000-ы өлді”,— деп жазды. 23 000 адам деуімен Пауыл азғындықтары үшін Ехобаның өзі жазаға тартқан адамдар жайлы айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 10:8).
Ал Мұсаның 4-жазбасы 25-тарауда: “Олар Пеғор Бағалына ғибадат етті. Сонда Ехобаның Исраилге қаһары лаулады”,— делінген. Содан соң Ехоба Мұсаға “жауапты жетекшілердің бәрін ұстап, өлтіруді” бұйырды. Ал Мұса бұны билерге тапсырды. Пінехес мадияндық әйелді қосқа әкелген исраилдікті бірден мерт қылғаннан кейін, қырғынға ұшыратқан бұл “апат тоқтады”. Оқиғаның соңында апаттан “қайтыс болғандардың саны 24 000 болды” делінген (Мұсаның 4-жазбасы 25:1—9).
Мұсаның 4-жазбасында жазылған сан билер өлімге кескен “жауапты жетекшілер” мен Ехобаның өзі жазалаған адамдарды қоса алғандағы сан болса керек. Өлгендердің жалпы саны 24 000 делінгеніне қарағанда, билердің қолынан қаза тапқан жетекшілердің саны мыңға жуық болған көрінеді. Осы жауапты жетекшілер азғындық жасады ма, жалған тәңірге арналған сол мейрамдарға қатысты ма, я өзгелердің осыны істеуіне жол берді ме, әйтеуір олар “Пеғор Бағалына табынғандары” үшін кінәлі болған.
Шамамен 700 жылдан кейін Ехоба исраилдіктерге Ошия пайғамбар арқылы былай деді: “Олар Пеғор Бағалына бет бұрып, Өздерін ұятқа қалдыратын нәрсеге бағыштады, Содан олар жақсы көрген сол нәрсесі сияқты жеркенішті болып кетті” (Ошия 9:10). Пеғор Бағалына табынғандардың бәрі Құдайдың қаһарлы үкіміне лайықты еді. Сондықтан Мұса исраилдіктерді ескертіп: “Пеғор Бағалына қатысты жағдайда Ехобаның не істегенін өз көздеріңмен көрдіңдер. Ехоба Құдайларың Пеғор Бағалына табынғандардың бәрін араларыңнан құртты”,— деді (Мұсаның 5-жазбасы 4:3).
(Қорынттықтарға 1-хат 11:5, 6) Сондай-ақ дұға не пайғамбарлық айтқанда, басын жаппайтын әйел өз басын ұятқа қалдырады. Себебі бұл шашын тақырлап алып тастаған әйел сияқты болғанмен тең. 6 Егер әйел басын жаппайтын болса, онда шашын қырқып тастасын. Ал әйел үшін шашын қырқып не тақырлап алып тастағаны ұят болса, басын жапсын.
(Қорынттықтарға 1-хат 11:10) Сондықтан әйел бағынышты екенінің белгісі ретінде періштелер үшін басын жабуы керек.
Оқырман сауалдары
Әйел бауырлас зерттеу сабағын өткізіп жатқанда, қандай жағдайларда басын жабу керек?
▪ “Күзет мұнарасының” (ор.) 2002 жыл, 15 шілдедегі санындағы “Оқырман сауалдары” айдарында әйел бауырлас жариялаушы болған ер адаммен бірге зерттеу сабағын өткізетін болса, оның шомылдыру рәсімінен өткен-өтпегеніне қарамай, басын жабу керек екені айтылған еді. Осы мәселені қарастыра келе, бұл басшылыққа өзгеріс енгізуді орынды деп таптық.
Әйел бауырлас шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырласпен бірге жүйелі өтетін зерттеу сабағына барып, зерттеуді жүргізсе, басын жабу керек. Бұлай етуімен ол қауымдағы басшылыққа қатысты Ехоба орнатқан тәртіпті құрметтейтінін көрсетеді. Себебі тәлім беру — ер бауырластарға жүктелетін міндет (Қор. 1-х. 11:5, 6, 10). Я болмаса оның зерттеу сабағын өткізуді ер бауырластан өтінуіне болады, әрине, егер ол бұған жарамды болса.
Ал егер әйел бауырлас жүйелі өтетін зерттеу сабағын өзінің күйеуі болып табылмайтын әрі шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушымен бірге өткізсе, Жазбаларға сай, одан басын жабу талап етілмейді. Десе де кейбір әйел бауырластарды ар-ұжданы тіпті осындай жағдайда да басын жабуға талпындыруы мүмкін.
Киелі кітапты оқу
(Қорынттықтарға 1-хат 10:1—17) Ал енді, бауырластар, мынаны білгендеріңді қалаймын: ата-бабаларымыздың бәрі бұлт астында болды, бәрі де теңізден өтті, 2 бәрі Мұсаның соңынан еріп, бұлт және теңіз арқылы шомылдыру рәсімінен өтті, 3 бәрі бірдей Құдай берген тамақты жеді, 4 суды ішті. Себебі олар Құдай берген әрі соңдарынан еріп отырған “жартастан” су ішті. Ал бұл “жартас” Мәсіхті бейнеледі. 5 Сөйткенмен де олардың басым көпшілігі Құдайға ұнамды болмай, шөл далада өлім құшты. 6 Бұл бізге сабақ болды. Сондықтан солар сияқты жамандыққа құмар не 7 кейбірі іспетті пұтқа табынушы болмайық. Олар туралы: “Халық отырып, ішіп-жеді, кейін орындарынан тұрып, көңіл көтере бастады”,— делінген. 8 Азғындық жасаған кейбірі сияқты азғындыққа да салынбайық. Соның кесірінен бір күнде олардың 23 000-ы өлді. 9 Сондай-ақ кейбіріне ұқсап Ехобаны сынамайық. Сол үшін оларды жыландар шағып өлтірді. 10 Кейбіреулері сияқты күңкілшіл болмайық, сол үшін оларды қырып-жоюшы мерт қылды. 11 Солардың бастарынан өткізгендері басқаларға сабақ болды және замандардың соңында өмір сүріп жатқан біздерге ескерту ретінде жазылып қалдырылды. 12 Сондықтан кім нық тұрмын деп ойласа, құлап қалудан сақ болсын! 13 Сендер кезігіп жүрген азғырулар өзгелердікінен ерекше емес. Құдай өз сөзіне адал: ол шамадан тыс сыналуларыңа жол бермейді. Азғырылғанда адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді. 14 Сондықтан, сүйікті бауырластарым, пұтқа табынушылықтан аулақ болыңдар! 15 Сендерді түсінігі бар деп айтып отырмын, мұны өздерің ақылға салыңдар. 16 Біз Құдайға дұға етіп, бата сұраған тостаған Мәсіхтің қанынан үлес алуды, ал біз сындырған нан Мәсіхтің денесінен үлес алуды білдіреді емес пе? 17 Нан біреу болғандықтан, көп болсақ та, біз бір денеміз, себебі бәріміздің жейтініміз — сол бір нан.
22—28 сәуір
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 14—16
“Құдай бірден-бір Билеуші болмақ”
(Қорынттықтарға 1-хат 15:24, 25) Бұдан кейін, яғни соңында, Мәсіх күллі үкімет, барша билік пен күшті жоқ қылады да, Патшалықты Құдай Әкесіне тапсырады. 25 Себебі Құдай барлық жауларын аяғына жығып бергенше, ол билік жүргізуі тиіс.
w98 1.7. 21-б., 10-абз.
“Жойылатын соңғы жау — өлім”
10 “Соңында”, яғни Мәсіхтің мыңжылдық патшалығы аяқталғанда, Иса кішіпейіл де бойсұнғыш болып, Патшалықты Құдайы әрі Әкесі Ехобаға тапсырады (Аян 20:4). Сол уақытта Құдайдың “бәрін Мәсіхтің қол астына жинаймын” деген ниеті толықтай орындалады (Ефестіктерге 1:9, 10). Бірақ алдымен Иса Құдайдың бүкіләлемдік билігіне қарсы шыққан “күллі үкімет, барша билік пен күшті жоқ қылады”. Бұл Армагеддонда болатын соғыспен ғана шектелмейді (Аян 16:16; 19:11—21). Пауыл: “Құдай барлық жауларын аяғына жығып бергенше, ол [Мәсіх] билік жүргізуі тиіс. Жойылатын соңғы жау — өлім”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 15:25, 26). Демек, Адам атадан қалған күнә мен өлімнің кесірі түгелімен жойылады. Бұл үшін Құдай “есте сақтау қабірін” босатып, марқұмдарды қайта тірілтеді (Жохан 5:28).
(Қорынттықтарға 1-хат 15:26) Жойылатын соңғы жау — өлім.
Патшалық арқылы жерде Құдай еркі орындалып жатыр
21 Алайда аурудың ақыры, күнәнің түбі өліммен не болады? Өлім — біздің “соңғы жауымыз”, әрі ерте ме, кеш пе оның алдында кемелсіз адамдардың бәрі тізе бүгеді (Қор. 1-х. 15:26). Бірақ Ехоба үшін өлім соншалықты қорқынышты жау ма? Ишаяның пайғамбарлығына көңіл аударайықшы: “Өлімді біржола жоқ қылады, Әлемнің Әміршісі Ехоба барлық көз жасты сүртеді” (Ишая 25:8). Сол кез жайында ойланып көріңізші, біреуді жерлеп, жоқтау деген атымен болмайды! Қайта, Ехоба өлілерді қайта тірілткенде, жұрт қуаныштан көздеріне жас алады (Ишая 26:19 оқыңыз). Өлім жанына жара салған көп адам ақыры айығады.
(Қорынттықтарға 1-хат 15:27, 28) Құдай “бәрін оның аяғының астына салып, бағындырды”. Ал “бәрі бағындырылды” деген сөз бәрін бағындырған Құдайды қамтымайтыны анық. 28 Бірақ Құдай өз Ұлына бәрін бағындырған соң, Ұлы да өзіне бәрін бағындырған Құдайға бағынатын болады. Осылайша Құдай бірден-бір Билеуші болмақ.
Мыңжылдық пен мәңгілікке созылатын тыныштық
17 Мыңжылдықтың соңында “Құдай бірден-бір Билеуші болмақ”. Бұл нені білдіреді? Едем бағында кемелді Адам ата мен Хауа ана Ехобаның ынтымағы жарасқан бүкіләлемдік отбасының мүшелері болған. Әлемнің Әміршісі Ехоба көк пен жердегі бүкіл жаратылысына өзі билік еткен болатын. Олар Құдаймен жеке қарым-қатынаста болды, ғибадат етті және батасына кенелді. Сол кезде ол расында да “бірден-бір Билеуші” болды.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Қорынттықтарға 1-хат 14:34, 35) әйелдер қауымда үндемесін, себебі оларға сөйлеуге рұқсат етілмейді. Қайта, ер адамдарға бағынсын, Құдай Заңында да осылай делінген. 35 Егер бірдеңені түсінбесе, үйінде күйеулерінен сұрасын. Өйткені әйелдің қауымда сөйлегені ұят.
w12 1.9. 9-б., қоршау
Елші Пауыл әйелдердің сөйлеуіне тыйым салған ба?
Елші Пауыл неліктен “әйелдер қауымда үндемесін” деген? (Қорынттықтарға 1-хат 14:34). Әрине, ол әйелдердің ойлау қабілеті төмен дегенді меңзеген жоқ. Басқа тармақтарда ол әйелдердің игі нәрселерге үйрете алатынын айтқан (Тімөтеге 2-хат 1:5; Титке 2:3—5). Қорынттықтарға жазған хатында Пауыл әйелдерге ғана емес, өзге тілде сөйлеу, пайғамбарлық ету сыйын алғандарға да басқа бір мәсіхші сөйлегенде “үндемесін” деген (Қорынттықтарға 1-хат 14:26—30, 33). Мәсіхшілікті енді қабылдаған кейбір әйелдерге білгендері әсер еткені сонша, олар сол қоғамда қалыптасып кеткен әдет бойынша баяндамашының сөзін бөліп, сұрақ қоя берген. Осындай тәртіпсіздік болмау үшін Пауыл әйелдер “үйлерінде күйеулерінен сұрасын” деген (Қорынттықтарға 1-хат 14:35).
(Қорынттықтарға 1-хат 15:53) Өйткені шіритін денеміз шірімейтінге, өлетін денеміз өлмейтінге алмасуы тиіс.
it-1 1197, 1198-б.
Шірімейтін дене
Иса сияқты қайта тірілгенде, онымен бірлікте болатын мұраластары рухани жаратылыстар ретінде мәңгі өмірді ғана емес, өлместік пен шірімес денені де иеленеді. Құдай алдында адал өмір кешіп, қызмет етіп, кейін шіріп кететін тәндік денемен өлген соң, Қорынттықтарға 1-хат 15:42—54 тармақтарда нақты айтылғандай, көкте оларға еш шірімес рухани дене беріледі. Өлместік деген олардың өмірі қандай болатынын сипаттаса керек: олар шексіз әрі жойылмас өмірді иеленеді. Ал шірімейтін дене оларға берілетін ағзаға яки тәнге нұсқаса керек: ол бұзылмайды, ыдырамайды я құртылмайды. Осыған қарағанда, сірә, Құдай оларға өз өмірлерін өздері қуаттап тұратын күш береді, олар сыртқы қуат көздеріне тәуелді болмайды. Сонысымен олар басқа тәндік және рухани жаратылыстардан ерекшеленеді. Бұл Ехобаның оларға сенетінінің айқын дәлелі. Тәуелсіз әрі жойылмас тіршілік еткенімен, олар Құдайға бағынышты болып қала береді. Олар да Басы Иса Мәсіх секілді Әкелерінің еркі мен басшылығына үздіксіз мойынсұнады (Қ1х 15:23—28).
Киелі кітапты оқу
(Қорынттықтарға 1-хат 14:20—40) Бауырластар, түсініктерің жас баланікі сияқты болмасын. Бірақ жамандыққа келгенде, бала сияқты, ал түсінуге келгенде, ересек адамдай болыңдар. 21 Заңда былай делінген: “Бұл халыққа шетелдіктердің тілімен және бөтендердің аузымен сөйлеймін, бірақ сонда да олар мені тыңдаудан бас тартады,— дейді Ехоба”. 22 Сонымен, өзге тілдерде сөйлеу — сенетіндер үшін емес, сенбейтіндер үшін белгі, ал пайғамбарлық ету — сенбейтіндер үшін емес, сенетіндер үшін белгі. 23 Бүкіл қауым жиналып, бәрі өзге тілдерде сөйлеп жатқанда, қарапайым не сенбейтін адамдар сол жерге келсе, сендерді естері ауысыпты демей ме? 24 Ал бәрің пайғамбарлық етіп жатқанда, сенбейтін не қарапайым адам келсе, айтқан сөздерің оны әшкерелейді әрі өзін мұқият тексеруге талпындырады. 25 Сонда жүрегіндегі құпиялары айқын болып, бас ұрып: “Құдай шынымен сендердің араларыңда!”— деп, Құдайға тағзым етеді. 26 Сонымен, бауырластар, не істеу керек? Бірге жиналғанда, бірің зәбүр жырларын айтасың, бірің тәлім бересің, бірің аян аласың, бірің өзге тілде сөйлейсің, тағы бірің аударасың. Осының бәрін бір-біріңді нығайту үшін істеңдер. 27 Өзге тілде сөйлейтіндер болса, екеуі, көп дегенде үшеуі кезектесіп сөйлесін, ал біреу аударып тұрсын. 28 Егер аударатын ешкім болмаса, қауымда үндемей, іштей Құдайға сөйлесін. 29 Пайғамбарлардың да екеуі не үшеуі сөйлеп, ал басқалар мағынасын пайымдасын. 30 Егер сонда отырғандардың бірі аян алса, сөйлеп тұрғаны оған сөз берсін. 31 Бәріңнің кезектесіп пайғамбарлық етулеріңе болады. Сонда бәрің тәлім алып, жігерленесіңдер. 32 Пайғамбарларға берілген рухтың сыйын пайғамбарлардың өздері қадағалау керек. 33 Өйткені Құдай —тәртіпсіздіктің емес, татулықтың Құдайы. Қасиеттілердің барлық қауымындағыдай, 34 әйелдер қауымда үндемесін, себебі оларға сөйлеуге рұқсат етілмейді. Қайта, ер адамдарға бағынсын, Құдай Заңында да осылай делінген. 35 Егер бірдеңені түсінбесе, үйінде күйеулерінен сұрасын. Өйткені әйелдің қауымда сөйлегені ұят. 36 Құдай сөзі сендерден шығып па еді, әлде сендерге ғана жетіп пе еді? 37 Кім өзін пайғамбармын не рухтың сыйына иемін деп ойласа, менің жазып отырғандарымды Иеміздің өсиеті деп қабылдасын. 38 Ал мұны елемейтін адамның өзі де елеусіз қалады. 39 Сонымен, бауырластарым, пайғамбарлық етуге талпына беріңдер, сөйтсе де өзге тілдерде сөйлеуге тыйым салмаңдар. 40 Тек барлығы лайықты әрі тәртіппен болсын!
29 сәуір—5 мамыр
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 1—3
“Ехоба — “жұбаныш атаулының қайнар көзі”
(Қорынттықтарға 2-хат 1:3) Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы әрі Әкесі мадақталсын! Ол — қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі.
“Қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар”
4 Сүйіспеншілігі мол Әкеміз де кезінде Ыбырайым, Ысқақ, Жақып, Мұса және Дәуіт патша сияқты жанына қымбат адамдарын жоғалтқан (Мұсаның 4-жазбасы 12:6—8; Матай 22:31, 32; Елшілердің істері 13:22). Киелі кітаптан көрінетіндей, Ехоба сол адал жандарды қайта тірілтетін күнді асыға күтуде (Әйүп 14:14, 15). Сол кезде олардың көңілдері асып-тасып, денсаулықтары да тамаша болады. Ехоба тұңғышы әрі сүйікті Ұлы болған Исаның да өлімін көрді (Матай 3:17). Ұлының азапты өліммен өлгенін көргенде, Ехобаның жүрегі қалай қарс айырылғанын елестетудің өзі қиын! (Жохан 5:20; 10:17).
(Қорынттықтарға 2-хат 1:4) Ол бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады. Сонда Құдай бізді жұбатқанындай, біз де әртүрлі қиындық көріп жүргендерді жұбата аламыз.
“Қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар”
14 Жақынын жоқтап жүрген адамға не айтарымызды білмейтін кездер болатын шығар. Әйтсе де Киелі кітапта “дананың тілі сауықтырады” делінген (Нақыл сөздер 12:18). Көбісі “Жақын адамың қайтыс болғанда” (ор.) кітапшасынан өзгені жұбататын сөздер тапқан. Алайда көп жағдайда біздің тарапымыздан ең жақсы көмек — “қайғырғандардың қайғысына ортақ болу”, яғни солармен бірге жылау (Римдіктерге 12:15). Күйеуі қайтыс болған Габидің айтуынша, кейде ол ішкі сезімдерін тек көз жасымен шығарады. Ол: “Сондықтан достарым маған қосылып жылағанда, мен біраз жұбанып қаламын. Сондай кезде өз қайғыммен жападан-жалғыз қалып кеткендей сезінбеймін”,— дейді.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Қорынттықтарға 2-хат 1:22) Сондай-ақ ол бізге мөрін басты, болашақ баталардың кепілі ретінде жүрегімізге рухын орнықтырды.
w16.04 32-б.
Оқырман сауалдары
Құдайдың әрбір майланған мәсіхшіге беретін “кепілі” мен “мөрі” нені білдіреді? (Қор. 2-х. 1:21, 22)
▪ Кепіл. Бір еңбекте айтылғандай, Қорынттықтарға 2-хат 1:22-де “кепіл” деп аударылған грекше сөз “заң және сауда-саттық саласында қолданылатын термин” болған. Мағынасы: “бастапқы төлем, салым ақша, кепілақша, кепілақы, яғни сатып алынатын заттың бағасының бір бөлігін алдын ала төлеу. Кепілақы адамның сол затты алуына заңды кепілдік береді және қандай да бір келісімшартты ресми түрде күшіне енгізеді”. Майланғандарға келетін болсақ, Ехоба оларды киелі рухпен майлағанда, алда күтіп тұрған сыйлықтарын алатындарына кепіл береді. Ал Қорынттықтарға 2-хат 5:1—5 тармақтарда айтылған көктегі шірімес рухани денені “кигенде” және өлместік сыйын алғанда, олар толық төлемді не сыйлықты алады (Қор. 1-х. 15:48—54).
Қазіргі грек тілінде аталмыш сөзге мағыналас сөз атастырылғанда яки қызға үйленуге ұсыныс жасағанда салынатын сақинаны білдіреді. Бұл — майланғандардың болашақта Мәсіхтің бейнелі әйелі болатынына жақсы мысал (Қор. 2-х. 11:2; Аян 21:2, 9).
▪ Мөр. Бұрынғы заманда жеке меншік құқығын, бір нәрсенің туралығын растау үшін, келісімшартты бекіту үшін мөр қолданылатын. Ал майланғандарға киелі рухпен бейнелі мағынада “мөр басылғанда”, яғни белгі қойылғанда, олар Құдайдың меншігі болады (Ефес. 1:13, 14). Бірақ бұл мөр біржолата қойылмайды. Майланған адамға адалдықпен көз жұмар алдында немесе зор алапат басталар алдында шешуші белгі қойылады (Ефес. 4:30; Аян 7:2—4).
(Қорынттықтарға 2-хат 2:14—16) Мәсіхпен бірліктегі бізді жеңістің салтанатты шеруінде үнемі бастап жүретін және өзі туралы білімнің хош иісін біз арқылы барлық жерге таратып жатқан Құдайға алғыс айтылсын! 15 Себебі құтқарылатындар мен жойылатындарға Мәсіх туралы жариялағанда, біз Құдай үшін хош иіспіз. 16 Ал жойылатындар үшін өлімге апаратын өлім иісіміз, құтқарылатындар үшін болса өмірге апаратын өмір иісіміз. Бұл қызметті атқаруға кім жарамды?
w10 1.8. 23-б.
Сіз білгенсіз бе?
“Жеңістің салтанатты шеруі” дегенде елші Пауыл нені меңзеген?
▪ Пауыл былай деп жазды: “Мәсіхпен бірліктегі бізді жеңістің салтанатты шеруінде үнемі бастап жүретін және өзі туралы білімнің хош иісін біз арқылы барлық жерге таратып жатқан Құдайға алғыс айтылсын! Себебі құтқарылатындар мен жойылатындарға Мәсіх туралы жариялағанда, біз Құдай үшін хош иіспіз. Ал жойылатындар үшін өлімге апаратын өлім иісіміз, құтқарылатындар үшін болса өмірге апаратын өмір иісіміз” (Қорынттықтарға 2-хат 2:14—16).
Елші Пауыл бұл сөздерді айтқанда ежелгі Римде қалыптасқан әдетке нұсқаған. Осы әдетке сай, мемлекеттің жауларымен соғысып, жеңіспен оралған қолбасшының құрметіне салтанатты шеру өткізілетін. Осындай шерулерде қолбасшы мен оның әскері әкелген олжасы мен тұтқындарын және құрбандыққа шалынатын бұқаларды ертіп, жұрт алдынан өтетін. Осылайша олар көпшіліктің қошеметіне бөленетін. Ал шерудің аяғында бұқалар құрбандыққа шалынатын, ал тұтқындардың көбісі әдетте өлімге кесілетін.
Пауыл Мәсіх туралы жариялайтындарды “хош иіске” теңеген. Бұл “хош иіс” біреулер үшін өмірді, өзгелері үшін өлімді білдіреді. Бір Киелі кітап еңбегіне сай, бұл теңеу “римдіктердің шеру кезінде жұпар иісті затты түтетуінен шықса керек. Бұл хош иіс жеңімпаздар үшін жеңістің белгісі болса, тұтқындар үшін өлім жазасына кесілуі мүмкін екенінің белгісі болған”.
Киелі кітапты оқу
(Қорынттықтарға 2-хат 3:1—18) Сендерге өзімізді тағы да таныстыруымыз керек пе? Әлде біз де кейбіреулер іспетті сендерге немесе сендерден кепілдеме хат алуға мұқтажбыз ба? 2 Жұрттың бәрі білетін әрі оқитын, жүрегімізге жазылған хат өздеріңсіңдер. 3 Өйткені біздің қызметіміз арқылы жазылған Мәсіхтің хаты сендер екендерің көрініп тұр. Бұл хат сиямен емес, тірі Құдайдың рухымен, тас тақташаларға емес, жүректерге жазылды. 4 Бұны Мәсіх арқылы Құдай алдында сенімділікпен айта аламыз. 5 Бұл істі өзіміз жарамды болғандықтан емес, Құдай жарамды еткендіктен атқарудамыз. 6 Ол бізді жаңа келісімнің, жазбаша заңның емес, киелі рухтың қызметшілері болуға жарамды етті. Себебі жазбаша заң өлімге кеседі, ал Құдай рухы өмір береді. 7 Сол өлімге апаратын және тасқа қашалып жазылған Заң ұлылықпен берілген еді. Себебі Исраил ұлдары Мұсаның, өткінші болса да, ұлылық нұрын шашып тұрған бет-жүзіне қарап тұра алмады. 8 Онда рухтың қызметінің ұлылығы одан да зор болу керек емес пе? 9 Егер өлімге кесетін Заң ұлы болған болса, онда әділдікке жеткізетін қызметтің ұлылығы одан да зор! 10 Кезінде ұлылықпен берілген Заң ұлылығы өзінен асып түсетін жаңа келісім келгенде, ұлылығынан айырылды. 11 Егер өткінші болған Заң ұлылықпен берілген болса, біржола қалатын жаңа келісімнің ұлылығы одан да зор! 12 Осындай үмітіміз болғандықтан, емін-еркін сөйлейміз, 13 әрі Исраил ұлдары өткінші Заңмен түбінде не болатынын көрмесін деп, бетін пердемен жауып алған Мұса сияқты істемейміз. 14 Олардың санасын қараңғылық басқан еді. Әлі күнге дейін сол перде көне келісім оқылғанда, жабулы тұрады. Өйткені ол тек Мәсіх арқылы ғана алынып тасталады. 15 Иә, бүгін де Мұсаның жазбалары оқылғанда, олардың жүректері пердемен жабулы. 16 Ал адам Ехобаға бет бұрса, бұл перде алынып тасталады. 17 Ехоба — Рух. Ехобаның рухы бар жерде азаттық бар. 18 Бәріміз де бетімізді жаппай Ехобаның ұлылығын айна іспетті шағылыстырамыз. Осылай еткенде оның ұлылығы барған сайын бойымыздан көбірек көрініс тауып, Рух болып табылатын Ехобаның өзгерткеніне қарай өзгеріп, оның өзі іспетті боламыз.