Шайтанға бой бермеңдер!
“Шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 4:27).
1. Неге көп адамдар Ібілістің бар екеніне күмәнданады?
ҰЗАҚ уақыт бойы көп адам Ібілісті қос мүйізді, тұяғы бар, үсті-басын түк басқан мақұлық деп елестеткен. Бірақ мұндай сипаттама Киелі кітапқа қайшы келеді. Десе де осындай дұрыс емес түсініктерден миллиондаған адам Ібілістің бар екеніне күмәнданады, немесе ібіліс деген жай зұлымдық атаулыны білдіреді деп есептейді.
2. Ібіліс жайлы Киелі кітапта не айтылған?
2 Киелі кітап Ібілістің шын мәнінде бар екенін және оны өз көзімен көрген куәгер жайлы айтады. Ібілісті Иса Мәсіх көктегі рухани тұлғалардың мекенінде көрген, ал жерде болған кезінде онымен сөйлескен (Әйүп 1:6; Матай 4:4—11). Жазбаларда бұл рухани жаратылыстың о бастағы есімі айтылмағанымен, оны Ібіліс (“өтірікші, немесе жалақор”, деген грек сөзінен шыққан) деп атайды, өйткені ол Құдайға жала жапқан. Сондай-ақ ол Құдайға қарсыласатындықтан Шайтан (мағынасы “қарсылас”) деп те аталады. Жыланды қолданып Хауаны алдағандықтан болу керек, оны “ежелден бері келе жатқан абжылан” дейді. Сонымен қатар Киелі кітапта оның “әзәзіл” деген атауы да кездеседі (Аян 12:9; Тімотеге 1-хат 2:14)a.
3. Қандай сұрақты қарастырамыз?
3 Ехобаның қызметшілері болғандықтан, жалғыз шынайы Құдайдың қас жауы Шайтанға еш жағынан да ұқсағымыз келмейді. Сондықтан елші Пауылдың: “Шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!”— деген сөздеріне құлақ асуға тиіспіз (Ефестіктерге 4:27). Олай болса, еліктеп кетпеуіміз керек Шайтанның кейбір жаман қасиеттері қандай екенін қарастырайық.
Бас жалақорға еліктеп кетпеңдер
4. Әзәзіл Құдайға қандай жала жапты?
4 Бұл рухани жаратылыс жалақор болғандықтан да Ібіліс деген атқа лайық. Жала жабу дегеніміз — біреу туралы жалған, қастық, қаралаушы сөздер айту. Құдай Адамға: “Жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! Себебі одан жеген кезде өлесің”,— деп бұйырды (Жаратылыс 2:17). Хауаның да бұдан хабары бар еді, бірақ Шайтан жылан арқылы оған: “Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер! Қайта, сендер осы жемісті жеген кезде көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты болатындарыңды Ол жақсы біледі”,— деді (Жаратылыс 3:4, 5). Бұл Ехоба Құдайға қастық ниетпен жабылған жала еді.
5. Неге Диотреф жала жапқаны үшін жауапқа тартылу керек еді?
5 Құдай исраилдіктерге: “Өз халқыңның арасында сөз тасыма”,— деп бұйырған болатын (Леуіліктер 19:16). Елші Жохан өсекші, яки жалақор, бір адам туралы былай деген: “Мен қауымға жазып жібердім, бірақ олардың басшысы болуға тырысып жүрген Диотреф бізді мойындамайды. Сондықтан барған кезде оның істегендерінің бәрін есіне саламын: ол бізді жаман сөзбен өсектеп жүр” (Жоханның 3-хаты 9, 10). Диотреф Жоханға жала жапқан болатын, әрі осы қылығы үшін жауапқа тартылу керек еді. Қай адал мәсіхшінің Диотреф сияқты болғысы немесе бас жалақор Шайтанға еліктегісі келеді дейсің?!
6, 7. Неге біреуге жала жабудан аулақ болғымыз келеді?
6 Ехобаның қызметшілеріне жиі жала жауып, жалған айып тағады. Кезінде ‘басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаны қатты айыптаған’ (Лұқа 23:10). Пауылға да бас діни қызметкер Анани мен басқалар жалған айып таққан (Елшілердің істері 24:1—8). Сонымен қатар Киелі кітапта Шайтан ‘Құдай алдында күні-түні бауырластарымызға Жала жабушы’ деп айтылған (Аян 12:10). Сол жала жабылған ‘бауырластар’ — осы соңғы күндері жерде өмір сүріп жатқан майланған мәсіхшілер.
7 Әрине, мәсіхшілердің ешқайсысы біреуге жала жауып не жалған айып таққысы келмес еді. Алайда, егер істің барлық жай-жапсарын білмей жатып, біреуге қарсы куәлік беретін болсақ, осылай етіп қоюымыз мүмкін. Мұса Заңы бойынша, өзге біреуге қарсы әдейі жалған куәлік берген адам өлім жазасына кесілетін (Мысырдан шығу 20:16, сілтемені қараңдар; Заңды қайталау 19:15—19). Оның үстіне, өтірік айтып, жалған куәлік беру Ехобаның жаны жаратпайтын іске жатады (Нақыл сөздер 6:16—19). Міне, сондықтан да бас жалақор әрі жалған айып тағушыға еліктегіміз келмейді.
‘Әуел бастан кісі өлтірушінің’ жолынан аулақ жүріңдер
8. Қай мағынада Ібіліс “әуел бастан кісі өлтіруші” болды?
8 Шайтан — кісі өлтіруші. Иса: “Ол әуел бастан кісі өлтіруші болып келеді”,— деген (Жохан 8:44). Адам мен Хауаны Құдайдан бас тартуға итермелеген кезінен бастап Шайтан кісі өлтіруші болды. Соның кесірінен алғашқы адам жұбы мен олардың ұрпақтары өлетін болды (Римдіктерге 5:12). Айта кететін жайт, мұндай әрекет зұлымдықтың емес, тек тұлғаның ғана қолынан келеді.
9. Жоханның 1-хаты 3:15-те айтылғандай, қалай кісі өлтіруші болып қалуымыз мүмкін?
9 Исраилге берілген Он өсиеттің бірінде: “Кісі өлтірме!”— делінген (Заңды қайталау 5:17) Елші Петір мәсіхшілерге: ‘Қайсыбіреулерің азап шексеңдер, бұл кісі өлтірудің зардабы болмауға тиіс’,— деген (Петірдің 1-хаты 4:15). Әрине, Ехобаның қызметшілері ешкімді өлтірмейді. Әйтсе де, егер бауырласымызды жек көріп, оған өлім тілейтін болсақ, Құдайдың алдында кінәлі болар едік. “Бауырласын жек көрген әркім — кісі өлтіруші! Ал мынаны білесіңдер: кісі өлтірушінің мәңгілік өмірі жоқ” (Жоханның 1-хаты 3:15). Исраилдіктерге: “Жүрегіңде өз бауырласыңмен өштеспе”,— деп бұйырылған (Леуіліктер 19:17). Олай болса, кісі өлтіруші Шайтан мәсіхшілер арасындағы бірлігімізді бұзбау үшін, бауырласпен арамызда пайда болған кез келген қиындықты шешуге асық болайық.
‘Өтіріктің бастауына’ қарсы тұрыңдар
10, 11. ‘Өтіріктің бастауы’ Шайтанға қарсы тұру үшін не істеуіміз керек?
10 Ібіліс өтірікші. “Ол өтірікті өз болмысына сай айта береді; себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы”,— деді Иса (Жохан 8:44). Шайтан Хауаға өтірік айтқан. Ал Иса, керісінше, бұл дүниеге шындықты жариялау үшін келген (Жохан 18:37). Егер Мәсіхтің ізбасарлары ретінде Шайтанға қарсы тұрғымыз келсе, өтірік айтуға немесе алдауға болмайды. Біз ‘шындықты айтуға’ тиіспіз (Зәкәрия 8:16; Ефестіктерге 4:25). “Шындықтың Құдайы” Ехоба тек шыншыл куәгерлеріне ғана батасын береді. Ал зұлымдардың ол жайлы куәлік етуге еш құқы жоқ (Забур 30:6; 49:16; Ишая 43:10).
11 Шайтанның өтірігін біліп, алған рухани бостандығымызды жоғары бағалайтын болсақ, мәсіхшілікті, яғни “ақиқат жолын”, берік ұстанатын боламыз (Петірдің 2-хаты 2:2; Жохан 8:32). Мәсіхшілердің ілімдері ‘Ізгі хабардың шындығы’ болып табылады (Ғалаттықтарға 2:5, 14). Біздің құтқарылуымыздың өзі ‘шындық жолымен жүруімізге’, яғни оны ұстанып, ‘өтіріктің бастауына’ қарсы тұруымызға, байланысты (Жоханның 3-хаты 3, 4, 8).
Ең алғашқы жолдан таюшыға тойтарыс беріңдер
12, 13. Жолдан таюшыларға қалай қарауымыз керек?
12 Ібіліске айналған рухани жаратылыс бір кездері шындық жолында еді. Бірақ, Иса айтқандай, ол “ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ” (Жохан 8:44). Бұл алғаш жолдан таюшы “шындықтың Құдайына” тынымсыз қарсыласып келеді. Бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхшілер алданып қалып, шындықтан тайып кеткеннен болар, ‘Шайтанның тұзағына’ түсіп қалды. Сондықтан Пауыл қызметтесі Тімотені оларды рухани күйлерін қайта қалпына келтіре алулары және Шайтанның тұзағынан босана алулары үшін ілтипаттылықпен түзетуге шақырды (Тімотеге 2-хат 2:23—26). Бірақ бұдан гөрі шындықты о бастан-ақ берік ұстанып, жолдан таюшылардың шырмауына мүлдем түспеген әлдеқайда артық.
13 Шайтанды тыңдап, өтірігінен бас тартпағандықтан, алғашқы адам жұбы жолдан тайды. Онда бізге жолдан таюшыларды тыңдаудың, олардың әдебиеттерін оқып не Интернеттегі веб-сайттарын қараудың қажеті бар ма? Егер Құдайды және шындықты жақсы көрсек, бұлай етпейміз. Жолдан таюшылардың үйімізге кіруіне жол бермеуіміз, тіпті сәлемдеспеуіміз керек. Егер бұлай етсек, олардың ‘жамандық істеріне ортақ болып’ қаламыз (Жоханның 2-хаты 9—11). Олай болса, Шайтанның қулық-сұмдығына ешқашан алданып қалмайық. “Ақиқат жолынан” бас тартып, ‘зиянды ілімдерді жасырын енгізуге’, сондай-ақ ‘өтірік сөздерімен алдауға’ тырысып жүрген жалған ұстаздардың соңынан еріп кетпейік (Петірдің 2-хаты 2:1—3).
14, 15. Пауыл Ефестегі ақсақалдар мен қызметтесі Тімотеге қандай ескерту айтты?
14 Пауыл Ефестегі мәсіхші ақсақалдарға: “Өздеріңе де, Киелі Рух бақыла деп берген барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар! Мен кеткен соң жауыз қасқырлар келіп, қойларды аямайтынын білемін: Тіпті өз араларыңнан жалған ілімдерді уағыздап, Мәсіх жолымен жүргендерді теріс жолға азғырушылар шықпақ”,— деді (Елшілердің істері 20:28—30). Уақыт өте келе, шынымен ‘жалған ілімдерді уағыздайтын’ осындай жолдан таюшылар пайда болды.
15 Шамамен б. з. 65 жылы Пауыл Тімотені ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуге’ шақырды. Кейін ол: “Жай, бос әңгімелерден аулақ жүр. Бұларды айтатындар Құдайдың адал жолынан одан бетер адасып кетіп, сөздері қағына тиген жарадай жайыла беріп, рухани денені құртпақ. Солардың арасында Үменей мен Філет те бар. Олар шындық жолынан тайып, “Қайта тірілу болып кетті” деп жариялап, кейбіреулердің сенімдерін жоюда”,— деп жазды. Жолдан таюшылық басталып кеткен еді! “Бірақ Құдайдың салған негізі берік тұрады”,— деп қосты Пауыл (Тімотеге 2-хат 2:15—19).
16. Ең алғашқы жолдан таюшының айла-амалына қарамастан, ненің арқасында Құдайға және оның Сөзіне адал болып отырмыз?
16 Шайтан шындықты бұрмалау үшін, көбінесе жолдан таюшыларды қолданып келді, бірақ бұнысынан ештеңе шықпады. Шамамен 1868 жылы Чарлз Тейз Расселл шіркеу мәсіхшілерінің бұрыннан ұстанып келе жатқан ілімдерін мұқият тексеруге кірісіп, Жазбаларды дұрыс түсіндірмеген бірқатар жайттарды анықтады. Расселл мен басқа бірнеше шындықты іздеушілер Питтсбургте (Пенсильвания, АҚШ) Киелі кітапты зерттеу тобын құрды. Содан бергі 140 жылға жуық уақыт бойы Ехоба Куәгерлерінің білімі де, Құдайға және оның Сөзіне деген сүйіспеншілігі де артып отырды. Ең алғашқы жолдан таюшының айла-амалына қарамастан, адал да ақылды құлдың рухани қырағылығы бізге Ехоба мен оның Сөзіне адал болып қалуымызға көмектесуде (Матай 24:45, ЖД).
Осы дүниенің әміршісі билігін жүргізбесін!
17—19. Шайтанның билігіндегі “дүние” қандай және неге оны сүймеуіміз керек?
17 Шайтанның тұзаққа түсіру үшін қолданатын тағы бір амалы бізді осы дүниені, яғни Құдайдан безген адамзат қоғамын, сүюге талпындырады. Иса Ібілістің “осы күнәкар дүниенің әміршісі” екенін айтып, “Оның Маған билігі жүрмейді”,— деді (Жохан 14:30). Біз де Шайтанның өзімізге билік жүргізуіне ешқашан жол бермейік! Әрине, “бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отырғанын” түсінеміз (Жоханның 1-хаты 5:19). Ібіліс билігі болғандықтан да, Исаға өзіне бір рет аяғына жығылып ғибадат етсе — әрине, бұдан Құдай Ұлы үзілді-кесілді бас тартқан болатын — ‘әлемнің барлық мемлекеттерін’ беремін дей алды (Матай 4:8—10). Шайтан билеп отырған дүние Мәсіхтің ізбасарларын жек көреді (Жохан 15:18—21). Онда елші Жоханның осы дүниені сүймеңдер деп ескерткеніне таңғалмаймыз.
18 Ол былай деп жазды: “Осы күнәкар дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер! Осы дүниені сүйгендердің көктегі Әкеге сүйіспеншілігі жоқ. Себебі осы дүниеге тән нәрселердің бәрі: күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы, мал-мүлікке мастануы Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған. Ал осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (Жоханның 1-хаты 2:15—17). Біз осы дүниені сүймеуіміз керек, өйткені оның өмір салты күнәкар құмарлықтар оятады және Ехоба Құдайдың нормаларына мүлдем қайшы келеді.
19 Ал жүрегімізде осы дүниеге деген сүйіспеншілік бар болса ше? Онда осы сүйіспеншілік пен содан туындайтын тән құмарлықтарын жеңуімізге көмектесуін сұрап, Ехобаға дұға етейік (Ғалаттықтарға 5:16—21). Егер осы күнәкар адамзат қоғамын ‘билеп-төстеушілердің’ көзге көрінбейтін ‘зұлым рухтар’ екенін есте ұстасақ, сөз жоқ, үнемі өзімізді ‘осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстауға’ тырысамыз (Жақып 1:27; Ефестіктерге 6:11, 12; Қорынттықтарға 2-хат 4:4).
20. Неге ‘осы дүниелік емеспіз’ деп айтуға болады?
20 Иса шәкірттері туралы: “Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес”,— деген (Жохан 17:16). Майланған мәсіхшілер мен олардың Құдайға бағышталған серіктері осы дүниеден бөлініп, өздерін үнемі құлықтылық және рухани жағынан таза ұстауға талпынады (Жохан 15:19; 17:14; Жақып 4:4). Осы дүниеден өзімізді үнемі алыс ұстағанымыз және “әділдікті уағыздаушы” болғанымыз үшін бұл күнәкар дүние бізді жек көреді (Петірдің 2-хаты 2:5). Азғындар, тонаушылар мен жалған тәңірге табынушылар, ұрылар, өтірікшілер мен маскүнемдерге толы адамзат қоғамында өмір сүріп жатқанымыз рас (Қорынттықтарға 1-хат 5:9—11; 6:9—11; Аян 21:8). Бірақ біз ‘осы дүниелік рухпен’ тыныс алмаймыз, өйткені күнәға итермелейтін осы күштің ырқында емеспіз (Қорынттықтарға 1-хат 2:12).
Шайтанға бой бермеңдер!
21, 22. Пауылдың Ефестіктерге 4:26, 27-гі кеңесін қалай қолдана аламыз?
21 ‘Осы дүниелік рухтың’ ырқына көнбей, біз бойымызда сүйіспеншілік, ұстамдылық сияқты қасиеттерді дамытатын Құдай рухының жетегінде жүреміз (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Бұл Ібілістің сенімімізге нұқсан келтіру үшін жасайтын шабуылдарына қарсы тұруымызға көмектеседі. Шайтан ‘жамандық жасап қойғанға дейін қызбалыққа салынғанымызды’ қаласа, ал Құдай рухы ‘ашуымызды тоқтатып, қаһарымызды басуға’ көмектеседі (Забур 37:8, ЖД; [36:8]). Рас, кейде ашулануымызға орынды себеп болатын шығар, бірақ елші Пауыл: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар” деп жазылған; күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар, сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!”— деп кеңес береді (Ефестіктерге 4:26, 27).
22 Егер үнемі ашу қысып жүретін болсақ, ақырында күнә жасап қоюымыз мүмкін. Сондай-ақ Шайтанның қауымға іріткі салуына, яки зұлым істер істетуіне жол беріп те қоюымыз мүмкін. Сондықтан басқалармен арамызда болған түсініспеушілікті Құдайға ұнайтындай жолмен тез арада шешіп алуымыз керек (Леуіліктер 19:17, 18; Матай 5:23, 24; 18:15, 16). Олай болса, Құдай рухының жетелеуімен ұстамдылықты дамытып, тіпті орынды ашудың да өшпенділікке, ыза-кек пен жеккөрушілікке ұласып кетуіне ешқашан жол бермейік.
23. Келесі мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
23 Біз Шайтанның еліктемеуіміз керек кейбір жаман қасиеттерін қарастырдық. Бірақ кейбіреулер былай деп сұрайтын шығар: Шайтаннан қорқу керек пе? Ол неге мәсіхшілерді қудалатады? Ібіліс бізден амалын асырып кетпес үшін не істеуімізге болады?
[Сілтеме]
a 2005 жылғы 15 қарашадағы “Күзет мұнарасын” (ор.) қараңдар.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге ешкімге жала жаппауымыз керек?
• Жоханның 1-хаты 3:15-ке сай, кісі өлтіруші болып қалудан қалай аулақ бола аламыз?
• Жолдан таюшыларға қалай қарауымыз керек және неліктен?
• Неге осы күнәкар дүниені сүймеуіміз керек?
[9-беттегі сурет]
Ібілістің мәсіхшілер арасындағы бірлігімізді бұзуына ешқашан жол бермейміз