Ішімдікке қатысты байыпты көзқарасты ұстан
“Шарап — қорлағыш, сыра — даурықтырғыш, ішімдікке салынған әркім ақылсыз” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 20:1).
1. Забур жыршысы Ехобадан алған кейбір игі нәрселер үшін ризашылығын қалай білдірген?
“КӨКТЕГІ ӘКЕМІЗ берген қай нәрсе де игі. Нұр шашқан аспан денелерін жаратқан Ол бізге Өзінің мүлтіксіз жарылқауын жаудырады”,— деп жазған шәкірт Жақып (Жақып 1:17). Құдайдың көптеген игіліктеріне риза болған забур жыршысы: “Сен мал үшін шөп өсіресің жерден өнім алу үшін адамның пайдасына көкөніс өсіресің, сондай-ақ адамның көңілін көтеретін шарапты, жүзін жылтырататын майды және жүрегіне нәр беретін нанды өндіресің”,— деп жырлаған (Забур 103:14, 15). Көкөніс, нан және май сияқты шарап пен басқа ішімдіктер де — Құдайдың берген керемет сыйлары. Біз оларды қалай пайдалануымыз керек?
2. Ішімдікке қатысты қандай сұрақтарды талқылаймыз?
2 Қуанышқа бөлейтін сыйлар оларды дұрыс қолданғанда ғана пайдалы. Мысалы, бал “нәрлі”, бірақ “балды тым көп жеу пайдалы емес” (Нақыл сөздер 24:13; 25:27). ‘Аздап шарап ішу’ орынды шығар, бірақ шамадан тыс ішу үлкен қиындықтар тудырады (1 Тімотеге 5:23). Киелі кітап: “Шарап — қорлағыш, сыра — даурықтырғыш, ішімдікке салынған әркім ақылсыз”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 20:1). Алайда ішімдікке салыну деген нені білдіредіa? Қай кезде ішімдік артық болуы мүмкін? Бұған қатысты байыпты көзқарас қандай болу керек?
‘Ішімдікке салыну’ деген нені білдіреді?
3, 4. а) Мас бола ішу Киелі кітапта айыпталатыны неден көрінеді? ә) Адамның мастығын білдіретін кейбір белгілер қандай?
3 Ежелгі Исраилде мешкейлікке және маскүнемдікке салынып, күнәсіне өкінбеген баланы таспен ұрып өлтірген (Заңды қайталау 21:18—21). Елші Пауыл мәсіхшілерге: “Өзін сенімдегі бауырласпын деп атағанмен, азғын, дүниеқоңыз, жалған тәңірлерге құлшылық етуші, өсекші, маскүнем немесе алаяқ болып жүрген ешкіммен де араласпауларың керек. Мұндайлармен тіпті дастарқандас та болмаңдар”,— деп ескерткен. Демек, Киелі кітапта мас бола ішу айыпқа саналады (1 Қорынттықтарға 5:11; 6:9, 10).
4 Киелі кітапта мастықтың белгілері сипатталады: “Шараптың қалай қызарып, тостағанда құбыла жалтырап, бір қалыпты жұмсақ жұтылғанына қызықтап қарайтын болма! Ақыр соңында жыландай шағып алар, денеңе сұр жыландай уын шашар. Көз алдыңа елестеп бөгде бейнелер, жүрегіңнен шығар жаман сөздер” (Нақыл сөздер 23:31—33). Шамадан тыс ішу улы жыландай шағып алады: ол жүректі айнытады, ойды шатастырады, тіпті адамды есінен тандыруы мүмкін. Маскүнемнің көзіне “бөгде бейнелер”, яғни елестер не сағымдар көрінуі мүмкін. Ол сонымен бірге аузына ие бола алмай, әдетте тежеп жүрген жаман ойлары мен қалауларын ашық айта беруі мүмкін.
5. Неге шамадан тыс ішу зиян?
5 Көп мөлшерде, бірақ ішкені басқаларға байқалмайтындай етіп ішуге бола ма? Кейбіреулердің тіпті көп ішсе де, мас екені оңайлықпен байқалмайды. Алайда мұндай әрекеттің еш зияны жоқ деп ойлау — өзін-өзі алдау (Еремия 17:9). Мұндай адамның бірте-бірте ішімдікке тәуелділігі артып, ‘арақ-шарапқа салынып’ кетуі мүмкін (Титке 2:3). Адамның маскүнемге қалай айналатынына қатысты бір еңбектің авторы Каролайн Нэпп былай деп жазады: “Бұл — баяу, бірте-бірте, байқалмай жүретін процесс”. Шамадан тыс ішу неткен қауіпті тұзақ!
6. Неге ішімдік пен тағамды шамадан тыс пайдаланудан аулақ болу керек?
6 Исаның ескертуін де қарастырайық: “Өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, [“мешкейлікке салынып”, ЖД] мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді. Себебі ол күн жер бетінде тұрғандардың бәрінің басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады” (Лұқа 21:34, 35). Тәндік және рухани жағынан енжар әрі жалқау күйге жету үшін міндетті түрде мас бола ішудің қажеті жоқ. Біреу осындай күйде жүргенде, Ехобаның күні келіп қалса не болмақ?
Маскүнемдіктің нәтижелері
7. Неге маскүнемдік 2 Қорынттықтарға 7:1-дегі басшылыққа қарама-қайшы?
7 Шамадан тыс ішу адамға тәндік те, рухани да жағынан көп зиян тигізеді. Маскүнемдіктен болатын ауруларға бауыр циррозы, гепатит және маскүнемдіктен болған ессіздік сияқты жүйке аурулары жатады. Ұзақ уақытқа созылған маскүнемдік қатерлі ісік, диабет, сондай-ақ кейбір жүрек және асқазан ауруларына шалдықтырады. Маскүнемдіктің Жазбадағы: “Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп, толығымен Оған бағышталған қасиетті өмір сүрейік!” — деген басшылыққа қарама-қайшы екені сөзсіз (2 Қорынттықтарға 7:1).
8. Нақыл сөздер 23:20, 21-ге сай маскүнемдіктің нәтижесі қандай болуы мүмкін?
8 Маскүнем ақшаны ысырап қылады, ол тіпті жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. Ежелгі Исраилдегі Сүлеймен патша: “Шарап ішіп, етке тоймас мешкейлерге қосылма!” — деп ескерткен. Неге? Ол былай деп түсіндіреді: ”Мешкейлік, маскүнемдік жарлы қылар, ұйқышылдың киімі тоз-тоз болар” (Нақыл сөздер 23:20, 21).
9. Неге көлік жүргізу керек болса, ішімдіктен бас тартқан дұрыс?
9 Басқа да қауіп жайында бір кітапта былай делінеді: “Зерттеулер ішімдік жүргізушінің жүргізу шеберлігін төмендететінін көрсетеді. Сонымен бірге оның денесі икемге келмей қалады, реакциясы, мұқияттылығы, байқағыштығы және парасаттылығы да төмендейді” (The Encyclopedia of Alcoholism). Ішіп алып көлік жүргізудің нәтижесі адам шошырлық. Жалғыз Құрама Штаттарының өзінде жыл сайын ішімдіктен болған жол апатынан ондаған мың адам қайтыс болады, ал жүздеген мың адам жарақат алады. Әсіресе мұндайға көлік жүргізуден де, ішімдік ішуден де тәжірибесі аз жастар көбірек ұрынады. Ішіп алып көлік жүргізетін адам өмірді Ехоба Құдайдың берген сыйы ретінде сыйлаймын деп айта ала ма? (Забур 35:10). Өмірдің қасиетті екенін ескере отырып, көлік жүргізерде адамның ішімдікті тіптен аузына алмағаны дұрыс.
10. Ішімдік ойға қалай әсер етеді және бұл неге қауіпті?
10 Шамадан тыс ішу адамға тәндік жағынан ғана емес, рухани да зиян тигізеді. Киелі кітапта: “Шарап пен тәтті шарап дұрыс ойды бұзады”,— деп жазылған (Ошия 4:11, ЖД). Ішімдік миға әсер етеді. Америка ұлттық наркология институтының шығарған әдебиетінде былай деп түсіндіріледі: “Адам ішкен кезде, алкоголь ас қорыту жүйесі арқылы қанға өтеді де, тез арада миға жетеді. Бұл мидың ой мен сезімді басқаратын бөлігінің жұмысын баяулата бастайды. Нәтижесінде адам еркінсіп, тіпті өзін-өзі ұстай алмай кетеді”. Мұндай кезде ‘жолдан адасуымыз’, жүгенсіздікке берілуіміз және көптеген азғыруларға бой алдырып қоюымыз әбден мүмкін (Нақыл сөздер 20:1, ЖД).
11, 12. Ішімдікті шамадан тыс ішудің рухани жағынан қандай зияны болуы мүмкін?
11 Оның үстіне, Киелі кітап: “Не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” — деп бұйырады (1 Қорынттықтарға 10:31). Ішімдікті өте көп мөлшерде ішу арқылы Құдайды дәріптеу мүмкін бе? Мәсіхшінің ішкіш деген атаққа іліккісі келмейтіні анық. Мұндай атақ Ехобаның есімін дәріптемейді, масқаралайды.
12 Егер мәсіхшінің шамадан тыс ішкені бауырластың, мүмкін жаңа шәкірттің, рухани әлсіреуіне себеп болатын болса не істеуге болады? (Римдіктерге 14:21). Иса: “Кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін теріс жолға түсірсе, сол адам үшін мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің тұңғиығына батырылғаны жақсырақ болар еді-ау!” — деп ескерткен (Матай 18:6). Сонымен қатар шамадан тыс ішудің кесірінен мәсіхші қауымдағы жауапкершіліктерінен айырылып қалуы мүмкін (1 Тімотеге 3:1—3, 8). Шамадан тыс ішу отбасында да қиындықтар тудырады.
Қауіптен аулақ бол. Қалайша?
13. Маскүнемдіктен аулақ болудың бірден-бір жолы қандай?
13 Маскүнемдіктен аулақ болудың бірден-бір жолы — маскүнемдік пен шамадан тыс ішудің емес, жеткілікті ішу мен артық ішудің шегін біліп алу. Сен үшін қандай мөлшердің жеткілікті екенін және қандай мөлшердің артық екенін кім белгілеп бере алады? Ескеретін нәрселер көп болғандықтан, қандай мөлшердің артық екенін көрсететін нақты ереже жоқ. Әркім өз шамасын білуі және осы шамадан аспауы керек. Өзің үшін қандай мөлшердің артық болатынын анықтауға не көмектеседі? Басшылық болатын қандай да бір принцип бар ма?
14. Артық мөлшерді анықтауға көмектесетін қандай басшылық болатын принцип бар?
14 Киелі кітапта: “Дұрыс ой мен естілікті сақтап жүр әр уақытта, олар шынайы өмірге жаныңды кенелтер, мойынға таққан моншақтай сені көркейтер”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 3:21, 22). Сонымен, басшылық болатын принцип мынадай: ішімдіктің парасаттылығың мен естілігіңді мұқалтатын кез келген мөлшері сен үшін артық. Бірақ осы мөлшерді анықтау үшін өз-өзіңе шыншыл болуың керек!
15. Қандай кезде тіпті бір ұрттамның өзі артық болуы мүмкін?
15 Кей жағдайларда тіпті бір ұрттамның өзі артық болуы мүмкін. Іштегі балаға зияндығын ескере отырып, аяғы ауыр әйел ішімдікті тіптен аузына алмауды шешуі мүмкін. Сондай-ақ бұрын ішкілікке бейім болған немесе ар-ұяты ішімдік ішуді айыптайтын кісінің көзінше ішімдіктен бас тарту дұрыс болмас па еді? Ехоба киелі шатырда қызмет ететін діни қызметкерлерге: “Киелі шатырға кіргенде өліп қалмауларың үшін... шарап пен күшті ішімдіктерді ішпеңдер”,— деп бұйырған (Леуіліктер 10:8, 9). Сондықтан қауым кездесулеріне барарда, қызметке шығарда және басқа да теократиялық істермен айналысарда ішімдіктен аулақ бол. Оның үстіне, ішімдікке тыйым салынған немесе белгілі бір жастан соң ғана рұқсат берілген елдерде жергілікті заңға лайықты құрмет көрсетілуге тиіс (Римдіктерге 13:1).
16. Алдыңа ішімдік қойылса не істеуің керек?
16 Егер саған ішімдік ұсынса, немесе алдыңа қойса, алдымен өзіңнен: “Осыны ішуім керек пе?”,— деп сұра. Егер ішуді шешсең, өз шамаңды анықтап ал және сол шамадан аспа. Біреудің жомарттық танытып үгіттеуіне бой алдырма. Үйлену тойы сияқты ішімдік көп қойылатын жерлерде де абай бол. Көп елдерде кәмелетке толмаған балаларға да ішімдік ішуге заң бойынша рұқсат етілген. Мұндай кезде ата-аналар балаларына ішімдікке қатысты ақыл-кеңес беріп, олардың іс-әрекеттерін бақылауға алуға міндетті (Нақыл сөздер 22:6).
Сен жеңе аласың
17. Шамадан тыс ішіп жүрген-жүрмегеніңді анықтауға не көмектеседі?
17 Сенде шарап не басқа ішімдікті шамадан тыс ішетін әдет бар ма? Есіңде болсын: маскүнемдік жасырын күнәға айналып келе жатса, ерте ме, кеш пе зардабын шегетін боласың. Өз-өзіңе сыншыл әрі шыншыл көзбен қара. “Мен бұрынғыдан гөрі жиірек ішемін бе? Бұрынғыға қарағанда күштірек ішімдіктер ішіп жүрмін бе? Ішімдікті уайымдарымды, мазамды алған нәрселерді және қиыншылықтарды ұмыту үшін ішемін бе? Отбасымдағы адам немесе досым ішкенімді ойлап мазасызданып жүр ме? Ішкенім отбасымда қиыншылықтар тудыра ма? Ішімдіксіз бір апта, бір ай немесе бірнеше ай жүре беру мен үшін қиын ба? Басқалардан қанша мөлшерде ішетінімді жасырамын ба?” — деген сияқты өз-өзіңді тексеретін сұрақтар қой. Осы сұрақтардың кейбіреуіне “иә” деп жауап берсең не істеуге болады? ‘Айнаға қарап, былай шыға бере-ақ өз түрін ұмытып қалатын’ адамға ұқсама (Жақып 1:22—24). Жағдайды түзету үшін қадамдар жаса. Не істеуіңе болады?
18, 19. Ішімдікті шамадан тыс ішуден қалай құтылуға болады?
18 Елші Пауыл мәсіхшілерге: “Арақ-шарап ішіп, мас болмаңдар, бұл жүгенсіздікке апарады! Қайта, Киелі Рухқа кенеле беріңдер!” — деп ескерткен (Ефестіктерге 5:18). Өзің үшін қандай мөлшер артық болатынын шешіп ал да, соған сәйкес шектеу қой. Одан асып кетпеуге бекін; ұстамдылық таныт (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Шамадан тыс ішуге итермелейтін адамдармен араласасың ба? Абай бол. Киелі кітапта: “Данамен жолдас болған дана болар, наданмен жолдас болған бұзылар”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 13:20).
19 Ішімдікті кейбір қиыншылықтарды ұмыту үшін ішетін болсаң, қиыншылыққа бетпе-бет келіп үйрен. Қиыншылықтарды Құдай Сөзіндегі кеңестердің көмегімен шешуге болады (Забур 118:105). Сенім артатын мәсіхші ақсақалдан көмек сұрауға ұялма. Рухани күйіңді нығайту үшін Ехобаның жасап отырған шараларын қолдан. Құдаймен қарым-қатынасыңды нығайт. Оған әсіресе әлсіздігіңе қатысты жиі-жиі дұға айт. Құдайдан ‘бүйректерің мен жүрегіңді тазартуын’ сұра (Забур 25:2, ЖД). Алдыңғы мақалада талқыланғандай, мінсіздік жолымен жүру үшін қолыңнан келгеннің бәрін жаса.
20. Шамадан тыс ішуден арыла алмасаң, қандай шара қолдануға болады?
20 Қанша күш салғаныңа қарамастан шамадан тыс ішуді тоқтата алмасаң не істеуге болады? Олай болса, Исаның кеңесін қолдан: “Егер сені өз қолың не аяғың (сияқты өте қажет нәрсең) күнәға азғырса, ол сен үшін шауып тасталғандай жоқ болсын. Екі қол-аяқпен мәңгі сөнбес тозақ отына [“геенаға”, ЖД] тасталғаннан гөрі сыңар аяқ-қолыңмен мәңгілік өмірді иемденгенің артық болар еді” (Марқа 9:43). Бұдан шығатын жауап: ішімдіктен мүлдем бас тарт. Бір әйел, оны Ирен деп атайық, осылай етуді шешкен. Ол: “Ішімдіктен екі жарым жылдай бас тартқан соң, жай ғана өзімді қалай ұстайтынымды көру үшін бір ұрттағанымда тұрған ештеңе жоқ қой деп ойлай бастадым. Бірақ сондай ой келісімен-ақ, бірден Ехобаға дұға ете бастадым. Мен жаңа дүние келгенге дейін, қажет болса тіпті жаңа дүниеде де, ішімдікті аузыма алмауды шештім”,— дейді. Құдайдың әділ жаңа дүниесіндегі өмір үшін ішімдіктен мүлдем бас тарту тым үлкен құрбандық емес (2 Петір 3:13).
“Жүлдеге” ие болатындай... “жүгіріңдер”!
21, 22. Өмір үшін жарыста мәреге жетуімізге не кедергі болуы мүмкін және одан қалай арылуымызға болады?
21 Мәсіхшілердің өмірін жарысқа теңей отырып, елші Пауыл былай деген: “Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіріп, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білесіңдер. Сендер де “жүлдеге” ие болатындай Мәсіх жолымен “жүгіріңдер”! Әрбір жарыскер барлық жағынан қатаң ұстамдылық танытады. Оның алғысы келетіні — солып қалатын гүлдестесі ғана, ал біздің алатынымыз — мәңгі солмайтын “жеңіс тәжі”! Сондықтан мен мақсатсыз жүгіріп жүргем жоқ, жұдырығымен ауаны босқа ұрған боксшы сияқты да емеспін. Қайта, басқаларды рухани күреске шақырған мен “жүлде” бөліскенде құр алақан қалмау үшін тәнімді ауыртпалықтарға душар еткізіп, өзіме бағындырып жатырмын” (1 Қорынттықтарға 9:24—27).
22 Сыйлықты мәреге жеткендер ғана алады. Өмір үшін жарыста маскүнемдік біздің мәреге жетуімізге кедергі жасауы мүмкін. Біз ұстамдылық танытуымыз керек. Сенімділікпен жүгіру үшін ‘маскүнемдікке’ жол бермеуіміз керек (1 Петір 4:3). Керісінше, барлық нәрседе де ұстамдылық танытуымыз керек. Ішімдікке келер болсақ, даналық танытып, ‘ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ, әрі Құдайға ұнамды өмір сүреміз’ (Титке 2:12).
[Сілтеме]
a Осы мақалада қарастырылатын ішімдіктерге сыра, шарап және басқа да спиртті ішімдіктер жатады.
Естеріңде ме?
• Маскүнемдік деген не?
• Шамадан тыс ішудің қандай зияны бар?
• Маскүнемдіктен болатын қауіптерден қалай аулақ болуға болады?
• Маскүнемдіктен қалай арылуға болады?
[28-беттегі сурет]
Шарап ‘адамның көңілін көтереді’
[29-беттегі сурет]
Біз өз шамамызды білуіміз керек және сол шамадан аспауымыз керек
[30-беттегі сурет]
Өзің үшін қандай мөлшер жеткілікті екенін алдын ала шешіп ал
[31-беттегі сурет]
Әлсіздігің жайында Ехобаға жиі-жиі дұға айт
[32-беттегі сурет]
Ата-аналар балаларына ішімдік жайында ақыл-кеңес беруге міндетті