Тағдырыңыз өз қолыңызда
БІЗДІҢ тағдырымыз алдын ала белгіленіп қойған ба? Өмірде қабылдаған шешімдеріміздің болашағымызға еш әсер етпейтіні рас па?
Адам өз тағдырының қожайыны делік. Олай болса, адамның тағдыры маңдайына жазылып қоюы мүмкін бе? Тағдыры адамның өз қолында болса, Құдай жерге қатысты ниетін қалай іске асырмақ? Киелі кітапта осы сұрақтардың қанағаттандырарлық жауаптары бар.
Алдын ала белгіленіп қою мен таңдау еркіндігі бір-бірімен үйлесе ме?
Ехоба Құдай бізді қандай етіп жаратқанын көрейік. Киелі кітапта: “Құдай адамды рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты”,— делінген (Жаратылыс 1:27). Құдайға ұқсас етіп жаратылғандықтан, біз оның сүйіспеншілік, әділдік, даналық және күш сияқты қасиеттерін таныта аламыз. Сонымен қатар Құдай бізге таңдау еркіндігін берген. Осының арқасында жердегі басқа жаратылыстардан ерекшеленеміз. Біз Құдайдың моральдық нормаларын ұстануды не ұстанбауды таңдай аламыз. Сондықтан Мұса пайғамбар былай деген болатын: ‘Бүгін сендердің алдыңа аспан мен жерді куәлікке шақырамын: мен саған өмір мен өлімді, ақ бата мен қарғысты ұсынған болатынмын. Өзің және сенің үрім-бұтағың өлмеуі үшін өмірді таңдап ал, Жаратушы Иені, өз Құдайыңды сүйген едің, Соның айтқандарын тыңда және Соған етене жабысып ал’ (Заңды қайталау 30:19, 20).
Алайда таңдау еркіміз болса да, біз толықтай тәуелсіз емеспіз. Бізге Құдайдың ғаламда тыныштық пен тұрақтылық болу үшін орнатқан физикалық және моральдық заңдарына мойынсұну қажет. Бұл заңдар біздің игілігіміз үшін орнатылған және оларды ұстанбайтын болсақ, өзіміз зиян көреміз. Мысалы, тартылыс заңын ескермей, биік ғимараттан секіріп кетсек, не болатынын ойлап көріңізші! (Ғалаттықтарға 6:7).
Таңдау еркіндігі бізге жауапкершілік жүктейді. Ал басқа жаратылыстарда мұндай еркіндік жоқ. Пәлсапашы Корлисс Ламонт былай деп сұрақ қойды: “Адамның қабылдаған шешімдері мен іс-әрекеттері маңдайына жазылып қойған болса, жасаған қателігі үшін ол неге жауапқа тартылу керек?” Әрине, бұл әділетсіздік болар еді. Түйсік сезімінің жетегінде жүретін жануарлар істеген әрекеттері үшін және бағдарламалары алдын ала енгізіліп қойған компьютер атқаратын жұмыстары үшін жауапты емес. Ал адамға таңдау еркіндігі берілгендіктен, бізге үлкен жауапкершілік жүктелген әрі іс-әрекеттеріміз үшін жауаптымыз.
Біз дүниеге келмес бұрын тағдырымызды маңдайымызға жазып қойып, іс-әрекетіміз үшін жауапқа тартатындай, Ехоба Құдайдың қатыгез және әділетсіз болғаны ма? Ехоба олай етпейді, өйткені ол сүйіспеншілікке толы және әділ (Жоханның 1-хаты 4:8; Заңды қайталау 32:4). Бізге таңдау еркіндігін берген Құдайдың жазмышқа сенетін адамдардың айтатынындай, “кімді аман алып қалатынын, кімді жоятынын алдын ала белгілеп қоюы” мүмкін емес. Таңдау еркіндігінің берілгені жазмышты жоққа шығарады.
Киелі кітап тағдырымыздың қандай болатыны қабылдаған шешімдерімізге байланысты екенін анық көрсетеді. Мысалы, Құдай күнәкарларды былай деп шақырады: “Кез келгенің өздеріңнің жауыздыққа толы жолдарыңнан және зұлым істеріңнен бас тартыңдар... сонда мен сендерге зұлымдық жасамаймын” (Еремия 25:5, 6). Егер Құдай әркімнің тағдырын маңдайына жазып қойған болса, бұл сөздердің еш мәні болмас еді. Сонымен қатар Киелі кітапта былай делінген: ‘Сондықтан теріс жолдан қайтыңдар! Сонда Құдай Ие күнәларыңды кешіреді’ (Елшілердің істері 3:19). Адамдар өз тағдырын еш өзгерте алмайтын болса, Ехоба неліктен күнәкарлардың теріс жолдан қайтуын сұрады?
Жазбаларда кей адамдардың көкте Иса Мәсіхпен бірге билік етуге шақырылғаны жайында айтылған (Матай 22:14; Лұқа 12:32). Алайда Киелі кітапта олар соңына дейін төзбесе, бұл мүмкіндіктен айырылатыны да айтылған (Аян 2:10). Құдай кейбірінің таңдалмайтынын алдын ала анықтап қойған болса, оларды не себепті шақырды? Енді елші Пауылдың бауырластарына жазған хатын қарастырайық. Ол былай деген: “Шынайы хабарды естіп-білгеннен кейін де әдейі күнә жасай берсек, онда бізді күнәмыздан арылта алатын ешқандай құрбандық жоқ” (Еврейлерге 10:26). Құдай олардың тағдырын алдын ала белгілеп қойған болса, мұндай ескертудің қажеті болмас еді ғой. Алайда Құдай біраз адамның Иса Мәсіхпен бірге билік ететінін алдын ала белгілеп қойған жоқ па?
Жеке адамдарды ма, әлде топ ретінде ме?
Елші Пауыл былай деп жазды: “[Құдай] бізді Мәсіх арқылы жарылқап, көктегі әр қилы рухани игіліктерді сыйлады... әлемді жаратпастан бұрын Мәсіхтің құрбандығына бола таңдап алып,.. рухани балалары етуге алдын ала белгілеп қойды” (Ефестіктерге 1:3—5). Сонымен Құдай нені алдын ала белгілеп қойды және ‘әлемді жаратпас бұрын таңдап алды’ деген нені білдіреді?
Бұл жазба орнында Құдай Адам атаның кейбір ұрпақтарын көкте Мәсіхпен бірге басшылық етуге таңдап алғаны айтылған (Римдіктерге 8:14—17, 28—30; Аян 5:9, 10). Алайда Ехоба Құдай белгілі бір адамдарды туылмай тұрып, осы мәртебеге ие болуға сан мың жыл бұрын белгілеп қойды деген тұжырым таңдау еркіндігіне қайшы келер еді. Демек, Құдай жеке адамдарды таңдаған жоқ, тек бір топ адамның Ұлымен бірге билік ететінін алдын ала белгіледі.
Мысалға қандай да бір мемлекет өзінің өкілі ретінде бір органды тағайындауды шешті делік. Сондай-ақ ол оның атқаратын қызметін, не нәрсеге жауапты екенін және құрамында қанша қызметкерлер болатынын белгілейді. Біраз уақыт өткен соң, бұл органның мүшелері қызметтеріне кірісіп: “Мемлекет біраз жыл бұрын біздің қандай істі атқаратынымызды белгілеп қойды. Ал қазір тапсырылған сол істі орындауға кірісеміз”,— деп айтады. Бұдан осы органның құрамында нақты қай адамдардың қызмет ететінін мемлекет о бастан-ақ белгілеп қойды деген тұжырым жасау қисынды ма? Әрине, жоқ. Сол сияқты, Ехоба Адам атаның күнәсінің салдарын жою үшін арнайы бір орган құруды шешті. Ехоба бұл органның құрамына нақты кімнің кіретінін емес, жай ғана бір топ адамның кіретінін белгіледі. Бұл топқа кімдердің кіретіні кейінірек анықталып, әрі олардың кіру-кірмеуі күнделікті өмірлерінде қабылдаған шешімдеріне байланысты болар еді.
“Әлемді жаратпастан бұрын” деп, елші Пауыл қандай әлем жайлы айтқысы келді? Бұл Адам мен Хауа жаратылғанда бастау алған әлем емес еді. Ол “өте жақсы”, яғни күнә мен азғындықтан таза, әлем болатын (Жаратылыс 1:31). Сол әлем күнәдан ‘азат етілуге’ мұқтаж емес еді (Ефестіктерге 1:7).
Пауыл айтқан әлем Едем бағында күнә жасалған соң пайда болған еді. Бұл әлем Құдай бастапқыда ниет еткен әлемнен мүлдем өзгеше болатын және Адам мен Хауаның балалары дүниеге келгенде бастау алды. Осы әлем Құдайдан бас тартқан және күнә мен өлімнің құлдығындағы адамдардан тұрады. Олар әдейі күнә жасаған Адам мен Хауадай емес, күнәларынан азат етілуге лайық еді (Римдіктерге 5:12; 8:18—21).
Ехоба Құдай үшін Едем бағындағы бүліктің салдарын бірден жоя салу қиынға соқпас еді. Адамзат баласын Адам атаның күнәсінан құтқару қажеттілігі туындаған сәтте Құдай арнайы орган — Иса Мәсіхтің қолындағы Патшалықты орнатуды ұйғарды (Матай 6:10). Құдай мұны күнәдан азат етуге лайық “әлем жаратылмас бұрын”, яғни Адам мен Хауаның балалары дүниеге келмес бұрын шешті.
Ойындағысын іске асыру үшін адам әдетте жоспар құрады. Жазмышқа сену ғаламды жарату үшін Құдайға егжей-тегжейлі жоспар құрып, әркімнің тағдырын маңдайына жазып қою қажет болды деген тұжырым жасауға итермелейді. Рой Уэдерфорд былай деген: “Көптеген пәлсапашылардың ойынша, құдіреті шексіз болғандықтан Құдай әр нәрсені ұсақ-түйегіне дейін алдын ала белгілеп қою керек”. Алайда Құдайға әр нәрсені алдын ала белгілеу қажет пе?
Шексіз құдіретті және дана Құдай Ехоба жаратылыстарының ерік бостандықтарын қалай пайдаланғандығының салдарынан туындаған кез келген күтпеген жайтты ойдағыдай шеше алады (Ишая 40:25, 26; Римдіктерге 11:33). Бұлай ету үшін оған ешқандай жоспар құрудың қажеті жоқ, ол бірден шешім қабылдай алады. Мүмкіндіктері шектеулі пендеден ерекшелігі құдіреті шексіз Құдай әр адамның болашағын белгілеу үшін мұқият жоспар құрмайды (Нақыл сөздер 19:21). Киелі кітаптың көптеген аудармаларында Ефестіктерге 3:11-де Құдайдың мұқият жоспары емес, “мәңгілік ниеті” бар делінген.
Болашағыңыз өз қолыңызда
Құдайдың жерге қатысты ниеті бар және ол алдын ала белгіленіп қойылған. Аян 21:3, 4-те былай делінген: “Қараңдар, Құдайдың адамдар арасындағы мекені! Ол солармен бірге тұрып, олар Оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың Өзі солармен бірге мекендеп, олардың Құдайы болады! Ол барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды”. Иә, Ехоба о баста ниет еткендей, жер жұмаққа айналатыны сөзсіз (Жаратылыс 1:27, 28). Бірақ сіз сонда боласыз ба? Бұл сіздің қазір қандай шешім қабылдайтыныңызға байланысты. Ехоба Құдай сіздің тағдырыңызды маңдайыңызға жазып қойған жоқ.
Құдай Ұлы — Иса Мәсіх өмірін біз үшін құрбан еткенінің арқасында оған сенім артқан әркім мәңгілік өмірге ие бола алады (Жохан 3:16, 17; Елшілердің істері 10:34, 35). Киелі кітапта: “Құдайдың рухани Ұлына сенушілер мәңгілік өмірге ие. Ал Оны тыңдамағандар шын өмірді көрмей, Құдайдың төніп тұрған қаһарына ұшырайды”,— делінген (Жохан 3:36). Киелі кітаптан Құдай, оның еркі және Ұлы туралы біліп, үйренгендеріңізді қолдану арқылы өмірді таңдай аласыз. Құдай Сөзіндегі даналыққа сай әрекет ететін адам, “еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады” (Нақыл сөздер 1:20, 33).
[5-беттегі суреттер]
Адамдардың жануарлардан ерекшелігі олар өз істері үшін жауапты
[Түпдерек]
Eagle: Foto: Cortesía de GREFA