Болашақты ойлағанда қорқасыз ба?
АДАМДАР көп нәрседен қорқады. Мысалы, кейбіреулер ертеңгі күні табиғатпен не болатынын ойлап қорқады. “Күннің қатты ысуы, дауыл, су тасқыны, өрт, алып мұздықтардың еруі — барлығы да дүниежүзіндегі климаттың қатты бұзылып жатқанын көрсетеді”,— делінген “Тайм” журналында (3 сәуір, 2006 жыл).
2002 жылдың мамыр айында БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы “Әлемдегі қоршаған ортаны бақылау-3” (Global Environment Outlook-3) деп аталатын мәлімдеме жасады. Оны дайындауға мыңнан астам адам қатысты. Баспа беттерінде хабарланғандай, онда былай делінген: “Біз шешуші кезеңде өмір сүріп жатырмыз: бүгінгі әрекеттеріміз қазіргі және келер ұрпақтың өмірі үшін маңызды болып табылатын ормандар, мұхиттар, өзендер, таулар, жануарлар әлемі мен басқа да табиғат құбылыстарына не пайдасын, не зиянын тигізеді”.
Қоршаған ортаның қазіргі жағдайы алаңдатарлық жайттардың бірі ғана. Дүниенің түкпір-түкпірінде адамдар террорлық әрекеттерден қорқып өмір сүруде. Канададағы қауіпсіздік жөніндегі барлау қызметі бастығының орынбасары: “Қатердің қайдан келерін білмей қорқып, түнгі ұйқыдан айырылдық”,— дейді. Расында да, тіпті теледидардан кешкі жаңалықтарды көргеннің өзі зәре-құтыңды қашырады емес пе?!
Көптеген еңбекқор адамдар жұмыстарынан айырылып қалудан қорқады. Бұған жұмыстан қысқартылу, өнеркәсіп орындарының жабылуы, жұмыстағы бақталастық пен жұмыс берушілердің шектен тыс талап қоюы себеп болуы мүмкін. Жасөспірімдер болса құрдастары қатарына қоспай қояды деп қорқады. Ал кішкентай балаларды ата-анасы өздерін шынымен жақсы көрмейді деген ойлар мазалауы мүмкін. Олардың айналасында болып жатқан жағдай туралы не деуге болады? “Өмірден тәжірибесі жоқ жастар үшін сырттағы өмір кейде үлкен қорқынышты жер сияқты көрінеді”,— дейді уайымын білдірген бір ана. Көптеген ата-ананы дүниедегі құлықтылық нормаларының құлдырауы жақын адамдарына, әсіресе бала-шағасына, әсер етіп жатқаны мазалайды.
Ал қарттар болса баспалдақтан құлап қалам ба не көшеде біреу соғып кете ме деп қорқады. Иә, “төбедегі аспан әлемі [“биік нәрсенің өзі”, ЖД] бойларына үрей отын себеді, ал жол бойында қорқыныш етек жаяды” (Екклесиаст 12:5). Ауыр дерттер де адамда қорқыныш тудырады. Қатерлі ісік, тұмау мен жұқпалы аурулар жайлы жиі естігендіктен, қандай да бір белгісіз аурудың өзіме не отбасы мүшелеріне ауыр зардабын тигізеді деп қорқуымыз мүмкін. Расында да, денсаулығы мықты, жігері тасып тұрған адамдардың ауырып, әлсіреп қалғанын көргенде, өзіміз не жақын адамымыз осындай күйге ұшырамайды деп қорықпау мүмкін емес. Иә, науқас адамға қарап, үмітінің үзілгенін байқау қандай аянышты!
Бүгінде көп нәрсе адамда үрей тудыратынын ескерсек, болашаққа үмітпен қарауға берік негіз бар ма? Болашақтан жақсылық күтуге бізге не көмектесе алады? Келесі мақалада осы сұрақтар қарастырылады.
[3-беттегі түпдерек]
© Jeroen Oerlemans/Panos Pictures