Қуанышты егін жинаушы болғайсыңдар!
“Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!” (МАТАЙ 9:37, 38).
1. Ненің көмегімен Құдайдың еркін әрі қарай да қажырлылықпен атқарудамыз?
ШОМЫЛДЫРУ рәсімінен өтіп, Ехобаның қызметшілерінің қатарына қосылған күнімізді есімізге түсірер болсақ — одан бері аз ғана уақыт өтті ме, әлде көп пе — ол кеше ғана болғандай көрінуі мүмкін. Сол уақыттан бастап Ехобаны мадақтау өміріміздегі ең басты нәрсеге айналды. Әр мүмкіндікті пайдаланып өзгелердің Патшалық туралы хабарды естуіне, мүмкін тіпті қабыл алуына, көмектесіп Ехобаның алдындағы қуанышты қызметіміз өміріміздегі ең маңызды нәрсе болды (Ефестіктерге 5:15, 16). Осы кезге дейін “Иеміздің ісін әрдайым молынан” істеп жүргенімізде уақыттың өте жылдам өтетінін байқап келеміз (1 Қорынттықтарға 15:58). Қиыншылықтарға кездесіп жататынымызға қарамастан, Иеміздің ісін атқарудағы қуанышымыз бұл істі әрі қарай да жалғастыра беруге талпындыруда (Нехемия 8:10).
2. Бейнелеп айтқандағы егін жинау ісін қуанышпен атқаруымызға не көмектеседі?
2 Мәсіхшілер ретінде, бейнелеп айтқанда біз егін жинау ісіне ат салысудамыз. Иса Мәсіх адамдарды мәңгі өмір сүрулері үшін жинауды егін жинаумен салыстырған еді (Жохан 4:35—38). Осындай егін жинау ісіне ат салысып жүргендіктен, осы іске қатысқан алғашқы мәсіхшілердің қуанышты болуларының себебін қарастырғанымыз бізді жігерлендіреді. Біз бүгінгі күнгі егін жинау ісіне қуанышпен ат салысуымызға көмектесетін үш факторды қарастырамыз: 1) біздің үміт отын жағатын хабарымыз, 2) лайықты адамдарды іздеудегі жетістіктеріміз және 3) егіншілер ретінде тыныштығымызды сақтауымыз.
Оларға егін жинау ісі тапсырылды
3. Исаның ертедегі шәкірттері не нәрсеге қуанды?
3 Б. з. 33 жылы қайта тірілген Исаны қарсы алу үшін Ғалилеядағы тауға барған кезде ертедегі егін жинаушылардың, әсіресе Исаның 11 адал елшісінің, өміріне қаншалықты өзгеріс енді десеңші! (Матай 28:16). Ол жерде “бес жүзден аса бауырластарымыз” болған болса керек (1 Қорынттықтарға 15:6). Исаның жүктеген тапсырмасы олардың есінде қалды: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, [барлық ұлттың арасынан шәкірт дайындаңдар, ЖД] Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!” (Матай 28:19, 20). Мәсіхтің шәкірттерінің қауымдары бір жерден соң екінші жерде қанат жая бастағанын көргенде, олар қатты қуғынға ұшырағандарына қарамастан зор қуанышқа кенелді. Уақыт өте келе ‘ізгі хабар аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жарияланды’ (Қолостықтарға 1:23; Елшілердің істері 1:8; 16:5).
4. Мәсіх шәкірттерін жұмсаған кездегі жағдай қандай еді?
4 Ғалилеядағы қызметінің басында Иса 12 елшісін қасына шақырып алып, оларға ‘Құдай Патшалығының... таяп қалғаны’ жайлы уағыздауды тапсырды (Матай 10:1—7). Исаның өзі де, “барлық қалалар мен ауылдарды аралап, мәжілісханаларда халыққа тәлім берді. Патшалық туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды ауру-сырқау атаулыдан сауықтырды”. Жиналған халыққа Исаның жаны ашыды, “себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара болатын” (Матай 9:35, 36). Бұл Исаға қатты әсер етіп, ол шәкірттеріне: “Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен [Ехоба Құдайдан] оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!” — деді (Матай 9:37, 38). Өзінің жердегі қызметінің алты айы ғана қалған кезде Яһудеядағы жағдайды да Иса дәл осылай суреттеп, егін жинайтын жұмысшылардың аз екенін айтты (Лұқа 10:2). Осы екі жағдайда да ол шәкірттерін егін жинауға жұмсады (Матай 10:5; Лұқа 10:3).
Үміт отын жағатын хабар
5. Қандай хабарды жария етудеміз?
5 Ехобаның бүгінгі күнгі қызметшілері ретінде біз егін жинау ісіне қуанышпен ат салысудамыз. Біздің зор қуанышқа бөленуіміздің бір себебі, біздің хабарымыз мұң басқан, жабырқаңқы адамдардың жүрегінде үміт отын жағатындығында. Исаның бірінші ғасырдағы шәкірттері сияқты “бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара” адамдарға ізгі хабарды, яғни үміт отын жағатын хабарды, жариялау біз үшін қандай құрмет десеңші!
6. Бірінші ғасырда елшілер қандай іспен шұғылданды?
6 Бірінші ғасырдың ортасында елші Пауыл ізгі хабарды уағыздаумен шұғылдануда еді. Оның егін жинаушы ретіндегі қызметінің нәтижелі болғаны анық, өйткені ол шамамен б. з. 55 жылы Қорынттағы мәсіхшілерге жазған хатында былай деді: “Бауырластар, мен сендерге уағыздаған Ізгі хабарды тағы да естеріңе салғым келеді. Сендер оны қабылдап, сенімдерің нығайып келді” (1 Қорынттықтарға 15:1). Елшілер мен бірінші ғасырдағы өзге де мәсіхшілер белсенді егін жинаушылар болған. Б. з. 70 жылы Иерусалимнің қирауымен аяқталған маңызды оқиғаның кезінде елшілердің қаншасының аман қалғаны Киелі кітапта айтылмаған, алайда біз елші Жоханның одан кейін 25 жыл бойы уағыз айтқанын білеміз (Аян 1:9).
7, 8. Ехобаның қызметшілері қандай үміт отын жағатын хабарды бұрын-соңды болмаған қарқынмен жариялауда?
7 Одан кейін, христиан әлемінің дін басыларының, яғни ‘әділетсіздіктің қолдаушысының’, ықпалы басым болған дәуір келіп жетті (2 Салониқалықтарға 2:3). Алайда XIX ғасырдың аяғына таман өмірлерін алғашқы мәсіхшілердің таратқан ілімдеріне сай келтіруге тырысқан адамдар үміт отын жағатын хабарды қабыл алып, Патшалықты жариялай бастады. Бірінші нөмірінен (1879 жылдың шілде айы) бастап, осы журналдың атауында “Мәсіхтің қатысып отырғанын хабарлаушы”, кейін “Мәсіхтің Патшалығын хабарлаушы” деген сөздер болды, ал қазір “Ехобаның Патшалығын жариялайды” деген сөздер бар.
8 Иса Мәсіх басқарып отырған Құдайдың көктегі Патшалығы 1914 жылы орнады, сол себепті біз қазір үміт отын жағатын хабарды бұрын-соңды болмаған қарқынмен жариялаудамыз. Неге? Өйткені Құдай Патшалығы өзге де жақсы нәрселерді іске асырумен қатар, жақын арада осы зұлым дүниені де жояды (Даниял 2:44). Бұдан артық қандай ізгі хабар болуы мүмкін? “Ауыр азап” болар алдында Патшалықты жариялауға ат салысудан асқан қуаныш бар ма? (Матай 24:21; Марқа 13:10).
Нәтижелі іздестіру жұмысы
9. Иса шәкірттеріне қандай тапсырма жүктеді және адамдар Патшалық туралы хабарды қалай қабылдады?
9 Егін жинаушылар ретінде қуанышқа бөленуіміздің тағы бір себебі — шәкірт болып, егін жинау ісінде бізге қосылғысы келетін адамдарды іздеудегі жетістіктеріміз. Б. з. 31, 32 жылдары Иса өзінің шәкірттеріне былай деп кеңес берді: ‘Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде... лайық адамды іздеп табыңдар’ (Матай 10:11). Патшалық туралы хабарды қалай қабылдағанынан көрінгендей, барлық адамдар бірдей лайықты болған жоқ. Сөйткенмен де, Исаның шәкірттері адамдар бар жердің бәрінде ізгі хабарды құлшыныспен уағыздады.
10. Пауыл лайықты адамдарды қалай толассыз іздеді?
10 Иса өліп, қайта тірілген соң, лайықты адамдарды іздеу ерекше қарқынмен жалғасты. Пауыл мәжілісханаға жиналған яһудилермен және Афины қаласындағы базарға жиналған адамдармен әңгімелесті. Грецияның Ареопаг қаласында куәлік еткен кезінде “кейбір адамдар оған қосылып, сенімді қабылдады, бұлардың арасында Ареопаг қоғамының мүшесі Дионис, сондай-ақ Дамар есімді әйел және тағы басқалар да болды”. Пауыл қайда жүрмесін “ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып” үлгі қалдырды (Елшілердің істері 17:17, 34; 20:20).
11. Көп жылдар бұрын қызметті атқару үшін қандай тәсіл қолданылды?
11 ХІХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында майланған мәсіхшілер батылдықпен лайықты адамдарды іздеумен болды. “Сион Күзет мұнарасы” журналының 1881 жылғы шілде/тамыз айларындағы нөмірінде “Уағыздау үшін майланғандар” деп аталатын мақалада былай деп айтылды: “Ізгі хабар туралы уағыз... тыңдауға дайын және тыңдай алатын “момындарға” арналған. Оның мақсаты солардың арасынан Мәсіхтің денесін құрайтындарды, яғни онымен бірге мұраға ие болатындарды жинау”. Құдайдың егін жинаушылары мұндай адамдарды жиі шіркеулерінен шығып келе жатқанда жолықтырып, оларға Киелі кітапқа негізделген тақырыптарға жазылған трактаттар беретін. Бұл мәлімет лайықты адамдардың жан дүниесіне әсер етуі керек еді. Осылай куәлік етудің тиімділігін мұқият қарастырған соң, “Күзет мұнарасының” 1903 жылғы 15 мамырдағы нөмірінде егін жинаушыларды трактаттарды “үйме-үй, дүйсенбі күндері түске дейін” таратуға шақырды.
12. Уағыздау ісіміздің тиімділігін қалай арттырдық? Мысал келтір.
12 Соңғы жылдары біз адамдармен тек үйлерінде ғана емес, өзге жерлерде де сөйлесіп, қызметіміздің аясын кеңейттік. Бұл тәсіл экономикалық жағдайдың әсерінен және көңіл көтеруге әуес болғандықтан адамдар әдетте біз келген кезде үйлерінде болмайтын елдерде өте тиімді болып шықты. Англиядағы екі бауырласымыз адамдардың күні бойы теңіз жағалауында дем алып, кешке қарай автобуспен кері қайтатынын байқайды да, батылдықтарын бойына жинап автобустарға кіріп, жолаушыларға “Күзет мұнарасы” және “Ояныңдар!” журналдарын ұсынуды әдетке айналдырады, сөйтіп бір айдың ішінде олар 229 дана журнал таратады. Олар былай дейді: “Біз жағалауда, іскерлер ауданында немесе қандай болмасын өзге де жерлерде куәлік етуге еш қорықпаймыз, өйткені Ехобаның әрқашан бізбен бірге екенін білеміз”. Олар әрдайым журнал алып оқып тұратын адамдар тапты, Киелі кітапты зерттеу сабақтарын бастады және екеуі де арагідік қосалқы ізашар ретінде қызмет атқарып тұрады.
13. Кей жерлерде қызметімізге қандай өзгеріс енгізуіміз керек?
13 Лайықты адамдарды іздеу ісі әлі де жалғасып жатқандықтан, кей аймақтарда қызметке шығатын уақыт кестемізді мұқият қарастыруымыз қажет болуы мүмкін. Көптеген Куәгерлер жексенбі күні таңертең үйме-үй жүріп уағыздауды әдетке айналдырғанымен, кейбір жерлерде бұл уақыттың онша тиімді емес екенін байқады, өйткені бұл кезде үй иелері әлі ұйықтап жатуы мүмкін. Қазір уақыт кестелеріне өзгеріс енгізген көптеген Куәгерлер түс ауа, мүмкін мәсіхшілер кездесуінен кейін, қызметке шығады. Және бұл уақыттағы қызмет шын мәнінде нәтижелі болуда. Өткен жылы Патшалықты жариялаушылардың саны дүние жүзі бойынша 2,3 пайызға өсті. Бұл өсім егіннің Иесінің даңқын шығарады және бізге де қуаныш сыйлайды.
Егін жинай жүріп, тыныштықты жоғалтпау
14. Ізгі хабарды қандай ниетпен уағыздаймыз және неліктен?
14 Біздің қуанышты болуымыздың тағы бір себебі — егін жинау ісімізді атқару барысында тыныштығымызды сақтауға тырысамыз. Иса былай деген болатын: “Үйге кіргенде амандасып: “Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!” деп бата беріңдер. Сол үйдегілер лайық болса, берген баталарың қонады” (Матай 10:12, 13). Еврейлерше сәлемдесу мен оның Киелі кітапта қолданылған грек тіліндегі баламасы “сіздерге барлық жақсылықты тілеймін” деген ойды білдіреді. Біз осындай ниетпен адамдарға ізгі хабарды уағыздаймыз. Патшалық туралы хабарды олар жылы қабылдайды деп үміттенеміз. Осылай қабылдағандардың Құдаймен татуласуға мүмкіндіктері бар. Ол үшін олар күнәлары үшін өкініп, теріс жолдан қайтып, Құдайдың еркін орындай бастайды. Құдаймен татулық өз кезегінде мәңгі өмірге жетелейді (Жохан 17:3; Елшілердің істері 3:19; 13:38, 48; 2 Қорынттықтарға 5:18—20).
15. Үй иелері біздің уағыздау ісімізді селқос қабылдаған жағдайда тыныштығымызды қалай сақтай аламыз?
15 Біз жолығып, сөйлескен адам хабарымызды селқос қабылдаған жағдайда тыныштығымызды қалай сақтай аламыз? Иса былай деген болатын: “Ал [үйдегілер] лайық болмаса, [баталарың] өздеріңе қайтып келеді” (Матай 10:13). Иса өзінің 70 шәкіртін жұмсағаны жайлы Лұқаның жазған хабарында Исаның келесі сөздері жазылған: “Егер онда амандық пен тыныштықты қабылдауға дайын кісі болса, берген баталарың соған қонады, әйтпесе өздеріңе қайтып келеді” (Лұқа 10:6). Адамдарға ізгі хабарды уағыздағанда, оларға мұны жылы шыраймен және достық көңілмен жеткіземіз. Үй иелерінің хабарымызды селқос қабылдауы, наразылық білдіруі немесе қатты сөздер айтқаны тек біздің бейбіт хабарымыздың ‘өзімізге қайтып келуіне’ себеп болады. Ешқайсысы да тыныштығымыздан айыра алмайды, өйткені ол Ехобаның киелі рухының жемісі болып табылады (Ғалаттықтарға 5:22, 23).
Егін жинаушылардың керемет мақсаты
16, 17. а) Қайта оралып барғандағы мақсатымыз не? ә) Киелі кітаптан жауап тапқысы келетін сұрақтары бар адамдарға қалай көмектесеміз?
16 Егін жинаушылар ретінде біз мәңгі өмір сүрулері үшін адамдарды жинау ісіне қатысып отырмыз. Сондай-ақ, уағыз айтқан адам хабарымызды жылы қабылдап, көбірек білгісі келсе және “амандық пен тыныштықты қабылдауға дайын” екенін білдірсе, қандай қуаныш сезінеміз десеңші! Оның Киелі кітаптан жауап тапқысы келген сұрақтары көп болып, бір жолыққанда оның бәріне жауап беру мүмкін болмайтын шығар. Бірінші барған кезімізде оның көп уақытын алған қолайсыз болуы мүмкін болғандықтан, не істеуімізге болады? Алдымызға осыдан шамамен 60 жыл бұрын айтылып кеткен мақсатты қоюымызға болады.
17 “Барлық Ехоба Куәгерлері Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізуге дайын болулары керек”. Бұл мәлімдеме 1937 жылдан 1941 жылға дейінгі аралықта шыққан “Зерттеу жүргізу үлгісі” аталған оқытуға арналған үш брошюраның соңғысында айтылған еді. Әрі қарай онда былай делінген болатын: “Барлық [Патшалықты] жариялаушылар Патшалық туралы хабарға қызығушылық білдіріп, Құдайдың ықыласына ие болған әр адамға мүмкін жолдың бәрін қолданып, бар ықыласымен көмектесулері керек. Қызығушылық білдірген адамның сұрақтарына жауап беру үшін... және содан кейін мүмкіндігінше ертерек Киелі кітапты зерттеу сабағын бастау үшін... қайта оралып бару керек”. Иә, біздің қайта оралып барудағы мақсатымыз — үй жағдайында Киелі кітапты зерттеу сабағын бастап, оны жүйелі түрде өткізуa. Қызығушы адамға деген достық көңіліміз бен сүйіспеншілігіміз зерттеу сабағына жақсы дайындалып, оны тиімді өткізуге талпындырады.
18. Жаңадан қызығушылық білдіріп жүрген адамдарға Иса Мәсіхтің шәкірті болуға қалай көмектесе аламыз?
18 “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабының және “Құдай бізден нені талап етеді” брошюрасы сияқты брошюралардың көмегімен үй жағдайындағы тиімді түрде Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізіп, осылайша жаңадан қызығушылық білдіріп жүрген адамдардың шәкірт болуына көмектесе аламыз. Егер, Ұлы Ұстазға, яғни Иса Мәсіхке, еліктеуге талпынатын болсақ, Киелі кітапты зерттеп жүрген адам біздің бейбітсүйгіштігіміз бен қуанышымыздан, шынайылығымыз бен Ехобаның нормалары мен басшылығына деген құрметімізден де көп нәрсеге үйренетін болса керек. Жаңадан қызығушылық білдірген адамдардың сұрақтарына жауап табуларына көмектескен кезімізде, сондай-ақ олар да өз тарабынан өзге адамдар қойған сұрақтарға жауап бере алулары үшін қолымыздан келгенін істелік (2 Тімотеге 2:1, 2; 1 Петір 2:21). Бейнелеп айтқандағы егін жинаушылар ретінде өткен қызмет жылының барысында бүкіл дүние жүзі бойынша орта есеппен 4 766 631 үй жағдайында Киелі кітапты зерттеу сабағы өткізілгеніне қуаныштымыз. Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізген егін жинаушылардың арасында болған болсақ, қуанышымыз күштірек болады.
Егін жинау ісінде қуанышқа бөленудеміз
19. Иса қызмет еткен уақытта және тікелей одан кейінгі уақытта егін жинау ісінде неліктен шаттануға себеп көп болды?
19 Иса қызмет еткен уақыттағы және тікелей содан кейінгі уақыттағы егін жинау ісінде шаттануға себептер көп болды. Сол кезде көптеген адамдар ізгі хабарды қабыл алды. Әсіресе б. з. 33 жылындағы алғашқы өнім мейрамы күні үлкен қуаныш болды. Сол күні 3 000-ға жуық адам Петірдің нұсқауын қабыл алды да, Ехобаның киелі рухы қонып, Құдайдың рухани Исраил халқының қатарына қосылды. ‘Иеміз күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырғандықтан’ ол халықтың саны өскен үстіне өсе түсіп, шаттықтың шегі болмады (Елшілердің істері 2:37—41, 46, 47; Ғалаттықтарға 6:16; 1 Петір 2:9).
20. Егін жинау ісімізде не нәрсе шексіз қуанышқа бөлейді?
20 Сол уақытта Ишая айтқан келесі пайғамбарлық орындалып жатқан еді: “Сен [Ехоба] санын көбейтіп халқыңның, Оған үлкен қуаныш та сыйлайсың. Адамдар өнім жинау маусымында, не жау олжасын бөлісіп алғанда қатты қуанатындары сияқты, халқың шаттанады Сенің алдыңда” (Ишая 9:3). Біз қазір майланғандардан тұратын ‘халықтың саны көбейіп’ толық санына жетіп қойғанын көріп отырсақ та, өзге де егін жинаушылардың санының жыл санап өсіп отырғанын бақылап, шексіз қуанышқа бөленудеміз (Забур 4:8; Зәкәрия 8:23; Жохан 10:16).
21. Келесі мақалада нені талқылаймыз?
21 Біздің егін жинау ісінде қуанышты болуымыздың себебі көп екені анық. Үміт отын жағатын хабарымыз, лайықты адамдарды іздеуіміз және тыныштығымызды сақтауға тырысуымыз — бұның бәрі де егін жинау ісімізде қуанышқа бөлейді. Алайда бұл ісімізге көптеген адамдар қарсы. Елші Жохан да осыны басынан кешкен еді. Ол ‘Құдай сөзін және Иса Мәсіхтің шынайы хабарын уағыздағаны үшін’ Патмос аралына жер аударылған болатын (Аян 1:9). Сол себепті қуғын мен қарсылыққа кездесетін болсақ, қуанышымызды қалай сақтай аламыз? Қазір уағыз айтқан кезімізде адамдардың қарсылығына қалай төзе аламыз? Келесі мақалада осы сұрақтарға жауап беру үшін Жазбалардың қалай көмектесетінін білеміз.
[Сілтеме]
a Алғашында зерттеу сабағы қызығушылық білдірген бір топ адамдар жиналған жерлерде ұйымдастырылатын. Алайда, көп ұзамай, зерттеу сабақтары әр адаммен жеке және отбасымен бірге де өткізілетін болды. (Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Ехоба Куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар” (ағ.) кітабының 574-бетін қараңдар).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Бейнелеп айтқандағы егін жинау дегеніміз не?
• Қандай хабар жариялаудамыз?
• Шәкірттер іздеу ісіміз неліктен нәтижелі болуда?
• Егін жинау ісінде тыныштығымызды қалай сақтаудамыз?
• Егін жинау ісінде неліктен қуанышқа бөленудеміз?
[8, 9-беттегі суреттер]
І ғасыр мен XX ғасырдағы уағыздау
[9-беттегі суреттер]
Пауыл сияқты, қазіргі егін жинаушылар да кез келген жерде адамдармен сөйлесуге тырысады
[9-беттегі сурет]
Ізгі хабарды жылы шыраймен жариялаңдар