Ешуа
5 Иорданның батыс жағындағы аморлықтар+ мен теңіз бойындағы қанахандықтардың+ патшалары Ехобаның исраилдіктер Иорданнан өтіп болғанша олардың алдынан өзеннің суын тоқтатып қойғанын естігенде, зәрелері қалмай қорқып+, оларға қарсы шығуға батылдары бармады+.
2 Сол кезде Ехоба Ешуаға: “Шақпақтастан пышақтар жасап ал да, исраилдік еркектерді сүндетте*+”,— деді. 3 Сөйтіп, Ешуа шақпақтастан пышақтар жасап алып, Гибат-Гағарлот* деген жерде исраилдік еркектерді сүндетке отырғызды+. 4 Оларды сүндеттеуінің себебі мынада еді: Мысырдан шыққан соғысуға жарамды барлық ер адамдар шөл даланы кезіп жүрген кездерінде көз жұмды+. 5 Олардың барлығы сүндеттелген болатын, ал Мысырдан шығып, шөл даланы кезіп жүргенде туылғандары сүндеттелмеген еді. 6 Мысырдан шыққан, бірақ Ехобаға құлақ аспаған соғысқа жарамды ер адамдардың бәрі+ өліп біткенше, исраилдіктер шөл далада 40 жыл бойы жүрді+. Ехоба ата-бабамызға ағы мен балы ағыл-тегіл мол жерді+ бізге беруді уәде етті+. Ал сол тілазар халыққа Ехоба бұл жерді көрмейтіндерін айтты+. 7 Олардың орнына ұлдарын кіргізді+. Бұл ұрпақ шөл далада жүргенде сүндеттелмегендіктен, Ешуа оларды сүндеттеді.
8 Бүкіл халық сүндеттелген соң, олар жазылғандарынша қоста қалды.
9 Сонда Ехоба Ешуаға былай деді: “Бүгін мен сендерді Мысырдың масқарасынан арылттым*”. Сол себепті осы жер әлі күнге дейін Ғылғал*+ деп аталады.
10 Исраилдіктер Ғылғалдағы қостарында қалып, айдың 14 күні Иерихонның шөл даласында Құтқарылу мейрамын* тойлады+. 11 Ертеңіне сол жердің өнімінен — ашытқысыз пісірілген нан+ мен қуырылған дән жей бастады. 12 Осы күннен бастап манна пайда болмайтын болды+. Исраилдіктер сол жылдан бастап Қанахан жерінің өнімін азық ете бастады+.
13 Иерихон қаласының маңында жүрген Ешуа басын көтеріп қарап еді, алдында семсер ұстаған бір кісінің+ тұрғанын көрді+. Сонда оған жақындап: “Сен кімнің жағындасың, біздің бе, жауларымыздың ба?”— деп сұрады. 14 Ол: “Ешкімнің жағында емеспін. Мен Ехобаның әскерінің басшысы ретінде келіп тұрмын”+,— дегенде, Ешуа тізерлей кетіп, бас иді де: “Ием, қызметшіңізге не айтпақсыз?”— деп сұрады. 15 Сонда Ехобаның әскерінің басшысы: “Аяғыңдағы сандалды шеш, өйткені сен тұрған жер киелі”,— деді. Ешуа бірден солай етті+.