94-ТАРАУ
Дұға мен кішіпейілділіктің маңызы зор
ТАБАНДЫ БОЛҒАН ЖЕСІР ӘЙЕЛДІҢ МЫСАЛЫ
ПАРЫЗШЫЛ МЕН САЛЫҚШЫНЫҢ ДҰҒАСЫ
Иса шәкірттеріне табандылықпен дұға ету керектігін бұрынырақта мысалмен түсіндірген болатын (Лұқа 11:5—13). Қазір ол Самарияда не Ғалилеяда болса керек. Құдайға дұға еткенде талмай сұрай беру керектігін тағы да түсіндіріп, мысал келтірді.
“Бір қалада Құдайдан қорықпайтын, адамды да сыйламайтын би болыпты. Сол қалада бір жесір әйел де тұрады екен. Ол әлгі биге қайта-қайта барып: — Соттасқан адамыммен арамыздағы дауды әділдікпен шешіп беріңізші,— деп сұрай береді. Алайда би біраз уақыт бойы көмектескісі келмей жүреді. Ақырында ол өз-өзіне: — Құдайдан қорықпаймын, адамды да сыйламаймын, бірақ мына жесір тыныштық бермей қойғандықтан, дауын әділдікпен шешіп берейін. Әйтпесе өтінішімен қайта-қайта келіп, әбден мезі қылар,— дейді” (Лұқа 18:2—5).
Сосын Иса былай деді: “Әділетсіз болса да, бидің не дегенін естідіңдер ғой? Олай болса, Құдай шыдамдылық танытып отырғанмен, өзі таңдап алған әрі өзіне күні-түні жалбарынып жүрген адамдары үшін қалайша әділдік орнатпайды?” (Лұқа 18:6, 7). Мұнымен Иса Әкесі туралы не айтқысы келді?
Иса Ехоба Құдай әділетсіз биге ұқсайды дегісі келген жоқ. Ол бұл мысалды салыстырма ретінде қолданды. Егер әділетсіз би қайта-қайта айтылған өтінішті орындаған болса, Құдай одан әлдеқайда әділ әрі ізгі ғой. Сондықтан адамның табандылықпен айтқан дұғасына жауап беретіні сөзсіз. Бұл Исаның: “Құдай олар үшін әділдік орнатуға асығады”,— деген сөздерінен көрінеді (Лұқа 18:8).
Адамдар жиі қарапайым не кедей жандарға әділетсіздік көрсетсе, бай мен беделділерге жағымпазданып жатады. Бірақ Құдай бұлай етпейді. Уақыты келгенде ол әділдік орнатып, зұлымдарды жазалайды, ал өз қызметшілеріне мәңгілік өмір сыйлайды.
Жесір әйелдікіндей сенім танытып, Құдайдың “әділдік орнатуға асығатынына” шын сенетіндер қанша болар екен? Иса әлгінде ғана табандылықпен дұға ету керектігіне назар аударса, енді, дұғаның күшіне сенуге қатысты сұрақ қойды. “Адам Ұлы келгенде, жер бетінен осындай сенім табар ма екен?”— деді ол (Лұқа 18:8). Осылайша Мәсіх қайтып келгенде, мұндай сенім көпшілікте болмайтынына меңзесе керек.
Исаны тыңдап тұрғандардың кейбірі өз сенімдерін мақтан тұтатын. Олар өздерінің әділдігіне сенімді болып, басқаларды менсінбейтін. Мұндай адамдарға Иса тағы бір мысал келтірді.
“Екі адам дұға ету үшін ғибадатханаға өрлеп барыпты. Бірі парызшыл, екіншісі салықшы екен. Парызшыл тұра қалып, іштей: — Уа, Құдай, басқалар сияқты тонаушы, әділетсіз, неке адалдығын бұзушы, мына салықшы сияқты да болмағаным үшін алғыс айтамын. Аптасына екі рет ораза ұстаймын, бар тапқанымның оннан бір бөлігін беремін,— деп дұға етеді” (Лұқа 18:10—12).
Парызшылдар адамдарға әсер қалдыру үшін әділсымақ кейіп танытатын. Әдетте олар дүйсенбі мен бейсенбі күндері көпшіліктің алдында ораза ұстайтын. Өйткені бұл күндері үлкен базарға көп адам келетін. Сондай-ақ тіпті шөп-шаламның оннан бір бөлігін қалдырмай беріп тұратын (Лұқа 11:42). Бірнеше ай бұрын олар қарапайым халыққа жеккөрінішпен қарайтындарын көрсетіп: “Ал Мұса Заңын білмейтін [парызшылдардың ойынша] мына халықты қарғыс атқан”,— деген болатын (Жохан 7:49).
Иса әңгімесін жалғап, былай деді: “Ал салықшы болса алыста тұрып, тіпті назарын көкке көтеруге де батылы бармай, кеудесін ұрғылап: — Уа, Құдай, мендей күнәкарға рақым ете көр!— деп жалбарынады”. Осылай салықшы кемшілігін кішіпейілділікпен мойындады. Сондықтан Иса: “Мына кісі үйіне қайтқанда, Құдайдың көз алдында әлгі парызшылдан гөрі әлдеқайда әділ болды. Өйткені өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады”,— деп сөзін аяқтады (Лұқа 18:13, 14).
Бұл сөздермен Иса кішіпейілділіктің маңыздылығын көрсетті. Бедел мен дәрежеге аса мән беретін әділсымақ парызшылдардың арасында туып-өскен шәкірттер үшін бұл өте қажетті кеңес еді. Исаның ізбасарларының барлығы да осы кеңеске ден қоюлары керек.