14-ТАРАУ
Кешірімді болуымыз керек
БІРЕУ сені ренжіткен кез болды ма? ~ Ол саған не істеді? Әлде бірдеңе деді ме? ~ Енді сен де оған есесін қайтаруың керек пе? ~
Көп адам өзін ренжіткен адамнан кек алып жатады. Алайда Иса жамандық жасаған адамды кешіруіміз керек екенін айтқан (Матай 6:12). Бірақ адам бізді қайта-қайта ренжіте берсе ше? Оны қанша рет кешіруіміз керек? ~
Бұл сұрақ Петірді де қызықтырған. Содан ол бір күні Исадан: “Бауырласымды қанша рет кешіруім керек, жеті ретке дейін бе?”— деп сұрады. Жеті рет кешіру аз. Иса бізге қарсы қайта-қайта күнә жасаған адамды “жеті емес, жетпіс жеті ретке дейін” кешіруіміз керек екенін айтты.
Қарашы, қаншама көп кешіру керек екен! Біреудің осыншама рет ренжіткенін есте сақтау мүмкін емес, солай ғой? Исаның айтқысы келгені де осы: біреудің бізді қанша рет ренжіткенін есте сақтамауымыз керек. Егер ол кешірім сұраса, кешіруіміз қажет.
Иса кешірімді болудың қаншалықты маңызды екенін шәкірттеріне түсіндіргісі келді. Сондықтан Петірдің сұрағына жауап берген соң, шәкірттеріне бір оқиға айтып берді. Соны естігің келе ме? ~
Баяғыда бір жақсы патша өмір сүріпті. Ол өте қайырымды болыпты. Мұқтаждық көрген қызметшілеріне патша қарызға ақша беріпті. Мерзімі жеткенде, олар қарыздарын қайтару керек болады. Бір қызметшінің патшаға қарызы 60 миллион күміс теңге екен. Бұл — көп ақша.
Бірақ ол қызметші патшадан алған ақшаны түгел жаратып қойып, уақытында қарызын қайтара алмады. Сонда патша қызметшіге өзін, әйелі мен бала-шағасын, бар мал-мүлкін сатуды бұйырды. Осылай түскен ақшамен ол қарызын өтеу керек болды. Мұны естіген қызметші қандай күйде болды деп ойлайсың? ~
Қызметші патшаның аяғына жығылып: “Маған шамалы уақыт бере көріңіз! Мен бәрін де төлеймін”,— деп жалбарынды. Сен патшаның орнында болсаң, қызметшіге не істер едің? ~ Патша оны аяп, қарызын түгел кешірді. Енді қызметшіге 60 миллион күміс теңгені қайтарудың қажеті жоқ. Бұған ол қатты қуанған шығар.
Содан соң қызметшінің не істегенін білесің бе? Ол өзіне 100 күміс теңге қарыз болған қызметтесін тауып алды да, оны алқымынан алып: “Қарызыңды түгел қайтар!”— деп қылқындыра бастады. Қалай ойлайсың, бұл әрекет жаңа ғана өте көп қарызы кешірілген адамға лайық па? ~
Небәрі 100 күміс теңге қарыздар адам кедей еді, сондықтан қарызын бірден өтей алмады. Ол әлгінің аяғына жығылып: “Маған шамалы уақыт бере көріңіз! Мен бәрін де төлеймін”,— деп өтінді. Қарыз берген қызметші оған шамалы уақыт беруі керек пе? ~ Ал сен не істер едің? ~
Қарыз берген қызметші патша сияқты қайырымды емес еді. Ол ақшасын бірден алғысы келді. Қызметтесі қарызды қайтара алмаған соң, оны түрмеге жаптырып тастады. Мұны көрген басқа қызметшілер қатты наразы болды. Олар түрмеге жабылған қызметшіні аяп, болған жайтты патшаға айтып берді.
Бұл патшаға да ұнамады. Ол қарызды кешірмеген қызметшіге қатты ашуланды. Сөйтіп, шақыртып алып, оған: “Әй, зұлым құл! Мен бар қарызыңды кешірдім ғой! Сен де қызметтесіңді кешіруің керек емес пе еді?”— деді.
Кешірімді болмаған қызметші қайырымды патшадан үлгі алу керек еді. Бірақ ол бұлай етпеді. Сондықтан патша оны 60 миллион күміс теңгесін қайтарғанша, түрмеге жауып тастады. Әрине, ол қамауда жатып, қарызын ешқашан өтей алмайды. Сондықтан ол өмір бойы түрмеде отырмақ.
Иса осы оқиғаны айтқан соң, ізбасарларына былай деді: “Егер әрқайсысың өз бауырласыңды шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем де сендерге солай етпек” (Матай 18:21—35).
Құдай бізге өмір берді. Сол үшін оның алдында бәріміз де қарыздармыз! Біреудің бізге қарызы Құдай алдындағы біздің қарызымызға қарағанда түк те емес. Мысалы, біреу бізді ренжіткенде, ол бізге 100 күміс теңге қарыз сияқты болады. Ал біз дұрыс емес нәрсе істегенде, Құдайға 60 000 000 (алпыс миллион) күміс теңге қарызданып қалғандай боламыз.
Құдай өте қайырымды, сондықтан біздің бұрыс әрекетімізді кешіреді. Ол қарызымызды төлету үшін өмірімізді мәңгілікке алып қоймайды. Олай болса, мынаны еш ұмытпайық: біреуді кешіретін болсақ қана, Құдай бізді кешіреді. Бұл ойландыратын маңызды сабақ емес пе? ~
Егер сені біреу ренжітіп, артынан кешірім сұраса, не істейсің? Кешіресің бе? ~ Қайта-қайта ренжітсе ше? Сонда да кешіресің бе? ~
Біреуді ренжітіп қойып, кешірім сұрасаң, оның сені кешіргенін қалайсың ғой? ~ Онда сен де солай етуің керек. Бірақ кешірдім деп айта салу жеткіліксіз, оны шын жүректен кешіру қажет. Сонда ғана сен Ұлы Ұстаздың нағыз ізбасары екеніңді көрсетесің.
Кешірудің маңызды екенін түсіну үшін, келесі тармақтарды оқып шығайық: Нақыл сөздер 19:11; Матай 6:14, 15 және Лұқа 17:3, 4.