64-тарау
Кешірімді болудың үлгісі
ИСА шәкірттерімен бірге әлі Қапарнаумдағы үйінде болса керек. Ол бауырластардың арасындағы өзара келіспеушіліктерді қалай шешу керектігін шәкірттеріне қазір ғана түсіндірді. Соның артынша Петір: “Ием, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек?” — деп сұрады. Яһудилік дін мұғалімдері үш ретке дейін кешіру керек деп үйрететін болғандықтан, Петір жомарт ұсыныс жасай отырып: “Жеті рет пе?”— деді.
Бірақ біреудің жасаған күнәсін жіпке тізу туралы ойдың өзі дұрыс емес. Иса Петірдің көзқарасын түзеп, былай деді: “Жеті емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін”. Осылайша ол Петірге бауырласын кешіруде шек қоймау керек екендігін көрсетіп отыр.
Шәкірттерінің кешіруге міндетті екендіктерін анық түсініп, естерінде жақсылап сақтаулары үшін, Иса оларға көрнекі мысал айтты. Бұл — қызметшілерінен есеп алмақшы болған патша туралы. Патшаның алдына он мың ат басындай күміс (60 000 000 динарий) қарызы бар бір қызметшіні алып келеді. Оның бұл қарызды өтеуге шамасы жоқ. Сондықтан патша қарыз ақшасын алу үшін оның өзін, бала-шағасымен қоса әйелін сатуға бұйрық береді.
Сонда әлгі қызметші патшаның аяғына жығылып: “Тақсыр, маған сәл мұрсат бере көріңіз, мен бәрін де төлеймін!” — деп жалынады.
Патшаның рақымы түсіп, оның орасан көп қарызын кешіреді. Бірақ Исаның айтуынша, осының артынша әлгі қызметші өзіне небары жүз-ақ динарий қарызы бар өзге қызметшіні іздеп табады. Оны дереу алқымынан алып қылғындырып: “Дәл қазір маған берешегіңді қайтар!” — дейді.
Алайда оның ақшасы жоқ еді. Ол қарыз берушінің аяғына жығылып: “Маған сәл мұрсат бере гөр, мен бәрін де төлеймін!” — деп жалынады. Бірақ ол өзінің қожайыны сияқты әрекет етпейді, керісінше, еш мейірімділік танытпастан қызметшіні түрмеге жабады.
Исаның айтуынша, мұны көрген басқа қызметшілер болған жағдайды патшаға айтып береді. Ол қатты ашуланып, әлгі қызметшіні өзіне шақыртады. “Әй, оңбаған қызметші! — дейді ол.— Сен өтінгендіктен мен қарызыңды түгелдей кешірдім ғой! Ендеше сен де дәл солай жолдасыңды кешіруге тиіс емес пе едің?!” Ашу кернеген патша мейірімсіз қызметшіні бар қарызын өтегенге дейін түрмеге жабады.
Соңында Иса: “Міне, егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем әрқайсыларыңа да солай істемек!” — деді.
Кешірімшіл болудың қандай керемет сабағы! Құдай кешіріп жатқан біздің үлкен күнәларымызбен салыстырғанда, мәсіхші бауырластарымыздың бізге қарсы жасап жатқан қателіктері түк емес. Оның үстіне, Ехоба Құдай бізді бұған дейін сан мың рет кешірген. Жиі біз оған қарсы қалай күнә жасап жатқанымызды байқамаймыз да. Ендеше, бауырымызға өкпелеуге толық құқылы болсақ та, оны бірнеше рет кешіре аламыз ба? Исаның Таудағы уағызда айтқанын есіңе алшы: “Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей”, Құдай да ‘күнәларымызды кешіреді’. Матай 18:21—35; 6:12; Қолостықтарға 3:13.
▪ Петірге бауырласын кешіру туралы сұрақ қоюға не түрткі болды және неге оған әлдекімді жеті рет кешіруге байланысты ұсыныс жомарттық болып көрінді?
▪ Патша қызметшісінің мейірімділік көрсетуге қатысты өтінішін қалай қабылдайды, ал ол қалай әрекет етеді?
▪ Исаның көрнекі мысалынан не нәрсеге үйренеміз?