Адам ағзасындағы “екінші ми”
СІЗДІҢШЕ, адамда неше ми бар? “Біреу” десеңіз, дұрыс жауап бергеніңіз. Алайда адам ағзасында тағы басқа жүйке жүйелері кездеседі. Олардың бірі тарамдалған өте көп нейрондардан тұратындықтан, ғалымдар оны “екінші ми” деп атайды. Бұл — асқазан-ішек жүйке жүйесі (АЖЖ). Медицинада энтеральді жүйке жүйесі деп танылады.
Тамақты энергияға айналдыру үшін ағза жұмыла әрекет етіп, орасан зор күш жұмсайды. Сондықтан ми асқорыту процесін бақылауды АЖЖ-ға сеніп тапсырған.
Мимен салыстырғанда АЖЖ қарапайымдау шығар, сөйтсе де оның қызметі өте күрделі. Мысалы, біздің ағзамыздағы бұл жүйе 200—600 миллион нейроннан тұрады. Нейрондардың осы күрделі желісі асқазан-ішек қабырғаларында орналасады. Ғалымдардың пайымдауынша, егер АЖЖ-ның қызметін ми атқарар болса, жүйке талшықтары өте қалың болар еді. “Сондықтан да асқорыту жүйесінің өзіне-өзі жауап беретіні өте тиімді әрі қауіпсіз”,— дейді бір еңбекте (“The Second Brain”).
ХИМИКАТТАР ШЕБЕРХАНАСЫ
Ас қорытылу үшін белгілі бір химиялық заттар нақты уақытында түзіліп, нақты жерлеріне жеткізіледі. Сол себепті профессор Гари Мо асқорыту жүйесін “химикаттар шеберханасы” деп атаған. Мұнда ақыл жетпейтін күрделі химиялық процестер жүреді. Мысалы, ішектің ішкі беті детектор қызметін атқаратын арнайы жасушалармен қапталған. Олар сіз жеген тамақтың құрамындағы химиялық заттарды ажыратып отырады. Осының арқасында АЖЖ қажетті ферменттерді жұмылдырып, олар тамақты ағзаға оңай сіңетіндей етіп ыдыратады. Бұған қоса, АЖЖ тамақ бөлшектерінің қышқылдығын әрі басқа да химиялық ерекшеліктерін қадағалап, асқорыту ферменттерін осыған қарай бейімдейді.
Асқорыту мүшелерін АЖЖ-ның қол астында жұмыс істеп жатқан зауытпен салыстыруға болады. “Екінші ми” ішек қабырғаларындағы бұлшықеттерге бұйрық беріп, олар тамақты асқорыту жолдары арқылы өткізеді. АЖЖ қажетінше осы бұлшықеттердің қандай күшпен әрі қандай жылдамдықпен жиырылып-босаңсу керектігін реттеп отырады. Бұл процесті өндірістік конвейердің жұмысына теңеуге болады.
АЖЖ ағзаның қауіпсіздігіне де жауап береді. Біз жеген тамақтың құрамында қауіп төндіретін бактериялар болуы ықтимал. Сол себептен адамның иммундық жүйесінің басты құрамы болып саналатын лимфоцит жасушаларының 70-80 пайызы асқазан-ішек жолдарында орналасқаны таңғалдырмайды. Егер ішке өте қауіпті организмдер түссе, АЖЖ ағзамызды қорғау мақсатында бұлшықеттерге қатты жиырылып-босаңсуға бұйрық береді, сонда адам құсады я оның іші өтеді. Осылайша улы заттардың басымы ағзадан шығып кетеді.
БІРЛЕСЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ
Бір қарағанда, АЖЖ мидан дербес қызмет ететіндей болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл екі жүйке орталығы бір-бірімен тығыз қызметтеседі. Мысалы, АЖЖ адам қашан және қанша тамақ ішу керектігін миға хабарлайтын гормондардың жұмысын реттеп отыруға қатысады. Сондай-ақ АЖЖ-ның жүйке жасушалары тойғаныңызды миға хабарлайды. Ал тым көп жеп қойсаңыз, жүрегіңізді айнытады.
Бұл мақаланы оқымай тұрып-ақ асқорыту жүйесі мен мидың бір-бірімен байланысты екенін сезген шығарсыз. Мысалы, тамақтың кей түрлері көңіл-күйімізді көтеретінін байқаған боларсыз. Бұның себебі неде екенін білесіз бе? Зерттеушілердің ойынша, АЖЖ миымызға “қуаныш дабылын” жібергенде, бірқатар реакция жүріп, көңіл-күйімізді жақсартады. Адам күйзеліске түскенде, жұбаныш беретін-міс тамақтарды жегісі келетіні де сондықтан болар. Бүгінде ғалымдар депрессияны емдеу мақсатында АЖЖ-ны жасанды жолмен жұмыс істеткізу мүмкіндігін іздеуде.
Ми мен асқорыту жүйесінің арасында байланыс бар екеніне тағы бір мысал — іштің бүруі. Бұндай сезім АЖЖ қанды асқазаннан басқа жаққа бұрып жібергенде туындайды. Әдетте бұл — стресс кезінде не миға салмақ түскенде болатын процесс. Жүрек айну — стресс кезінде ми АЖЖ-ға ішектің әдеттегі жиырылып-босаңсуын өзгертуге бұйрық бергенде болатын өзге бір процесс.
АЖЖ бойымызда қандай да бір процестерді жүргізсе де, ол сіз үшін ойлап, шешім қабылдай алмайды, өлең жазуға, шығындарды есептеуге, үй жұмыстарын істеуге де көмектесе алмайды. Басқаша айтқанда, АЖЖ мидың орнын баса алмайды. Әйткенмен де АЖЖ өзінің күрделілігімен ғалымдарды таңғалдыруын тоқтатар емес. Оның ашылмаған құпиялары әлі де көп. Сондықтан ас қабылдарда бір сәтке кідіріп, асқорыту жүйесінің қадағалау, мәлімет жинау, заттарды түзу әрі басқа жүйелермен тығыз қызметтесу сияқты процестері жайында ойланып көріңіз.