Бақытқа жеткізетін сенімді басшылық
ӘРБІР адамның “бақытқа ұмтылуға” құқы бар. Америка Құрама Штаттарындағы тәуелсіздік декларациясын құрастырушылардың көзқарасы осындай еді. Алайда қандай да бір мақсатқа ұмтылу мен оған қол жеткізу — екі бөлек нәрсе. Жастардың көбісі көңіл көтеру не спорт саласында мансап қуып жатқанымен, өздерінің аңсаған армандарына жетіп, табысты болған қаншама адамды білесіз? “Табысқа қол жеткізе алмауыңыз да ықтимал”,— дейді табысты музыкант болу үшін қаншалықты күресу керектігін білетін бір атақты әнші.
Егер бақытқа қол жеткізе алмаймын деп ойласаңыз, қамықпаңыз. Оған дұрыс жолмен ұмтылсаңыз, қол жеткізе аласыз. Неге бұлай деуге болады? Алдыңғы мақалада “бақытты Құдай” Ехоба туралы айтылған болатын (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД). Ехобаның Киелі кітаптағы басшылығын қолданып, бақытқа ұмтылғаныңыз бекер болып шықпайды. Ол барлық адамға ортақ қайғы-қасіреттерді жеңе білуге көмектесе алады. Мысал ретінде жақын адамдарыңыздың бірі қайтыс болғанда, Құдайдың қандай жұбаныш беретінін қарастырайық.
Жақын адамымыз өмірден қайтқанда
Өлім жайлы жақсы бірдеңе айтуға бола ма? Ол әке-шешені балаларынан, ал балаларды ата-анадан айырады. Сондай-ақ жақын достарды ажыратып, аралас-құралас қауымның тынышын алады. Бақытты отбасында біреу қайтыс болғанда, үй іші қайғыдан бас көтере алмай қалуы мүмкін.
Өлімнің сұмдық нәрсе екені айтпаса да түсінікті. Алайда кейбіреулер мұны жоққа шығарып, керісінше, өлімді бата ретінде сипаттайды. Мысалы, 2005 жылдың тамыз айында Мексика бұғазында болған Катрина дауылынан кейін болған келесі жайттарға көңіл бөлейікші. Сол дауылдың құрбаны болған бір кісіні жерлеу рәсімінде дін қызметкері: “Оның өмірін үзген Катрина емес. Оны Құдай көкке, өз үйіне, алып кетті”,— деді. Басқа бір жолы аурухананың хатшысы таза ниетпен бір қызға: “Уайымдама, шешеңді Құдай көкке алып кетті”,— деді. Сонда қыз: “Неге, неге ол менен шешемді алып кету керек?”— деп жылады.
Расында да, өлгендер жайлы осындай дұрыс емес түсініктер қайғырған адамдарды жұбата қоймайды. Неге? Өйткені олар өлгендер туралы шындыққа жанаспайды. Ең жаманы, мұндай түсініктер Құдайды адамдарды өз отбасынан және достарынан сұмдық әрі қатыгез жолмен тартып алушы ретінде бейнелейді. Сондай-ақ Құдайды жұбаныштың көзі емес, сұм ажалды әкелуші жексұрын етіп көрсетеді. Бірақ Құдай Сөзінде өлім туралы шындық жазылған.
Өлім Киелі кітапта жау деп аталады. Оны бүкіл адамзатқа билігін жүргізіп жатқан билеушіге ұқсатады (Римдіктерге 5:17; Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Өлім өте күшті жау болғандықтан, ешбір адам баласы оған қарсы тұра алмайды, әрі қайтыс болған әрбір адам өлімнің сансыз құрбандарының бірі болып қалады. Олай болса, Киелі кітаптың осы шындығы жақын адамдарымыз қайтыс болғанда неге қайғырып, өзімізді дәрменсіз сезінетінімізді түсіндіреді. Ол мұндай сезімдердің кәдімгідей екенін растайды. Сөйткенмен де Құдай өлімді жақын адамдарымызды көкке әкету үшін қолдана ма? Киелі кітап бұған қалай жауап беретінін көрейік.
Екклесиаст 9:5, 10-да: “Марқұмдар ештеңені болжай алмайды... ертең өзің баратын қабырда жұмыс та, ой тұңғиығы да, білім де, кемеңгерлік те кездеспейді”,— делінген. Қабірде, немесе адамзат моласында, жатқан адамда ешбір әрекет те, қимыл да, сезім мен ой да болмайды. Олар терең ұйқыда жатқандай болады. Осылай Киелі кітап өлген жақын адамдарымызды Құдай өзімен бірге болу үшін көкке алып кетпейтінін анық айтады. Өлім оларды жансыз күйге түсіреді.
Иса мұның растығын досы Елазар қайтыс болғанда көрсетті. Ол өлімді ұйқыға теңеді. Елазар көкке Құдіретті Құдайдың жанына кетіп қалған болса, Исаның оны ертелі-кеш қайтып өлуі үшін қайтадан жерге әкелгені мейірімділікке жатпас еді. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған сол оқиғада Иса Елазардың қабірінің басына келіп, қатты дауыстап: “Елазар, шық!”— дегені айтылған. Әрі қарай Киелі кітапта былай делінген: “Сонда марқұм қабірден шықты!” Елазар қайтадан өмір сүре бастады. Иса Елазардың жерді тастап кетпегенін білген. Ол қабірде жансыз күйде жатқан болатын (Жохан 11:11—14, 34, 38—44).
Киелі кітапта жазылған осы оқиға Құдайдың өлімді адамзатты көкке әкету үшін қолданбайтынын түсінуге көмектеседі. Олай болса, қайғымыздың себепкері Құдай емес екенін біле отырып, оған жақындай аламыз. Сондай-ақ жауымыз өлімнің бізге қандай қасірет пен залал келтіретінін оның толық түсінетініне сенімді бола аламыз. Өлгендердің күйі жайлы Киелі кітаптағы шындық олардың тозақ отында не күнәдан пәктеліп шығатын орында азап шекпейтінін, қайта, қабірде жансыз күйде болатынын дәлелдейді. Демек, өлген жақын адамдарымызды еске алғанда, Құдайға деген жеркеніш сезімінен аулақ болып, өлім жайлы белгісіздіктен қорықпаймыз. Бұдан басқа, Киелі кітапта Ехоба жұбаныш беретін тағы бір нәрсе жайлы айтылады.
Үміт бақытқа жетелейді
Жоғарыда қарастырған Жазба орындары үміт шынайы бақытқа қол жеткізудің маңызды бір бөлігі екенін көрсетеді. Киелі кітапта “үміт” деп қолданылған сөз “жақсылықты сеніммен күту” дегенді білдіреді. Үміттің қалай бақытқа жетелейтінін көру үшін, Исаның Елазарды тірілткен оқиғасына қайта оралайық.
Иса осы кереметті, кем дегенде, екі себеппен жасады. Біріншісі, Марта мен Мәриямды және достарын қайғыдан арылту еді. Олар осы жақын адамдарымен қайтадан бірге бола алды. Алайда Иса Мартаға әлдеқайда маңызды болып табылатын екінші себепті айтып, былай деді: “Егер Маған сенсең, Құдайдың құдіретті ұлылығын көресің деп саған айтпап па едім?” (Жохан 11:40) Бір Киелі кітапта бұл тармақтың екінші жартысы “Құдайдың істей алатын ғажабын” деп аударылған (The New Testament in Modern English). Иса Елазарды тірілтуімен Ехоба Құдайдың не істей алатынын әрі болашақта не істейтінін алдын ала көрсетіп кетті. Төменде ‘Құдай істей алатын ғажапқа’ қатысты кейбір жайттар келтіріледі.
Жохан 5:28, 29-да Иса: “Бұған таңданбаңдар, өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады”,— деді. Бұл адамзат моласындағы өлгендердің бәрі, жақын адамдарымызды қоса, қайта тірілетінін білдіреді. Елшілердің істері 24:15-те осы таңғажайып оқиға тағы ашыла түседі: “Құдай... сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді”. Олай болса, тіпті ‘күнәкарлардың’ да, яғни Ехобаны білмеген және оған қызмет етпеген адамдардың да, болашақта Құдайдың ықыласына ие болуға мүмкіндігі болады.
Осы қайта тірілу қайда орын алады? Забур 36:29-да: “Тақуалар жерге ие болады да ұзақ өмір сүреді”,— делінген. Мұның нені білдіретінін ойлап көріңізші: өлім ажыратып отырған отбасылары мен достар осы жер бетінде қайта көріседі. Бірге болуды аңсаған жандарыңыздың қасында болатын уақыт жайлы ойлағанда, бойыңызды бақыт сезімі кернейтіні ақылға қонымды-ақ.
Ехоба бақытты болғаныңызды тілейді
Ехоба қиыншылықтарыңызға қарамастан бақытты болуыңызға көмектесетін екі нәрсені қарастырдық. Біріншісі ол Киелі кітап арқылы қиындықтарыңызды жеңе білуге көмектесетін білім мен басшылық береді. Киелі кітаптағы кеңестер өлім қайғысын жеңумен қатар, экономикалық және денсаулыққа қатысты қиыншылықтарды жеңуге көмектесе алады. Сондай-ақ ол қоғамдағы әділетсіздік пен саясаттағы былыққа төтеп беруге күш береді. Егер ондағы басшылықты өміріңізде қолданатын болсаңыз, ол сізге жеке бастың проблемаларын да шешуге көмектеседі.
Екіншісі Киелі кітапты зерттеудің арқасында үмітке ие боласыз. Ал бұл адамзат қоғамы ұсынып отырған кез келген нәрседен әлдеқайда артық. Достарыңыздың не отбасындағы қайтыс болған адамның қайта тірілуі — Киелі кітапта айтылған үміттің бір бөлігі ғана. Аян 21:3, 4-те тағы былай делінеді: “Құдайдың Өзі солармен [адамзатпен] бірге мекендеп, олардың Құдайы болады! Ол барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды”. Бұл өміріңізге қайғы әкеліп отырған кез келген нәрсе түп-тамырымен жақында мәңгілікке жойылатынын білдіреді. Киелі кітаптағы уәделер міндетті түрде жүзеге асады, әрі оның орындалғанын өз көзіңізбен көре аласыз. Алда жақсы уақыт күтіп тұрғанын білудің өзі жұбаныш. Өлгеннен соң мәңгі азап шекпейтініңізді білу де бақытты болуға себеп болып табылады.
Мына бір мысалды қараңызшы: Осыдан бірнеше жыл бұрын Марияның күйеуі қатерлі ісік ауруынан қайтыс болады. Одан көз жасы енді тыйыла бергенде, қаржы жағынан қатты қиындық көріп, үш қызымен бірге үйлерінен кетуге мәжбүр болады. Екі жылдан соң Мария өзінің қатерлі ісікпен ауыратынын біледі. Ол екі рет күрделі ота жасатады. Оның ауруы күнде жанына батады. Осы қиындықтарына қарамастан, ой қалпының жақсы болғаны сонша — бұл өзгелерді жігерлендіруге талпындырады. Оған бақытын жоғалтпауға не көмектесуде?
Мария былай дейді: “Қиындық болғанда, өзім жайлы тым көп ойламауға тырысам. Өзіме: — Неге бұл менің басыма түсті? Неге бұлай азап шегуім керек? Неге мен ауруым керек?— деген сұрақтарды қоюдан қашамын. Теріс ойлар күш-жігеріңді алып қояды. Мен, қайта, күш-жігерімді Ехобаға қызмет етуге және өзгелерге көмектесуге жұмсаймын. Ал бұл мені бақытты етеді”.
Марияның өмірінде үміттің орны қандай? Ол Ехоба ауру мен адамзаттың өзге де қиындықтарын жоятын болашаққа үміт артады. Ол емделуге ауруханаға барғанда, қатерлі ісік ауруымен ауыратын, жабырқаған басқа адамдармен үміті жайлы бөліседі. Мария үшін үміт қаншалықты маңызды? Ол былай дейді: “Мен Киелі кітаптағы Пауылдың үмітті жанымыздың зәкірі ретінде суреттеген Еврейлерге 6:19-дағы сөздері жайлы жиі ойланамын. Дауыл тұрғанда зәкірсіз қалқып кететін қайық сияқты, сен де қалқып кетесің. Ал сол зәкірден мықтап ұстасаң, дауылдай соққан проблемаларға қарамастан, қауіпсіз боласың”. ‘Жалған сөйлемейтін Құдай уәде еткен мәңгілік өмірге деген үміт’ Марияға бақытын жоғалтпауына көмектеседі. Сіздің жағдайыңызда да солай болуы мүмкін (Титке 1:2).
Киелі кітапты зерттеудің арқасында қиыншылықтарыңызға қарамастан, шынайы бақыт таба аласыз. Алайда: “Киелі кітапты оқудың іс жүзінде пайдасы бар ма?”— деп сұрарсыз. Ехоба Куәгерлері нағыз бақытқа қол жеткізу үшін сізге нені білу керектігін Киелі кітаптан көрсетіп беруге қуанышты болады. Ехоба беріп отырған үміттің орындалуын күте отырып, сіз “олар қуаныш пен шаттық табады” деп сипатталған адамдардың арасында бола аласыз, “ал күйініш пен күрсініс жоғалып тынады” (Ишая 35:10).
[5-беттегі сурет]
Тек Киелі кітаптағы шындық қана қайғыны жеңілдете алады
[7-беттегі сурет]
Киелі кітаптағы қайта тірілуге деген үміт бақытты болуға ықпал етеді