Қасіретке толы дүниеде үмітке ие болу
“БҮГІНДЕ қарапайым адамдардың көпшілік үшін жақсылық істеуде және адамзатқа ортақ проблемаларды шешуде ықпалы күштірек болып отыр”,— деді Құрама Штаттарының бұрынғы президенті Билл Клинтон 2006 жылдың 1 наурызында Оттавада (Канада) өткен конференцияда. Ол адамдардың халықаралық деңгейде жақсылық істеуге деген ықыластары 2004 жылғы цунами оқиғасынан кейін арта түсті деген қорытынды жасады, сосын, жақсылыққа үміттенетінін байқатып, бүгінде “адамдар бір-біріне айрықша тәуелді болған заман” орнағанын айтты.
Табиғи апаттар дүниенің төрт бұрышындағы адамдарды жарқын болашақ үшін күресте бастарын біріктіреді деп күте аламыз ба? “Адамдардың бір-біріне айрықша тәуелді болғаны” болашақта нағыз тыныштық пен қауіпсіздік орнайтынына үміттенуге берік негіз бере ала ма?
Шынайы үміттің көзі
Адамдар қанша тырысқанмен, бір-бірінің көңілінен шыға алмайтыны адамзаттың алты мың жылдық тарихының өн бойынан көрінеді. Сондықтан да Киелі кітаптың: “Құтқарылуы неғайбіл адамзат баласына... сенбеңдер”,— деуіне себеп бар (Забур 145:3). Осы дүниенің ұйымдарына, оның дүние-мүлкі мен арман-мақсаттарына сенім артқан адамның үміті бәрібір ақталмайды. Неге? Себебі “осы дүние мен оның ләззаты өткінші” (Жоханның 1-хаты 2:17).
Ал Құдай ғасырлар бойы әділ адамдар үшін берік үміт болып келген. Киелі кітапта ол “[ежелгі] Исраилдың Үміті” және “[Исраил] әкелерінің үміті” деп аталады және онда Құдай қызметшілерінің оған үміт артып, арқа сүйейтіні жайлы сөздер көп кездеседі (Еремия 14:8; 17:13; 50:7). Иә, Киелі жазбалар бізді ‘Ехобаға үміт артуға’ шақырады (Забур 27:14, ЖД; [26:14]).
Нақыл сөздер 3:5, 6-да мынадай кеңес берілген: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені”. Ехобаның мұндай уәдесіне сенім артуға толық негіз бар, себебі ол — өзгермейтін, сенімді және уәдесіне берік Құдай (Малахи 3:6; Жақып 1:17). Ол сізге бар жақсылықты тілейді және оның Сөзі Киелі кітапта айтылғандарға құлақ асатын болсаңыз, үрей билеген осы дүниеде сенімді басшылық береді (Ишая 48:17, 18).
Құдайдың басшылығына бар көңілімен мойынсұнатын адам оның келесі уәдесіне сенімді бола алады: “Қорықпа, Мен саған жар боламын, Абыржыма, Мен сенің Құдайыңмын! Саған қуат беріп көмектесемін, Жеңімпаз қолыммен сүйемелдеймін” (Ишая 41:10). Ехоба Құдайды шын сүйетін адамдар осы уәде жайлы ойланып, жан-тәнімен дұға ететін болса, бұл оларға зор жұбаныш беріп, қиындықтарға мойымауға және уайымға берілмеуге көмектеседі.
Ехоба Куәгері болып табылатын екі баланың анасы Андреаның не дегеніне көңіл бөлейікші: “Алда не боларын білмей, қатты абыржыған шақтарда Ехобаға дұға етіп, оның уәделері жайлы ойланғанда ғана бойым сергіп, әлденіп қалам. Өмірімде Ехобаның алатын орны өзгермейтіндіктен, сабыр сақтауым әлдеқайда жеңіл”.
Ехобаға деген үмітіңіз өшпесін
Забур жыршысы Ехобаға үміт артудың маңыздылығына назар аударып, былай деп жазған: “Тағылымыңды сүйгендер тыныштыққа кенеледі, Олар ештеңеге сүрінбей, аман-есен жүреді” (Забур 118:165). Құдай сөзін шын жүректен зерттеудің ой мен жүректі рухани және “шынайы да қастерлі, әділ де таза, ұнамды да тартымды нәрселер” мен “адамгершілікті және мақтауға тұрарлық” ойларға толтыруда тигізетін пайдасы зор. Егер осындай ойларды тыңдап, қабыл алып, іс жүзінде қолдануға бар ықыласпен тырысатын болсаңыз, ‘тыныштықтың қайнар көзі — Құдай сізге жар болады’ (Філіпіліктерге 4:8, 9).
Ондаған жылдық тәжірибесіне сүйеніп Джон былай дейді: “Болашаққа қатысты көзқарасымды өзгерту үшін, алдымен мінезім мен ой қалпымды түбегейлі өзгерту арқылы көзге көрінбейтін кемелді Құдаймен қарым-қатынас дамыту керектігін түсінуім қажет болды. Құдаймен осындай қарым-қатынасты рухани адам болу арқылы ғана дамыта алдым. Ал бұл Киелі кітапты оқып, ой жүгірту арқылы Құдайға ұнамды болуды және әр нәрсеге оның көзімен қарауды үйренгеннің арқасында мүмкін болды”.
Киелі жазбалардағы жан сергітетін әрі өмір беретін шындықтың суын ішсеңіз, күн сайын ақпарат құралдары арқылы тынымсыз беріліп жатқан жағымсыз нәрселерге қарсы тұру үшін пайдалы да сапалы көмек аласыз. Киелі кітаптағы айтылғандарды өмірде қолдану отбасының бірлігін нығайтуға және уайымға салынбауға көмектеседі. Оның үстіне, Құдай ‘өзіне жүрегімен берілгендерді қолдауға’ дайын екеніне сендіреді (Шежірелер 2-жазба 16:9). Ол жағдайды дұрыс жолмен шешетіндіктен, сізге ештеңеден де қорқудың қажеті жоқ.
Соғыс пен қырғын болған заманды бастан кешірген Финехас былай дейді: “Мен өмірімді қамқор Ехобаның қолына тапсыруды үйрендім. Киелі кітаптың принциптерін берік ұстанғаным көптеген қиындықтардан құтқарды”. Ехоба Құдайға шын сенім артатын болсаңыз, ол сізге таудай қиындықтардың қай-қайсысын да жеңуге көмектеседі (Забур 17:30). Ата-анасымен тығыз қарым-қатынастағы кішкентай бала, тіпті ауырып қалса не қиын жағдай туса, оларға толығымен арқа сүйеп, өзін солардың қасында қауіпсіздікте сезінеді. Сіз де өзіңізді қауіпсіздікте сезінгіңіз келсе, Ехобаның өзіне үміт артуға қатысты шақыруын қабыл алғаныңыз маңызды (Забур 36:34).
Үміттің берік негізі
Иса Мәсіх шәкірттеріне былай деген: “Мына іспетті мінажат етіп сиыныңдар: Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін, Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” (Матай 6:9, 10) Көктегі осы Патшалық — Иса Мәсіх басқаратын үкімет — Құдайдың бүкіл жер бетіне әділ билігін жүргізу үшін қолданатын құралы (Забур 2:7—12; Даниял 7:13, 14).
Адамдардың көп нәрседен қорқып, мұның өмірлерінің барлық саласына әсер етуі мынаны анық көрсетеді: бүгінде адамдар Құдайдың көмегіне мұқтаж болып отыр. Бақытымызға орай, Құдайдың адамзат ісіне араласатын кезі жақын. Патшалық тағында отырған Иса Мәсіхке Ехоба өзінің бүкіләлемдік билігін ақтап, есімін киелі ету үшін билік берген (Матай 28:18). Жақында Патшалық қорқыныш пен уайым-қайғы әкелетін нәрселердің барлығын жер бетінен жоюға кіріседі. Ишая 9:6-дан Исаның бізді қорқыныш атаулыдан құтқара алатын Билеуші болуға лайық екені көрінеді. Мысалы, ол “Мәңгілік Әке”, “керемет ақылды Кеңесші”, “Тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әмірші” деп аталған.
Исаның “Мәңгілік Әке” деген жүрекке жылы тиетін лауазымына көңіл бөлейікші. “Мәңгілік Әке” ретінде оның тілалғыш адамзатқа құрбандық төлемінің арқасында мәңгі өмір беруге күші мен билігі әрі қалауы бар. Демек, адамдар Адам атадан берілген күнә мен кемелсіздіктен ақырында босатылады (Матай 20:28; Римдіктерге 5:12; 6:23). Иса Құдай берген күшін өлген адамдарды қайта тірілту үшін де қолданады (Жохан 11:25, 26).
Иса жерде болған кезінде өзінің “керемет ақылды Кеңесші” екенін көрсетті. Ол Құдай Сөзін жақсы білгендіктен және адам болмысын керемет түсінгендіктен, күнделікті проблемаларды қалай шешу керектігін білген. Көкте тақта отырған Мәсіх бүгінгі күні де “керемет ақылды Кеңесші” болып, Ехобаның адамзатпен байланыс жасайтын ең басты арнасы ретінде қызмет етуде. Киелі кітапта жазылған Исаның кеңестері дана әрі әрқашан дұрыс. Осыны біліп, сенім білдіргеніңіз белгісіздік пен қорқыныш-үрейден арылуға көмектеседі.
Ишая 9:6-да Иса “тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әмірші” деп те аталған. Осыған сай, Иса жақында күшін қолданып, барлық теңсіздікті — саяси, әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті — жояды. Қалай? Бүкіл адамзатты өзінің бейбітсүйгіш Патшалығының қол астына жинау арқылы (Даниял 2:44).
Осы Патшалық жер бетіне билік еткенде, бүкіл дүниеде мәңгіге тыныштық орнайды. Бұған неге сенімді бола аламыз? Ишая 11:9-да былай делінген: “Бүкіл қасиетті тауымда ешқандай зұлымдық пен қиянат жасалмайтын болады”,— дейді Тәңір Ие. Себебі теңіз суға қалай толы болса, жер де Жаратқан Иені жақыннан танып, қастерлеген адамдарға [“Ехоба туралы білімге”, ЖД] солай толы болады!” Иә, ақырында, жер бетіндегі әрбір адам Құдай туралы тура білімге ие болып, оған мойынсұнатын болады. Осындай болашақ көңіліңізге ұнай ма? Ұнаса, Ехоба туралы аса бағалы ‘білім’ алу үшін кідірместен әрекет етіңіз.
Бүгінде орын алып жатқан оқиғалар мен жарқын болашақ жайлы Киелі кітапта не айтылғанын оқып, білу арқылы өмір беретін және сенім нығайтатын Құдай туралы білімге ие бола аласыз. Сондықтан біз сізді өзіңіз тұратын жердегі Ехоба Куәгерлерімен бірге Киелі кітапты тегін зерттеуге шақырамыз. Бұл сізге қасіретке толы осы дүниеде қорқыныштан арылып, шынайы үмітке ие болуға көмектеседі.
[7-беттегі қоршау/суреттер]
Құдай үкіметіне үміт артуға болады
Құдай Патшалығының Патшасы Иса Мәсіхке бүкіл әлемге билік жүргізуге қабілет пен құқық берілген (Матай 28:18). Ол жер экологиясын қайта қалпына келтіреді. Сондай-ақ оның ауру атаулыны да жоятын күші бар. Исаның жер бетінде істеген құдіретті істері болашақта оның кемелді де сенімді Патша ретінде адамзатқа төгетін баталарының нышаны болған. Осы Патшаның төменде келтірілген қасиеттерінің әсіресе қайсысы сізге ұнайды?
▪ Адам еркін жақындай алатын (Марқа 10:13—16)
▪ Парасатты және бет-жүзге қарамайтын (Марқа 10:35—45)
▪ Сенімді әрі жанқияр (Матай 4:5—7; Лұқа 6:19)
▪ Әділ және әділетті (Ишая 11:3—5; Жохан 5:30; 8:16)
▪ Қамқор әрі кішіпейіл (Жохан 13:3—15)
[4-беттегі сурет]
Киелі кітапты оқып, білгеніміз жайлы ой жүгірткеніміз Ехобаға үміт артуға көмектеседі