Ата-аналар, балаларыңа қандай болашақ тілейсіңдер?
‘Бозбалалар мен қыздар... Тәңірдің есімін мадақтаңдар’ (ЗАБУР 148:12, 13).
1. Ата-аналар нені уайымдайды?
ҚАНДАЙ ата-ананы балаларының болашағы ойландырмайды?! Олар нәресте жарық дүниеге келгеннен бастап, тіпті одан да бұрын, оның жағдайын уайымдай бастайды: баланың дені сау бола ма? Дұрыс дамып-жетіле ме? Ал бала өскен сайын, уайымы да көбейе түседі. Жалпы алғанда, ата-аналар балаларына ең жақсыны ғана тілейді (Патшалықтар 1-жазба 1:11, 27, 28; Забур 126:3—5).
2. Неге көптеген ата-ана балаларының есейгенде жақсы өмір кешкендерін қатты қалайды?
2 Алайда қазіргі заманда ата-аналар үшін балаларына ең жақсы нәрсені беру оңай емес. Көп ата-ана қиын кезеңдерді, яғни соғысты, саяси төңкерістер мен экономикалық қиыншылықтарды, тән және жан жарақатын, сондай-ақ басқа да көптеген қиындықтарды бастан кешкен. Әрине, олар осы нәрселердің балаларының басына түспеуін шын жүректен қалайды. Бай елдерде ата-аналарға жолдастарының не туысқандарының ұл-қыздары қызмет орнында өсіп, бір қарағанда, табысты өмір кешіп жатқанын көрер. Сондықтан олар да балаларының есейгенде, жайлы әрі тыныш, яғни жақсы да қанағаттанарлық өмір сүре алулары үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеуге міндеттіміз деп сезінеді (Екклесиаст 3:13).
Жақсы өмірді таңдау
3. Мәсіхшілер қандай өмірді таңдаған?
3 Иса Мәсіхтің ізбасарлары ретінде мәсіхшілер өз өмірлерін Ехобаға бағыштаған. Олар Исаның: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге күн сайын дайын болып Менің жолыммен жүрсін!”— деген сөздерін жүректерімен қабыл алған (Лұқа 9:23; 14:27). Шындығында да, мәсіхшілердің өмірі жанқиярлықты талап етеді. Бірақ бұл жоқшылық пен қиыншылықта өмір сүру дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл — бақытты да қанағатқа толы өмір, өйткені мұндай өмір басқаларға берумен байланысты. Ал Иса айтқандай, “алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35).
4. Иса ізбасарларын неге талпындырды?
4 Исаның күндерінде адамдардың жағдайы өте қиын еді. Күнделікті нандарын тауып жеумен қатар, оларға римдіктердің ауыр езгісі мен діндарлар орнатқан қатаң діни ережелер мен рәсімдердің ауыртпалықтарын көтеруге тура келген (Матай 23:2—4). Сөйткенмен де Иса туралы естіген адамдардың көбісі өз мүдделерінен, тіпті мансаптарынан бас тартып, оның ізбасарлары болды (Матай 4:18—22; 9:9; Қолостықтарға 4:14). Сол шәкірттер болашақтарына қауіп төндірген бе еді? Исаның сөздеріне назар аударыңдаршы: “Менің атыма бола үй-жайы, туған бауырлары, әке-шешесі, бала-шағасы не жер-суынан ажыраған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі мәңгілік өмір де сыйланады” (Матай 19:29). Иса ізбасарларын олардың қажеттіліктері көктегі Әкесіне мәлім екеніне сендірді. Сондықтан оларды былай деп талпындырды: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді” (Матай 6:31—33).
5. Кейбір ата-аналар Исаның Құдай өз қызметшілерінің қамын ойлайды деген сөздеріне қалай қарайды?
5 Бүгін де жағдай өзгере қойған жоқ. Ехоба біздің де қажеттіліктерімізді біледі. Құдай Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоятындардың, әсіресе толық уақытты қызметке ұмтылатындардың, қамдарын ойлайтынына сендіреді (Малахи 3:6, 16; Петірдің 1-хаты 5:7). Алайда кейбір ата-аналар бұған сенімсіз. Бір жағынан, олар балаларының Ехобаға деген қызметтерінде алға басып, мүмкін болса, толық уақытты қызмет еткендерін қалайды. Ал екінші жағынан, дүниедегі экономикалық жағдайды және жұмысқа тұрудың қиын екенін көргенде, қалаған жұмыстарына тұру үшін немесе, ең болмағанда, қолдарында бір жапырақ қағаз болу үшін, жастардың алдымен жақсы білім алғандары маңызды деп есептейді. Мұндай ата-аналар үшін жақсы білім деген жиі жоғары білімді білдіреді.
Болашаққа дайындық
6. Бұл мақалада “жоғары білім” деп не айтылып отыр?
6 Әр елдің өз білім беру жүйесі бар. Мысалы, Құрама Штаттарында жалпы орта мектептерде 12 жылдық негізгі білім беріледі. Сонан соң оқушылар төрт не одан да көп жыл оқитын университетке не колледжге түсуі мүмкін. Бұл жерде олар бакалавр дәрежесіне ие болады, немесе медицина, құқық, инженерлік не басқа да саланың маманы болу үшін әрі қарай да білім алуды жалғастыруы мүмкін. Бұл мақалада “жоғары білім” дегенде, осындай жоғары оқу орындарындағы білім айтылып отыр. Сонымен қатар мамандандырылған техникалық мектептер де бар. Онда қысқа мерзімді курстар өткізіліп, қандай да бір өндіріс не қызмет көрсету саласы бойынша сертификат не диплом беріледі.
7. Жоғары сынып оқушылары қандай қысым көруде?
7 Бүгінде орта мектептерде оқушыларды жоғары білім алуға даярлау белең алып отыр. Бұл үшін жоғары сыныптардың басым көпшілігінде жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын тапсыруға мүмкіндік беретін пәндерді оқуға баса көңіл бөлініп, ал жұмыс табуға көмектесетін курстарға мән берілмейді десе де болады. Бүгінде мектеп оқушыларына болашағы бар әрі жақсы табыс табуға мүмкіндік беретін диплом алу үшін беделді жоғары оқу орындарына түсуге мұғалімдері, кеңес берушілері мен сыныптастары қысым жасайды.
8. Мәсіхші ата-аналарға нені таңдау керек болады?
8 Ал мәсіхші ата-аналардың не істеуіне болады? Әрине, олар балаларының мектепте жақсы оқып, кейін күндерін көре алу үшін қажетті дағдыларды меңгеріп алғандарын қалайды (Нақыл сөздер 22:29). Бірақ ата-аналар балаларының бақталастық рухының ырқына беріліп, материалдық игілік пен табысқа ұмтылуларына жол берулері керек пе? Олар сөздерімен не істерімен болсын, балаларының алдына қандай мақсаттар қояды? Кейбір ата-ана келешекте балаларын жоғары оқу орнына түсіре алу үшін ауыр еңбек етіп, ақша жинайды. Өзгелері болса сол үшін қарызға батуға дайын. Алайда мұндай шешімнің шығыны тек доллар не теңгемен ғана өлшенбейді. Жоғары білім алуға ұмтылудың шығыны қандай? (Лұқа 14:28—33)
Жоғары білімге ұмтылудың шығыны
9. Жоғары білім алуға кететін қаржы шығыны туралы не деуге болады?
9 Әдетте шығын дегенде, қаржы шығыны ойымызға келеді. Кей елдерде жоғары білім алуға қаржыны үкімет төлейді, сондықтан қабілетті студенттерге оқуға ақы төлеудің қажеті жоқ. Алайда көп жерлерде жоғары білім алу қымбат тұрады, әрі оның құны өсуде. “Нью-Йорк таймс” газетінде: “Бұрын жоғары білім көптеген мүмкіндіктер ашады деп есептелетін. Ал бүгінде ол бақуатты және бақуатты емес адамдардың аражігін ажыратушы болып отыр”,— делінген. Басқаша айтқанда, сапалы жоғары білім бай да ықпалды адамдардың иелігіне айналуда. Олар балаларын қоғамда өздері сияқты болуға кепілдік береді деп, осындай беделді жоғары оқу орындарына түсіреді. Ал мәсіхші ата-аналар балаларының алдына осындай мақсаттар қоюлары керек пе? (Філіпіліктерге 3:7, 8; Жақып 4:4)
10. Жоғары білім осы дүниенің мүддесіне қалай қызмет етеді?
10 Жоғары білім тегін берілетін жерлердің өзінде де жасырын қауіп болуы мүмкін. Мысалы, “Уолл-стрит джорнэл” газетінің мәлімдеуінше, Оңтүстік-шығыс Азияның бір елінде үкімет “мұғалімдер тек ең жақсы деген оқушыларды еш шімірікпестен, жоғары жаққа итермелейтін “пирамида типті” мектеп жүйесін” іске қосуда. “Жоғары жаққа” деп отырғанымыз таңдаулы университеттерге — мысалы, Оксфорд және Кембридж (Англия), Гарвард пен Йель (АҚШ) сияқты және басқа да әлемге танымал университеттерге — түсуді білдіреді. Неге үкімет осындай ұзақ мерзімді білім беру бағдарламасын ұсынып отыр? “Өз елінің экономикасын көтеру үшін”,— деп мәлімденеді сол газетте. Білім алу тегін болғанымен, мұның құнын студенттер осы дүниенің мүддесі үшін бар өмірін сарп ету арқылы өтейді. Бұл дүниедегілер осындай өмір жолын барынша қолдап-қоштағанымен, мәсіхші ата-ананың баласына тілейтіні осы ма? (Жохан 15:19; Жоханның 1-хаты 2:15—17)
11. Студенттер арасындағы маскүнемдік пен әдепсіз жыныстық қатынас туралы мәліметтер нені көрсетеді?
11 Тағы бір ескеретін нәрсе — араласатын орта. Студенттер қалашықтары есірткі қабылдау, маскүнемдік, азғындық, күш көрсету мен тағы басқа да жаман жүріс-тұрыстармен аты шыққан. Мысалы, маскүнемдікті алайық. Бір журналда мас болғанша ішу мақсатымен ғана бас қосу туралы: “[Америкадағы студенттердің] 44 пайызға жуығы ішімдік ішу үшін, кем дегенде, екі аптада бір рет бас қосады”,— делінген (New Scientist). Дәл осындай проблема Австралияда, Ұлыбританияда, Ресейде және басқа да жерлерде кездеседі. Ал азғындыққа қатысты бүгінде студенттердің айтатын әңгімесі — “бір түндік кездесу”. Бір журналға сай, бұл “бір рет махаббат құруды, яғни болашақта онымен тіпті сөйлесу де ойында жоқ кездейсоқ адаммен кез келген нәрсеге — сүйісуден бастап жыныстық қатынасқа дейін — баруды” білдіреді. Зерттеулер көрсеткендей, студенттердің 60—80 пайызы осындай әрекетке барады. “Егер өзіңді қатардағы студентпін десең, солай етесің”,— дейді бір зерттеуші (Қорынттықтарға 1-хат 5:11; 6:9, 10).
12. Студенттер қандай қысым көреді?
12 Жаман ортамен қоса, сабақ пен емтихандардың ауыртпалығы тағы бар. Емтихандардан өту үшін студенттерге көп оқып, дайындалуға тура келеді. Кейбіреулері оқып жүріп, ең кем дегенде, толық уақытты емес жұмыс істеуге мәжбүр болуы мүмкін. Мұның бәріне көп уақыт пен күш-қуат кетеді. Сонда рухани істерге не қалады? Осылай жан-жақтан қысым көбейгенде, неден бас тартуға тура келеді? Патшалықтың мүддесі бірінші орында қала бере ме, жоқ әлде шетке ысырылып қала ма? (Матай 6:33) Киелі кітап мәсіхшілерді мынаған шақырады: “Сонымен парасатсыз емес, парасатты өмір сүруге ерекше ден қойыңдар. Өздеріңе қолайлы уақыттың құнын өтеп алыңдар, өйткені бұл күндер зұлымдыққа толы” (Ефестіктерге 5:15, 16, ЖД). Кейбіреулердің уақыт пен күштерін оқуға кетіріп немесе Киелі кітапқа қайшы келетін жүріс-тұрысқа салынып, сенімдерінен тайып кеткендері қандай өкінішті!
13. Мәсіхші ата-аналар қандай сұрақтарды қарастырулары керек?
13 Әрине, азғындық, жаман жүріс-тұрыс пен ауыртпалықтар жоғары оқу орындарында ғана кездеспейді. Жастардың көбісі мұндай нәрселерді студенттік өмірдің бір бөлігі деп есептейді. Алайда мәсіхші ата-аналар біле тұра, балаларының, кем дегенде, төрт жыл осындай ортада болуына жол бергені дұрыс па? (Нақыл сөздер 22:3; Тімотеге 2-хат 2:22) Жастардың жоғары білімнен алатын пайдасы бастарын осындай қауіп-қатерге тігулеріне тати ма? Ең бастысы, жоғары білім оларға өмірде ең маңыздысы не екенін анықтай білуге көмектесе ме?a (Філіпіліктерге 1:10; Салониқалықтарға 1-хат 5:21). Ата-аналар бұл сұрақтарды байыппен әрі дұға ете отырып қарастырулары керек. Сонымен қатар балаларын басқа қалаға не елге оқуға жіберудің барлық қауіпті жақтарын ескерулері қажет.
Жоғары білімнің орнын не басады?
14, 15. а) Кең тараған пікірге қарамастан, Киелі кітап бізге де қатысы бар қандай кеңес береді? ә) Жастар өздеріне қандай сауалдар қоюына болады?
14 Бүгінде өмірде табысты болудың жалғыз жолы жоғары білім алу деген түсінік қалыптасқан. Алайда мәсіхшілер бұл дүниеде кең тараған көзқарасты ұстанбай, Киелі кітаптағы: “Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар”,— деген кеңеске құлақ асады (Римдіктерге 12:2). Осы дүниенің ең соңғы уақытында Құдайдың кәрі-жас демей, барлық қызметшілеріне қатысты еркі қандай? Пауыл Тімотені: “Сен әрдайым қырағы, азапқа төзімді бол; Ізгі хабарды уағыздаушының міндетін атқарып, қызметіңді орындай бер [“толықтай орындай бер”, ЖД]!”— деп талпындырған. Бұл сөздердің, әрине, бәрімізге де қатысы бар (Тімотеге 2-хат 4:5).
15 Осы дүниенің дүниеқоңыздық рухына берілудің орнына, бәріміз де бет алған рухани бағытымызға ‘қырағы’ болуымыз қажет. Егер жас болсаң, өзіңнен: “Құдай Сөзінің қабілетті уағыздаушысы болу үшін қызметімді мүмкіндігінше ‘жақсы орындай беруге’ бар күшімді саламын ба? Қызметімді “толықтай” орындау үшін қандай мақсаттар қойдым? Толық уақытты қызметті өмір жолым етудің мүмкіндіктерін қарастырдым ба?” Бұл әсіресе өзге жастардың қара бастарының қамын ойлап және өмірде табысты болуға үміттеніп, ‘ұлы нәрсеге’ ұмтылып жатқандарын көргенде, оңай жауап бере салатын сұрақтар емес (Еремия 45:5). Сол себепті де мәсіхші ата-аналар балаларына нәресте кезінен жақсы тәрбие беріп, араласатын рухани жақсы орта табуларына қам жасайды (Нақыл сөздер 22:6; Екклесиаст 12:1; Тімотеге 2-хат 3:14, 15).
16. Қалай мәсіхші ата-аналар балаларына араласатын рухани орта тауып бере алады?
16 Аналары көп жыл бойы толық уақытты қызмет еткен үш ұлдың үлкені былай деп есіне алады: “Анамыз кімдермен араласатынымызды қатты қадағалайтын. Біз мектептегі балалармен жақын араласпайтынбыз. Тек қауымдағы рухани үлгі көрсететін бауырластармен достасатынбыз. Анам толық уақытты қызметшілерді — миссионерлерді, аралаушы бақылаушыларды, бетелдіктер мен ізашарларды — ылғи үйге шақыратын. Олардың әңгімесін тыңдап, қуаныштарын көргеніміз жүрегімізде толық уақытты қызметті бастауға деген ықылас оятты”. Бұл үшеуінің де қазір толық уақытты, яғни бірі Бетелде, екіншісі Қызметті жетілдіру мектебінен өтіп, үшіншісі ізашар болып қызмет етіп жатқанын көру қандай қуанышты!
17. Ата-аналар балаларына пәндер мен мамандық таңдауларына қалай көмектесе алады? (29-беттегі қоршауды қараңдар)
17 Араласатын жақсы ортадан басқа, ата-аналар мүмкіндігінше ертерек балаларының мамандық пен пәндерді дұрыс таңдай білулеріне көмектесулері керек. Қазір Бетелде қызмет етіп жүрген бір жас жігіт былай дейді: “Әке-шешем үйленгенге дейін де, одан кейін де ізашар болып қызмет еткен. Олар осы ізашарлық рухты бүкіл отбасына сіңдіруге күш салды. Мектепте пәндерді таңдау не болашағымызға әсер етуі мүмкін шешімдер қабылдау керек болғанда, олар әрдайым толық уақытты емес жұмыс тауып, ізашар ретінде қызмет етуімізге керемет мүмкіндік беретін шешім қабылдауға талпындыратын”. Жоғары оқу орындарына түсуге бағытталған пәндерді таңдаудың орнына, ата-аналар мен балалар теократиялық істерге жарамды болатын пәндерді таңдағандары жөнb.
18. Жастар жұмысқа қатысты қандай мүмкіндіктерді қарастырып көруге болады?
18 Зерттеулер көрсетіп отырғандай, көп елдерде университет бітіргендерге емес, өндіріс пен қызмет көрсету саласының мамандарына қажеттілік бар. Бір газетте “алдағы онжылдықта жұмысшыларға университеттік диплом емес, колледждегі екі жылдық диплом немесе кәсіптік-техникалық білімі бар сертификат қажет болатындығы” айтылған (USA Today). Мұндай оқу орындарында іс жүргізу, көлік пен компьютерлерді жөндеу, слесарьлық, шаштараз бен басқа да көптеген мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар өткізіледі. Бұлар лайықты мамандықтар ма? Әрине! Бәлкім, олар әлдекім ойлағандай, керемет емес те шығар, бірақ бұл — Ехобаға қызмет ету өмірінде бірінші орында тұрғандар үшін маңызды әрі өте ыңғайлы мамандықтар (Салониқалықтарға 2-хат 3:8).
19. Бақытты да қанағатқа толы өмір кешудің ең сенімді жолы қандай?
19 “Бозбалалар мен қыздар... Тәңірдің есімін мадақтасын,— деп шақырады Киелі кітап,— себебі Оның бір өзінің ғана есімі дәріптеулі, Оның даңқы жер мен көкте” (Забур 148:12, 13). Осы дүние ұсынып отырған дәреже мен сыйларға қарағанда, Ехобаға толық уақытты қызметті ең басты жұмыс ету — сөз жоқ, бақытты әрі қанағатқа толы өмір кешудің ең сенімді жолы. Киелі кітаптағы: “Жаратушының ақ батасы — бітім-болмысыңды байытады және қайғы-қасіретке ұшыратпайды”,— деген сөздерді естеріңде мықтап ұстаңдар (Нақыл сөздер 10:22, “Таурат. Қазақ және ағылшын тілдерінде”).
[Сілтемелер]
a Теократиялық білімді университеттік білімнен жоғары қойғандардың тарихын мына журналдардан оқуға болады: 1984 жылғы 1 мамырдағы “Күзет мұнарасы” (8—11 бет, ор.); 1979 жылғы 15 сәуірдегі “Күзет мұнарасы” (5—10 бет, ағ.); 1978 жылғы 8 маусымдағы “Ояныңдар!” журналы (15-бет, ағ.); 1974 жылғы 8 тамыздағы “Ояныңдар!” журналы (3—7 бет, ағ.).
b 1998 жылғы 8 қазандағы “Ояныңдар!” журналының “Болашаққа сенімді болу үшін” атты мақаласын (4—6 бет, ор.) және 1989 жылғы 8 мамырындағы “Қандай өмір жолын таңдауым керек?” деген мақаласын (12—14 бет, ағ.) қараңдар.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Мәсіхшілер болашақтары қауіпсіз болу үшін не нәрсеге сенім артады?
• Балаларының болашағына байланысты мәсіхші ата-аналар қандай қиындықтарға кезігеді?
• Жоғары білім алуға кететін шығынды есептегенде, нені ескеру керек?
• Ата-аналар балаларына Ехобаға қызмет етуді өмір жолы етулеріне қалай көмектесе алады?
[29-беттегі қоршау]
Жоғары білім қаншалықты керек?
Жоғары оқу орнына түскендердің көбісі болашақта жақсы табыс пен тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік беретін білім деңгейіне ие болуға үміттенеді. Алайда мемлекеттік мәлімдемелерге сай, осындай білім деңгейіне алты жылдың ішінде барлық студенттердің тек төрттен бірі ғана, яғни өте аз адам, ие болады екен. Тіпті сол адамдардың өзіне жақсы жұмыс табуға кепілдік бар ма? Зерттеулер не дейтінін көрейікші.
“Гарвард не Дьюка университеттерінде оқу міндетті түрде жақсы жұмыс пен жақсы табыс табуға кепілдік бермейді... Компаниялар жұмысқа үміткер жастар туралы көп біле бермейді. (Беделді жоғары оқу орындарының) жалт-жұлт еткен дипломы, әрине, күшті әсер қалдырар. Бірақ жұмыс беруші үшін адамның қолынан бірдеңе келетін-келмейтінін білу маңызды” (Newsweek журналы, 1 қараша, 1999 жыл).
“Қазіргі таңда жұмысқа бұрынғыға қарағанда жоғары білімді мамандар қажет болғанымен... жұмысқа қабылдау үшін әдетте жоғары білім емес... орта мектепте үйренген нәрселер, яғни тоғызыншы сыныптың деңгейінде оқып-жаза білу, сондай-ақ математиканы білу, талап етіледі... Жастарға жақсы жұмысқа тұру үшін жоғары оқу орындарына бару міндетті түрде емес, бұл үшін тек орта мектептегі жақсы білім қажет” (“American Educator” журналы, 2004 жыл, көктем).
“Жоғары оқу орындарындағы білім өмір шындығынан, яғни студенттердің жұмыс орнында кезігетіндерінен, алшақ жатыр. Кәсіптік мектептер... кең тарауда. Оларға түсушілердің саны 1996—2000 жылдар аралығында 48% артып отыр... Ал көп уақытыңды сарп етіп алған қымбат дипломның құны болса бұрын-соңды болмаған дәрежеге дейін төмендеуде” (Time, 24 қаңтар, 2005).
“Құрама Штаттарындағы еңбек департаменті 2005 жылға үрейді ұшыратындай болжам жасап отыр: университетте төрт жыл оқып шыққан барлық студенттердің, кем дегенде, үштен бірі өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмайтын болады екен” (The Futurist, шілде-тамыз, 2000 жыл).
Осы жоғарыда айтылғандардың бәрін ескерер болсақ, бүгінде жоғары білім алудың қажеттілігіне күмән келтіретін оқытушылардың саны күннен-күнге көбеюде. Бір журналда: “Біз студенттердің алдына дұрыс емес мақсаттар қоямыз”,— деген күйінішті сөздер келтірілген (Futurist). Ал Киелі кітапта Құдай туралы былай делінген: “Мен [Ехоба], Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін. О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секілді, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!” (Ишая 48:17, 18)
[31-беттегі сурет]
Мәсіхші ата-аналар нәресте кезінен балаларының араласатын рухани жақсы орта табуларына қам жасайды
[32-беттегі сурет]
Олар өз мүдделерінен бас тартып, Исаның соңынан ерді