Ехобаның ұйымының игіліктеріне көңіл қоялық
“Сенің шаңырағыңның... игіліктеріне тойынамыз” (ЗАБУР 64:5).
1, 2. а) Ғибадатханада атқарылатын іс-шаралардың Құдай халқына қандай пайдасы болар еді? ә) Дәуіт ғибадатхана құрылысына қалай қолдау көрсетті?
ЕВРЕЙ жазбаларында айтылған ежелгі Исраилдегі ең көрнекті тұлғалардың бірі — Дәуіт. Шопан, музыкант, пайғамбар әрі патша болған ол Ехоба Құдайға толық сенім артқан. Ехобамен болған тығыз қарым-қатынасы Дәуітте Құдайға арнап үй тұрғызсам деген ықылас оятты. Бұл үй, немесе ғибадатхана, Исраилдегі ғибадат ету орталығы болар еді. Дәуіт сол ғибадатханада атқарылатын іс-шаралар Құдай халқын қуаныш пен баталарға кенелтетінін білген. Сондықтан да ол: “Сенің [Құдай] сарайыңда тұру үшін Өзің таңдап алған және қасыңа жақындатқан пенде рахатқа кенеледі. Сенің шаңырағыңның, Сенің қасиетті храмыңның [ғибадатханаңның] игіліктеріне тойынамыз”,— деп жырлаған (Забур 64:5).
2 Дәуітке Ехобаның үйін тұрғызуға басшылық етуге рұқсат етілмеді. Бұл мәртебе баласы Сүлейменге тиді. Бірақ Дәуіт көңілі қатты қалаған істің өзгеге берілгеніне наразылық білдірген жоқ. Ол үшін ең маңыздысы ғибадатхананың тұрғызылуы еді. Сүлейменге Ехобадан алған құрылыс жоспарын тапсыруымен ол осы жобаға шын жүректен қолдау көрсетті. Сонымен қатар Дәуіт леуіліктердің топқа бөлініп қызмет етуін ұйымдастырды және ғибадатхана құрылысына көп мөлшерде алтын мен күміс садақа етті (Шежірелер 1-жазба 17:1, 4, 11, 12; 23:3—6; 28:11, 12; 29:1—5).
3. Шынайы ғибадатқа қатысты шараларға Құдайдың қызметшілері қалай қарайды?
3 Адал исраилдіктер Құдай үйіндегі шынайы ғибадатқа қатысты жасалған шараларды қолдады. Ехобаның бүгінгі күнгі қызметшілері ретінде біз де оның ұйымының жердегі бөлігіндегі ғибадатқа қатысты шараларына қолдау көрсетеміз. Осылайша ой қалпымыз Дәуіттікі сияқты екенін көрсетеміз. Біздің бойымызда да наразылық рухы жоқ. Қайта, Құдай ұйымындағы игіліктерге көңіл қоямыз. Шынымен риза болуымызға болатын көптеген игі нәрселер жайлы ойланып көрдіңдер ме? Қазір солардың кейбірін қарастырайық.
Басшылықты қолға алатындар үшін ризамыз
4, 5. а) “Адал да ақылды құл” өз тапсырмасын қалай атқаруда? ә) Алып жатқан рухани ас-суға қатысты кейбір Куәгерлер қандай сезімде?
4 Иса Мәсіх жердегі меншігін қараушы етіп тағайындаған ‘адал да ақылды құлға’ риза болуымызға бізде келелі себептер бар. Киелі рухпен майланғандардан тұратын құл табы ізгі хабарды уағыздау ісінде, қауым кездесулеріне қатысты шараларды ұйымдастыру мен 400 астам тілде Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді басып шығаруда басшылықты қолға алады. Жер жүзі бойынша миллиондаған адамдар ризашылықпен осы ‘уақтылы беріліп отырған’ рухани ас-суды қабыл алуда (Матай 24:45—47, ЖД). Олай болса, рухани асқа қатысты бізде күңкілдеп, наразылық білдіруге еш негіз жоқ.
5 Мысалы, көп жылдар бойы Елфи атты қарт Ехоба Куәгері құл табының беріп отырған басылымдарындағы Киелі кітапқа негізделген кеңестерді қолданып, жұбаныш пен көмек алып отыр. Терең ризашылық сезімі оны: “Ехобаның ұйымы болмағанда, не істер едім?”— деп жазуға талпындырды. Питер мен Ирмгард та — ондаған жылдардан бері Ехоба Куәгері. Ирмгард “Ехобаның сүйіспеншілікке толы әрі қамқор ұйымы” қамтамасыз етіп отырған шаралардың бәріне ризашылығын білдіреді. Мұндай басылымдар ерекше мұқтаждықтары бар, мысалы, көру не есту қабілеті нашар адамдарға да арнап шығарылады.
6, 7. а) Дүние жүзіндегі қауымдардың істері қалай бақыланады? ә) Ехобаның ұйымының жердегі бөлігі жайлы кейбіреулер қандай ойда?
6 Ехоба Куәгерлерінің Басқарушы кеңесі “адал да ақылды құлдың” өкілі болып табылады. Олар Ехоба Куәгерлерінің Бруклиндегі (Нью-Йорк) бас басқармасында қызмет ететін майланған мәсіхшілерден тұратын шағын топты құрайды. Дүние жүзі бойынша 98 000-нан астам қауымның ісін бақылау үшін Басқарушы кеңес тәжірибелі қызметшілерді филиалдарда қызмет етуге тағайындайды. Осы қауымдарға Киелі кітаптың талаптарына сай келетіндер ақсақалдар мен қызмет көмекшілері ретінде тағайындалады (Тімотеге 1-хат 3:1—9, 12, 13). Ақсақалдар басшылықты қолға алып, Құдайдың отарын сүйіспеншілікпен қамқорлап бағады. Осындай отардың ішінде болу әрі бүкіл бауырластықтың арасындағы сүйіспеншілік пен бірлікті сезіну неткен зор бата! (Петірдің 1-хаты 2:17; 5:2, 3)
7 Бауырластар наразылық білдірместен, қайта, ақсақалдардан алып жатқан сүйіспеншілікке толы рухани басшылыққа ризашылықтарын білдіреді. Мысалы, 30-дан асқан Биргит атты бір мәсіхші әйелді алайық. Жасөспірім шағында ол жаман ортаға қосылып, күнә жасауға шақ қалады. Бірақ ақсақалдардың анық етіп Киелі кітапқа негіздеп берген кеңесі мен бауырластардың қолдау көрсеткені қауіпті жағдайдан аман қалуына көмектесті. Қазір Биргит қандай ойда? “Мен әлі де Ехобаның ғажайып ұйымының ішінде екеніме дән ризамын”,— дейді ол. Ал 17 жасар Андреас былай дейді: “Бұл — шынында да Ехобаның ұйымы, дүниедегі ең жақсы ұйым”. Олай болса, Ехобаның ұйымының жердегі бөлігінде алып жатқан игіліктер үшін риза болуымыз керек емес пе?!
Басшылықты қолға алушылар кемелді емес
8, 9. Дәуіттің кейбір замандастары қалай әрекет етті және Дәуіт оған қалай қарады?
8 Әрине, шынайы ғибадатқа қатысты істерде басшылықты алу үшін тағайындалғандар — кемелсіз адамдар. Олардың бәрі де қателеседі, ал кейбіреулерінің үнемі үстінен жұмыс істеуге тура келетін әлсіздіктері бар. Бірақ осы үшін көңіліміз түсу керек пе? Жоқ. Ежелгі Исраилде тіпті көп жауапкершілік жүктелген адамдар да ауыр қателіктер жасаған. Мысалы, жас кезінде Дәуіт мазасызданған Саул патшаны тыныштандыру үшін музыкант ретінде қызмет етуге шақырылған болатын. Кейінірек Саул Дәуітті өлтірмекші болады да, сөйтіп, оған қашуға тура келеді (Патшалықтар 1-жазба 16:14—23; 18:10—12; 19:18; 20:32, 33; 22:1—5).
9 Ал кейбір исраилдіктер опасыздық жасаған. Мысалы, Дәуіттің жасағының басшысы Жоғаб Саулдың туысы Әбенирді өлтіреді. Абессалом әкесі Дәуітке қастандық жасап, патшалығын тартып алмақшы болады. Дәуіттің сенім артқан кеңесшісі Ахитопел болса оны сатып кетеді (Патшалықтар 2-жазба 3:22—30; 15:1—17, 31; 16:15, 21). Соған қарамастан Дәуіт қатты наразылық білдірген де, шынайы ғибадаттан бас тартып кеткен де жоқ. Қайта, керісінше: басына түскен бақытсыздықтар Дәуітті Ехобаға етене жабысып алуға және Саулдың кесірінен қашып жүрген кездегі керемет көзқарасын жоғалтпауға талпындырды. Ол кезде Дәуіт: “Құдайым, мені кешір, кешір мені, өйткені менің жан-дүнием Саған сенеді, және де қасірет өтіп кеткенге дейін мен Сенің қанатыңның көлеңкесіне жасырынамын”,— деп жырлаған болатын (Забур 56:2).
10, 11. Гертруда атты мәсіхшімен жас кезінде қандай жайт болды және бір сенімдегілердің кемшіліктері жайлы ол не айтты?
10 Бүгінгі таңда Құдайдың ұйымында опасыздық орын алады деп наразылық білдіруге бізде еш негіз жоқ. Өйткені Ехоба да, періштелер де, рухани бақташылар да опасыздардың, яғни мәсіхшілер қауымында зұлымдардың, болуына төзбейді. Дегенмен бәріміз де адамның кемелсіздігімен — жеке өзіміздің болсын, Құдайдың басқа қызметшілерінің болсын — кезігеміз.
11 Ұзақ жылдан бері Ехобаға қызмет етіп келе жатқан Гертрудаға жас кезінде толық уақытты жариялаушының атын жамылып жүр деген жалған айып тағылған болатын. Бұл оған қалай әсер етті? Осындай жағдайдың орын алғанына ол наразы болып, күңкілдеді ме? Жоқ. 2003 жылы 91 жасында қайтыс болған ол өлерінен көп ұзамай өткен өмірін есіне түсіріп, былай деп түсіндірді: “Өмірімдегі сол және кейінгі болған оқиғалар адамдардың жіберген қателіктеріне қарамастан, Ехоба ұлы ісін атқару үшін бізді, яғни кемелсіз адамдарды, қолданатынын түсінуіме көмектесті”. Бір сенімдегілердің кемелсіздігін көргенде, Гертруда Ехобаға қатты дұға ететін.
12. а) Бірінші ғасырдағы кейбіреулер қандай жаман үлгі көрсетті? ә) Ойымызды не нәрсеге жұмылдыруымыз керек?
12 Тіпті ең адал әрі Құдайға шын берілген деген мәсіхшілердің өзі де кемелсіз. Сондықтан егер қандай да бір тағайындалған бауырлас қателік жіберіп қойған күнде де, ‘бәрін де наразылықсыз істей берейік!’ (Філіпіліктерге 2:14) Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымындағы кейбіреулердің жаман үлгісіне еліктеп кетсек, қандай өкінішті болар еді! Шәкірт Яһуданың айтуынша, сол кездегі жалған ұстаздар ‘ешбір билікті елемей, абыройлы билеушілерді балағаттап жүрді’. Сондай-ақ сол заңсыздық жасаушылар ‘[өмірлеріне] ұдайы наразылық білдіріп, күңкілдеп жүрді’ (Яһуда 8, 16). Олай болса, күңкілдеп, наразылық білдірушілердің жолынан аулақ болып, ойымызды ‘адал құлдың’ беріп отырған керемет нәрселеріне жұмылдырайық. Сондай-ақ Ехобаның ұйымының игіліктеріне риза болып, ‘бәрін де наразылықсыз істей берейік!’
“Мынау жанға батар сөз екен”
13. Кейбіреулер Исаның белгілі бір ілімдеріне қалай қарады?
13 Бірінші ғасырдағылардың кейбірі Құдайдың тағайындалған қызметшілеріне қарсы наразылық білдіріп, күңкілдесе, өзге біреулері Исаның ілімдеріне қатысты осылай етті. Мысалы, Жохан 6:48—69 дейінгі тармақтарда айтылғандай, Иса: “Кімде-кім Менің тәнімді “жеп”, қанымды “ішсе”, ол мәңгілік өмірге ие болады”,— деді. “Осыны естіген шәкірттерінің көбі: — Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады?— деді”. Иса шәкірттерінің ‘бұл туралы наразылықтарын байқап қалды’. Оның үстіне, “сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды”. Бірақ олардың бәрі бірдей наразылық білдірген жоқ. Иса 12 елшісінен: “Сендердің де кеткілерің келе ме?”— деп сұрағанда, қандай жауап алғанын байқаңдаршы. Елші Петір: “Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде. Біз Сіздің Мәсіх — мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлы екендігіңізге сеніп, соған көзіміз жетті”,— деп жауап берді.
14, 15. а) Неге бірлі-жарым адамдардың мәсіхшілер ілімінің кейбір қырларына көңілдері толмайды? ә) Эмануэльдің басынан өткен жағдайынан қандай сабақ аламыз?
14 Біздің уақытымызда да Құдай халқының ішінде мәсіхшілер ілімінің кейбір қырларына көңілдері толмай, Ехобаның ұйымының жердегі бөлігіне қарсы наразылық білдірген бірлі-жарым адам болған. Неге мұндай жайт орын алады? Мұның себебі көбінесе Құдайдың әрекет ету жолын жете түсіне бермегендіктен болады. Жаратушы шындықты өз халқына біртіндеп ашады. Сондықтан кейде Жазбаларға қатысты түсінігімізге өзгерістер енеді. Құдай халқының басым көпшілігі мұндай өзгерістерге қуанады. Алайда ‘тым әділ болып’, өзгерістерге наразы болатындар да кездеседі (Екклесиаст 7:16, ЖД). Бұған себеп өркөкіректік те болуы мүмкін, ал кейбіреулер Құдайды елемей, өз ақылына сүйеніп, тұзаққа түсіп қалады. Қалай болған күнде де, осылай наразылық білдіріп, күңкілдеу өте қауіпті, өйткені ол бізді осы дүние мен оның жолына қайтарады.
15 Мысалы, Эмануэль атты Куәгер “адал да ақылды құлдың” басылымдарынан оқыған кейбір нәрселерге сын көзбен қарайтын (Матай 24:45, ЖД). Ол әдебиеттерді біржола оқымай қойып, ақырында жергілікті қауымдағы ақсақалдарға барып, бұдан былай Ехоба Куәгері болғысы келмейтінін айтады. Алайда көп ұзамай-ақ ол Ехобаның ұйымындағы ілімдердің шын мәнінде дұрыс екенін түсінеді. Ол Куәгерлермен байланысып, қатесін мойындайды, сөйтіп, қайтадан Ехоба Куәгері болып, өзін тағы да бақытты сезінеді.
16. Мәсіхшілердің қандай да бір іліміне қатысты күмәннан арылуға не көмектесе алады?
16 Ал егер жалпы Құдайдың халқы ұстанатын қандай да бір ілімге қатысты күмәніміз болып, күңкілдеуге азғырылсақ ше? Онда шыдамсыз болмайық. ‘Адал құл’ ертелі-кеш баспа беттерінде сұрақтарымызға жауап беретін және күмәнімізді сейілтетін бір мәлімет жариялар. Мәсіхші ақсақалдардан көмек іздеген де абзал (Яһуда 22, 23). Дұға, жеке зерттеу мен рухани көзқарастағы бір сенімдегілермен араласу да күмәнімізден арылуға және Ехобаның байланыс арнасы арқылы білген сенімді нығайтатын Киелі кітаптағы шындық үшін ризашылығымызды арттыруға көмектеседі.
Дұрыс көзқарасты жоғалтпау
17, 18. Күңкілдеп, наразылық білдірудің орнына, қандай көзқараста болуымыз керек және неліктен?
17 Кемелсіз адамдардың күнә жасауға туа біткен бейімділігі бар екені рас. Кейбіреулердің себепсізден себепсіз күңкілдеуге деген бейімділігі күшті шығар (Жаратылыс 8:21; Римдіктерге 5:12). Бірақ күңкілдеп, наразылық білдіру әдет болып кетсе, Ехоба Құдаймен қарым-қатынасымызға қауіп төнеді. Сондықтан да күңкілдеуге деген кез келген бейімділікті қадағалауымыз қажет.
18 Қауымдағы нәрселерге наразылық білдіріп, күңкілдеудің орнына, дұрыс көзқараста болғанымыз және рухани істерден қол үзбеуге, қуанышты, жүріс-тұрысымызда Құдайға бағышталғандарға лайықты, байсалды әрі сенімімізде берік болуға көмектесетін күн тәртібін ұстанғанымыз жөн (Қорынттықтарға 1-хат 15:58; Титке 2:1—5). Ехоба ұйымындағы әрбір нәрсені қадағалап отырады, Иса да бірінші ғасырдағы сияқты әр қауымдағы жайттардан хабардар (Аян 1:10, 11). Сондықтан шыдамдылықпен Құдай мен қауымның Басы Мәсіхті күтейік. Өзгерістер жасауды қажет ететін мәселелерді реттеу үшін жауапты бақташылар қолданылуы мүмкін (Забур 42:5; Қолостықтарға 1:18; Титке 1:5).
19. Патшалық адамзат істерін толық қадағалайтын кез болғанша, не нәрсеге көңіл қоюымыз керек?
19 Жақында осы зұлым дүниенің соңы жетіп, Мәсіхтің Патшалығы адамзаттың істерін толығымен қадағалайтын болады. Оған дейін әрқайсымыздың дұрыс көзқараста болғанымыз қаншалықты маңызды десеңші! Бұл бауырластардың кемшіліктеріне көңіл қоймай, қайта, жақсы жақтарын көре білуге көмектеседі. Ал олардың тек жақсы жақтарын көру бізді бақытты етеді. Сонда күңкілдеп өз-өзімізді қажытпай, жігерленіп, рухани нығаятын боламыз.
20. Дұрыс көзқарас қандай баталарды көруге көмектеседі?
20 Сонымен қатар дұрыс көзқарас Ехобаның ұйымының жердегі бөлігімен араласқанда көрген көп баталарды естен шығармауға көмектеседі. Бұл — Әлемнің Әміршісіне адал жалғыз ғана ұйым. Осы жайт туралы және шын Құдай Ехобаға ғибадат ету мәртебесі жайлы не ойлайсыңдар? Сендердің де көзқарастарың: “Сен дұғаны естіп тұрсың; кез келген пенде Саған келеді. Сенің сарайыңда тұру үшін Өзің таңдап алған және қасыңа жақындатқан пенде рахатқа кенеледі. Сенің шаңырағыңның, Сенің қасиетті храмыңның (ғибадатханаңның) игіліктеріне тойынамыз”,— деп жырлаған Дәуіттің көзқарасындай болсын (Забур 64:3, 5).
Естеріңде ме?
• Қауымда басшылықты қолға алатындар үшін неліктен риза болуымыз керек?
• Жауапкершілігі бар бауырластардың қателіктеріне қалай қарауымыз керек?
• Жазбаларды түсінуге қатысты өзгерістерге қалай қарауымыз керек?
• Мәсіхшіге қандай да бір күмәнін жеңе білуге не көмектеседі?
[12-беттегі сурет]
Дәуіт Сүлейменге ғибадатхананың құрылыс жоспарын берді және шынайы ғибадатқа шын жүректен қолдау көрсетті