Ехобаның сөзі тірі
Нехемия кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ЕЗРА кітабының соңында жазылған оқиғалардың орын алғанына да он екі жыл өтті. ‘Иерусалимді қалпына келтіру туралы жарлықтың шығуына’, яғни Мәсіх келгенге дейін өтуге тиіс 70 жылдық аптаның басталғанын білдіретін оқиғаның болуына аз уақыт қалды (Даниял 9:24—27). Нехемия кітабында Құдай халқының тарихы және Иерусалим қабырғаларының қайта соғылуы туралы жазылған. Онда 12 жылдан аса уақыт аралығындағы оқиғалар суреттеледі. Кітап б. з. б. 456 жыл мен б. з. б. 443 жылдан кейінгі уақыт аралығын қамтиды.
Нехемия жазған бұл кітапта Ехоба Құдайға толық сенім арта отырып, құлшына әрекет етудің арқасында қалай шынайы ғибадаттың даңқы өрлегені туралы әсерлі оқиғалар баяндалады. Онда Ехоба еркін іске асыру үшін оқиғаның барысына қалай бағыт беретіні көрсетілген. Сондай-ақ ел басқарған табанды әрі батыл адамдар туралы айтылады. Нехемия кітабында Құдайдың бүгінгі қызметшілері үшін сабақ боларлық оқиғалар жазылған, “себебі Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12).
“ҚАБЫРҒА ТҰРҒЫЗЫЛДЫ”
Нехемия Суза қаласында І Артаксеркс патшаның сенімді адамы ретінде қызмет етуде. Ол халқының ‘мүшкіл халде екенін және қорлық көріп жатқанын’, ал ‘Иерусалим қабырғаларының талқандалғанын және қақпалары өртенгенін’ естіп, қатты уайымдайды. Ол Құдайға қатты жалбарынып басшылық сұрайды (Нехемия 1:3, 4). Бір күні патша Нехемияның көңілсіз екенін байқайды. Осының арқасында оған Иерусалимге барудың сәті түседі.
Нехемия Иерусалимге келген соң, түн жамылып қабырғаларды қарап шығады да, ертесіне яһудилерге оны қалпына келтіру туралы жоспарын айтады. Олар құрылысты бастайды, бірақ артынша қарсылықтарға кезігеді. Алайда Нехемияның батыл басшылық етуінің арқасында ‘қабырға тұрғызылып бітеді’ (Нехемия 6:15).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:1; 2:1. Осы екі тармақта “жиырмасыншы жыл” деп бір жыл айтылып тұр ма? Иә, мұнда Артаксеркс басқарған жиырмасыншы жыл айтылып тұр. Бірақ бұл тармақтарда жыл санаудың екі түрлі тәсілі қолданылған. Тарихта Артаксеркстің таққа б. з. б. 475 жылы отырғаны айтылады. Бабыл жазушылары дәстүр бойынша Парсы патшаларының билік еткен жылдарын нисан (наурыз/сәуір) айынан бастап санағандықтан, Артаксеркстің билік еткен бірінші жылы б. з. б. 474 жылдың нисан айында басталған. Демек, Нехемия 2:1-де айтылған жиырмасыншы жыл б. з. б 455 жылдың нисан айында басталған. Ал Нехемия 1:1-де айтылған кислев айын (қараша/желтоқсан) алдыңғы б. з. б. 456 жылдың кислеві деп санаған қисынды. Нехемия ол айды да Артаксеркстің патшалық етуінің жиырмасыншы жылы екенін айтады. Мүмкін, Нехемия бұл жағдайда жыл санауды патшаның таққа отырған уақытынан бастаған шығар. Ол уақытты бүгінде яһудилер азаматтық жыл деп атайтын жыл санаумен есептеген болуы да мүмкін. Бұл жыл қыркүйек/қазан айларына келетін тишри айынан басталады. Қалай болған күнде де Иерусалимнің қайта соғылуы туралы жарлық б. з. б. 455 жылы шыққан.
4:17, 18. Құрылысқа қатысқан адамдар бір қолдарымен қалай жұмыс істеген? Жүк тасушылар бұдан қиналмаған болулары керек. Олар жүкті бастарына немесе иықтарына қойғандықтан, ‘екінші қолдарында найза ұстап жүрсе’ де, жүкті бос қолдарымен оп-оңай ұстап жүре алған. Екі қолдарымен жұмыс істеуге тиіс болған құрылысшылар ‘семсерді асынып’ жүріп жұмыс істеген. Сөйтіп олар жау шаба қалса, шайқасқа дайын болған.
5:7. Неге Нехемия исраилдіктердің ‘ақсүйектері мен басшыларына қатаң сөгіс берген’? Бұл адамдар Мұсаның заңын бұзып, өз бауырластарына өсіммен қарызға ақша беретін де, ол өсімді қатаң талап ететін (Леуіліктер 25:36; Заңды қайталау 23:19). Оның үстіне, олардың өсімдері тым жоғары еді. Егер ай сайын қосылып отыратын болса, бұл өсім бір жылда 12 есе көбейген болар еді (Нехемия 5:11). Онсыз да салық пен азық-түлік жетіспеушілігінен қабырғасы қайысып отырған елге мұндай талап қою қатыгездік болған. Сондықтан Нехемия Құдай заңын қолдана отырып, байларға қатаң сөгіс берген.
6:5. Құпия хаттар әдетте мөрмен бекіткен қалтаға салынатындықтан, неге Санбалат Нехемияға “ашық хат” жолдады? Санбалат жалған айыптар көпшілікке мәлім болу үшін солай еткен болу керек. Ол осылайша Нехемияның ашуын келтірсем, ол жұмысты тастай сала, өзін ақтауға келеді деп үміттенген шығар. Немесе хаттағы сөздер яһудилерді дүрліктіретіні сонша, олар жұмысты тоқтата салады деп ойлаған болуы да мүмкін. Бірақ Нехемия өзін қорқытуға жол бермей, Құдай тапсырған істі сабырлықпен жалғастыра берді.
Біз үшін сабақ:
1:4; 2:4. Қиыншылыққа кезіккенде немесе маңызды шешім қабылдағанда ‘ұдайы сиынуымыз’ керек және теократиялық жолмен әрекет етуіміз керек (Римдіктерге 12:12).
1:11—2:8; 4:4, 5, 15, 16; 6:16. Ехоба қызметшілерінің шын жүректен айтқан дұғаларына жауап береді (Забур 85:6, 7).
1:4; 4:19, 20; 6:3, 15. Нехемия жұмсақ мінезді адам болғанымен, әділдіктің табанды жақтаушысы ретінде тамаша үлгі қалдырған.
1:11—2:3. Нехемияның ең үлкен қуанышы патшаның шарапшысы ретінде беделді адам болғаны емес, шынайы ғибадаттың өркендеуі болған. Біздің ең бірінші ойлайтынымыз да, ең үлкен қуанышымыз да Ехобаға ғибадат ету мен оның өркендеуіне септігі тиетін нәрселер болу керек емес пе?
2:4—8. Ехобаның ықпалымен Артаксеркс Нехемияның Иерусалимге барып, оның қабырғаларын жөндеуіне рұқсат етті. Нақыл сөздер 21:1-де: “Патшаның жүрегі Жаратқанның қолында Ұқсайды аққан суға өзен салаларында, Жаратқан бағыттайды оны қалаған жағына”,— деп жазылған.
3:5, 27. Біз текоғалықтардың “беделділері” сияқты шынайы ғибадат үшін қарапайым жұмысты атқаруға намыстанбауымыз керек. Қайта, тартынбай еңбек еткен қарапайым текоғалықтардан үлгі алуымызға болады.
3:10, 23, 28—30. Мүмкіндігі бар бауырластар жариялаушылар аз жерлерге кетіп жатқанда, көбіміз шынайы ғибадатты өзіміз тұрып жатқан жерде қолдаймыз. Мысалы, Патшалық сарайын соғуға және апат болған жерлерге көмегімізді ұсына аламыз, бірақ ең бірінші Патшалықты уағыздау ісіне атсалысамыз.
4:14. Қарсылыққа кезіккенде “ұлы да қорқынышты Тәңір Иені” есімізде сақтай отырып, біз де қорқынышты жеңе аламыз.
5:14—19. Нехемия әкім мәсіхші бақылаушылар үшін кішіпейілдіктің, риясыздықтың және парасаттылықтың керемет үлгісін қалдырған. Ол Құдай заңын күшіне енгізуге көп күш жұмсағанымен, өз пайдасын көздеп, басқаларға өктемдік етпеген. Қайта, езгі көрген және кедей адамдардың қамын ойлаған. Нехемия Құдайдың барлық қызметшілері үшін жомарттықтың керемет үлгісін көрсеткен.
“О, ҚҰДАЙЫМ, ИГІ ІСТЕРІМДІ ЕСКЕ АЛА ГӨР!”
Иерусалимнің қабырғалары тұрғызылып біткен соң, Нехемия қақпаларды орнатып, қала қауіпсіздігіне қатысты шаралар ұйымдастырды. Одан кейін яһудилердің шежіресін жазады. Бүкіл халық “Су қақпасының алдындағы алаңға” жиналғанда, діни қызметкер Езра Мұсаның заңын оқиды, ал Нехемия мен леуіліктер оны халыққа түсіндіріп тұрады (Нехемия 8:1). Шыбық күрке мейрамы туралы оқыған соң, олар оны қуанышпен атап өтеді.
Тағы бір жиында “Исраил ұрпағы” бүкіл халық жасаған күнәні мойындайды, леуіліктер Құдайдың Исраилге қалай қарайтынын халықтың есіне салады да, халық “Құдайдың заңымен жүруге” ант етеді (Нехемия 9:1, 2; 10:29). Иерусалимде әлі де халық аз болғандықтан, қаланың сыртында тұратын әр он адамның біреуін қалаға жіберу үшін жеребе тасталады. Қабырғаны жөндеу жұмысы біткенде, халықтың қуанғаны сонша, “Иерусалимнің шаттығы алысқа естіліп жатты” (Нехемия 12:43). Иерусалимде он екі жыл болған соң, Нехемия Артаксеркстің жанына, өз міндетіне оралады. Көп ұзамай яһуди халқы қайтадан бүліне бастайды. Нехемия Иерусалимге келіп, жағдайды түзету үшін құлшына әрекет етеді. Өзі үшін ол Құдайдан кішіпейілділікпен: “О, Құдайым, игі істерімді еске ала гөр!”— деп өтінеді (Нехемия 13:31).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
7:6—67. Неге Иерусалимге Зоробабелмен бірге оралған халықтың Нехемия жасаған тізімі мен Езра жасаған тізімнің кей жерлері сәйкес келмейді? (Езра 2:1—65) Мүмкін, Езра мен Нехемия екі түрлі мәлімет көзін қолданған шығар. Мысалы, Иерусалимге оралатын адамдардың тізімі мен оралған адамдардың тізімі екі түрлі болуы мүмкін. Мұның тағы бір себебі — кейбір яһудилер шыққан тектерін дер кезінде анықтай алмаған шығар. Алайда екі мәліметте де құлдар мен әншілерді қоспағанда, алғаш оралғандардың саны 42 360 болғаны айтылады.
10:34. Неге халық отын әкеліп тұру керек болған? Мұсаның заңында отын әкелу туралы айтылмаған болатын. Бұл талап қажеттіліктен туындаған. Құрбандықтарды өртеу үшін көп отын керек болған. Ал ғибадатханада қызмет ететін Исраилдік емес нетинимдер отын тасып үлгермеген болуы мүмкін. Сондықтан отын үнемі болып тұру үшін жеребе тасталған.
13:6. Нехемия Иерусалимде қанша уақыт болмаған? Киелі кітапта Нехемия “бірнеше күннен соң” немесе түпнұсқадан сөзбе-сөз аударғанда “күндердің соңында” патшадан сұранып, Иерусалимге қайтып барғаны айтылады. Сондықтан оның Иерусалимде қанша уақыт болмағанын анық айту қиын. Алайда Нехемия қайтып келгенде, дінбасыларына қолдау көрсетілмейтінін және халықтың демалыс күнін ұстанбайтынын көреді. Көп адам жат жерлік әйелдерге үйленген, ал олардың балалары тіпті өз тілдерінде сөйлей алмайтын еді. Жағдай осынша ушығып кеткеніне қарағанда, Нехемия Иерусалимде ұзақ уақыт болмағанға ұқсайды.
13:25, 28. Нехемия тағы да жолдан тайған яһудилерге сөгіс беруден басқа қандай түзету шараларын қолданды? Ол оларға Құдай заңындағы үкімдерді айтып, сол мағынада ‘қарғыс жариялаған’. Оларды ‘ұрғаны’ жазалау үшін заң жүзінде шара қолданғанын білдірсе керек. Нехемия сорақы істеріне ызаланғанын білдіріп кейбір яһудилердің ‘шаштарын жұлған’. Сондай-ақ бас діни қызметкер Елиашибтің Санбалат Хорониттің қызына үйленген немересін қуып жібереді.
Біз үшін сабақ:
8:8. Біз, Құдай Сөзін оқытушылар, анық сөйлеп, екпінді дұрыс қою арқылы және Жазбаларды дұрыс түсіндіріп, өмірде қалай қолдануға болатынын көрсету арқылы Жазба орындарының ‘мағынасын ашамыз’.
8:10. “Тәңірдің алдындағы қуаныш” рухани мұқтаждықты мойындап, оны қанағаттандырғанда және теократиялық басшылыққа бағынғанда пайда болады. Киелі кітапты бар зейінімізбен зерттегеніміз, жүйелі түрде мәсіхшілер кездесуіне барып тұрғанымыз және уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалысқанымыз өте маңызды.
11:2. Туып-өскен жерлерін тастап, Иерусалимге барған яһудилер біраз шығындалып, қолайсыз жағдайда өмір сүрулері керек болған. Осыған дайын болған адамдар жанқиярлық рухын танытқан. Кездесулерде немесе басқа жерлерде жақындарымызға қызмет етудің мүмкіндігі туғанда, біз де осындай рух таныта аламыз.
12:31, 38, 40—42. Ән салу — Ехобаны мадақтаудың және оған деген ризашылығымызды білдірудің тамаша жолы. Қауым кездесулерінде әнді шын жүректен орындағанымыз дұрыс болады.
13:4—31. Дүниеқорлық пен жолдан таюшылықтың өмірімізге енуіне және құлықтылығымыздың құлдырауына жол бермеу үшін сақ болуымыз керек.
13:22. Нехемия Құдай алдында жауап беретінін жақсы білген. Біз де Ехобаның алдында жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек.
Ехобаның батасына ие болу маңызды.
Забур жыршысы былай деген: “Егер Тәңір үйдің құрылысын жарылқамаса, құрылысшылардың еңбегі түгелдей зая” (Забур 126:1). Нехемия кітабы осы сөздердің растығын керемет түрде көрсетеді.
Бұдан алатын сабақты анық көруге болады. Не істесек те, ісіміз жемісті болу үшін, Ехобаның батасына ие болуымыз керек. Шынайы ғибадатты өмірімізде басты орынға қоймасақ, Ехобаның батасын алатынымызға сенімді бола аламыз ба? Олай болса, Нехемия сияқты ең бірінші шынайы ғибадаттың өркендеуін ойлайық.
[16-беттегі сурет]
Патшаның жүрегі Жаратқанның қолында Ұқсайды аққан суға өзен салаларында
[17-беттегі сурет]
Белсенді әрі жұмсақ мінезді Нехемия Иерусалимге келеді
[18-беттегі суреттер]
Құдай Сөзінің мағынасын қалай ашуға болатынын білесің бе?