Бақытты өмірдің кілті
“ТАЙМ” газетінде: “Соңғы екі ғасырдағы ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы ең беделді тұлға — Назареттен шыққан Иса Мәсіх”,— делінген болатын. Иса Мәсіх жерде өмір сүрген кезде мыңдаған адал ниетті адамдар оның құдіреттілігін ғана емес, өзгелерге деген қамқорлығын да көрген. Сондықтан олардың Исаны патша еткілері келгеніне таңғалудың қажеті жоқ (Жохан 6:10, 14, 15). Бірақ Иса саясатқа араласудан бас тартқан.
ОНЫҢ мұндай әрекетінің кем дегенде үш себебін түсіндіруге болады: біріншіден, Әкесінің, билік етуді қоса алғанда, адамдардың өз бетінше әрекет етуіне құқық бергені Исаның есінде болатын. Екіншіден, ол, адамдар қаншама тырысса да, олардың билікті дұрыс жүргізуіне кедергі болатын көзге көрінбейтін күштердің бар екенін білген. Ал, үшіншіден, Иса Құдайдың жер бетіне көктен билік жүргізетін үкімет орнататындығына қатысты еркіне сай әрекет еткен. Осы үш себепті мұқият зерттеу арқылы біз адамдардың дүниені жақсарту үшін салып жатқан күштерінің не себепті нәтижесіз болып жатқанын, сондай-ақ мұның қалай жүзеге асатынын көреміз.
Адамдар өздеріне билік жүргізе ала ма?
Адамдарды жаратқан соң, Құдай оларға хайуанаттар патшалығына билік етуге құқық берген (Жаратылыс 1:26). Ал адамдардың үстінен тек Құдай билік етуі керек еді. Алғашқы еркек пен әйел белгілі бір ағаштың, “жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың”, жемісін жемейтін болса, мұнысымен Құдайға мойынсұнатындықтарын көрсеткен болар еді (Жаратылыс 2:17). Өкінішке орай, Адам мен Хауа ерік бостандығын дұрыс қолданбастан, Құдайға бағынбады. Олардың тыйым салынған жемістен алып жеп қойғаны жай ұрлық қана емес, Құдайдың билігіне қарсы бүлік болатын. “Жаңа Иерусалим Киелі кітабына” берілген сілтемеде Адам мен Хауаның “толық моральдық тәуелсіздік жариялағаны, басқаша айтқанда, өздерінің жаратылғандарын мойындаудан бас тартқаны... Алғашқы күнәның Құдай Тағаланың билігіне қол сұғу болып табылғаны” айтылған.
Болған оқиғаның салдарынан моральға қатысты бірқатар келелі мәселелер көтерілді. Бұл мәселелерді шешу үшін Құдай Адам мен Хауаға және олардың ұрпақтарына өз білгендерінше өмір сүруге құқық берді, содан олар ненің жақсы, ненің жаман екенін өз беттерінше айыратын болды (Забур 147:8, 9; Римдіктерге 2:14). Негізінде бұл, адамзаттың өздеріне-өздері билік жүргізу үшін жасаған алғашқы әрекеті болатын. Олардың мұнысы жемісті болды ма? Қазір, мыңдаған жылдар өткен соң, біз: “Жемісті болған жоқ!” — дей аламыз. Екклесиаст 8:9-да (СА): “Адам адамның үстінен оған зиян келтіріп билік етеді”,— делінген. Адамзаттың өздеріне-өздері билік жүргізу үшін жасаған мұндай аянышты әрекеті Еремия 10:23-те жазылған сөздердің рас екендігін дәлелдейді (СА): “Тәңірім, адамның жолы өз еркінде емес екенін, өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес екенін білемін”. Құдайдың көмегінсіз адамдардың өздеріне-өздері билік ете алмайтындығын тарих дәлелдеп отыр.
Иса бұған күмән келтірмеген. Құдайдан тәуелсіз болу ол үшін ақылға қонбайтын нәрсе болған. Ол: ‘Еш нәрсені өз еркіммен істемеймін’,— деген. Сондай-ақ: ‘Әрқашан Оған [Құдайға] ұнайтынды істеймін’,— деген болатын (Жохан 4:34; 8:28, 29). Құдайдың рұқсатынсыз адамдардан билікті қабыл алу Исаның ойына кіріп те шықпаған. Алайда, бұл, оның адамзатқа көмектескісі келмейтіндігін білдірген жоқ. Керісінше, Иса адамдардың сол кезде де, болашақта да шынайы бақытқа қол жеткізе алуы үшін қолынан келгеннің бәрін істеген. Адамзат үшін ол тіпті өз өмірін де қиған (Матай 5:3—11; 7:24—27; Жохан 3:16). Бірақ ол “әр нәрсенің өз уақыты бар” екенін, әрі уақыты келгенде адамзаттың үстінен Құдай өзінің билігін орнататынын білген (Екклесиаст 3:1, СА; Матай 24:14, 21, 22, 36—39). Алайда біздің алғашқы ата-бабамыздың өздерімен кәдімгі жылан арқылы сөйлескен зұлым рухқа бағынғанын еске түсірейікші. Бұдан біз Иса Мәсіхтің саясатқа араласудан неліктен бас тартқандығының екінші себебін білеміз.
Әлемнің құпия билеушісі
Киелі кітаптағы мәліметке сәйкес, егер Иса Шайтанға жығылып табынса, ол Исаға “әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын” беремін деген (Матай 4:8—10). Былайша айтқанда, Исаға әлемді билеуге ұсыныс жасалған, бірақ ол Ібілістің қойған шартына келісуі керек болатын. Иса мұндай азғырылуға берілмеді. Алайда мұны расында да азғыру деуге бола ма? Шайтан сондай үлкен ұсыныс жасай алды ма? Иә, өйткені Исаның өзі Ібілісті “күнәкар дүниенің әміршісі” деп атаған ғой, ал елші Пауыл болса оны “күнәкар дүниенің “тәңірі” деген (Жохан 14:30; 2 Қорынттықтарға 4:4; Ефестіктерге 6:12).
Ібілісті адамдардың игілігі қызықтырмайтынын Иса әрине білген. Ол оны “кісі өлтіруші” және “өтірікші, [әрі] өтіріктің бастауы” деген (Жохан 8:44). Сол себепті, осындай зұлым рух ‘билігін жүргізіп отырған’ дүние ешқашан бақытты бола алмайтыны айдан анық (1 Жохан 5:19). Десе де Ібіліс мәңгі билік ете бермейді. Қазіргі уақытта үлкен күш иесі болып табылатын Иса, Шайтанды аластатып, жер бетін оның ықпалынан толықтай тазартады (Еврейлерге 2:14; Аян 20:1—3).
Шайтан әлемнің билеушісі ретінде билік жүргізетін күндерінің санаулы ғана екенін өзі де біледі. Сол себепті, ол Нұхтың күндеріндегі топан судың алдында қалай әрекет еткен болса, қазір де тап солай адамзатты барынша азғындық жолға түсіру үшін жанталасуда (Жаратылыс 6:1—5; Яһуда 6) Аян 12:12-де былай делінген: “Жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өзі уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы”. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар мен әлемде болып жатқан жағдайлар біздің Шайтанның билік ететін сол азғана уақытының соңында өмір сүріп жатқанымызға нұсқайды (2 Тімотеге 3:1—5). Демек, азаттыққа жетер күн алыс емес!
Бақытты ететін үкімет
Исаның саясаттан аулақ болуының үшінші себебі — Құдайдың өзі белгілеген уақыты жеткенде көктен жер бетіне билік жүргізетін үкімет орнайтынын білгендігіне негізделген. Киелі кітап аталмыш үкіметті Құдай Патшалығы деп атайды. Исаның тәлімінің басты тақырыбы осы Патшалық болған (Лұқа 4:43; Аян 11:15). Ол өзінің шәкірттерін сол Патшалықтың келуін сұрап дұға етуге үйреткен, өйткені Патшалық билік еткен уақытта ғана Құдайдың еркі көкте орындалғандай, жерде де орындалады (Матай 6:9, 10). Бәлкім, сіз: “Егер жерге Құдай Патшалығы билік ететін болса, адамдар орнатқан үкіметтер қайда қалмақ?” — деп таңырқайтын боларсыз?
Бұл сұрақтың жауабын Даниял 2:44-тен табуға болады (СА): “Сол патшалықтардың кезінде Көктің Құдайы мәңгілік құламайтын патшалық орнатады, бұл патшалық басқа халыққа берілмейді; ол [адамдар орнатқан] барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды да, өзі мәңгі тұратын болады”. Не себепті Құдай Патшалығы жердегі үкіметтерді ‘қиратып, талқандауға’ мәжбүр болады? Өйткені олар қайтпастан Құдайға қарсы қарсылық рухын танытып келеді. Едем бағында болған оқиғадан бері Шайтан адамдардың осындай рух танытуына түрткі болып келеді. Адамзаттың игілігіне қарсы әрекет етіп, қайтпастан Құдайға қарсы қиқарлық рухын танытатындардың Жаратушыға қарсы шыққаны (Забур 2:6—12; Аян 16:14, 16). Сол себепті әрқайсысымыз өзімізден: “Мен Құдайдың билігін қолдап жүрмін бе, әлде оған қарсы шығып жүрмін бе?” — деп сұрағанымыз жөн.
Сіз кімнің билігін таңдайсыз?
Адамдардың мәліметке қанық болып, кімнің билік еткенін қалайтынын таңдай алулары үшін, Иса өзінің шәкірттеріне қазіргі зұлым заманның ақырына дейін ‘Патшалық туралы ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін [оны] күллі әлемге уағыздауды’ тапсырған (Матай 24:14). Кімдер бүгінде Құдай Патшалығы туралы хабарды уағыздау ісімен айналысып жүргендігімен белгілі? Ехоба Куәгерлері. Көптеген жылдардан бері осы журналдың мұқабасында “Ехобаның Патшалығын жариялайды” деген сөздер жазылып келеді. Қазіргі уақытта алты миллионға жуық Ехоба Куәгерлері 230-дан астам елдерде адамдардың аталмыш Патшалық туралы шындықты білулеріне көмектесіп жүрa.
Патшалық азаматтарының алатын батасы
Иса әрқашан Құдайдың еркіне сай әрекет еткен. Сол себепті ол тәуелсіз болуды таңдаған жоқ, әрі саясатты қолдап немесе сол арқылы әлемді өзгертуге тырыспаған, қайта, дүние жүзінің проблемаларын шешудің жалғыз көзі болып табылатын Құдай Патшалығының мүддесін қолдау үшін бар күшін салған. Адал болғаны үшін Иса сыйға, яғни сол Патшалықтың көктегі тағына, ие болды. Құдайға мойынсұнғаны үшін оның алған сыйы қандай керемет десеңші! (Даниял 7:13, 14).
Бүгінгі күні, Иса іспетті, ең алдымен Патшалықтың қамын ойлап, әрі Құдайдың еркіне мойынсұнып жүрген миллиондаған адамдар да керемет сыйға — Құдай Патшалығының жердегі азаматы болу мүмкіндігіне — ие болуда (Матай 6:33). Патшалықтың сүйіспеншілікке толы басшылығының қол астында адамдар кемелділікке жетіп, мәңгі өмір сүретін болады (Аян 21:3, 4). 1 Жохан 2:17-де былай делінген: “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”. Шайтан мен оның соңынан ергендер жойылғаннан кейін, бүкіл жер беті ұлтшылдықтан, пасық алыпсатарлық пен жалған діннен тазартылып жұмаққа айналады. Сондай керемет жерде мәңгі өмір сүру қандай қуанышқа бөлейді десеңші! (Забур 36:29; 71:16).
Тек Құдай Патшалығының арқасында ғана дүние жүзіндегі адамдар бақытты өмір кеше алады, сол себепті де Патшалық туралы хабар орынды түрде ізгі хабар деп аталады. Егер сіз әлі күнге дейін бұл хабар жөнінде естімеген болсаңыз, тағы бірде Ехоба Куәгерлері есігіңізді қаққанда, неге олардың хабарына құлақ аспасқа?
[Сілтеме]
a Құдай Патшалығы туралы хабарды таратқанда Ехоба Куәгерлері саясатқа араласпайды. Олар, тіпті өздерін қудалап, атқарып жүрген істеріне тыйым салатын елдерде де, адамдарды үкімет басшылығына қарсы шығуға үгіттемейді (Титке 3:1). Керісінше, Иса мен оның І ғасырдағы шәкірттері іспетті саясатқа араласудан аулақ бола тұра, олар адамдарға рухани жағынан көмектесуге тырысады. Куәгерлер өздері тұратын жердегі әділеттілікті сүйетін адамдардың отбасындағы сүйіспеншілік, адалдық, әдептілік және еңбек этикасы сияқты Киелі кітаптағы құндылықтарды түсінуіне көмектеседі. Ең бастысы, олар өзгелерге Киелі кітаптағы принциптерді ұстануды және адамзатқа нағыз үміт беретін Құдай Патшалығына сенім артуды үйретуге тырысуда.
[5-беттегі суреттер]
Адамдар Құдайдың көмегінсіз нәтижелі билік жүргізе алмайтындығын тарих дәлелдеп отыр
[5-беттегі сурет]
Осы зұлым заманды Шайтан билеп отырғандықтан, ол Исаға “әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын” ұсынған
[6-беттегі суреттер]
Иса, Құдай Патшалығы билік еткенде дүние керемет болады деп үйреткен