85-тарау
Жоғалғанды іздеу
ИСА бар ынтасымен Құдайға кішіпейілділікпен қызмет еткісі келетіндерді табуға тырысуда. Сондықтан да ол Патшалық туралы барлығымен, тіпті әбден күнәға батқандармен де, сөйлесуде. Міне, дәл осындай адамдар қазір Исаны тыңдау үшін қасына жиналды.
Парызшылдар мен дін мұғалімдері өздері жиіркенетін адамдармен әңгімелесіп отырғанын көріп, Исаны мінейді. Олар: “Мына кісі күнәкарларды қабылдап, солармен тіпті дастарқандас болады!” — деп күңкілдесті. Олардың ойынша, Иса өзінің қадірін кетіріп тұр. Парызшылдар мен дін мұғалімдері қарапайым халыққа аяқ астындағы балшыққа қарағандай қарайды. Өздерінің жек көретінін көрсету үшін оларды ам-хаарец деп атайды. Бұл еврей тілінен аударғанда “жер адамдары” дегенді білдіреді.
Ал Иса болса олардың әрқайсысына құрметпен, мейіріммен, жанашырлықпен қарады. Сондықтан да осы қарапайым халықтың көпшілігі, тіпті өздерінің жаман істерімен әйгілі болғандары да, оны тыңдауға асық. Исаны осындай адамдарға назар аударып, көңіл бөлгені үшін кінәлаған парызшылдардың сөздеріне оралайық.
Олардың мін таққан сөздеріне жауап ретінде Иса көрнекі мысал келтірді. Ол мысалын өздерін әділетті деп есептейтін, сондай-ақ халі аянышты ам-хаарецтер жолдан тайып, адасып жүргенде, өздерін Құдайдың отарындамыз деп еркін сезінетін парызшылдардың тұрғысынан айтты. Оның сұрағына көңіл аударайықшы:
— Егер араларыңдағы біреудің жүз қойы болып, солардың бірін жоғалтып алса, ол тоқсан тоғыз қойын далада қалдырып, жоғалып кеткенін тапқанша іздемей ме? Тауып алған соң, оны қуана-қуана иығына салып алады. Үйіне келгеннен кейін: “Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар!” — деп достарын, көршілерін шақырады.
Иса бұл мысалдың мағынасын дереу түсіндіріп: “Сендерге шындығын айтайын: сол сияқты,— Маған теріс жолдан қайтудың қажеті жоқ,— дейтін тоқсан тоғыз “әділ” кісіден гөрі, теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға көктегілер көбірек қуанады!” — деді.
Парызшылдар өздерін әділеттіміз деп есептейтіндіктен, тәубеге келудің қажеті жоқ деп ойлайды. Бұдан екі жыл бұрын олардың кейбіреуі Исаны салықшылар және күнәкарлармен бірге тамақтанғаны үшін айыптаған болатын. Сол кезде Иса оларға: “Мен “әділдерді” емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім”,— деп айтқан еді. Өздеріне сенімді, тәубеге келуді қажетсінбейтін парызшылдар көкте ешқандай қуаныш әкелмейді. Қуанышты шын ықыласымен күнәларына өкінгендер әкеледі.
Күнәкарлардың теріс жолдан қайтуы қуануға үлкен себеп болатындығын тағы да атап көрсету үшін, Иса басқа бір мысал келтірді. Ол: — Он күміс теңгесі бар әйел біреуін жоғалтып алса, оны тапқанша шам жағып, үйді сыпырып, бар ынтасымен іздемей ме? Тауып алған соң: “Жоғалтқан теңгемді тауып алдым, менің қуанышыма ортақ болыңдар!” — деп достары мен көрші-көлемдерін шақырады,— деді.
Содан кейін Иса мұны бірінші мысалдағы сияқты: “Сендерге шын айтамын, Құдайдың періштелері теріс жолдан қайтқан бір күнәкар үшін де дәл солай қуанады!” — деп түсіндірді.
Құдай періштелерінің теріс жолдарынан қайтқан күнәкарларға деген сүйіспеншілікке толы қамқорлығы қандай керемет! Мұның кереметтігі сонда, бір кездері жәбір көрген, жеккөрінішті ам-хаарецтер ақыр соңында Құдай Патшалығына кіреді. Нәтижесінде олар тіпті көктегі періштелерден де жоғары орынға ие болады! Періштелер оларды қызғанудың орнына, бұл күнәкар адамдардың өмірлерінде әр түрлі қиыншылықтарды кезіктіріп, оларды жеңе білгендерін, сол себептен де олардың жанашыр әрі мейірімді патша және діни қызмеркерлер бола алатындығын кішіпейілділікпен мойындайды. Лұқа 15:1—10; Матай 9:13; 1 Қорынттықтарға 6:2, 3; Аян 20:6.
▪ Неліктен Иса күнәкар адамдармен әңгімелесті және парызшылдар осы үшін оны қалай мінеді?
▪ Парызшылдар қарапайым халыққа қалай қарайды?
▪ Иса қандай көрнекі мысалдар келтірді және олардан қандай сабақ аламыз?
▪ Періштелердің қуанышы несімен керемет?