8-Тарау
Құдай неге қайғы-қасіретке жол беруде?
1, 2. Адамзаттың қайғы-қасіреті адамға қалай әсер етуде?
ӨЗІНІҢ жолындағы барлық нәрсені жойып, адамдардың өмірін алып кететін сұрапыл апат төнгенде, көптеген адамдар мұндай сұмдық нәрселердің неге болатынын түсіне алмайды. Басқалары болса қылмыстың жүгенсіздігінен, мейірімсіздік пен озбырлықтан қасірет шегуде. Мүмкін, сен де өзіңнен неге Құдай қайғы-қасіретке жол беруде деп сұрайтын шығарсың.
2 Көп адамдар бұл сұраққа қанағаттанарлық жауап таба алмағандықтан, Құдайға деген сенімдерін жоғалтады. Олар Құдай адамзатқа көңіл аудармайды деп ойлайды. Қайғы-қасірет қашып құтыла алмайтын өмірдің шындығы деп есептейтін кейбір адамдар ызаланады да, адамзат қоғамының бар қасіреті үшін Құдайды кінәлайды. Егер сені де осындай сезімдер билесе, онда бұл туралы Киелі кітаптың не айтатынын білу сен үшін өте қызық болары шүбәсіз.
ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТ ҚҰДАЙДАН ЕМЕС
3, 4. Неге біз қайғы-қасіреттің Құдайдан еместігіне сенімді бола аламыз?
3 Киелі кітап бізді айналамызда көріп отырған қайғы-қасіреттің Ехоба Құдайдан емес екендігіне нандырады. Мысалы, мәсіхші шәкірт Жақып былай деп жазды: “Күнәға еліккен ешқайсың да: — Құдай мені еліктіреді,— деп айтпаңдар! Құдай күнәға еш елікпейді де, ешкімді еліктірмейді де” (Жақып 1:13). Бұл адамзатқа төнген көптеген бақытсыздықтар үшін Құдайдың жауапты еместігін білдіреді. Көктегі өмірге дайындау үшін Құдай адамдарды сынамайды, бұрынғы өмірлерінде жасады-ау деген жаман істері үшін де жазаламайды (Римдіктерге 6:7).
4 Бұдан басқа, Құдай мен Исаның атынан көптеген сұмдық істер істелінгенімен, Киелі кітапта олардың бұл істерді қолдағанын тіпті меңзейтін жері де жоқ. Оларға қызмет етіп жүрміз деп жариялап, ал өздері алаяқтық жасап, алдап, кісі өлтіріп, тонап және адамдарға басқа да қиянат жасайтындармен Құдай мен Исаның ортақ еш нәрсесі жоқ. Расында да, “арамзаның жолынан Жаратқан жиренер”. Құдай ‘арамзадан алыс болады’ (Нақыл сөздер 15:9, 29).
5. Ехобаның кейбір қасиеттері қандай және ол жаратылыстарына қандай сезіммен қарайды?
5 Киелі кітап Ехобаның өте қайырымды әрі жанашыр екендігін айтады (Жақып 5:11). Онда “Тәңір әділдікті сүйеді” деп мәлімдейді (Забур 36:28; Ишая 61:8). Құдай кекшіл емес. Өз жаратқандарына түсінушілікпен қарап, қажеттінің бәрін береді (Елшілердің істері 14:16, 17). Ехоба мұны жер бетінде тіршілік басталғалы бері істеп келеді.
КЕМЕЛДІ БАСТАМА
6. Адамзат тарихының бастамасы туралы аңыздарда не айтылады?
6 Бізге ауру мен қайғы-қасірет үйреншікті болып қалған. Сондықтан қасіретсіз өмірді елестету оңай емес, дегенмен адамзат тарихының бастамасында солай болған. Бұл туралы тіпті кейбір халықтардың аңыздарында да айтылған. Мысалы, грек аңызында адамзаттың бес ғасырының алғашқысы “алтын ғасыр” деп аталған. Ол кезде адамдар бақытты өмір сүріп, қажытарлық еңбек, ауру мен кәріліктен азап шеккен емес. Қытайлықтар қияли сары әміршінің (Хуа́н-ди) билігі кезінде адамдар бейбітшілікте өмір сүріп, қоршаған ортаның әсемдігі мен үйлесімділігінің рақатын көрген дейді. Парсылар, мысырлықтар, тибеттіктер, перуандықтар мен мексикандықтарда адамзат тарихындағы бақыт пен кемелділік уақыты туралы аңыздар сақталынып қалған.
7. Құдай адамзат пен жерді не үшін жаратты?
7 Халықтардың аңыздары адамзат тарихындығы ең көне кітап Киелі кітапта айтылғанды қайталайды. Бұл кітап бізге Құдайдың алғашқы адамзат жұбын, Адам мен Хауаны, Едем бағына қоныстандырғанын және оларға: ‘Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырыңдар’,— деп бұйырғанын мәлімдейді (Жаратылыс 1:28). Біздің түп атамыз бен анамыз кемелді болатын, олардың алдында жұмаққа айналған жердегі кемелді адамзат отбасының бақытты да бейбіт өмір сүруін көру болашағы жатты. Бұл Құдайдың Жер мен адамдарды жаратып жатқан кездегі ниеті болған (Ишая 45:18).
ӨРЕСКЕЛДІКПЕН ДАУЛАСУ
8. Адам мен Хауа қандай бұйрықты орындаулары керек еді, бірақ олар не істеді?
8 Құдайға ұнамды болып қалу үшін Адам мен Хауа “жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың” жемісін жемеулері керек еді (Жаратылыс 2:16, 17). Егер олар Ехобаның осы заңын орындағанда, қайғы-қасірет адамзат өмірінде ешқашан болмаған болар еді. Құдайдың өсиетіне мойынсұнуларымен Ехобаға сүйіспеншілік көрсетіп, сондай-ақ өздерінің шексіз берілгендіктерін дәлелдер еді (Жоханның 1-хаты 5:3). Бірақ біз осы кітаптың алтыншы тарауынан білгеніміздей, барлығы басқаша болып шықты. Шайтанның азғыруымен Хауа жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жейді. Ал кейінірек тыйым салынған бұл жемісті Адам да жеді.
9. Шайтан Ехобаға қатысты қандай даулы мәселе көтерді?
9 Болған оқиғаның қаншалықты маңызды екенін түсінесің бе? Шайтан Ехобаның ең жоғарғы болу дәрежесіне қарсы шықты. Ібіліс өзінің “жоқ... өлмейсіңдер” деп сендіруімен Құдайдың “өлесіңдер” деген сөзіне күмән келтірді. Шайтан бұдан кейінгі сөздерінде Ехобаны Адам мен Хауадан бір нәрсені жасырып отыр деп айыптап, яғни олар Құдай сияқты болып, ненің жақсы, ал ненің жаман екендігін өздері шешіп, Құдайды керек етпейтін болады дегенге нұсқады. Өзінің әрекетімен Шайтан Ехобаның Әлемнің Әміршісі ретіндегі әділетті де құқылы дәрежесіне талас тудырды (Жаратылыс 2:17; 3:1—6).
10. Адамдарға қатысты Шайтан қандай күмән тудырды?
10 Сонымен қатар Ібіліс адамдар Құдайға одан қандай да бір пайда көруді көздеп қана бойсұнады дегенге меңзеді. Басқа сөзбен айтқанда, ол адамдардың адалдығын сынға салды. Шайтан бірде-бір адам өз еркімен Құдайға деген адалдығын сақтап қала алмайды деп сендірді. Шайтанның өрескелдікпен көтерген бұл дауы Киелі кітаптағы шамамен б. з. б. 1600 жылы ауыр сынақты басынан кешірген Ехоба Құдайдың адал қызметшісі Әйүп туралы жазылған мәлімдемесінен белгілі. Егер Әйүп кітабының алғашқы екі тарауын оқитын болсаң, адамзаттың қайғы-қасіретінің себептері мен неге Құдайдың оларға жол беріп отырғанын түсінесің.
11. Әйүп қандай адам еді, бірақ Шайтан оны қалай қаралады?
11 “Мінсіз, әділ... адам” Әйүп Шайтанның шабуылына душар болды. Алдымен, Шайтан Әйүпке жала жауып, сосын: “Әйүп Құдайдан текке қорқады ма екен?”— деген сұрақ көтерді. Содан соң Ехоба Әйүпті қорғап, жарылқауымен оның адалдығына ие болды деп, Ібіліс Құдайды да, Әйүпті де қаралады. “Қолыңды созып, оның бар нәрсесіне тигізіп көрші, ол Сені даңқтар ма екен?”— деп Шайтан Ехобамен дауласты (Әйүп 1:8—11).
12. а) Құдайдың Әйүптің сыналуына жол беруінің арқасында қандай сұрақтарға жауап алынды? ә) Әйүптің сыналуының нәтижесі қандай болды?
12 Әйүп Ехобаға істеген жақсылықтары үшін ғана қызмет етті ме? Ол сынақ кезінде Құдайға деген адалдығын сақтап қалар ма еді? Өз қызметшісінің сынақ кезінде адалдығын сақтап қалатындығына Ехобаның сенімі жеткілікті болды ма? Ехоба бұл сұрақтарға жауап беру үшін Шайтанның Әйүпті сынауына жол беру керек еді. Әйүп кітабында мәлімденгендей, Құдай жол берген сынақтарға қарамастан, Әйүп адалдығын сақтап қалды, ал бұл болса Ехобаның әділдігі мен адамдардың адалдығын сақтай алатындығына дәлел болды (Әйүп 42:1, 2, 12).
13. Едемде және Әйүппен болған оқиғалардың бізге қандай қатысы бар?
13 Едем бағындағы, ал кейінірек Әйүппен болған оқиғаның терең мәні бар. Шайтан барлық адамзатқа, бүгінгі күні бізге де қатысты даулы мәселелерді көтерді. Ол Құдайдың есімін қаралап, сондай-ақ оның билігіне сұқтанды. Құдайдың жаратылыстарының, яғни адамдардың, адалдығына күмән келтірді. Сондықтан бұл даулы мәселелер шешімді талап етті.
ДАУЛЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДІҢ ЖОЛЫ
14. Біреуге жалған айып тағылатын болса, айыпталушы не істей алады?
14 Көрнекті мысал ретінде, бақытты отбасың және бірнеше балаларың бар екенін көз алдыңа елестетші. Кенет, көршің сен туралы ата-аналық міндетін толық атқармайды деген жалған сөздер тарата бастайды. Ол балаларың сені сүймейді, басқа амалдары болмаған соң ғана сенімен тұрып жатыр, өздеріне ыңғайлы жағдай туса, сенен кетіп қалады дейді. “Қисынсыз жалған!”— дерсің сен. Иә, жалған, бірақ мұны қалай дәлелдеуге болады? Кейбір ата-аналарда бұл ашу туғызары анық. Алайда ашу мәселені шешудің орнына, жалған айыпты тек қолдайды. Мәселені шешудің ең жақсы жолы — жәбірлеушіңе айыптауларын дәлелдеуге мүмкіндік беру, ал балаларыңа өздерінің саған деген адал сүйіспеншіліктерін көрсетуге мүмкіндік беру.
15. Шайтанның дауына Ехоба қалай жауап беруді шешті?
15 Ехоба осындай сүюші әкені еске салады. Адам мен Хауаны оның балаларымен салыстыруға болады, ал Шайтанға өтірікші көршінің рөлі сай келеді. Шайтанды, Адам мен Хауаны бірден жойып жібермей, оларға тағы да біраз уақыт өмір сүруге рұқсат беруге Құдайда елеулі негіздер бар болатын. Бұл біздің түп атамыз бен анамызға жарық дүниеге перзенттер әкеліп, адамзатқа бастама беруге мүмкіндік туғызды, ал Ібіліс осылайша даулы мәселенің шешілуі үшін өз сөзінің дұрыстығын дәлелдеуге мүмкіндік алды. Дегенмен кейбір адамдардың Құдайға деген сенімдерін сақтап, Шайтанның өтірікші екендігін дәлелдейтінін Ехоба әуел баста білген. Ехобаның әлі күнге дейін өзін сүйетіндерге батасын беріп, көмек көрсетіп отырғаны үшін біз қаншалықты ризамыз десеңші! (Шежірелер 2-жазба 16:9; Нақыл сөздер 15:3).
НЕ ДӘЛЕЛДЕНДІ?
16. Дүние қалай Шайтанның билігіне берілді?
16 Бүкіл адамзат тарихында дерлік Шайтанның адамзатқа билік етуге қатысты жауыз ниетін іске асыруға толық бостандығы болды. Бұдан басқа, ол саяси күштерге әсер етіп, адамдар өздері аңдамай, Ехобаға емес, өзіне ғибадат ететін діндердің пайда болуына мүмкіндік туғызды. Осылай Ібіліс “осы күнәкар дүниенің “тәңірі” болып, “осы дүниенің әміршісі” атанды (Қорынттықтарға 2-хат 4:4; Жохан 12:31). Енді “бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр” (Жоханның 1-хаты 5:19). Бұл Шайтанның барлық адамдарды еліктіріп, Ехоба Құдайдан әкете алатынын дәлелдегенін білдіреді ме? Әлбетте, жоқ! Шайтанның тірі қалуына жол беріп, Ехоба өзінің ниетін орындауды жалғастырды. Құдайдың зұлымдыққа неге жол бергендігі Киелі кітапта қалай түсіндіріледі екен?
17. Қайғы-қасіреттің болу себебіне қатысты нені есте сақтауымыз керек?
17 Қайғы-қасірет Құдайдан емес. Шайтан осы дүниенің билеушісі әрі құдайы болғандықтан, ол және оны қолдайтындар — адамзат қоғамының қазіргі жағдайы мен адамдардың барлық қайғы-қасіреті үшін жауапты. Бұл үшін Құдайды ешкім кінәлай алмайды (Римдіктерге 9:14).
18. Ехобаның қайғы-қасіретке жол беруінің арқасында Құдайдан тәуелсіз болуға қатысты не дәлелденді?
18 Ехобаның қайғы-қасіретке жол беруінің арқасында Құдайдан тәуелсіз болудан дүние жақсармағандығы дәлелденді. Тарихта адамзаттың бақытсыздыққа қайта-қайта ұшырап жататыны даусыз. Бұған себеп — адамдардың Құдайдан тәуелсіз болуды шешіп, оның сөзі мен еркін сыйламағандығы. Ехобаның ежелдегі халқы мен сол халықтың басшыларының “өз жолдарымен” жүріп, Құдай сөзін қабыл алмағандықтарының нәтижесі қайғылы болған еді. Құдай өзінің пайғамбары Еремия арқылы оларға былай деді: “Дана адамдар күлкіге қалды, сасқалақтап, торға шырмалды; міне, олар Тәңірдің сөзін қабыл алмады; сонда олардың даналығы кәне?” (Еремия 8:5, 6, 9). Адамзат Ехобаның ережелерін ұстанбауларымен дауылды теңіздегі тұтқасы жоқ кемедей болды.
19. Шайтанның барлық адамдарды Құдайға қарсы қоюға күші келмейтініне қандай дәлелдер бар?
19 Құдайдың қайғы-қасіретке жол беруінің арқасында Шайтанның барлық адамды Ехобадан бас тартқызуға дәрменсіз екендігі дәлелденді. Сыналу мен бақытсыздыққа қарамастан, Құдайға адал болып қалған адамдар барлық уақытта бар болғанына тарих куәлік етеді. Көптеген ғасырлар бойы Ехоба өзінің қызметшілерін қолдап келеді және оның есімі бүкіл жер жүзіне жариялануда (Мысырдан шығу 9:16; Патшалықтар 1-жазба 12:22). Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында Әбіл, Енох, Нұх, Ыбырайым, Мұса, сондай-ақ басқа да Құдайдың көптеген сенімді қызметшілері туралы айтылады. Еврейлерге 12:1-де олар “бұлт секілді қоршап тұрған сенушілер тобыры” деп аталған (сілтемені қара). Олар Ехобаға деген берік сенімнің үлгілері болған. Сол сияқты біздің күнімізде де көптеген ерлер мен әйелдер Құдайдың алдында адалдықтарын сақтап қалу үшін өз өмірлерін қиған. Олар сенімдері мен сүйіспеншіліктері арқылы Шайтанның барлық адамдарды Құдайға қарсы қоюға күші келмейтінін түбегейлі дәлелдеді.
20. Ехобаның қайғы-қасіретке жол беруінің арқасында Құдай мен адамзатқа қатысты не дәлелденді?
20 Құдайдың қайғы-қасіретке жол беруінің арқасында адамзаттың мәңгілік игілігі мен бақыты үшін басшылық етуге тек Ехобаның, Жаратушының, ғана құқы мен қабілеті бар екендігі дәлелденді. Ғасырлар бойы адамдар басшылық етудің әр-алуан түрлерін байқап көрді. Бірақ нәтижесі қандай болды? Бүгінгі күні халықтар кездесіп отырған қиындықтар мен дағдарыстар “адам адамның үстінен оған зиян келтіріп билік етеді” деген Киелі кітапқа негізделген сөздердің ақиқаттығына куәлік етеді (Екклесиаст 8:9). Тек Ехоба ғана бізге көмекке келіп, өзінің бастапқы ниетін орындай алады. Ол мұны қалай және қашан істейді?
21. Шайтанмен не болады және оны кім жүзеге асырады?
21 Адам мен Хауа Шайтанның зұлым әрекетінің құрбаны болысымен, Құдай өзінің адамзатты құтқару жайлы ниетін жариялады. Ехоба Шайтан туралы былай деді: “Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың” (Жаратылыс 3:15). Бұл — Ібіліске өзінің зұлым істерін үнемі істей беруге рұқсат берілмейтіндігінің кепілі. Патшалықтың Патшасы әрі уәде етілген Ұрпақ Иса Мәсіх ‘Шайтанның басын мыжиды’. Иә, “жуық арада” Иса бұл бүлікшіні табанымен таптамақ! (Римдіктерге 16:20).
СЕН НЕ ІСТЕЙСІҢ?
22. а) Сен қандай шешімге келесің? ә) Құдайдың қызметшілері Шайтанның қаһарына қарамастан не нәрсеге сенімді бола алады?
22 Даулы мәселе жайлы білген соң, сен кімнің жағында боласың? Ехобаның адал қызметшісі екеніңді іс жүзінде көрсетесің бе? Шайтан өзіне аз уақыт қалғанын білгендіктен, Құдай алдында адалдықтарын сақтауға тырысқандарға барынша қаһарын төгуде (Аян 12:12). Дегенмен сен Құдайдың көмегіне сене аласың, өйткені ‘Жаратқан Ие өзіне ұнамды өмір сүретіндерді қуғын-сүргіннен қалай құтқаруды біледі’ (Петірдің 2-хаты 2:9). Ол төзіміңнен артық сыналуыңа жол бермейді және еліктірілген кезіңде шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығуыңа көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 10:13).
23. Біз нені тағатсыздана күтудеміз?
23 Патша Иса Мәсіхтің Шайтан мен оған ерушілерге қарсы әрекет ететін уақытын күтелік (Аян 20:1—3). Иса адамзат басына төнген қайғы мен абыржуларға жауаптылардың барлығын жояды. Қазіргі уақытта адамдарды әсіресе ауыр жаралайтын қасіреттің бірі — сүйікті жақындарының өлімі. Келесі тарауды оқып шық, сонда олармен не болатынын білесің.
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Адамзаттың қайғы-қасіреті Ехобадан емес екендігін қайдан білеміз?
Әйүптің күндерінде Шайтан Едемде көтерген қандай даулы мәселелер анықталды?
Құдайдың қайғы-қасіретке жол беруінің арқасында не дәлелденді?