39-САБАҚ
Ұтымды жасалған қорытынды сөз
СЕН, бәлкім, терең ізденіп, баяндамаңның негізгі бөлігіндегі материалды жақсылап реттеп, қызықты алғы сөз дайындаған да боларсың. Алайда бұл жерде тағы бір нәрсе, яғни ұтымды жасалған қорытынды қажет. Оның маңыздылығын ескермей жүрме. Соңында айтқандарың әдетте бәрінен де жақсырақ есте қалады. Қорытынды ұтымды шықпаса, оған дейін айтылғандарыңның әсері онша болмай қалуы мүмкін.
Келесі мысалға назар аударшы: өмірінің соңына таман Ешуа Исраил ақсақалдарының алдында есте қаларлықтай сөз сөйлеген. Ол Ехобаның Исраил халқына Ыбырайымның күндерінен бері не істеп келе жатқаны туралы түгел айтып берді. Бірақ соңында өте маңызды ойларды жай ғана қайталап қоя салды ма? Жоқ, ол зор сезімге бөленіп, халықты: “Тәңірден қорқып, оған пәктікпен және ақ пейілмен қызмет етіңдер”,— деп шақырды. Оның Ешуа 24:14, 15-те жазылған қорытынды сөзін оқып көр.
Елшілердің істері 2:14—36 дейінгі тармақтарда жазылған елші Петірдің б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамына жиналған жұртқа айтқан сөзі де көңіл қоюға тұрарлық. Алдымен, ол тыңдаушыларына Құдай рухының төгілуі жайлы Жоел айтқан пайғамбарлықтың орындалғандығының куәсі болып тұрғандарын түсіндірді. Сонан соң осы оқиғаның Забурде жазылған Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтармен байланысын көрсетті. Онда Иса Мәсіхтің қайта тірілетіндігі мен Құдайдың оң жағына отырып жоғарылайтыны айтылған. Ал сөзін қорыта келіп, Петір сол жерде тұрғандардың әрқайсысына қатысты бар жайтты анық көрсетіп, былай деді: “Сондықтан бүкіл Исраил елі мынаны анық білсін: Құдай сендер айқышқа [“бағанаға”, ЖД] шегелеткен осы Исаны “Иеміз” және “Мәсіх” етіп тағайындады!” Сонда тыңдап тұрғандар: “Бауырластар, біз енді не істеуіміз керек?”— деп сұрады. Петір: “Әркім күнәсі кешірілу үшін теріс жолдан қайтып, шомылдыру рәсімінен өтсін!”— деп жауап қатты (Ел. іс. 2:37, 38). Сол күні естігендерінен қатты әсер алған үш мыңдай адам Иса Мәсіх туралы шындықты қабыл алды.
Есте ұстайтын жайттар. Қорытынды сөз тақырыппен тікелей байланысты болу керек. Олар айтылған негізгі ойларды қисынды етіп қорытындылау керек. Мүмкін, тақырыптың негізгі сөздерін немесе оның толық атауын қайталауды жөн деп табарсың.
Әдетте баяндаманың мақсаты тыңдаушыларды естігендеріне сай әрекет етуге талпындыру болып табылады. Қорытынды сөздің негізгі мақсаттарының бірі — нақты не істеу керектігін көрсету. Тақырып пен негізгі ойларды таңдағанда, оның тыңдаушыларың үшін неліктен маңызды болатындығы мен оны айтудағы мақсатыңды жақсылап ойлап алдың ба? Ойланған болсаң, тыңдаушыларыңды қандай іс-әрекетке талпындыру керектігін білесің. Ендігі жерде, не істеу керектігін көрсетуің қажет, бәлкім, оны қалай істеу керектігін де түсіндірерсің.
Қорытынды сөз не істеу керектігін көрсетумен қатар, іс-әрекетке талпындыру керек. Ол үшін неліктен дәл солай әрекет ету керектігін көрсететін келелі себептерді келтір. Сонымен қатар осылай әрекет етудің пайдасы жайлы да айтып өтсең болады. Егер соңғы сөйлем жақсылап ойластырылып, құрастырылса, бүкіл баяндаманы әсерлі етеді.
Баяндаманың аяқталып келе жатқанын есіңнен шығарма. Бұл сөзіңнен байқалып тұру керек. Сөйлеу қарқыны да осыған сай болу қажет. Соңына дейін тез сөйлеп келіп, аяқ астынан тоқтап қалмайтындай бол. Сондай-ақ барған сайын жай сөйлеп, ақырында, үніңнің шықпай қалғаны да жақсы емес. Даусыңды айтарлықтай қатты шығар, бірақ айқайлама. Соңғы бірнеше сөйлемің сөзіңді аяқтайтыныңды көрсететін сарында айтылу керек. Даусыңнан айтқандарыңның маңызды екендігі мен сенімділік байқалып тұру керек. Баяндамаңды қайталап жаттыққанда, қорытындыны да қайталауды ұмытпа.
Қорытындының ұзақтығы қандай болу керек? Бұған сағатқа қарап жауап бере салуға болмайды. Қорытынды тым созылып кетпеу керек. Оның қаншалықты ұзақ болғаны дұрыс екенін тыңдаушыларға қалай әсер ететініне қарап анықтауға болады. Қарапайым, анық және нақты айтылған қорытынды барлық уақытта да бағаланады. Қысқаша көрнекі мысалы бар ұзындау қорытынды да ұтымды болады. Бірақ мұндай қорытындыны мұқият ойластырып алу керек. Мысалы, келесі екі қорытындыны салыстырып көрсең болады: біріншісі — Екклесиаст 12:13, 14-тегі бүкіл Екклесиаст кітабына жасалған қысқаша қорытынды да, екіншісі — одан әлдеқайда қысқа Таудағы уағызға жасалған қорытынды. Оны Матай 7:24—27 дейінгі тармақтардан табуға болады.
Уағыздау қызметінде. Ұтымды қорытынды жасау әсіресе уағыздау қызметінде жиі қажет болады. Алдын ала дайындалғанымыз және адамдарға сүйіспеншілікпен көңіл бөлгеніміз жақсы нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі. Ілгеріде айтылған кеңестерді адамдармен сөйлескенде де қолдануға болады.
Кейде әңгіме өте қысқа болады. Адамның қолы тимей жатса, ол бір минуттан да аспауы мүмкін. Жағдайға қарап, бәлкім, былай дерсің: “Қолыңыз тимей жатқанын көріп тұрмын. Сізбен тек бір ғана жақсы оймен бөліссем бола ма? Киелі кітапта Жаратушымыздың керемет ниеті бар екені айтылады: ол адамдардың жер бетінде мәңгі және бақытты өмір сүргенін қалайды. Сол Жұмақта біз де өмір сүре аламыз, бірақ ол үшін Құдайдың талаптарымен танысуымыз керек”. Я болмаса жай ғана өзге бір ыңғайлы уақытта келуді ұсынсаң болады.
Егер үй иесі шорт қайырып немесе дөрекі жауап беріп, онымен сөйлесу мүмкін болмаса да, жақсы нәтижеге қол жеткізе аласың. Матай 10:12, 13 пен Римдіктерге 12:17, 18-де жазылған кеңестерді есіңде ұста. Момындықпен жауап қайтарғаның олардың Ехоба Куәгерлері туралы көзқарастарын өзгертуі ықтимал, ал мұны жақсы жетістік деуге болады.
Енді өзге бір жағдайды, яғни үй иесімен жақсылап әңгімелесе алған жағдайды алайық. Мұндайда үй иесі негізгі ойды есінде сақтап қалу үшін оны қайтала. Оны іс-әрекетке талпындыратындай бірдеңе айт.
Ал егер адаммен қайта жолығып, әңгімені жалғастыруға болатынын көрсең, оны сол кездесуді күтуге талпындыр. Мысалы, “Жазбалар туралы пікір алысу” (ағ.) кітабындағы немесе үй жағдайында Киелі кітапты зерттеуге арналған әдебиеттердегі қандай да бір сұрақты қой. Исаның Матай 28:19, 20-да жазылған сөздерімен біздің алдымызға қандай мақсат қойғанын есіңде ұста.
Мүмкін, сен бір адаммен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізіп жүрген шығарсың? Егер сабақтың соңында тақырыпты қайталайтын болсаң, ол талқылаған мәліметтерді есінде жақсы сақтап қалады. Қайталауға арналған сұрақтар — әсіресе, асықпай қайталайтын болса — негізгі ойларды жақсы ұғып алуына көмектеседі. Алған білімдерінің өзіне қандай пайдасы бар екені, сондай-ақ оны өзгелермен қалай бөлісуге болатыны жайлы сұрақ қоя отырып, үйренгендерін өмірде қалай қолдануға болатынын ойлануына көмектесесің (Нақ. с. 4:7).
Қорытынды оған дейін айтылғандардың бәрінің нәтижелі болуына әсер ететінін есіңде ұста.