Біз Құдайымыз Ехобаның есімімен жүреміз
“Ал біз Құдайымыз Тәңірдің [“Ехобаның”, ЖД] есімімен мәңгі жүретін боламыз” (МИХА 4:5).
1. Нұхтың күндерінде құлықтылық жағы қандай еді және Нұх қалай ерекше болды?
КИЕЛІ КІТАПТА айтылған Құдаймен тығыз байланыста жүрген бірінші адам Енох болған. Ал екіншісі — Нұх. Киелі кітапта былай делінген: “Нұх замандастарының арасында әділ, мінсіз, Құдаймен байланысып өмір сүрген адам еді” (Жаратылыс 6:9). Нұхтың заманында адамдар, жалпы алғанда, таза ғибадаттан тайып кеткен болатын. Сенімін сақтамаған періштелердің кесірінен жердегі сорақы жағдайлар одан бетер ушыға түскен еді. Өйткені олар әйелдермен жақындасып, олардан “бұзақы алыптар”, немесе сол замандағы “батырлар”, туылған болатын. Олай болса, жер бетінің озбырлық пен зұлымдыққа толып кеткені таңғаларлық жайт емес (Жаратылыс 6:2, 4, 11). Соған қарамастан Нұх мінсіз әрі “әділдікті уағыздаушы” болды (Петірдің 2-хаты 2:5). Аман қалулары үшін Құдай кеме тұрғызуды бұйырғанда, Нұх мойынсұнып “барлығын Құдай оған қалай бұйырса, солай істеді” (Жаратылыс 6:22). Шынында да, Нұх Құдаймен тығыз байланысып өмір сүрді.
2, 3. Нұх бізге қандай керемет үлгі қалдырды?
2 Пауыл келтірген адал куәгерлердің тізіміне Нұхты да қосқан. “Нұх пайғамбар әлі де көзге көрінбеген топан су туралы ескертілгенде Құдайға сеніп, Оны терең қастерлегендіктен отбасын құтқару үшін кемесін жасап дайындады. Осы сенімімен ол дүниенің қиқарлығын әшкерелеп, сенім арқылы болатын ақталуға қолы жетті” (Еврейлерге 11:7). Қандай керемет үлгі! Ехобаның сөзі жүзеге асатынына сенімді болған Нұх уақытын, күш-қуаты мен қолындағы барын Құдайдың бұйрығын орындау үшін сарп етті. Сол сияқты бүгінгі күні де көп адамдар осы дүниедегі мүмкіндіктерден бас тартып, уақытын, күш-қайраты мен қолдарындағы барын Ехобаның бұйрықтарын орындауға жұмсауда. Олардың сенімі көңіл қоюға тұрарлық әрі соның арқасында өздерін де, өзгелерді де аман сақтап қалады (Лұқа 16:9; Тімотеге 1-хат 4:16).
3 Алдыңғы мақалада сөз болған арғы атасы Енох сияқты Нұх пен оның отбасына да сенім таныту оңайға соқпаған болу керек. Нұхтың күнінде Енохтың күніндегідей шынайы ғибадат етушілер тым аз еді: тек сегіз жан ғана адал болып, Топан судан аман қалды. Нұх озбырлық пен азғындыққа толы дүниеде әділдікті уағыздады. Оның үстіне, отбасымен бірге дүниежүзілік топан суға — ешбір жан бұрын мұндай топан суды көрмеген болса да — дайындық жасап, ағаштан орасан кеме тұрғызуда еді. Бұл айналадағыларға тым ерсі көрінген болу керек.
4. Иса Нұхтың замандастарының қандай қателігіне көңіл бұрды?
4 Бір қызығы, Иса Нұхтың күндері жайлы айтқанда, сол кезде зорлық-зомбылықтың, жалған дін мен азғындықтың соншалықты қайғылы халде болып отырғанына қарамастан, олар туралы ештеңе демеген. Ол адамдардың жіберген басты қателігіне, яғни айтылып жатқан ескертуге құлақ асудан бас тартқанына, көңіл аударды. Иса: “Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді”,— деді. Ішіп-жеп, әйел алып, қыз ұзатқанда тұрған жаман не бар? Олар жай ғана “кәдімгідей” өмір кешіп жатты ғой! Бірақ топан су қаупі төніп келе жатқан еді, Нұх болса әділдікті уағыздап жүрді. Оның сөздері мен жүріс-тұрысы олар үшін ескерту болу керек еді. Алайда “Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша олар ештеңені ұқпады” (Матай 24:38, 39).
5. Нұх пен оның отбасына қандай қасиеттер қажет еді?
5 Сол заманға қарап отырып, Нұхтың даналықпен өмір кешкенін көреміз. Алайда Топан судың алдында елден ерекше болу үшін батылдық керек еді. Сондай-ақ Нұх пен оның отбасына үлкен кемені тұрғызу және оған таңдап алынған әр түрлі жануарды кіргізу үшін берік сенімділік қажет еді. Сол азғана адал жанның кейде көзге көп түспей-ақ, “кәдімгідей” өмір сүре беруді қалаған кездері болды ма? Тіпті ондай ойлар қылаң еткен болса да, олар мінсіздік жолынан таймады. Көп жылдан кейін — кез келгеніміздің осы зұлым дүниеде төзуіміз керек жылдардан ұзағырақ жылдан кейін — Нұхтың сенімі оны Топан судан аман алып қалды. Алайда Ехоба “кәдімгідей” өмір кешіп, қандай заманда өмір сүріп жатқандарын ұқпағандардың бәрін де жазалады.
Жер беті қайтадан зорлық-зомбылыққа толды
6. Топан судан кейін де жағдай қандай болды?
6 Су тартылғаннан кейін, адамзат жаңа бастама алды. Бірақ адамдар әлі де кемелсіз еді, әрі ‘адамның ішкі ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім болып’ қала берді (Жаратылыс 8:21). Оның үстіне, жын-перілер адам кейпіне ене алмағанымен, әлі де белсенді әрекет етуде еді. Құдайсыз дүниеге ‘шайтан билігін жүргізіп отырғаны’ тез-ақ байқалды және қазіргідей Құдайдың қызметшілеріне ‘Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс беруге’ тура келді (Жоханның 1-хаты 5:19; Ефестіктерге 6:11, 12).
7. Топан судан кейінгі дүниеде зорлық-зомбылық қалай жайлады?
7 Ең әрі дегенде, Нымродтың заманынан бастап адамдар жер бетін тағы да зорлық-зомбылыққа толтырды. Адам санының өсуі мен технологияның дамуының нәтижесінде ол уақыт өткен сайын өрши түсті. Ертеректе адамдар семсер, найза, садақ пен жебе, күйме қолданған. Кейінірек мушкет пен зеңбірек, сонан соң мылтық және XX ғасырдың басында артиллериялық қондырғылар пайда болды. Бірінші дүниежүзілік соғыста ұшақ, танк, сүңгуір қайық, улы газ сияқты жаңа, анағұрлым қорқынышты қару-жарақтар қолданылды. Сол соғыста бұл қару-жарақтар миллиондаған адамдардың өмірін алып кетті. Бұл күтпеген жайт па еді? Жоқ.
8. Аян 6:1—4 дейінгі тармақтар қалай орындалуда?
8 1914 жылы Иса көктегі Құдай Патшалығының тағына отырып, “Иеміздің күні” басталды (Аян 1:10, ЖД). Аян кітабында Иса ақ боз атқа мініп, шауып келе жатқан жеңімпаз Патша ретінде суреттелген. Оның артынан әрқайсысы адамзаттың басына түсетін әр түрлі апатты бейнелейтін салт аттылар ілеседі. Соның бірі оттай қызыл атқа мінген, әрі оған “адамдар бір-бірін қырулары үшін жер бетіндегі бейбітшілікті жою билігі беріліп, үлкен семсер табыс етілді” (Аян 6:1—4). Бұл ат пен салт атты соғысты бейнелейді, ал үлкен семсер қазіргі заманғы күшті қару-жарақтар қолданылып жатқан соғыстардың көз көріп, құлақ естімеген жойқын күшін білдіреді. Бүгінде мұндай қару-жарақтардың қатарына әрбірі ондаған мың адамды жойып жібере алатын ядролық зарядтар; оларды мыңдаған шақырым жерде орналасқан нысаналарға жеткізе алатын зымырандар, сондай-ақ адамдарды жаппай қыратын химиялық және биологиялық күрделі қару-жарақтар жатады.
Ехобаның ескертулеріне ден қоямыз
9. Бүгінгі дүние қай жағынан Топан судың алдындағы дүниеге ұқсайды?
9 Нұхтың күндерінде бұзақы алыптардың арандатуымен зұлым адамдар дүниені зорлық-зомбылыққа толтырып жібергені үшін Ехоба адамзатты құртып жіберген болатын. Ал бүгінгі күні жағдай қандай? Сол уақытқа қарағанда зұлымдық азайды ма? Әрине, жоқ! Оның үстіне, дәл Нұхтың күніндегідей, бүгінде адамдар күнделікті істерімен айналысып, “кәдімгідей” өмір сүруге тырысып, айтылып жатқан ескертуге құлақ салғылары келмейді (Лұқа 17:26, 27). Олай болса, Ехобаның тағы да зұлым адамдарды жоятынына күмәндануға себеп бар ма? Жоқ!
10. а) Киелі кітаптағы пайғамбарлықта қандай ескерту жиі қайталанады? ә) Бүгінде жалғыз дана жол қандай?
10 Топан судан жүздеген жылдар бұрын Енох біздің уақытымызда болатын жойылу туралы алдын ала айтқан болатын (Яһуда 14, 15). Иса да келе жатқан ‘ауыр азап’ туралы айтқан (Матай 24:21, сілтемені қараңдар). Сол уақыт жөнінде басқа пайғамбарлар да ескерткен (Езекиел 38:18—23; Даниял 12:1; Жоел 2:31, 32). Сондай-ақ Аян кітабында сол соңғы жойылу әсерлі суреттелген (Аян 19:11—21). Нұх сияқты әрқайсымыз әділдіктің белсенді уағыздаушыларымыз. Біз Ехобаның ескертулеріне ден қоямыз және жақындарымызға солай етуге сүйіспеншілікпен көмектесеміз. Онда Нұх сияқты біз де Құдаймен тығыз байланыста жүрміз деуге болады. Шынында да, өмір сүруді қалайтындар үшін Құдаймен тығыз байланыста жүре беру маңызды. Күнделікті кезігіп жатқан қысымға қарамастан, бұлай етуімізге не көмектеседі? Құдайдың жүзеге асып жатқан ниетіне деген берік сенім дамытуымыз керек (Еврейлерге 11:6).
Аумалы-төкпелі заманда Құдаймен тығыз байланыста жүре беріңдер
11. Қалайша бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге еліктей аламыз?
11 Бірінші ғасырда майланған мәсіхшілерді “Исаның жолына” түскендер дейтін (Елшілердің істері 9:2). Олар бүкіл өмірін Ехоба мен Иса Мәсіхке деген сенімге негіздеген еді. Олар Иелерінің салып кеткен жолымен жүрді. Бүгінгі күні де адал мәсіхшілер солай етуде.
12. Иса халықты керемет түрде тамақтандырған соң не болды?
12 Сенімнің қаншалықты маңызды екенін Исаның қызметінің барысында болған бір оқиғадан көруге болады. Бірде Иса 5 000-ға жуық адамды керемет түрде тамақтандырады. Адамдар бұған қатты таңғалып, қуанады. Бірақ бұдан кейін не болғанына назар аударайықшы. Біз былай деп оқимыз: “Адамдар Иса жасаған осы кереметті көргенде: — Дүниеге келуге тиіс Пайғамбар — шынымен Осы! — десті. Олардың Өзін патша ету үшін келіп, қапысызда ұстап алмақшы болғанын біліп, Иса тағы да жалғыз Өзі тауға кетіп қалды” (Жохан 6:10—15). Сол түні ол басқа жерге жол жүріп кетеді. Исаның патша болудан бас тартқанын көріп, көбісінің одан көңілі қалса керек. Бұл түсінікті де, өйткені оның патша болуға жетерлік даналығы да, адамдардың тәндік қажеттіліктерін қанағаттандыра алатындай құдіреті де болды ғой. Алайда Ехобаның Исаны Патша етіп тағайындайтын уақыты әлі келген жоқ еді. Оның үстіне, Исаның Патшалығы жерде емес, көкте болу керек-тін.
13, 14. Адамдардың көбісі қандай көзқарас танытты және олардың сенімі қалай сыналды?
13 Осыған қарамастан адамдар Исаны іздеп, Жохан айтқандай, “көлдің батыс бетінен” тауып алады. Неге Иса патша болудан бас тартса да, олар оны іздеді? Олардың көбісі пендешілік көзқараста екенін көрсетіп, Мұсаның күндерінде Ехобаның шөл далада исраилдіктерге тәндік ас-су бергеніне ерекше назар аударды. Осылай олар өздерін Исаның әрі қарай да ас-сумен қамтамасыз ете беруіне меңзеген болатын. Пиғылдарының дұрыс емес екенін түсінген Иса олардың ой-қалпын түзетуге көмектесетін рухани шындықтар жайлы үйрете бастады (Жохан 6:17, 24, 25, 30, 31, 35—40). Нәтижесінде біразы, әсіресе келесі көрнекі мысалды айтқан кезде, күңкілдеп, наразылық білдірді: “Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: егер көктен келген Билеушінің тәнін “жеп”, қанын “ішпесеңдер”, сендерде шынайы өмір болмайды. Кімде-кім Менің тәнімді “жеп”, қанымды “ішсе”, ол мәңгілік өмірге ие болады, Мен оны ақырғы күні қайта тірілтемін” (Жохан 6:53, 54).
14 Исаның көрнекі мысалдары жиі адамдардың ішкі ниетін ашып, шын мәнінде Құдаймен бірге жүргілері келе ме, жоқ па, соны анықтауға көмектесетін. Бұл көрнекі мысалдың да мақсаты сондай еді. Бұл әңгіме адамдардың қатты наразылығын тудырды. Біз былай деп оқимыз: “Осыны естіген шәкірттерінің көбі: — Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады?— деді”. Әрі қарай Иса өз сөздерін рухани мағынада ұғыну керектігін түсіндірді. Ол: “Шынайы өмір беруші — Киелі Рух, ал бұған тән еш жарамайды. Сендерге айтқан сөздерім арқылы рухани өмірге ие бола аласыңдар”,— деді. Алайда көбісі оны тыңдағысы келмеді. Әрі қарай былай деп оқимыз: “Сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды” (Жохан 6:60, 63, 66).
15. Исаның кейбір ізбасарлары қандай дұрыс көзқараста болды?
15 Бірақ Исаның шәкірттерінің бәрі бұлай еткен жоқ. Рас, бұл адал шәкірттері де Исаның айтқандарын толық түсінбеді. Десе де, олардың Исаға деген сенімдері еш шайқалған жоқ. Сол адал шәкірттердің бірі Петір Исамен бірге қалғандардың сезімдерін былай деп білдірді: “Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде” (Жохан 6:68). Қандай ғажап көзқарас, қандай керемет үлгі!
16. Біз қалай сыналуымыз мүмкін және қандай дұрыс көзқарас дамытуымыз керек?
16 Бүгінгі күні біз де ертедегі шәкірттер сияқты сыналуымыз мүмкін. Мысалы, Ехобаның уәделері өзіміз қалағандай тез орындалмай жатқандықтан, еңсеміз түсуі мүмкін. Бәлкім, бізге Киелі кітапқа негізделген басылымдарымыздағы кейбір Жазба орындарының түсіндірмелерін ұғу қиын болатын шығар. Я болмаса бір сенімдегілердің қылықтары ренжітетін шығар. Осындай не осы іспеттес себептермен Құдаймен тығыз байланыста жүруді тоқтатқанымыз жөн болар ма еді? Әрине, жоқ! Исадан бас тартқан шәкірттер өздерінің пендешілік көзқараста екендіктерін көрсеткен. Біз бұлай етуден сақ болуымыз керек.
‘Біз алған бағытынан кері қайтатындардың қатарынан емеспіз’
17. Құдаймен тығыз байланыста жүре беруімізге не көмектеседі?
17 Елші Пауыл: ‘Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылған’,— деген (Тімотеге 2-хат 3:16). Киелі кітап беттері арқылы Ехоба бізге: “Міне жол, сонымен жүріңдер”,— деп анық айтады (Ишая 30:21). Құдай Сөзіне құлақ асқанымыз парасатты өмір сүруге ерекше ден қоюға көмектеседі (Ефестіктерге 5:15). Киелі кітапты зерттеп, білгендеріміздің үстінен ой жүгіртсек, ‘шындық жолымен жүре’ аламыз (Жоханның 3-хаты 3). Шынында да, Иса айтқандай, “Шынайы өмір беруші — Киелі Рух, ал бұған тән еш жарамайды”. Қадамымызға бағыт беретін жалғыз ғана сенімді басшылық — рухани басшылық. Оны Ехобаның Сөзі, киелі рухы және ұйымы арқылы аламыз.
18. а) Кейбіреулер қандай ақымақтық жасайды? ә) Біз қандай сенім дамытамыз?
18 Бүгінде пендешілік көзқарастарының әсерінен немесе үміттері жүзеге аспағандықтан наразы болғандар осы дүние ұсынып отырған нәрселердің игілігін барынша көріп қалуға ұмтылып жатады. Уақыттың тығыз екенін ұмытып, олар ‘сергек болуды’ қажет деп таппайды. Сондай-ақ Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюдың орнына, өз мақсаттарына ұмтылады (Матай 24:42). Бұлай ету — барып тұрған ақымақтық! Пауылдың сөздеріне назар аударыңдаршы: “Бірақ біз алған бағытынан кері қайтып, рухани өлімге (Құдайдан мәңгі ажырауға) ұшырайтындардың қатарынан емеспіз, сенімге адал болып, жандарын мәңгі аман сақтайтындардың қатарынанбыз” (Еврейлерге 10:39, сілтемені қараңдар). Енох пен Нұх іспетті біз де аумалы-төкпелі заманда өмір сүрудеміз, бірақ дәл солар сияқты біздің де Құдаймен тығыз байланыста жүруге мүмкіндігіміз бар. Осылай ете отырып, Ехобаның ниетінің қалай жүзеге асатынын, зұлымдықтың жойылатынын және әділ жаңа дүние орнайтынын көретінімізді сенімділікпен күтеміз. Қандай ғажайып болашақ!
19. Шынайы ғибадат етушілердің өмір жолын Миха қалай суреттеген?
19 Миха пайғамбар рухтың жетелеуімен осы дүниедегі халықтардың ‘әрқайсысы өз құдайларының есімімен жүретінін’ айтқан. Содан кейін ол өзі және Құдайдың басқа да адал қызметшілері жайлы былай деді: “Ал біз Құдайымыз Тәңірдің есімімен мәңгі жүретін боламыз” (Миха 4:5). Егер сендердің де шешімдерің Миханікі сияқты болса, қандай аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, Ехобаға жақын болып қала беріңдер (Жақып 4:8). Әрқайсымызда Құдайымыз Ехобамен бірге қазір және мәңгілік бойы жүруге деген шын жүректен шыққан ықылас болсын!
Қалай жауап берер едіңдер?
• Нұхтың күндері мен бүгінгі күннің қандай ұқсастықтары бар?
• Нұх пен оның отбасы қандай өмір жолын ұстанған және біз олардың сеніміне қалай еліктей аламыз?
• Исаның кейбір ізбасарлары қандай дұрыс емес көзқарас танытты?
• Шынайы мәсіхшілер неге белдерін бекем буған?
[31-беттегі суреттер]
Нұхтың күніндегідей, бүгінгі күні де адамдар күнделікті тірліктерінен бас көтере алар емес
[32-беттегі сурет]
Патшалықтың жариялаушылары ретінде ‘біз алған бағытынан кері қайтатындардың қатарынан емеспіз’