15-ТАРАУ
Теократиялық тәртіпке бағынудың пайдасы
ЕХОБАНЫҢ еркін ұйымдасқан түрде орындау үшін оған Әлемнің Әміршісі ретінде бағынғанымыз өте маңызды. Біз оның Ұлын мәсіхшілер қауымының Басы ретінде мойындаймыз. Өмірдің басқа да салаларында басшылық принципін ұстанамыз. Осылайша теократиялық тәртіпке бағынатын әркім мұның пайдасын көре алады.
2 Орнатылған билікке бағыну керектігі алғаш рет адам баласына Едем бағында мәлім болды. Бұл Мұсаның 1-жазбасы 1:28 және 2:16, 17-дегі Ехобаның бұйрығынан көрінеді. Жан-жануарлар адамдарға бағынышты еді. Ал Адам ата мен Хауа ана Ехобаның еркі мен билігіне бағыну керек болды. Осының арқасында тыныштық пен тәртіп орнайтын еді. Кейінірек басшылық принципін Қорынттықтарға 1-хат 11:3-те елші Пауыл айтып өткен: “Енді мынаны да білгендеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — еркек, ал Мәсіхтің басы — Құдай”. Бұл сөздерден көрінетіндей, Ехобадан басқаның бәрі біреуге бағынышты.
3 Қазіргі таңда көптеген адамдар басшылық принципін мойындамайды да, ұстанбайды да. Неге? Өйткені Едем бағында адамзаттың түп ата-анасы саналы түрде Құдайдың бүкіләлемдік билігінен бас тартты (Мұс. 1-ж. 3:4, 5). Бірақ мұнысымен олар керемет еркіндікке қол жеткізген жоқ. Қайта, олар зұлым рухани жаратылыс Шайтан Ібіліске бағынышты болды да қалды. Осы алғашқы бүліктің кесірінен адамзат Құдайдан алшақтап кетті (Қол. 1:21). Нәтижесінде бүгінде адамзаттың басым көпшілігі Шайтанның билігінде (Жох. 1-х. 5:19).
4 Біз Құдай Сөзіндегі шындықты біліп, соған сай өмір сүргеннің арқасында Шайтанның ықпалынан босадық. Өмірімізді Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен Куәгер болғандықтан, Ехобаны Әміршіміз деп мойындаймыз. Ехобаны “бәрінің басы” деп мойындаған Дәуіт патшамен толықтай келісеміз (Шеж. 1-ж. 29:11). Иә, мына сөздерді кішіпейілділікпен мойындаймыз: “Ехобаның Құдай екенін біліп алыңдар. Бізді жаратқан — сол, біз оның меншігіміз, Оның халқымыз, жайылымындағы қойлармыз” (Зәб. 100:3). Ехоба барлығын жаратқандықтан, оны ұлы Тұлға әрі толықтай мойынсұнуымызға лайықты Құдай деп білеміз (Аян 4:11). Біз, шынайы Құдайдың қызметшілері, Иса Мәсіхке еліктейміз, өйткені ол Құдайға мойынсұнып, керемет үлгі қалдырған.
5 Иса жерде шеккен азаптары арқылы не нәрсеге үйренді? Еврейлерге 5:8-де мұның жауабы бар: “Ол Құдай Ұлы бола тұра, шеккен азаптары арқылы мойынсұнуды үйренді”. Иә, Иса тіпті қиын шақта да көктегі Әкесіне адалдықпен мойынсұнды. Мұнымен қоса, өз бетінше ештеңе істемеді. Өз ойынан ештеңе айтпады, өзіне даңқ та іздемеді (Жох. 5:19, 30; 6:38; 7:16—18). Ол жердегі қызметінің барысында қарсылықтар мен қудалауларға кезіксе де, Ехобаның еркін орындаудан қуаныш тапқан (Жох. 15:20). Иса әр кез Құдайдың басшылығына мойынсұнған. Ол “өзін төмен тұтып”, тіпті “азап бағанасында өлгенше, мойынсұнғыш болды”. Исаның Ехобаға толық мойынсұнғанының көп пайдасы болды: адамзат мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болды, Исаның мерейі өсті және Әкесінің даңқы асқақтады (Філіп. 2:5—11; Евр. 5:9).
КІМГЕ БАҒЫНУЫМЫЗ КЕРЕК?
6 Ехобаның еркін орындап, мойынсұнар болсақ, оның бүкіләлемдік билігіне мойынсұнбайтындар іспетті көптеген уайымдарға берілмейміз, көңіліміз де түспейді. Жауымыз Ібіліс үнемі бізді жалмап қоюдың ретін іздейді. Осы Зұлымнан сақтану үшін оған қарсы тұрып, кішіпейілділікпен Ехобаға мойынсұнғанымыз жөн (Мат. 6:10, 13; Пет. 1-х. 5:6—9).
7 Біз мәсіхшілер қауымында Мәсіхтің басшылығы мен оның “адал да ақылды құлға” берген билігін мойындаймыз. Бұның бір-бірімізге деген көзқарасымызға және қарым-қатынасымызға әсері бар. Қауымда Құдайдың басшылығына мойынсұнсақ, ғибадатымыздың барлық саласында оның Сөзіне құлақ асуға дайын боламыз. Мұндай мойынсұнушылыққа қызметке қатысу, қауымға бару, кездесулерде атсалысу, ақсақалдарға бағыну мен ұйымның шараларын қолдау жатады (Мат. 24:45—47; 28:19, 20; Евр. 10:24, 25; 13:7, 17).
8 Құдайға мойынсұнғанымыздың арқасында қауымның ішінде татулық, тыныштық, тәртіп орнайды. Құдайдың бағынышты қызметшілері оның қасиеттерін паш етеді (Қор. 1-х. 14:33, 40). Ехобаның ұйымында жүрген біздер Дәуіт патшаның сезімдеріне ортақтасамыз. Ол Ехобаның қызметшілері мен зұлымдардың арасындағы жер мен көктей айырмашылықты көріп: “Қай халықтың Құдайы Ехоба болса, сол халық бақытты!”— деп қуана жар салған (Зәб. 144:15).
9 Неке мен отбасы құрылымында “әйелдің басы — еркек”. Ал еркектің басы — Мәсіх, Мәсіхтікі болса — Құдай (Қор. 1-х. 11:3). Әйелдер күйеулеріне бағынулары керек, ал балалар ата-анасына бағынышты (Ефес. 5:22—24; 6:1). Отбасының әр мүшесі осы басшылық принципін ұстанар болса, үй іші тату-тәтті өмір сүреді.
10 Күйеу өз басшылығын Мәсіхке еліктей отырып сүйіспеншілікпен жүргізеді (Ефес. 5:25—29). Ол басшылық етуде шектен шығып кетпесе не осы міндетінен бас тартпаса, оның жұбайы мен балалары оған қуана-қуана мойынсұнатын болады. Ал әйелдің міндеті — күйеуін толықтыратын көмекші болу (Мұс. 1-ж. 2:18). Күйеуін шыдаммен қолдап, құрметтейтін әйел оның ықыласына бөленеді, әрі Құдайға мадақ әкеледі (Пет. 1-х. 3:1—4). Ерлі-зайыптылар Киелі кітаптағы басшылыққа қатысты кеңесті орындауларымен балаларына Құдайға мойынсұну жағынан үлгі көрсетеді.
Теократиялық тәртіпке бағыну өміріміздің барлық саласына әсер етеді
11 Құдайға мойынсұнатынымыз “билік басындағыларға” қалай қарайтынымызға да әсер етеді, өйткені олардың “Құдай белгілеген орны бар” (Рим. 13:1—7). Заңға бағынатын азаматтар ретінде мәсіхшілер салық төлейді, осылай “патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға береді” (Мат. 22:21). Сондай-ақ аумақты өңдеу шаралары да деректерді қорғауға қатысты заңдарға сай болуы тиіс. Билік басындағыларға орнымен мойынсұнсақ, жазаға тартылмаймыз. Осылайша күш-қуатымызды уағыз ісіне бағыттай аламыз (Мар. 13:10; Ел. іс. 5:29).
12 Теократиялық тәртіпке бағыну өміріміздің барлық саласына әсер етеді. Біз сенім көзімен күллі адамзаттың Ехоба Құдайға бағынатын кезін көреміз (Қор. 1-х. 15:27, 28). Сонда Ехобаның бүкіләлемдік билігін қуана мойындайтындар қалай жарылқанады десеңізші! Олар мәңгілік бойы Ехобаға бағынышты болып қала бермек.