82-тарау
Исаның қайтадан Иерусалимге бет алуы
ИСА Иерусалимге барар жолда қалалар мен ауылдарды аралай жүріп, жұртқа тәлім беруде. Ол қазір Иордан өзенінің арғы бетіндегі Яһудеяға қарама-қарсы жатқан Перей облысында жүрген болса керек. Бірақ Исаның алған беті — Иерусалим.
Яһудилердің арасында құтқарылатын адамдардың саны шектеулі деген пікір қалыптасқан. Міне, сондықтан да болар, бір кісі Исадан: “Мырза! (Келешектегі қаһарлы жазадан) құтқарылатындар тым аз бола ма?” — деп сұрады. Иса: “Тар есіктен кіруге барынша тырмысыңдар! [яғни күресіңдер]”,— деп жауап бере отырып, оларды құтқарылу үшін не талап етілетіндігі жөнінде ойлануға мәжбүр етті.
Бұған күш салу қажет, себебі көп адамдар, Иса айтқандай, “кіруге ұмтылғанмен кіре алмайды”. Неліктен кіре алмайды? Исаның түсіндіруінше, үй иесі орнынан тұрып, есікті бекітіп қойғанда, артынша сыртта тұрғандар есікті қағып: — Тақсыр Ие, бізге аша көріңіз! — деп дауыстайды, бірақ ол: “Қайдан екендеріңді білмеймін. Әділетсіздік істеген бәрің де, Менен аулақ кетіңдер!” — дейтін болады.
Есіктің сыртында тұрғандар өздеріне ыңғайлы уақытта келгенге ұқсайды. Бірақ есік — құтқарылу мүмкіндігі — жабық әрі бекітулі. Ішке кіру үшін олар тіпті ыңғайсыз болса да, ертерек келулері керек еді. Ехобаға ғибадат етуді өмірлерінде бірінші орынға қоймай, уақытты созып жүргендіктерінің нәтижесі шынында да қайғылы болмақ.
Құдай Исаны яһудилерге уағыздауға жіберген болатын. Алайда олар Құдайдың құтқару үшін жасаған керемет мүмкіндіктерін пайдаланбай отыр. Сондықтан Иса оларды сыртқа қуып жібергенде, олардың зар еңіреп, қинала тістенетіндігін айтты. Ал “шығыс пен батыстан, солтүстік пен оңтүстіктен” — барлық халықтан — келгендер “Құдай Патшалығындағы дастарқан басына жиналатын болады”.
Иса әрі қарай жалғастырып: ”Осылай алдыңғы қатарға шығатын соңғылар [жеккөрінішті яһуди еместер, сондай-ақ қысым көрген яһудилер] бар, әрі соңғылар болатын алдыңғы қатарлылар да [материалдық және діни жағынан артықшылығы бар яһудилер] бар”,— деді. Бұл жерде соңғылар болады дегеніміз бейқам жүретін, мұндай жақсылықты білмейтін адамдардың Құдай Патшалығына кірмейтіндігін білдіреді.
Сол сәтте бірнеше парызшылдар Исаның қасына келіп: “Бұл арадан кет, (аймақ әкімі) Ирод Сені өлтірмекші!” — деді. Бәлкім, бұл сыбысты Исаны сол аймақтан кетіру үшін Иродтың өзі таратса керек. Иродтың, сірә, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияны өлтірткеніндей, Құдайдың тағы бір пайғамбарының өліміне қатысты болғысы келмейтін шығар. Иса оларға: “Барып, ол “түлкіге” айтыңдар: — Мен бүгін және ертең жындарды қуып шығып, ауруларды сауықтырамын, ал үшінші күні ісімді аяқтаймын”,— деп жауап берді.
Бұл жердегі ісін аяқтап, Иса Иерусалимге қарай сапарын жалғастырды. Себебі, оның өзі айтқандай, “пайғамбардың Иерусалимнен басқа жерде қаза табуы жөнсіз” болар еді. Неліктен Иса тек Иерусалимде өлтіріледі деп күту керек еді? Өйткені Иерусалим — астана, ол жерде жоғарғы кеңес бар, яғни 71 адамнан тұратын яһудилердің жоғарғы соты бар және де жануарларды құрбандыққа сол жерге әкеліп шалатын. Сондықтан да “Құдайдың құрбандыққа жіберген ‘Тоқтысының’” Иерусалимнен басқа жерде өлуі мүмкін емес еді.
“Ей, Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, Тәңір өзіңе жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! — деді Иса қынжылып. — Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым, бірақ сендер одан бас тарттыңдар! Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады”. Иә, халық Құдайдың Ұлынан бас тартуымен өздеріне үкім шығарып отыр.
Иерусалимге бара жатқан жолда Исаны парызшылдар қауымының бір бастығы үйіне шақырды. Діни демалыс күні. Адамдардың бәрі Иса не істейді екен деп мұқият бақылап отыр. Себебі ол жерде шемен ауруына шалдыққан біреу бар еді. Бұл ағзасында, сірә, қолдары мен аяқтарында, су жиналатын ауру болса керек. Сонда Иса Таурат заңын үйретуші ғұламалар мен парызшылдарға қарап: “Демалыс күні ауруды сауықтыруға бола ма?” — деп сұрады.
Ешқайсысы да жауап қатпады. Сондықтан Иса әлгі адамды сауықтырды да, өз жөніне жіберді. Содан кейін жиналғандардан: “Егер біреуіңнің есегің немесе өгізің құдыққа түсіп кетсе, оны демалыс күні болса да, дереу шығарып алмас па едіңдер?!” — деп сұрады. Бірақ ол тағы да бірде-бір жауап естімеді. Лұқа 13:22—14:6; Жохан 1:29.
▪ Иса көрсеткендей, құтқарылу үшін не қажет және неліктен көпшілігі есіктің сыртында қалып қояды?
▪ Алдыңғы қатарға шығатын “соңғылар”, сондай-ақ соңғылар болатын “алдыңғылар” дегеніміз кімдер?
▪ Неліктен Ирод Исаны өлтірмекші деген сыбыс тарады?
▪ Неліктен пайғамбардың Иерусалимнен басқа жерде өлуі мүмкін емес?