Тағдырыңыз маңдайыңызға жазылып қойған ба?
“АДАМДАР өз өмірлеріне жануардан артық басшылық ете алмайды”,— дейді эволюциянист Джон Грей. Ал Шмуэль Ботеах иудаизм туралы жазған кітабында бұған қарама-қайшы пікір айтып: “Адам жануар емес, сондықтан өмірі өз қолында”,— деп жазды (“An Intelligent Person’s Guide to Judaism”).
Көп адам Джон Грейдің сөздерімен келісіп, адамның тағдыры табиғаттан тыс күштердің қолында деп сенеді. Өзгелері болса Құдай адамды жаратып, оған өз болашағын өзі құруға қабілет берген дейді.
Кейбіреулер болашағымыз билігі барлардың қолында деп ойлайды. Жазушы Рой Уэдерфорд бір кітабында: “Адамдардың көпшілігі, әсіресе әйелдердің көбісі, қысым мен қанаудың кесірінен өз өміріне билік ете алмайды”,— деп жазды (“The Implications of Determinism”). Көпшілік болашаққа қатысты тәтті армандарының орындалмауына саясаткерлер мен әскери күштерді кінәлайды.
Тағы біреулері болса тағдырымыз тылсым күштердің билігінде деп ойлап, өздерін дәрменсіз сезініп келді. Ботеах былай дейді: “Ежелгі гректер жазмыштан озмыш жоқ болғандықтан, еш үміт жоқ дегенге сенетін”. Олардың ойынша, құдайлары әр адамның тағдырын, яғни қашан өлетінін, өмірде қандай ауыртпалықтар көретінін алдын ала шешіп қойған.
Тағдырымыз ой-санасы адамдардікінен әлдеқайда жоғары күштердің қолында деген наным бүгінде де кең тараған. Мысалы, көп адам тағдырға сеніп, пенденің іс-әрекеті немен аяқталатынын және ажалы қай күні келетінін Құдай маңдайларына жазып қойған деп ойлайды. Сондай-ақ Құдіретті Құдай кімге ақ бата қонатынын, ал кімді қарғыс ататынын алдын ала белгілеп қойған дегенге саятын ілім де бар. Өздерін мәсіхшілерміз деп атайтын көп адам осы ілімге мейлінше сенеді.
Сіз қалай ойлайсыз? Өміріңіздің қандай болатыны маңдайыңызға жазылып қойған ба? Әлде ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің: “Адам өз тағдырының қожайыны”,— деген сөзінің жаны бар ма? Бұған қатысты Киелі кітапта не айтылғанын қарастырайық.