19-тарау
Самариялық әйелге тәлім беру
ЯҺУДЕЯДАН Ғалилеяға барар жолда, Иса мен шәкірттері Самария арқылы өтті. Жолдан шаршаған олар сәске түсте тынығу үшін Сихар қаласының маңындағы құдықтың басына келіп тоқтады. Бұл құдықты Исаға дейін бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген Жақып қазған болатын. Ол бүгінгі күнге дейін бар және Наблус қаласының маңында орналасқан.
Иса осы жерде тынығып отыр, ал шәкірттері жейтін тамақ сатып әкелу үшін қалаға кеткен. Құдықтан су алуға бір самариялық әйел келгенде, Иса одан: “Маған ішетін су берші”,— деп сұрады.
Бұрыннан қалыптасқан әдет бойынша, яһудилер мен самариялықтар бір-бірімен араласпайтын. Сондықтан әйел таңғалып: “Өзің яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсың?” — деді.
— Егер... су сұраған Адамның кім екенін білсең, сен Оның Өзінен су сұрар едің, сонда Ол саған “өмір суын” берер еді.
— Мырза, құдықтан су алатын Сіздің ыдысыңыз жоқ, ал құдық терең ғой. Онда сол өмір суын қайдан аласыз? Мына құдықты қалдырған арғы атамыз Жақыптан да ұлысыз ба? Өзі де, балалары да, малы да одан су ішкен.
— Мына судан ішкен адам тағы шөлдейді,— деп ескертті Иса.— Ал кімде-кім Мен беретін “судан” ішсе, ол мәңгі-бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін “су” оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан “қайнарға” айналады.
— Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға осында келе бермеуім үшін маған сол судан беріңізші! — деп сұрады әйел. Сонда Иса:
— Барып, күйеуіңді шақыр, өзің де кел! — деді.
— Күйеуім жоқ.
— Күйеуім жоқ деп шыныңды айттың,— деп, Иса оның сөздерін растады.— Бес рет күйеуге шықтың, ал қазіргің күйеуің емес. Мұны дұрыс айттың.
— Мырза, Сіздің пайғамбар екеніңізге көзім жетіп тұр! — деп таңғалды әйел.— Біздің ата-бабаларымыз мына таудың басында [жақын маңдағы Гаризим тауында] мінажат еткен, ал сіздер [яһудилер] сиынатын орын Иерусалимде болуға тиіс дейсіздер, қайсысы дұрыс? — деп сұрап, ол өзінің рухани нәрселерге деген қызығушылығын байқатты.
Бірақ Иса сиынатын орынның маңызды емес екендігін көрсетіп: “Нағыз сиынушылардың — рухында және шындықпен сиынатын уақыты болады, тіпті келе жатыр: Әке осындай сиынушыларды қалайды. Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар рухында және шындықпен сиынуға тиіс”,— деді.
Исаның сөздері самариялық әйелге қатты әсер етті.
— Мәсіх деген Құтқарушы Патшамыздың келетінін білемін. Ол келгенде бізге бәрін ашық айтады,— деді ол.
— Сенімен сөйлесіп тұрған Мен — Соның Өзімін,— деп жариялады Иса. Ойлап қарашы! Бұл әйелді осындай өмір қалпы үшін өзге әйелдер жек көреді. Бәлкім, оның суға сәске түсте келуінің себебі де сол әйелдермен ұшырасқысы келмегендіктен болар. Ал Иса болса оған үлкен құрмет көрсетті. Сондай-ақ оған бұрын ешкімге ашпаған нәрселерді айтты. Әрі қарай не болды екен?
Көптеген самариялықтардың сенуі
Шәкірттері Сихардан азық-түлік алып қайтып келе жатқанда, Иса өздері қалдырып кеткен құдықтың басында самариялық әйелмен әңгімелесіп отырған болатын. Олар жақындағанда, әйел ыдысын қалдырып, қалаға бет алды.
Исаның айтқандары әйелге қатты әсер етіп, ол жерлестеріне: “Жүріңдер, менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берген Кісіні көріңдер!” — деді. Сосын, қызықтыру үшін: “Құдай жіберген Мәсіх сол емес пе екен?” — деп сұрады. Бұл сұрақ қойылғандағы мақсат орындалды: олар бәрін өз көздерімен көру үшін сонда бет алды.
Осы кезде шәкірттер Исаны өздерінің қаладан сатып әкелген тамақтарынан жеуге шақырды. Бірақ ол: “Менің сендер білмейтін тамағым бар”,— деді.
Сонда шәкірттері өзара: “Оған біреу тамақ әкеп берген бе?” — десті. “Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған нәр болады. Сендер “төрт айдан кейін егін орамыз” дейсіңдер”,— деді Иса. Рухани егін науқанына нұсқап, былай жалғастырды: “Көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр. Қазір-ақ орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады”.
Иса өзінің самариялық әйелмен кездесуінің тамаша нәтижесін көрді: осы әйелдің арқасында көпшілігі Исаға сенді. Ол куәлік ету барысында жерлестеріне: “Ол менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берді”,— деп айтты. Сондықтан құдықтың басына келген Сихар тұрғындары Исадан өздерімен бірге болып, көптеген нәрселер жайында әңгімелеп беруін өтінді. Иса болса олардың өтінішін қабыл алып, екі күн сонда болды.
Исаны тыңдаған көптеген самариялықтар оған сенетіндердің қатарына қосылды. Олар әйелге: “Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қоймай, Оның сөзін өзіміз естіп, шынында дүниені Құтқарушы Осы екенін білдік”,— деді. Самариялық әйелдің бұл іс-әрекеті біздерге Мәсіх туралы куәлік еткенде адамдардың білуге деген құштарлығы мен көбірек біле түссем деген ықыласын қалай оятуға болатынын көрсететін тамаша үлгі екені сөзсіз.
Егін орағына дейін (бәлкім, Палестинадағы көктемде жиналатын арпаның орағы туралы айтылып отырған болар) әлі төрт ай бар екендігі есіңде шығар. Демек, қазір қараша не желтоқсан айы болу керек. Бұл — б. з. 30 жылының Құтқарылу мейрамынан кейін Иса мен шәкірттері сегіз айдай Яһудеяда тәлім беріп, шомылдыру рәсімін өткізген кез. Қазір олар өздері тұратын Ғалилея аймағына аттанып барады. Онда оларды не күтіп тұр екен? Жохан 4:3—43.
▪ Самариялық әйел Исаның өзімен сөйлескеніне неге таңғалды?
▪ Иса оған өмір суы мен мінажат ету орнына байланысты не үйретті?
▪ Иса оған өзінің кім екенін қалай білдірді және бұл неге таңғаларлық нәрсе?
▪ Самариялық әйел қалай куәлік етті және нәтижесі қандай болды?
▪ Иса ас пен егін орағын қалай байланыстырды?
▪ Исаның б. з. 30 жылының Құтқарылу мейрамынан кейін, Яһудеяда қанша уақыт қызмет еткенін қалай анықтауға болады?