38-САБАҚ
Қызығушылық оятатын алғы сөз
АЛҒЫ сөз баяндаманың маңызды бір бөлігі болып табылады. Сондықтан басынан-ақ тыңдаушыларыңды қызықтыра алсаң, олардың әрі қарай да ұйып тыңдауы әбден мүмкін. Мысалы, егер уағыздау қызметінде үй иесін ә дегенде-ақ қызықтыра алмасаң, онымен әрі қарай әңгімені жалғастыра алмауың мүмкін. Ал баяндамаңның алғы сөзі қызықты болмай шықса, тыңдаушыларың залдан шығып кетпесе де, өз ойларымен болып кетуі мүмкін.
Алғы сөз дайындап жатқанда, келесі мақсаттарды есіңде ұста: 1) тыңдаушыларыңның көңілін жаулап алу; 2) не жайлы айтатыныңды айқын көрсету; 3) талқыланатын сұрақтың тыңдаушыларың үшін өте маңызды екенін көрсету. Кейбір жағдайларда бұл үш мақсатты бірдей іске асыруға болады, ал кейде олардың әрбірін өз алдына және әр түрлі ретпен қарастыру керек болады.
Тыңдаушылардың көңілін қалай жаулап алуға болады? Адамдардың залға келгенінің өзі олардың зер салып тыңдауға дайын екендігін білдірмейді. Неге? Өйткені әрбірінің өмірі көңілдерін алаңдатып, мазаларын кетіретін нәрселерге толы. Әлдекім отбасын уайымдаса, өзгесі тағы бір нәрсені уайымдап отырады. Олай болса, баяндамашы ретінде алдыңда тұрған оңайға соқпайтын тапсырма — олардың көңілін жаулап алуға және әрі қарай да зер салып отыруларына көмектесу. Бұған қол жеткізудің бірнеше жолы бар.
Тарихтағы ең әйгілі баяндамалардың бірі Таудағы уағыз болып табылады. Иса оны қалай бастады? Лұқаның хабарлауынша, ол: ‘Жарлылар, бақыттысыңдар... қазір ашыққандар, сендер бақыттысыңдар... қазір қайғырып жылағандар, сендер бақыттысыңдар... адамдар сендерді жек көрсе, бақыттысыңдар’,— деген (Лұқа 6:20—22). Неліктен бұл сөздер тыңдаушылардың қызығушылығын оятты? Өйткені Иса бірнеше ғана сөзбен олардың басынан кешіп жатқан ауыр қиыншылықтарын айтып өтті. Бірақ бұл қиыншылықтарға көп тоқталып жатпады: ол осы қиыншылықтарға қарамастан, бақытты болуға болатынын көрсетті, әрі мұны тыңдаушылары әрі қарай да тыңдағысы келетіндей етіп айтты.
Тыңдаушыларды қызықтырудың тиімді әдісі — сұрақтар қою. Бірақ кез келген сұрақ лайық келе бермейді. Егер сұрақтарың баяндамаңда тыңдаушыларыңа таныс нәрселерді ғана айтқалы отырғаныңды көрсетсе, олардың қызығушылығы тез арада-ақ жоғалуы мүмкін. Тыңдаушыларды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын не оларды жағымсыз жағынан көрсететін сұрақтарды қойма. Қайта, оларды ойлануға талпындыратындай сұрақтар таңдауға тырыс. Тыңдаушыларың іштей жауап беріп үлгеру үшін әрбір сұрақтан соң кідіріс жасап тұр. Егер олар өздерін сенімен ойша әңгімелесіп жатқандай сезінсе, онда назарларын жаулап алғаның.
Тыңдаушылардың көңілін жаулап алудың тағы бір жолы — өмірде болған оқиғаларды айтып беру. Бірақ ол оқиға әлдекімді ыңғайсыз жағдайға қалдыратын болса, көздеген мақсатыңа жете алмайсың. Егер оқиға есте қалып, бірақ оның не үшін айтылғанын ешкім түсінбесе де, осылай болғаны. Алғы сөзде айтылған оқиға баяндаманың негізгі бөлімінде ашылатын маңызды ойға арқау болу керек. Әңгімең қызықты болу үшін, оған кейбір майда-шүйде жайттарды қосу қажет, бірақ ол тым ұзақ болып кетпеу керек.
Кей баяндамашылар сөздерін соңғы жаңалықтардан, жергілікті газет беттеріндегі немесе қандай да бір әйгілі қайраткердің айтқан сөздерінен үзінді келтіріп бастайды. Келтірілген үзінділер тақырып пен тыңдаушыларға лайық келіп жатса, баяндаманы осылай бастаған да жақсы.
Егер баяндамаң бірқатар баяндамалардың бірі не қызмет кездесуінің бір бөлігі болса, алғы сөзіңнің қысқа да нұсқа болғаны жақсы. Көпшілікке арналған баяндама айтқанда, алғы сөзге бөлінген уақытты қатаң ұстан. Өйткені тыңдаушыларың үшін әлдеқайда құнды мәлімет баяндамаңның негізгі бөлімінде айтылады.
Әр нәрсеге күмәндана қарайтын не тіпті қатты қарсы болатын адамдардың алдында сөйлеуге тура келетін жайттар да болып қалуы мүмкін. Оларды қалай қызықтыруға болады? Бірде “Киелі Рух пен даналыққа бөленген” ертедегі мәсіхшілердің бірі Степанды ұстап алып, Жоғарғы кеңестің алдына әкелген болатын. Сол жерде Степан Мәсіх жолын қорғап, жақсы куәлік берді. Ол сөздерін қалай бастады? Степан ізет-құрметпен сөйлеп, кейін ешкім де шек келтіре алмайтын дәлел келтірді. ‘Қадірлі ағайындар мен ақсақалдар, сөзіме құлақ түріңіздер! Арғы атамыз Ыбырайымға... салтанатты ұлылыққа бөленген Құдай аян берді’,— деді ол (Ел. іс. 6:3; 7:2). Елші Пауыл Афиныдағы Ареопагта мүлдем басқа тыңдаушылардың алдында сөйлегенде, алғы сөзін: “Афинылықтар! Сіздердің айрықша діншіл екендеріңізді байқадым”,— деп бастаған (Ел. іс. 17:22). Осы екі жағдайда да баяндамашылардың алғы сөздері ұтымды болғандықтан, халық әрі қарай да тыңдауға дайын болған.
Уағыздау қызметінде де адамдардың қызығушылығын оята білуіміз керек. Егер үй иесі сенің келуіңді күтпеген болса, онда ол өз істерімен шұғылданып жатуы ықтимал. Кей елдерде, бейтаныс адамдарға барғанда, бірден келген себебіңді айтуың керек болады. Ал өзге бір жерлерде, не мақсатпен келгеніңді айтпас бұрын, жергілікті салтқа сәйкес, амандасу қажет (Лұқа 10:5).
Екі жағдайда да шын көңілден достық сыңай таныту арқылы әңгімеге жол ашуға болады. Әдетте адамның ойында жүрген нәрседен сөз бастаған жақсы. Бірақ оның ойында не бар екенін қалай білуге болады? Сен келгенде, ол немен айналысып жатқан еді? Бәлкім, бақта бірдеңе істеп не ауланы жинап, яки көлігін жөндеп, тамақ істеп, кір жуып не балаларының жағдайын жасап жүрген болар. Мүмкін, газетке көз жүгіртіп, я болмаса көшеде болып жатқандарға қарап тұрған болар? Қандай да бір бұйымдардан оның балық аулауға, спортқа, музыкаға, компьютерге қызығатыны немесе саяхат жасауды не басқа бірдеңемен айналысқанды жақсы көретіні байқала ма? Адамдарды көбінесе теледидардан не радиодан жуырда естіген хабарлар қызықтырады. Осындай мәселелерге қатысты сұрақ қою не соған ұқсас жайттар туралы қысқаша айта кету достық сыңайда әңгімелесуге жол ашады.
Исаның Сихар қаласына жақын жерде самариялық әйелмен болған әңгімесі — куәлік етуде әңгімені қалай бастаудың ең керемет үлгісі (Жох. 4:5—26).
Егер қауымның аумағында жиі-жиі уағыз айтылатын болса, алғы сөзді әсіресе жақсылап дайындау қажет. Әйтпесе, мүлдем куәлік бере алмай қалуың мүмкін.
Не туралы сөйлесетініңді айт. Мәсіхшілер кездесуінде бағдарлама төрағасы немесе сенің алдыңда шыққан бауырлас көбінесе өзінен кейін кім шығатынын хабарлап, баяндамаңның қалай аталатынын айтады. Дегенмен де, не жайлы айтатыныңды алғы сөзіңде өзіңнің де ескеріп өткенің жөн. Ол үшін, міндетті түрде болмаса да, тақырыбыңды қайталасаң болады. Әрине, тақырыбың баяндамаңның негізгі бөлігінде ашыла түседі, сөйтсе де, алғы сөзіңде қандай да бір жолмен әңгіме не жөнінде болатынына назар аударып кетсең болады.
Иса елшілерін уағыздауға жіберіп жатқанда, қандай хабарды жариялаулары керектігін нақты айтқан. Оның айтқан сөздеріне назар аударшы: “Бара жатып: — Көк патшалығы таяп қалды!— деп уағыздаңдар” (Мат. 10:7, ЖД). Ал біздің күнімізге қатысты ол: ‘Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар уағыздалатын болады’,— деген (Мат. 24:14). Киелі кітап бізді ‘Құдай сөзін уағыздауға’, яғни куәлік еткенде, тек Жазбаларға сүйенуге шақырады (Тім. 2-х. 4:2). Бірақ Киелі кітапты ашып көрсетерде не адамның назарын Патшалыққа аударарда белгілі бір көкейтесті мәселе жайлы сөз қозғау қажет. Мысалы, қылмыскерлік, жұмыссыздық, әділетсіздік, соғыстар, жастардың қиыншылықтары, ауру мен өлім туралы бірер ауыз сөз айтса болады. Бірақ жағымсыз нәрселер туралы тым ұзақ әңгімелесіп тұрудың қажеті жоқ, өйткені сенің сөздерің адамның рухын көтеріп, оларға көмектесуі керек. Әңгімені Құдай Сөзі мен Патшалықтың беретін үмітіне бұруға тырыс.
Талқыланып жатқан сұрақтың тыңдаушыларың үшін маңызды екенін көрсет. Қауым кездесулерінде сөйлегенде, талқылап жатқан сұрағың, жалпы алғанда, тыңдаушыларың үшін қызықты болады деп сеніммен айтуға болады. Бірақ олар айтылып жатқандардың тікелей өздеріне қатысты екенін түсініп құлақ сала ма? Сен дәл солардың бастан кешіп жатқан жағдайын айтып жатқандықтан, сені ұйып тыңдай ма, сондай-ақ сөздерің әрекет етуге деген ықыластарын оята ма? Егерде баяндамаңды дайындағанда тыңдаушыларыңның кімдер екенін, олардың тұрмыс-жағдайын, мазалайтын нәрселері мен көзқарастары жайлы ойланып, осыларды алғы сөзіңде ескерсең, осылай деуге болады.
Жиналыста сөйлесең де, уағыздауда әлдекіммен әңгімелессең де, тыңдаушыларды қызықтырудың ең жақсы жолдарының бірі — талқыланып жатқан сұрақтың оларға тікелей қатысы бар екенін көрсету. Тақырыбыңның олардың қиыншылықтарымен, мұқтаждықтары не ойындағы сұрақтарымен қандай байланысы бар екенін көрсет. Жалпы ойларды ғана айтып қоймай, нақты сұрақтарды талқылайтыныңды ашық білдірсең, олар сені көбірек зейін қойып тыңдайтын болады. Бұл үшін жақсылап дайындалуың керек.
Алғы сөзді қалай айтасың? Алғы сөзіңде не айтатының, әрине, ең маңыздысы. Бірақ оны қалай айтатының да тыңдаушылардың қызығушылығын оятады. Сол себепті дайындық барысында не айтатыныңды ғана емес, қалай айтатыныңды да ойластыр.
Мақсатыңа қол жеткізуде сөздерді дұрыс таңдай білу маңызды, сондықтан әсіресе алғашқы екі-үш сөйлемге ерекше назар аудар. Әдетте ең жақсысы — олардың қысқа да қарапайым болғаны. Қауым кездесулерінде айтатын баяндамада алғы сөзді жазып немесе жаттап алуға болады, сонда ойдағыдай нәтиже береді. Алғы сөзді асықпай айт, бұл баяндамаңды әрі қарай да қобалжымай, еркін айтуыңа көмектеседі.
Алғы сөзді қашан дайындау керек? Бұл туралы әркімнің ойы әр түрлі. Кейбір тәжірибелі баяндамашылар дайындықты осы алғы сөзден бастау керек деген ойда. Ал шешендік өнерді зерттеген өзгелері алғы сөзді баяндаманың негізгі бөлігі дайын болған соң әзірлеу керек деп есептейді.
Алғы сөзіңді тиянақтап дайындау үшін не туралы айтатыныңды және қандай негізгі ойларды қамтитыныңды сөзсіз білуің керек. Ал егер баяндаманы дайын жоспар бойынша даярласаң ше? Оны оқып шыққан соң, алғы сөзге қатысты бір ой келіп қалар, оны жазып қойғанда тұрған ештеңе жоқ. Жақсы деген алғы сөзде тыңдаушыларың мен жоспардағы материал есепке алыну керектігін ұмытпа.