Ехоба біздің панамыз
“Сен Тәңірге сенім артып келесің... басыңа енді жамандық түспейді” (ЗАБУР 90:9, 10).
1. Не себепті Ехоба біздің панамыз деп айта аламыз?
ЕХОБА өз халқы үшін нағыз пана болып табылады. Егер өзімізді Оған толықтай арнаған болсақ, келесі сөздер біздің өмірімізде орындалып жатқан болар: “Жан-жақтан қысым көрудеміз, бірақ тапталған жоқпыз, шарасыз болып қысылудамыз, бірақ үмітімізді үзген жоқпыз. Қуғынға түссек те, Тәңір бізді жалғыз қалдырған жоқ; жығылсақ та, жойылмаймыз”. Не себепті? Өйткені Ехоба бізге “табиғи күшімізден асқан күш, [ЖД]” беруде (2 Қорынттықтарға 4:7—9). Иә, көктегі Әкеміз әділ өмір сүруімізге көмектесуде және де Забур жыршысының “Сен Тәңірге сенім артып келесің, Алла Тағаланы панаң етесің, басыңа енді жамандық түспейді” деген сөздерін жүрегімізге жақын қабылдаймыз (Забур 90:9, 10).
2. Забурдың 90-жыры жайында не айтуға болады және онда не уәде етілген?
2 Забурдың 90-жырындағы бұл сөздерді Мұса жазған болуы мүмкін. Забурдың 89-жырының бірінші тармағында оны Мұсаның жазғаны айтылған, ал одан кейінгі 90-забур жырының басында оның авторы ретінде өзге жазушы аталмаған. Забурдың 90-жыры антифон ретінде шырқалған болса керек. Ол дегеніміз бір адам бастап (90:1, 2), хор оған жауап берген болуы мүмкін (90:3—8). Әрі қарай тағы да бір адам шырқап (90:9а), оған бір топ адам жауап берген болса керек (90:9ә—13). Ал соңғы сөздерін бір адам шырқаған болуы мүмкін (90:14—16). Қандай болған күнде де, Забурдың 90-жыры майланған мәсіхшілер табы мен топ ретіндегі олардың шын берілген серіктеріне рухани қауіпсіздікті уәде етедіa. Ал енді осы жырды Ехобаның қызметшілерінің көзқарасымен қарастырып көрейікші.
‘Құдайдың панасындағы’ қауіпсіздік
3. а) ‘Алла Тағаланың панасы’ дегеніміз не? ә) ‘Құдіреттінің саясында’ біз өзімізді қалай сезінеміз?
3 Забур жыршысы былай деп шырқайды: “Алла Тағаланың панасында тұрған адам, Құдіреттінің саясынан табады тыным. Мен Жаратқан Иеге былай дейтін болам: “Құтылатын баспанам менің әрі қорғаным! Құдайым, Саған шынымен сенімімді артам!” (Забур 90:1, 2). ‘Алла Тағаланың панасы’ — біз үшін және әсіресе әзәзілдің басты нысанасы болып табылатын майланған мәсіхшілер үшін бейнелеп айтқандағы қорған (Аян 12:15—17). Егер Құдайдың рухани баспанасы қорған болмағанда, әзәзіл біздің барлығымызды да жойып жіберер еді. ‘Құдіреттінің саясында’ біз Құдайдың көлеңкесінен пана тапқан сияқты өзімізді қауіпсіз сезінеміз (Забур 14:1, 2; 120:5). Әлемнің Әміршісі Ехобадан өзге ешқандай да сенімді пана немесе Одан берік қамал жоқ (Нақыл сөздер 18:10).
4. “Зұлым”, яғни Шайтан қандай құралдар қолданады және біз одан қалай аман қалудамыз?
4 Забур жыршысы әрі қарай былай дейді: “Алла Тағала сені зұлымның тұзағынан, я өлтіретін індеттен сақтайды аман” (Забур 90:3, сілтемені қара). Ежелгі Исраилде құсты көбінесе тұзақ немесе тор арқылы аулайтын. “Зұлым”, яғни Шайтан тұзақ ретінде өзінің зұлым ұйымы мен түрлі ‘қастық іс-әрекеттерін’ де қолданады (Ефестіктерге 6:11). Зұлым істерге араласып, рухани күйімізді құлдырату үшін жолымызға жасырын тұзақтар қойылған (Забур 141:3). Алайда, зұлымдық жасаудан бас тартатындықтан ‘біз тұзақтан аман қалған құсқа ұқсаймыз’ (Забур 123:7, 8). Ехобаның “зұлым” құс аулаушыдан қорғап жүргеніне қаншалықты ризамыз десеңші! (Матай 6:13).
5, 6. Қандай “індет” өлімге ұшыратуда, алайда неліктен Ехобаның халқы оларға қарсы тұра алады?
5 Забур жыршысы ‘өлтіретін індетті’ айтып отыр. Індет немесе жұқпалы ауру сияқты қандай да бір нәрсе жалпы адамзат баласының, соның ішінде Ехобаның жоғарғы билігін қолдайтын адамдардың да өліміне себеп болуда. Осыған байланысты тарихшы Арнолд Тойнби былай деп жазды: “Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бергі уақытта көптеген мемлекеттер ұлтшылдық рух танытып, тәуелсіздік алуда... бүгінде адамзат баласының есіл-дерті бөліну”.
6 Ғасырлар бойы кейбір басшылар ұлтаралық қақтығыстардың отын өршітіп отырды. Сондай-ақ олар өздерін немесе әр түрлі бейнелер мен рәміздерді қастерлеуді талап еткен. Алайда, Ехоба өзінің адал қызметшілерін осындай ‘індеттен’ ешқашан қорғансыз қалдырған емес (Даниял 3:1, 2, 20—27; 6:7—10, 16—22). Біздер араларында сүйіспеншілік орнаған халықаралық бауырластық ретінде Ехобаға шын берілгендігімізді көрсетеміз, Киелі кітаптың талабы бойынша бейтарап көзқарасты ұстанамыз және ‘Ол [Құдай] әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайтынын’ түсінгендіктен, адамдардың бет-жүзіне қарамаймыз (Елшілердің істері 10:34, 35; Мысырдан шығу 20:4—6; Жохан 13:34, 35; 17:16; 1 Петір 5:8, 9). Мәсіхшілер ретінде қуғын көрсек те, яғни ‘бақытсыздықтарға’ ұшырасақ та, біз қуаныштымыз және “Алла Тағаланың панасында” рухани жағынан қауіпсізбіз.
7. Ехоба бізді “қанатымен” қалай қорғауда?
7 Ехоба панамыз болғандықтан, біз келесі сөздерден жұбаныш табамыз: “Сені Өзінің “қанатымен” жауып алады, осылай өмірің қауіп-қатерсіз болады, қорғаның әрі қалқаның — Оның ақиқаты [“ақиқаттығы”, ЖД]” (Забур 90:4). Балапанын қорғап, үстінен қалықтап жүретін құс сияқты Құдай бізді қорғайды (Ишая 31:5). “Өзінің “қанатымен” жауып алады”. Құс балапанын қанатымен жауып, жыртқыштардан қорғайды. Қанаты қатаймаған балапан сияқты біз Ехобаның бейнелеп айтқандағы қанатының астында қауіпсіз өмір кешудеміз, өйткені Оның шынайы мәсіхшілерден тұратын ұйымын паналап жүрміз (Рут 2:12; Забур 5:2, 12).
8. Ехобаның “ақиқаттығы” қай мағынада қалқан және қорған болып табылады?
8 Біз Құдайдың ‘ақиқаттығына’, немесе адалдығына, арқа сүйейміз. Ол, пішіні жағынан көбінесе есік сияқты болып келетін және адамның бойын түгел жауып тұратын, биік, ерте замандағы үлкен қалқанға ұқсайды (Забур 5:13). Осындай қорғаныштың бар екендігіне сенімді болғандықтан, бізді үрей билемейді (Жаратылыс 15:1; Забур 83:12). Біздің сеніміміз сияқты Құдайдың “ақиқаттығы” да Шайтанның жанып ұшқан оқтары мен жауларымыздың соққысынан қорғайтын үлкен қалқан (Ефестіктерге 6:16). Сондай-ақ ол — тасасында қорықпай тұруымызға мүмкіндік беретін қорған немесе үлкен дуал.
‘Біз қорықпаймыз’
9. Түнгі мезгіл неліктен үрей тудырады, алайда біз неге қорықпаймыз?
9 Бізді Құдайдың қорғайтынына байланысты Забур жыршысы былай дейді: “Түнде сен қара түнек қорқыныштан, күндіз қорықпайсың жау оқтарынан, сескенбейсің түнгі індет-аурудан, һәм тал түсте басыңа төнген апаттан” (Забур 90:5, 6). Көптеген зұлым істер қараңғылықтың астында жасалатын болғандықтан, түнгі мезгіл үрей тудырады. Қазіргі уақытта жер бетін жайлаған рухани қараңғылықта жүрген жауларымыз рухани күйімізге нұқсан келтіру және уағыздау ісімізді тоқтатып тастау үшін жиі жасырын әрекеттерге барады. Алайда біз ‘түнде қара түнек қорқыныштан... қорықпаймыз’, өйткені Ехоба біздің қорғанышымыз (Забур 63:2, 3; 120:4; Ишая 60:2).
10. а) ’Күндізгі оқтар’ дегеніміз нені білдіретін болса керек және біз оған қалай қараймыз? ә) “Түнгі індет-ауру” дегеніміз не және неліктен біз одан қорықпаймыз?
10 ‘Күндізгі оқтар’ ауызша шабуылды білдіретін болса керек (Забур 63:4—6; 93:20). Біздің тайсалмай уағыздап жүргеніміз шындық болғандықтан, қасиетті қызметімізге қарсы жасалып жатқан бұндай ашық шабуылдар нәтижесіз болуда. Сондай-ақ біз “түнгі індет-аурудан” да қорықпаймыз. Бұл — Шайтанның билігіндегі өнегелілік жағынан және рухани науқас осы дүниенің түнегінде туындайтын бейнелеп айтқандағы індет (1 Жохан 5:19). Ол індет адамдарды Ехобадан, оның ниетінен және сүйіспеншілікпен қолданып отырған шараларына байланысты қараңғылықта ұстап, ақыл-ойы мен жүректерін өлімге жетелейтін күйге жеткізеді (1 Тімотеге 6:4). Біз жарқырап тұрған рухани нұрда жүргендіктен, айналамызды қоршаған қараңғылықтан қорықпаймыз (Забур 42:3).
11. ‘Тал түсте апатқа’ ұшырағандарды не күтіп тұр?
11 ‘Тал түсте басқа төнген апат’ та бізді қорқыта алмайды. ‘Тал түс’ дегеніміз осы дүниенің білімін білдіруі мүмкін. Осы дүниемен бірге материализмге берілген адамдар рухани өлімге ұшырайды (1 Тімотеге 6:20, 21). Ехоба Қорғаушымыз болғандықтан, біз ешқандай жауларымыздан қорықпастан, Патшалық туралы хабарды батыл жариялаймыз (Забур 63:2; Нақыл сөздер 3:25, 26).
12. Кімнің жанында мыңдаған адамдар ‘қаза болуда’ және қалай?
12 Әрі қарай Забур жыршысы былай дейді: “Қасыңда мыңдағандар қаза тапса, оң жағыңда он мыңдап қырылғанда, саған зақым жақындай алмайды да. Тек болып жатқанды көріп тұрасың, зұлымдардың жазаланғанын байқайсың” (Забур 90:7, 8). Ехобадан пана іздемегендіктен ‘қасымызда’ көптеген адамдар рухани жағынан ‘қаза табуда’. Шынында да бүгінгі рухани Исраилдің ‘оң жағында’ адамдар ‘он мыңдап қырылуда’ (Ғалаттықтарға 6:16). Ал біз болсақ, майланған мәсіхшілер мен олардың шын берілген серіктері, Құдайдың “панасында” қауіпсіз өмір сүрудеміз. Біз “тек болып жатқанды көріп”, сауда-саттықтың, жалған діннің және тағы басқа нәрселердің салдарынан қайғыға тап болған ‘зұлымдардың жазаланғанын байқаймыз’ (Ғалаттықтарға 6:7).
‘Басымызға енді жамандық түспейді’
13. Қандай жамандықтар басымызға түспейді және неліктен?
13 Осы дүниеде өзіңді қауіпсіз сезіну күннен-күнге қиындап бара жатқанымен де, біз Құдайды өмірімізде бірінші орынға қоямыз және Забур жыршысының келесі сөздері бізді жігерлендіреді: “Сен Тәңірге сенім артып келесің, Алла Тағаланы панаң етесің, басыңа енді жамандық түспейді, үйіңе ешбір апат та төнбейді” (Забур 90:9, 10). Иә, біз Ехобаға сенім артамыз. Сондай-ақ, Алла Тағала біздің қауіпсіздікте болатын ‘панамыз’. Біз Ехобаны Әлемнің Әміршісі ретінде даңқтаймыз, қауіпсіз болуымыздың себебі ретінде Оған ‘сенім артамыз’ және Оның Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялаймыз (Матай 24:14). Сол себепті осы Забур жырында суреттелген ‘еш жамандық басымызға түспейді’. Тіпті, өзгелер сияқты біз де жер сілкінісі, дауыл, су тасқыны, аштық және жойқын соғыстар сияқты жамандықтарға ұшырасақ та, бұл жағдайлар біздің сеніміміз бен рухани қауіпсіздігімізді жоя алмайды.
14. Ехобаның қызметшілері ретінде біз неліктен өлімге жетелейтін апаттарға ұшыраудан аманбыз?
14 Майланған мәсіхшілер осы дүниеден бөлек шатырларда тұратын жат жерлік адамдар сияқты (1 Петір 2:11). ‘Олардың үйіне ешбір апат төнбейді’. Аспанда өмір сүруге үміттенеміз бе, әлде жерде ме, біз осы дүниенің бөлігі емеспіз, сондай-ақ өнегесіздік, дүниеқоңыздық, жалған дін, ‘айуан’ мен оның ‘мүсініне’, яғни Біріккен Ұлттар Ұйымына, бас ию сияқты рухани апатқа ұшырататын осы дүниеге тән нәрселерден өзімізді аулақ ұстаймыз (Аян 9:20, 21; 13:1—18; Жохан 17:16).
15. Қай жағынан бізге періштелер көмектесуде?
15 Біздің қорғанышымызға байланысты Забур жыршысы тағы былай дейді: “Періштелеріне Ол сен туралы бұйрық береді: қай жолмен жүрсең де, олар сені күзетіп жүреді, сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін қолдарына көтеріп олар сені алып жүреді” (Забур 90:11, 12). Бізді қорғауы үшін періштелерге билік берілген (4 Патшалықтар 6:17; Забур 33:8—10; 103:4; Матай 26:53; Лұқа 1:19). ‘Қай жолмен жүрсек те’ олар бізді күзетіп жүреді (Матай 18:10). Патшалықты жариялап жүрген біздерге періштелер басшылық етіп, қамқорлық көрсетеді, сол себепті біз рухани мағынада аяғымызды шалыс баспаймыз (Аян 14:6, 7). Тіпті ісімізге тыйым салу сияқты ‘тастар’ да аяғымызды шалыс басуға мәжбүр етіп, Құдайдың ықыласынан айыра алмайды.
16. “Жас арыстан” мен ‘оқжыланның’ шабуылдаған кезде қолданатын әдістерінің бір-бірінен қандай ерекшеліктері бар және біз оларға қалай қараймыз?
16 Забур жыршысы әрі қарай былай дейді: “Жас арыстан мен оқжыланды [“кобраны”, ЖД] аяғыңмен таптайсың, үлкен арыстан [“жалы бар жас арыстан”, ЖД] мен абжыланды да жаншып тастайсың” (Забур 90:13). Қарсы алдыңнан шығып, шабуыл жасайтын жас арыстан сияқты, кейбір жауларымыз біздің уағыздау ісімізді тоқтату үшін заңдар шығарып, өздерінің қарсылықтарын ашық көрсетеді. Алайда, жасырын келіп атылатын кобра сияқты күтпеген шабуылдарға да кезігіп жатамыз. Кейде заң шығарушылар, судьялар және өзге де қызмет адамдары арқылы жасырын түрде дін басылары шабуыл жасайды. Алайда біз Ехобаның көмегімен сот арқылы мәселенің заңды шешімін бейбіт жолмен іздейміз. Осылайша ‘ізгі хабарды жариялауды заңды түрде бекітуге’ тырысамыз (Філіпіліктерге 1:7; Забур 93:14, 20—22).
17. Біз “жалы бар жас арыстанды” қалай жаншып тастаймыз?
17 Забур жыршысы аяққа тапталған ‘жалы бар жас арыстан мен абжылан’ туралы айтады. Жалы бар жас арыстан өте қаһарлы болады, ал абжылан болса өте үлкен болып келеді (Ишая 31:4). Жалы бар жас арыстан шабуыл жасаған кезде қандай қаһарлы болғанымен, біз, арыстанға ұқсас адамдарға немесе ұйымдарға емес, Құдайға мойынсұну арқылы бейнелеп айтқанда оны жаншып тастаймыз (Елшілердің істері 5:29). Сол себепті қаһарлы “арыстан” біздің рухымызды зақымдай алмайды.
18. “Абжылан” кімді есімізге салуы мүмкін және егер ол бізге шабуыл жасаса не істеуіміз керек?
18 Грек тіліндегі “Септуагинтада” “абжылан” деген сөз “айдаһар” деп аталған. Бұл біздің есімізге ‘үлкен айдаһарды... әзәзіл, әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан абжыланды’ түсіреді (Аян 12:7—9; Жаратылыс 3:15). Шайтан өзінің олжасын қысып-мыжып, жұтып қоятын алып бауырымен жорғалаушыға ұқсас (Еремия 51:34). Ол өзінің құрсауына түсіру үшін өзінің билігіндегі дүние арқылы қысып, буындырып, соңынан жұтып қоюға тырысқан кезде, одан босанып, осы “абжыланды” жаншып тастайық (1 Петір 5:8). Римдіктерге 16:20-дағы сөздердің өз өмірлерінде орындалғанын қаласа, майланған тамтық осылай етуі керек.
Ехоба — біздің Құтқарушымыз
19. Неліктен біз Ехобаны паналаймыз?
19 Шынайы ғибадат ететін адамға Құдайдың қалай қарайтынын Забур жыршысы былай деп суреттейді: “Себебі Тәңір Ие былай деген: “Өзімді сүйгенді Мен құтқарамын, Өзімді мойындағанды қорғаймын” (Забур 90:14). “Қорғаймын” деген сөз сөзбе-сөз аударғанда қол жетпейтіндей “биік жерге қоямын” дегенді білдіреді. Оған ғибадат ететін адамдар ретінде Ехобаны паналауымыздың басты себебі, ‘біз Оны сүйеміз’ (Марқа 12:29, 30; 1 Жохан 4:19). Ал Ехоба болса, өз кезегінде бізді жауларымыздан ‘құтқарады’. Олар бізді ешқашан жоя алмайды. Біз құтқарыламыз, өйткені Құдайдың есімін білеміз және оны сеніммен шақырамыз (Римдіктерге 10:11—13). Сондай-ақ ‘Ехобаның есімімен мәңгі жүруге’ шешім қабылдағанбыз (Миха 4:5; Ишая 43:10—12).
20. Забурдың 90-жырының соңғы сөздеріне сәйкес, Ехоба өзінің адал қызметшілеріне нені уәде етеді?
20 Забурдың 90-жырының соңғы сөздеріне сәйкес, Ехоба өзінің адал қызметшілері туралы былай дейді: “Маған сиынғанында құлақ асып, азап шеккен кезінде жар боламын, аман сақтап, сый-құрметке бөлеймін. Ғұмырын ұзақ қылып риза етіп, құтқаруымды оған сыйлап беремін” (Забур 90:15, 16). Құдайдың есімін шақырып, Оның еркіне сай дұға еткенімізде, Ол біздің өтінішімізді орындайды (1 Жохан 5:13—15). Шайтанның арандатуымен болған өшпенділіктің салдарынан біз осы уақытқа дейін көптеген қайғы-қасіретті бастан кештік. Алайда, “азап шеккен кезінде жар боламын” деген сөздер бізді алдағы болатын сынақтарға дайындайды және осы зұлым дүние жойылған кезде аман қалатындығымызға сендіреді.
21. Майланғандар қазірдің өзінде қалай даңқталды?
21 Шайтанның ашына қарсыласқанына қарамастан, біздің арамыздағы майланған тамтық толығымен Ехоба белгілеген уақытта, жердегі ‘ұзақ ғұмырдан’ кейін көктегі сыйына ие болады. Құдайдың керемет түрде қорғауының арқасында майланғандар қазірдің өзінде рухани даңққа ие болды. Сондай-ақ осы соңғы күндері Ехобаның жер бетіндегі Куәгерлері ретінде басшылықты қолға алуға мүмкіндік берілуі арқылы оларға қандай құрмет көрсетілуде десеңші! (Ишая 43:10—12). Ехобаның ең керемет түрде құтқаратын уақыты, Оның ұлы соты күні — Һармагеддон. Сол кезде Ол, өзінің Әлемнің Әміршісі екенін дәлелдеп, киелі есімін дәріптейді (Забур 82:19; Езекиел 38:23; Аян 16:14, 16).
22. Ехоба кімді “құтқарады”?
22 Майланған мәсіхшілерміз бе, әлде олардың адал серіктеріміз бе, біз құтқарушы Құдайға арқа сүйейміз. “Ехобаның ұлы да, қорқынышты күні” Құдайға шын беріліп қызмет еткендер құтқарылады (Жоел 2:30—32, СА). Ехоба, Һармагеддоннан аман өтіп, Құдайдың жаңа дүниесіне енетін ‘үлкен тобырды’ құрайтындар мен соңғы сынақ кезінде адалдықтарын сақтап қалатындардың ‘ғұмырын ұзақ қылады’, яғни оларға мәңгі өмір сыйлайды. Сондай-ақ Ол, көптеген адамдарды қайта тірілтеді (Аян 7:9; 20:7—15). Иса Мәсіх арқылы “бізді құтқара” отырып, Ехоба үлкен қуанышқа кенелетін болады (Забур 3:9). Осындай керемет болашағымыз бар болғандықтан, ғұмырымызды Оны даңқтайтындай етіп есептеу үшін Құдайдың көмегін ізделік! Сөздеріміз бен іс-әрекеттеріміз арқылы бұдан былай да Ехобаның панамыз екенін дәлелдей берелік.
[Сілтеме]
a Мәсіхшілердің Грек Жазбаларында Забурдың 90-жыры Мәсіх жайлы пайғамбарлық ретінде қарастырылмаған. Дегенмен де, Иса Мәсіх жерде болған кезінде Ехобаның оған баспана әрі қорған болғанында және осы “соңғы күндері” де Исаның майланған шәкірттері мен олардың шын берілген серіктері үшін баспана әрі қорған екенінде күмән жоқ (Даниял 12:4, ЖД).
Қалай жауап берер едіңдер?
• “Алла Тағаланың панасы” деген не?
• Біз неліктен қорықпаймыз?
• Қалайша ‘басымызға енді жамандық түспейді’?
• Неліктен Ехоба біздің құтқарушымыз деп айта аламыз?
[26-беттегі суреттер]
Жасырын шабуыл мен ашық қарсылыққа қарамастан қызметтерін атқаруы үшін, Ехоба өз халқына көмектесуде
[29-беттегі сурет]
Ехобаның ақиқаттығының қай мағынада біз үшін үлкен қалқан болатынын білесіңдер ме?
[Рұқсатымен]
Cobra: A. N. Jagannatha Rao, Trustee, Madras Snake Park Trust