83-тарау
Парызшылдың үйінде қонақта
ИСА әлі де көпшілікке танымал парызшылдың үйінде. Ол жаңа ғана шемен ауруына ұшыраған кісіні сауықтырған болатын. Басқа қонақтардың төрге шығып, сыйлы орындарды таңдап алып жатқанын байқаған Иса соны мысалға келтіріп, кішіпейілділік туралы тәлім берді.
“Біреу сені тойға шақырғанда төрдегі құрметті орынға жантайма. Шақырылғандардың ішінде жолы сенен де үлкен біреу болуы мүмкін. Онда екеуіңді шақырған үй иесі келіп, саған: — Мына кісіге орныңды бер,— дейді, ал сен ұялып, амалсыздан ең төменгі орынға барып отырасың”.
Сондықтан ол: “Қонаққа барғанда ең төменгі орынға отыр. Сонда үй иесі қасыңа келіп: — Досым, жоғары шық,— демек. Осылай дастарқандас болғандардың алдында мәртебең өсіп қалады”,— деп кеңес берді. Ал әңгімесінің соңында былай деді: “Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады”.
Содан соң Иса өзін шақырған үй иесіне қарап, шын мәнінде Құдай бағалайтын түскі немесе кешкі асты қалай беру керектігін айтты. “Түскі немесе кешкі қонақасы бергенде дос, бауыр, туысқандарыңды, я болмаса бай көршілеріңді шақырма. Себебі олай етсең, олар да сені қонаққа шақырып, есесін қайтармақ. Керісінше, той жасағанда дастарқаныңа жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды шақыр! Олар саған есесін қайтара алмайтындықтан бақытты боласың”,— деді ол.
Мұндай бейшара адамдарды шақырған қожайын өзін бақытты сезінеді, өйткені, Исаның парызшылға айтқанындай, “әділдер қайта тірілетін... күні... есесі қайтарылады”. Исаның осындай “құнды ас” туралы әңгімесі сол жерде отырған қонақтардың бірінің есіне басқа бір асты салды. “Құдай Патшалығындағы тойға қатысатындар бақытты!” — деді ол. Бірақ мұндай керемет болашақты бәрі өз дәрежесінде бағалай бермейді. Мұны Исаның келесі астарлы әңгімесінен көруге болады.
“Біреу үлкен қонақасын дайындап, көп адам шақырады. Тамақ ішетін уақыт болғанда, шақырылғандарға қызметшісін жіберіп былай дегізеді: — Келіңдер, барлығы дайын болып тұр! Бірақ бәрі бірдей кешірім сұрап, біреуі: — Егіндік жер сатып алдым, соны барып көруім керек. Өтінемін, маған кешірім ете гөр! — десе, келесі біреуі: — Бес пар өгіз сатып алып едім, соларды сынап көруге бара жатырмын. Өтінемін, мені кешір! — дейді. Ал тағы біреуі: — Мен жаңа ғана үйленген едім, сондықтан бара алмаймын”,— дейді.
Қандай қисынсыз сылтаулар! Жерді де, өгізді де сатып алмай тұрып көреді, сынайды, ал алып қойған соң олай ету маңызды емес. Сол сияқты үйлену де маңызды шақыруды қабыл алмауға сылтау болмау керек. Сондықтан қожайыны мұны естігенде ызаланып, қызметшісіне:
“Тез барып, қаланың үлкенді-кішілі көшелерін аралап, жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды алып кел! — дейді. Кейін қызметшісі: — Мырза, бұйрығыңызды орындадым, бірақ әлі де бос орын бар,— дейді. Ал қожайыны былай деп тапсырады: — Қаладан шығып, үлкен жолда, үйлердің айналасында жүргендерді осында келуге көндір! Осылайша үйім толсын... алдымен шақырылғандардың ешқайсысы да қонақасымнан ауыз тимейді!”
Бұл астарлы әңгіме нені сипаттайды? Бұл жерде қонақасын беріп жатқан “қожайын” Ехоба Құдайды, қонақтарды шақырып жүрген “қызметші” Иса Мәсіхті, ал “үлкен қонақасы” көктегі Патшалыққа кіру мүмкіндігін білдіреді.
Патшалыққа кіруге бірінші болып шақырылғандар — Исаның кезіндегі яһуди дінбасылары. Бірақ олар бұл шақыруды қабыл алмады. Сондықтан кейінірек, б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамынан бастап, жек көрінішті қарапайым яһудилерге арналған екінші шақыру болды. Алайда шақыруды қабыл алғандар аз болғандықтан, көктегі Құдай Патшалығындағы 144 000 орынды толтыру үшін бұл жеткіліксіз еді. Сол себепті үш жарым жыл өте, яғни 36 жылы, сүндеттелмеген яһуди еместерге арналған үшінші және соңғы шақыру болды. Бұл топты жинау біздің күнімізде де жалғасуда. Лұқа 14:1—24.
▪ Иса кішіпейілділік туралы қандай тәлім берді?
▪ Қожайын шын мәнінде Құдай бағалайтын кешкі асты қалай береді және неге сонда ол өзін бақытты сезінеді?
▪ Неліктен шақырылғандардың сылтауларын қисынсыз деуге болады?
▪ Исаның “үлкен қонақасы” туралы астарлы әңгімесі нені сипаттайды?