ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Толық емес отбасылары жетістікке жете алады!
1—3. Толық емес отбасыларының көбеюіне ықпал етіп жатқан не және олар қандай қиындықтар көруде?
АМЕРИКА Құрама Штаттарында толық емес отбасыларын “саны анағұрлым жедел қарқынмен өсетін отбасы түрі” деп атайды. Бұл жағдай басқа да көптеген елдерде бар. Миллиондаған ата-ана мен бала ажырасу, өмірлік жарын тастап кету, бөлек тұру, әкесіз бала туу дегендердің ащы жемісін ұзағынан жеуде.
2 “Жасым жиырма сегізде. Өзім болсам екі балалы жалғыз басты әйелмін. Бұл мені қатты қынжылтады, өйткені балаларым әкесіз өспесе екен деймін. Мен ешкімге керек емес сияқтымын. Көбінесе балаларым менің жылағанымды көріп уайымдайды”,— деп жазды бір ана. Оның үстіне, ыза, өзін кінәлы сезіну, жалғыздық дегендермен күресіп қана қоймай, жалғыз басты аналар мен әкелер үйдегі де, түздегі де жұмыстарын атқаруы керек. Бір кісі былай дейді: “Жалғыз басты әке не ана болу деген жонглер болғанға ұқсайды. Алты ай дегенде төрт шармен ойнауды үйренесің. Бірақ енді үйрендім дегенде біреу тағы бір шар лақтырады!”
3 Толық емес отбасындағы баланың көбінесе өзіне тән қиындықтары болады. Ата-ананың бірінің ойда жоқта үйден кетіп қалғанының, болмаса кенеттен қайтыс болғанының әсерінен олар алай-дүлей сезіммен күреседі. Әкенің не шешенің жоқтығы көпшілік жастарға кері әсерін тигізетін сияқты.
4. Ехобаның толық емес отбасыларының қамын ойлайтындығын қайдан білеміз?
4 Киелі кітап заманында да толық емес отбасылары болған. Киелі жазба “жетім” мен “жесір” туралы әлденеше рет айтады (Мысырдан көшу 22:22; Заңды қайталау 24:19—21; Аюп 31:16—22). Олардың жағдайына Ехоба немқұрайды қарамаған. Забур жыршысы Құдайды “жетімдердің әкесі және жесірлердің биі” деп атаған (Забур 67:6). Ехобаның қазір өмір сүріп отырған толық емес отбасыларының да қамын ойлайтындығы сөзсіз! Шын мәнінде, оның Сөзінде мұндай отбасыларының жетістікке жетуіне көмектесетін принциптер жазылған.
ҮЙ ІШІ ЖҰМЫСТАРЫН ОРЫНДАУ
5. Жалғыз басты әкелер мен аналар алғашқы кезде қандай қиындықтармен кездеседі?
5 Үй іші жұмыстарын қарастырайық. “Ер адамның көмегі қажет болатын кездер көп болады,— дейді бір жалғыз басты ана.— Мысалы, автомашина бұзылып қалды, ал сен не болғанын білмейсің”. Сол сияқты енді ғана ажырасқан не тұл қалған ер адамдар да үй ішінде бір өздеріне қарап тұрған тірліктің көптігін көргенде дағдарып қалады. Үй ішіндегі ретсіздік баланың ішкі дүниесіндегі тұрақсыздықты үдетеді әрі сенімсіздік сезімінің өрши түсуіне ықпал етеді.
6, 7. а) Нақыл сөздер кітабында ‘жақсы әйелдің’ қандай тамаша мысалы келтірілген? ә) Үй ішіндегі міндеттерді бар ынтамен орындау толық емес отбасыларына қалай көмектеседі?
6 Не көмек бола алады? Нақыл сөздер 31:10—31 тармақтарда суреттелген ‘жақсы әйелдің’ мысалына көңіл аударайықшы. Оның жұмыстарының әр алуандығы қайран қалдырады: ол сатып әкелетін, сататын, тігетін, тамақ дайындайтын, жылжымайтын мүлікке арнап ақша бөліп қоятын, жер өңдеумен айналысатын, әрі үй ішіне басшылық жасайтын. Бұл әйелдің жетістіктерінің сыры неде? Ол таң атқаннан күн батқанға дейін бар ынтасымен еңбек ететін. Сондай-ақ ол өзгелерге тапсырма беріп, өзгелердің игілігі үшін өзі де еңбектеніп жұмысты жақсы ұйымдастыратын. Сондықтан да оны мақтағаны таңғалдырмайды!
7 Егер сен жалғыз басты әке не ана болсаң, үй үші жұмыстарына жауапкершілікпен қара. Сондай-ақ мұндай жұмыстан қуаныш таба біл, өйткені бұл балаларыңның өздерін әлдеқайда бақытты сезінуіне ықпал етеді. Бірақ дұрыс жоспарлау мен дұрыс ұйымдастыру маңызды. “Бар ынта-жігерімен еңбек ететін адамды жасаған жоспарлары жетістікке жеткізеді”,— дейді Киелі кітап (Нақыл сөздер 21:5, ЖД). “Қарным ашқанға дейін тамақ туралы ойламайтын әдетім бар”,— деп мойындады бір жалғыз басты әке. Дегенмен алдын ала ойланып барып даярланған тамақ, әдетте, апыл-құпыл дайындалған тамақтай емес, құнарлы әрі жеуге сүйкімді болады. Мүмкін саған да жаңа үй жұмысын игеру керек болар. Жолдастарымен, мамандармен кеңесіп, сондай-ақ өз бетінше оқып үйренуге болатын кітаптарды оқи келе, кейбір жесір аналар сырлауды, су құбырларын жөндеуді және жеңіл-желпі жөндеуді ғана қажет еткен жағдайларда автомашинаны да жөндеуді үйреніп алды.
8. Толық емес отбасыларындағы балалар үй жұмысын істеп ата-аналарына қалай көмектесе алады?
8 Баладан көмек сұрау дұрыс па? “Баланың өмірін жеңілдету арқылы әкенің орнын толықтырғың келеді”,— деп тұжырымдады бір жалғыз басты ана. Әрине, мұны түсінуге болады, бірақ бұл бала үшін барлық уақытта бірдей аса пайдалы болмауы мүмкін. Киелі кітап жазылған заманда өмір сүрген жас өспірімдердің өз міндеттері болған (Жаратылыс 37:2; Өлеңдердің өлеңі 1:5). Сондықтан, балалардың мойнына ауыр жүкті артып қоймауды да ойлау керек болғанымен, оларға тамақтан соң ыдыс-аяқты жинау, өз бөлмесін таза ұстау деген сияқты жұмыстарды тапсыру ақылға қонар еді. Үйдегі кейбір жұмыстарды неге бірігіп істемеске? Бұдан үлкен қанағат алуларыңа болады.
НАН ТАБУ ОҢАЙ ЕМЕС
9. Күйеуі жоқ аналар неге көбінесе қаржыдан қиналады?
9 Көптеген жалғыз басты әкелер мен аналар қаржы жағынан қиналады, ал күйеуі жоқ жас аналарға әдетте әсіресе қиынa. Мемлекет тарапынан олар үшін жәрдемақы қарастырылған болса, мұндай көмекті ең болмағанда жұмыс тапқанға дейін пайдаланғаны ақылдылық болатын шығар. Киелі кітап мұндай көмекті қажет болған жағдайда мәсіхшілердің пайдалануына болатындығын айтады (Римдіктерге 13:1, 6). Жесірлер мен ажырасқандар осындай қиындықтарға тап болып жатады. Олардың көпшілігі біраз жылдан бері үй шаруашылығымен айналысқан болса, енді қайтадан жұмысқа орналасуға мәжбүр және көбінесе жалақысы аз жұмыс табады. Кейбіреулері өз жағдайларын қандай да бір кәсіп үйреніп не қысқа мерзімді курстарды бітіріп алып жақсартуда.
10. Өзінің жұмыс іздеуге міндетті екендігін жалыз басты ана балаларына қалай түсіндіре алады?
10 Жұмысқа тұруға тырысып жүргеніңе балаларың наразы болса — таңғалма, өзіңді кінәлама да. Одан да, өзіңнің неге жұмыс істеуің керектігін түсіндір және Ехобаның сенен отбасын қамтамасыз етуді талап ететінін түсінулеріне көмектес (1 Тімотеге 5:8). Уақыт өте келе көптеген балалар мұндай өзгеріске үйреніп кетеді. Дегенмен тығыз күн тәртібіңнің ішінен олармен бірге өткізуге мүмкіндігінше көбірек уақыт бөлуге тырыс. Осындай сүйіспеншілікке толы қамқорлығың да жетіспеушіліктің соққысын бәсеңдетуге көмектеседі (Нақыл сөздер 15:16, 17).
КІМГЕ КІМ ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАЙДЫ?
11, 12. Жалғыз басты әкелер мен аналар өз балаларымен қарым-қатынасында қандай межені ұстануы керек және мұны олар қалай жүзеге асыра алады?
11 Жалғыз басты әкелер мен аналардың балаларымен барынша тығыз қарым-қатынаста болуы табиғи нәрсе, дегенмен Құдайдың ата-ана мен бала үшін белгілеген межесі бұзылмауы үшін абай болған дұрыс. Мысалы, жалғыз басты ана баласынан отағасының жауапкершілігін өз мойнына алуды күтіп, немесе қызын өзінің жеке басының қиындықтарын айтатын сырласы ретінде қарастыратын болса, үлкен проблемалар тууы мүмкін. Мұндай нәрсе орынсыз, әрі баланың жанын күйзелтуі, не оны абдыратуы мүмкін.
12 Олар сенің емес, ата-анасы ретінде сен олардың қамын жасайтындығыңа балаларыңның көзін жеткіз. (2 Қорынттықтарға 12:14, салыстырыңдар.) Кейде кеңес не көмек қажет етуің мүмкін. Мұндайда көмекті балаларыңнан іздемей, мәсіхші қариялар мен рухани толысқан мәсіхші аналардан ізде (Титке 2:3).
ТӘРБИЕСІЗ БОЛМАЙДЫ
13. Жалғыз басты әкелер мен аналар балаларын тәрбиелегенде қандай қиындыққа тап болуы мүмкін?
13 Әдетте өзінің қойған талаптарын орындату үшін ер адамға көп күш жұмсаудың қажеті жоқ, ал әйел адам бұған барлық уақытта бірдей қол жеткізе бермейді. “Сыртынан қарасаң ұлдарым үлкен адам сияқты,— дейді бір жалғыз басты ана,— сондықтан олардың жанында өзіңді батылсыз немесе әлсіз көрсетпеу кейде оңай емес”. Оның үстіне, мүмкін, сүйікті адамыңның көз жұмғаны әлі де болса жаныңа қатты батып жүрген болар, болмаса отбасының ойран болғанына ызаң келіп, өзіңді кінәлайтын шығарсың. Балаға қамқорлық жасауға өзің де, ажырасқан жұбайың да құқылы болсаңдар, бала әкесіне не анасына кетіп қала ма деп уайым жейтін шығарсың. Мұндай уайым балаға дұрыс тәрбие беруіңе кедергі болуы мүмкін.
14. Жалғыз басты әкелер мен аналар бала тәрбиесіне қалай дұрыс көзқарас сақтай алады?
14 “Қараусыз қалған бозбала анасын ұятқа қалдырады”,— дейді Киелі кітап (Нақыл сөздер 29:15). Отбасына тәртіп орнатқанда, сондай-ақ оның орындалуын талап еткенде Ехоба көмектеседі деп сенуіңе болады, сондықтан өзіңді кінәлап, азапқа салынба, не болмаса қорқушы болма (Нақыл сөздер 1:8). Киелі кітап принциптеріне келгенде ешқашан жұмсақтық жасама (Нақыл сөздер 13:24). Парасаттылық, дәйектілік және қайсарлық танытуға тырыс. Келе-келе көпшілік балалар тәрбиеге көндігіп кетеді. Дегенмен балаларыңның сезімін ескеруің керек. “Балаларымды тәрбиелегенде оларға анасыз қалудың қандай соққы болғанын әрдайым есіме аламын. Олармен әр мүмкіндікті пайдаланып сөйлесемін. Кешкі асты даярлап жатқанда біз ашылып сөйлесеміз. Осындай сәттерде балаларым маған ерекше сенім артады”,— дейді балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп жатқан бір әке.
15. Ажырасқан әке мен ана бұрынғы жұбайы туралы айтқанда нендей нәрседен аулақ болуы керек?
15 Егер сен ажырасқан болсаң, балаға әкесін не анасын сыйлауға лайық емес етіп көрсеткеннен келер пайда шамалы. Ата-ананың арасындағы ұрыс-керіс баланың жанына қатты батады, сондықтан ақыр соңында ол екеуіңді де сыйлаудан қалуы мүмкін. Ендеше, “Әкеңнен асып қайда барушы ең!” — деген сияқты жанға тиетін сөздерден аулақ бол. Бұрынғы жұбайың сенің жаныңа қандай жара салған болса да, ол — екеуіңнің де ата-аналық махаббатыңа, ілтипатыңа, тәрбиеңе мұқтаж балаңның не әкесі, не анасыb.
16. Рухани нығайтатын қандай нәрселер толық емес отбасындағы тәрбиенің ажырамас бөлігі болып қалмақ?
16 Алдыңғы тарауларда талқыланғандай, тәрбиелеу дегеніміз тек қана жазалауды емес, сонымен қатар үйрету, тәлім беру дегенді де білдіреді. Рухани тәлім берудің жақсы бағдарламасын ұстану арқылы көп қиындықтардың алдын алуға болады (Філіпіліктерге 3:16). Мәсіхшілердің кездесулеріне үзбей қатысудың маңызы зор (Еврейлерге 10:24, 25). Апта сайын Киелі кітапты отбасымен бірге зерттеу жүргізудің маңыздылығы да одан кем түспейді. Мұндай зерттеуді үнемі өткізу оңай емес екені рас. “Жұмыстан келгенде шынында да демалғың келіп тұрады. Бірақ Киелі кітапты қызыммен бірге зерттеуім керек екенін білгендіктен мен өзімді соған дайындаймын. Отбасымен бірге зерттеуді қызым шынында да жақсы көреді!” — дейді жауапкершілігі мол бір ана.
17. Пауылдың серігі Тімотенің керемет тәрбиесінен біз нендей нәрсеге үйрене аламыз?
17 Елші Пауылдың серігі болған Тімотені Киелі кітап принциптеріне үйреткен әкесі емес, анасы мен әжесі болса керек. Сөйтсе де ол қандай керемет мәсіхші болып шықты десеңші! (Елшілердің істері 16:1, 2; 2 Тімотеге 1:5; 3:14, 15). Егер “ақылмен жөн сілтеп”, балаларыңды ‘Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеуге’ тырысып жүрген болсаң, сенің де жақсы нәтиже күтуіңе болады (Ефестіктерге 6:4).
ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫ ЖЕҢУ
18, 19. а) Толық емес отбасындағы әкелер мен аналар қай жағынан жалғыздық сезінуі мүмкін? ә) Тән құмарлықтарының жетегінде кетпеу үшін қандай кеңес беріледі?
18 “Үйге кіріп қаңыраған төрт қабырғаны көргенде, әсіресе балаларымды ұйықтатып болған кезде, жалғыздық жаныма қатты батып кетеді”,— деп налыды бір жалғыз басты кісі. Иә, жалғыз басты әкелер мен аналар үшін барлық проблемалардың ішіндегі ең қиыны — жалғыздық. Некелік өмірге тән жылы пікір алмасу мен жыныстық қарым-қатынасты аңсау — табиғи нәрсе. Бірақ бұл мәселені шешем деген талпыныспен бәріне де дайын болу қажет пе? Елші Пауылдың күндерінде кейбір жесір қалған жас әйелдер ‘тәндік құмарлықтарының жетегіне еріп, Мәсіхке берілгендігінен безген’ (1 Тімотеге 5:11, 12). Рухани нәрселерді тән құмарлықтарының басып тастауына жол беру аса қауіпті (1 Тімотеге 5:6).
19 “Жыныстық қатынасты құмарту сезімінің әсері күшті, бірақ оны басып отыруға болады. Мұндай ой келгенде әрі қарай басыңда сақтамай, керісінше, шығарып тастаған дұрыс. Балаларың туралы ой да көмектеседі”,— дейді бір мәсіхші ер адам. “Нәпсіқұмарлық” сияқты ”күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңнан арылыңдар” деген кеңес береді Құдай Сөзі (Қолостықтарға 3:5). Тәбетіңнен ‘арылғың’ келсе сен тәтті тағамдар туралы жазылған журналдарды оқып, не тек тамақ жайында айтатын адамдармен араласқан болар ма едің? Әрине бұлай істемейсің! Тән құмарлығы да осы сияқты.
20. а) Өзімен бір сенімде емес адаммен жолығып жүргендер үшін қандай қауіп-қатер бар? ә) Бірінші ғасыр мен біздің кезіміздегі жалғыз басты адамдар жалғыздықты қалай жеңген?
20 Кейбір мәсіхшілер өзімен бір сенімде емес адаммен жолығуды бастап жатады (1 Қорынттықтарға 7:39). Осылай істесе мәселе шешіле ме? Жоқ, шешілмейді. “Жалғыздықтан да өткен сорақы нәрсе бар. Ол — тұрмыс құруың керек емес адаммен некеге тұру!” — деп ескертеді күйеуінен ажыраған бір әйел. Жалғыздық деген нәрсе, әрине, бірінші ғасырда өмір сүрген жесір әйелдердің де басында болған, дегенмен парасатты әйелдер қолдарын ‘қонақжайлылық таныту, Құдайдың адамдарына қарапайым қызмет көрсету, бейшараларға көмектесу’ сияқты істермен айналысудан босатпаған (1 Тімотеге 5:10). Өзімен бір сенімдегі адамды табуға қаншама жылдан бері үміттеніп жүрген қазіргі адал мәсіхшілер де осындай істермен шұғылдануда. Бір алпыс сегіз жастағы мәсіхші жесір әйел өзін жалғыз сезінгенде басқа жесір әйелдерге баратын. “Қонаққа барып, үй жұмыстарымен айналысып, рухани сергек боп қалудың қамын жасаймын деп жүргенде жалғыздықты сезінуге уақыт қалмайды”,— деді ол. Ал әсіресе пайдалы игі іс — өзгелерге Құдай Патшалығы туралы шындықты үйрету (Матай 28:19, 20).
21. Дұға мен жақсы пікір алмасу жалғыздықты жеңуге қалай көмектесуі мүмкін?
21 Рас, жалғыздықтан бірден құтылу мүмкін емес. Бірақ Ехобаның беретін күшімен жалғыздыққа төзуге болады. Мұндай күш мәсіхші ‘күні-түні жалбарынып, дұға еткенде’ келеді (1 Тімотеге 5:5). Жалбарыну дегеніміз — жүректі жарып шыққан өтініш, иә, көмек сұрап жалынып-жалбарыну, бұл тіпті бар дауыспен әрі көз жасты төге отырып сұрау болуы мүмкін. (Еврейлерге 5:7, салыстырыңдар.) Ехобаға көкейіңдегіні “күні-түні” ақтарып айту шынында да пайдалы. Оның үстіне, жақсы пікір алмасудың да жалғыздықтың орнын толтыруға көмегі көп. Осындай пікір алмасудың кезінде, Нақыл сөздер 12:25-те жазылғандай, жігер беретін “жақсы сөз” естуге болады.
22. Кейде өзіңді жалғыз сезінетін болсаң нені есте ұстаған дұрыс?
22 Кейде өзіңді жалғыз сезінсең, ал бұлай болуы әбден мүмкін, барлық адамның басында қиындық бар екенін есіңде ұста. Шын мәнінде “дүниенің төрт бұрышындағы бауырластарың” әйтеуір бір азап шегуде (1 Петір 5:9). Өткенмен өмір сүрме (Екклесиаст 7:10). Қазіргі өміріңнің артықшылықтарын көре біл. Ал бәрінен де маңыздысы — Ехобаға адалдық сақтап, оның жүрегін қуантуға беліңді бекем бу (Нақыл сөздер 27:11).
ӨЗГЕЛЕРДІҢ КӨМЕГІ
23. Қауымдағы жалғыз басты әкелер мен аналарға қатысты мәсіхшілердің қандай міндеттері бар?
23 Мәсіхшілердің қолдауы мен көмегі баға жетпес нәрсе. Жақып 1:27-де: ‘Құдай Әкенің алдындағы таза да мінсіз діншілдік [“мінажат”, ЖД] — қасірет шеккен жетім-жесірлердің қамын ойлау’,— делінген. Иә, мәсіхшілер толық емес отбасыларына жәрдем беруге міндетті. Қалай?
24. Көмекке мұқтаж толық емес отбасыларына қалай көмектесуге болады?
24 Материалдық жағынан жәрдем беруге болады. “Осы дүниелік мал-мүлкі бар біреу басына қиыншылық түскен бауырласына көре тұра тас жүректік танытса, оның бойында Құдайдың сүйіспеншілігі бар ма?” — дейді Киелі кітап (1 Жохан 3:17). “Көре тұра” деп аударылып отырған грек сөзі көздің әлденеге кездейсоқ түсуін емес, үңіле қарауды білдіреді. Бұл көмек көрсетуге ықылас қойған мәсіхші алдымен мұндай отбасының жағдайы мен қажеттіліктерін білуі керек екендігін көрсетеді. Бәлкім оларға қаражат керек шығар. Енді біреулері үйіндегі бір нәрсесін жөндеп көмектескенге мұқтаж болар. Немесе, жай ғана бірге тамақтануға не бірге көңіл көтеруге шақырғанның өзіне олар риза болуы мүмкін.
25. Мәсіхшілер толық емес отбасыларына қалай жанашырлық таныта алады?
25 Оның үстіне, 1 Петір 3:8-де: “Бәрің де өзара пікірлес, жанашыр, бір-біріңді туған бауырлардай сүйетін, қайырымды, тату, кіші пейіл болыңдар”,— делінген. Алты баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана былай дейді: “Күн көру қиын болғандықтан кейде жабырқау күйге түсемін. Бірақ ауық-ауық бауырластарымның бірі маған: — Джоан, сенің істеп жүргенің дұрыс. Сен бекерден-бекерге тырысып жүрген жоқсың,— дейді. Өзгелердің сені ойлап, сенің қамыңды жегені кәдімгідей көмектеседі”. Жасы үлкен мәсіхші әйелдер жалғыз өзі бала тәрбиелеп жатқан аналарға олардың ер адамдармен бөлісуге қысылатын проблемаларын тыңдау арқылы ерекше көмек көрсете алады.
26. Рухани толысқан мәсіхші ер адамдар әкесіз өсіп жатқан балаларға қалай көмек көрсете алады?
26 Мәсіхші ер адамдар басқаша жолдармен көмектесе алады. Құдайға адал болған Аюп: “Демеушісі жоқ жетімді құтқаратынмын”,— деген (Аюп 29:12). Бүгінде мәсіхші ер адамдар әкесіз өсіп жатқан балаларды назардан тыс қалдырып жатқан жоқ және жасырын жатқан қандай да бір теріс пиғылсыз оларға ‘пәк жүректен... сүйіспеншілік’ көрсетуде (1 Тімотеге 1:5). Өз отбасыларын қараусыз қалдырмастан, олардың кейбіреулері әкесіз өсіп жатқан балалармен бірге кейде уағыздау қызметіне барады, әрі оларды өз отбасымен бірге Киелі кітапты зерттеуге шақырып отырады не бірге уақыт өткізеді. Мұндай көмек әкесіз өсіп жатқан баланы жаман жолдан сақтай алады.
27. Жалғыз басты әкелер мен аналар кімнен қолдау табатындықтарына сенімді бола алады?
27 Сайып келгенде, жалғыз басты әке мен анаға ‘өз жүгін өзі көтеруіне’ тура келеді (Ғалаттықтарға 6:5, ЖД). Дегенмен оларды мәсіхші бауырластары мен Ехоба сүйеді. Ехоба жөнінде Киелі кітап былай дейді: “Тәңір... жетім мен жесірге жәрдем береді” (Забур 145:9). Ехобаның қолдауымен толық емес отбасылары жетістікке жете алады!
a Әдепсіз қылықтың нәтижесінде жүкті болған жас мәсіхші қыздың іс-әрекетін мәсіхшілер қауымы еш ақтамайды. Бірақ істеген ісіне өкінетін болса, қауым қариялары мен қауымның басқа да мүшелері оған өздерінің көмектерін ұсынуы мүмкін.
b Бұл жерде біз баланы әкенің не ананың қатыгездігінен қорғау керек жағдай туралы айтып отырған жоқпыз. Сондай-ақ, егер жұбайың, бәлкім, баланы сенен кетіруді көздеп, оның алдында сенің абыройыңды түсіруге тырысып жүрген болса, қалай әрекет жасау керектігі жөнінде тәжірибесі бар достарыңмен, болмаса қауым қарияларымен кеңескен дұрыс болған болар еді.