24-ТАРАУ
Ұрлық жасаушы болма!
БІРЕУ сенің затыңды ұрлаған ба? ~ Сол кезде өзіңді қалай сезіндің? ~ Оны алған адам — ұрлықшы, ал ұрлықшыны ешкім жақсы көрмейді. Сеніңше, адам қалай ұры болады? Ол ұры болып туыла ма? ~
Алдыңғы тараудан білгеніміздей, адамдар күнәкар болып туылады. Сондықтан бәріміз де кемелсізбіз. Бірақ ешкім ұры болып туылмайды. Кейбір адамдар жақсы отбасында тәрбиеленсе де, ата-анасы мен бауырлары шыншыл әрі адал кісілер болса да, ұры болып кетуі мүмкін. Олар ақша мен дүние-мүлікті қатты қалағандықтан ұрлыққа барады.
Ең алғашқы ұры кім, білесің бе? ~ Кәне, ойланып көрейік. Ұлы Ұстазымыз оның кім екенін білген, өйткені оның ұрлық жасағанын көктен көрген. Бұл ұры періште еді. Бірақ Құдай барлық періштені кемелді етіп жаратты емес пе?! Онда олардың біреуі қалайша ұры болып кетті? ~ 8-тараудан білгеніміздей, ол өзгеге тиесілі нәрсені иемденгісі келді. Мұның не екені есіңде ме? ~
Алғашқы әйел мен еркек жаратылған соң, әлгі періште оларды өзіне ғибадат еткізгісі келді. Бірақ оның бұған құқы жоқ еді. Өйткені адамдар тек Құдайға ғибадат ету керек болған. Сондықтан періште Адам мен Хауаны алдап, өзіне ғибадат еткізді. Осылай ол Құдайға тиісті ғибадатты ұрлады. Сөйтіп, ол ұры болып, Шайтан Ібіліске айналды.
Сеніңше, адам неге ұрлық жасайды? ~ Біреудің затын алуды қалағандықтан жасайды. Бұл қалаудың күштілігі сонша — ол тіпті жақсы адамды жаман іске итермелеуі мүмкін. Ұры болған кейбір адамдар түзу жолға қайтып оралмайды. Осындай адамдардың бірі Исаның елшісі Яһуда Исқариот болған.
Яһуда ұрлық жасаудың дұрыс емес екенін түсінген. Өйткені ол кішкентайынан Құдай Заңын біліп өскен. Ол Құдайдың көктен өз халқына: “Ұрлық жасама!”— деп айтқанын білетін (Мысырдан шығу 20:15). Яһуда есейгенде Ұлы Ұстазбен танысты, сөйтіп, оның шәкірті болды. Кейін Иса оны тіпті 12 елшісінің бірі етіп таңдады.
Иса елшілерімен бірге ел аралап, әрі бірге тамақтанып жүрді. Олар өздерінің ортақ ақшаларын бір жәшікте сақтайтын. Бұл жәшікті Иса Яһудаға сеніп тапсырды. Әрине, оның ішіндегі ақша Яһуданікі емес еді. Бірақ уақыт өте келе оның не істегенін білесің бе? ~
Яһуда ешкімге көрсетпей жәшіктен ақша ұрлай бастады. Келе-келе ол көбірек ұрлаудың жолдарын іздеуге көшті. Оның ойлайтыны тек ақша болды. Осындай жаман қалау ақыр соңында неге апарғанын көрейікші. Бұл жағдай Ұлы Ұстаздың өліміне бірнеше күн қалғанда орын алды.
Иса шәкірттерімен отырғанда, Елазардың әпкесі Мәриям қымбат иісмай әкеліп, оның аяғына жағады. Бірақ Яһуда бұған наразылық білдірді. Неге екенін білесің бе? ~ Яһуданың айтуынша, иісмайды аяққа жаққанша, оны сатып, түскен ақшаны кедейлерге беру керек еді. Бірақ, шын мәнінде, Яһуда сол ақшаның жәшікке түскенін қалады. Сонда ол оны ұрлай алар еді (Жохан 12:1—6).
Иса Яһудаға: “Мәриямды жайына қалдыр, ол маған жақсылық жасады”,— дейді. Исаның бұл сөздері Яһудаға ұнамай қалады. Сондықтан ол Исаға өшігіп жүрген жоғарғы діни қызметкерлерге барады. Өйткені олар Исаны тұтқынға алуды ойластырып жүрген еді. Бірақ мұны адамдардың көзінше емес, түнде істемекші болған.
Яһуда діни қызметкерлерден: “Исаны қолдарыңа түсірсем, маған қанша ақша бересіңдер?”— деп сұрайды.
“Отыз күміс теңге береміз”,— дейді олар (Матай 26:14—16).
Яһуда діни қызметкерлердің берген ақшасын алды. Бұл әрекеті Ұлы Ұстазды оларға сатып жібергенмен бірдей болды. Не деген сұмдық, келісесің ғой? ~ Көрдің бе, ақша ұрлап, ұрлықшы болған адам осындай іске дейін барады екен. Яһуда ақшаны адамдардан да, тіпті Құдайдан да көбірек жақсы көріп кеткен.
Бәлкім, сен: “Мен ешқашан еш нәрсені Ехобадан артық жақсы көріп кетпеймін”,— деп айтатын шығарсың. Әрине, осылай ойлағаның дұрыс. Иса Яһуданы елші етіп таңдағанда, ол да осылай ойлаған шығар. Ұрлық жасамай тұрғанда, кейбір адамдардың да ниеттері дұрыс болған. Кел, енді сондай адамдар туралы сөйлесейік.
Солардың бірі — Ахан. Ол Ұлы Ұстаз жерде туылмай тұрғанда өмір сүрген Құдай қызметшісі еді. Бірде Ахан әдемі шапанды, кесек алтын мен күміс теңгелерді көреді де, соларды қатты алғысы келеді. Бірақ бұл заттар, Киелі кітапта айтылғандай, Ехобанікі болатын, өйткені олар оның халқының жауларынан тартып алынған еді. Ахан сол заттарды иемденгісі келгені сонша — ақыр соңында ұрлық жасады (Ешуа 6:19; 7:11, 20—22).
Енді ежелде өмір сүрген Дәуіттің не істегенін көрейік. Ехоба оны Исраилдің патшасы етіп тағайындаған болатын. Бір күні Дәуіт Барсабия деген сұлу әйелді көріп қалады. Оған ұзақ қарап тұрып, оны өзіне әйел етіп алуды ойлайды. Бірақ Барсабия Ұрияның әйелі болатын. Сондықтан Дәуітке не істеу керек еді? ~
Дәуіт Барсабия туралы ойлауды тоқтату керек еді, бірақ ол бұлай етпеді. Дәуіт оны үйіне алғызды, ал Ұрияны өлтіртті. Ол неге мұндай зұлымдыққа барды екен? ~ Өйткені ол біреудің әйелін алуды қатты қалаған (Патшалықтар 2-жазба 11:2—27).
Кейін Дәуіт осы ісіне өкінді. Сондықтан Ехоба оны өлімге кескен жоқ. Алайда Дәуіт қылмысының ащы зардабын тартты. Оның Абессалом деген ұлы таққа отыруды армандады. Сондықтан ол Дәуітке келген адамдардың көңілдерін өзіне аудару үшін, алдарынан шығып, оларды құшақтап сүйетін болды. Киелі кітапта: “Абессалом исраилдіктердің жүректеріндегі Дәуітке деген сенімін ұрлады”,— делінген. Осылайша ол халықтың қолдауымен Дәуіттің тағын тартып алғысы келді (Патшалықтар 2-жазба 15:1—12).
Ахан, Дәуіт және Абессалом сияқты сен де бір затты қатты қалағансың ба? ~ Егер ол біреудің заты болса, әрі оны рұқсатсыз алсаң, бұл ұрлық болады. Алғашқы ұры — Шайтан нені иемденгісі келгені есіңде ме? ~ Ол Құдайға тиісті ғибадатты иемденгісі келді. Сондықтан Адам мен Хауаға өзінің дегенін істеткенде, Шайтан ұрлық жасады.
Әр адам өз затын қалай қолданатынын, кімге беретінін тек өзі шешеді. Мысалы, сен досыңның үйіне ойнауға барғанда, сол үйдің бір затын алып кетсең, дұрыс бола ма? ~ Досыңның ата-анасы рұқсат бермесе, еш нәрсені алуға болмайды. Бір нәрсесін сұрамай алып кетсең, ұрлықшы боласың.
Ұрлық жасауға сені не азғыруы мүмкін? ~ Біреудің затын қалағаның азғыруы мүмкін. Ұрлық жасағаныңды тіпті ешбір адам байқамаса да, кім көреді? ~ Ехоба Құдай. Ол ұрлықты жек көретінін есіңде ұста. Егер Құдайды және адамдарды жақсы көрсең, оларға деген сүйіспеншілік саған ұрлық жасамауға көмектеседі.
Киелі кітаптың мына тармақтарында ұрлық жасаудың дұрыс емес екені анық айтылған: Марқа 10:17—19; Римдіктерге 13:9 және Ефестіктерге 4:28.