“Ашкөздік атаулыдан сақтаныңдар!”
“Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды” (ЛҰҚА 12:15).
1, 2. а) Бүгінде адамдар не нәрсеге ұмтылуда? ә) Олардың көзқарасы бізге қалай әсер етуі мүмкін?
АДАМДАРДЫҢ басым көпшілігі ақшаны, дүние-мүлік пен атақ-даңқты, жалақысы жоғары жұмыс пен отбасы сияқты нәрселерді табысты болудың белгісі не ертеңгі күннің кепілі деп есептейді. Бай не кедей елде тұрмасын, көп адамның есіл-дерті — дүние-мүлік жинау, жетістіктерге жету. Ал олардың рухани нәрселерге деген қызығушылығы, тіпті оны бар дей алсақ, жоғалып барады.
2 Бұл жайт Киелі кітапта айтылған пайғамбарлыққа сай келеді. Онда былай делінген: “Соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады: адамдар өзімшіл, ақшақұмар... Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады. Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрінгенмен, Оның күшінен бас тартады” (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Осындай адамдардың арасында өмір сүргендіктен, шынайы мәсіхшілерге солар сияқты әрекет етіп, солардікіндей ой қалып танытуға үнемі қысым жасалады. Алайда ‘осы дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеуге’ бізге не көмектеседі? (Римдіктерге 12:2)
3. Қазір Исаның қандай кеңесін қарастырамыз?
3 “Сенім жолын салған” Иса Мәсіх осыған қатысты керемет тәлім берген (Еврейлерге 12:2). Бірде ол жұртқа рухани нәрселерді түсіндіріп жатқанда, бір кісі оның сөзін бөліп: “Ұстаз, мұрамызды менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы”,— деп өтініш білдіреді. Иса оған және сол жерде тыңдап тұрғандардың бәріне де қатысты маңызды кеңес береді. Ол дүниеқорлықтан сақтануды қатаң ескертіп, оны ойландыратын көрнекі мысалмен шегелей түседі. Біз де Исаның сол кезде айтқан кеңесіне ден қойып, оларды өмірімізде қалай қолдануымызға болатынын көрейік (Лұқа 12:13—21).
Орынсыз өтініш
4. Неге бір кісінің Исаның сөзін бөлгені орынсыз болды?
4 Әлгі кісі Исаның сөзін бөлмей тұрғанда, ол шәкірттері мен басқаларға екіжүзділіктен сақтану, Адам ұлымен бірлікте болуды мойындау үшін батыл болу мен киелі рухтың көмегі туралы айтқан болатын (Лұқа 12:1—12). Расында да, бұл шәкірттері көңілдеріне түйіп алулары керек маңызды шындықтар еді. Алайда осындай мәні терең тақырыптар айтылып жатқанда, әлгі кісі аяқ астынан килігіп, Исадан дүние-мүлікке қатысты отбасындағы кикілжіңге төрелік етуін сұрайды. Бұл оқиғадан біз де өзімізге маңызды сабақ алуымызға болады.
5. Мәселесін шешуді сұраған кісінің өтінішінен ол жайлы не білуге болады?
5 Бір еңбекте: “Әдетте адамның қандай екенін діни тәлім айтылып жатқанда, оның не жайлы ойланып отырғанына қарап білуге болады”,— делінген. Иса маңызды рухани шындықтарды айтып жатқанда, әлгі кісі пайда түсірудің жолдарын ойлап отырған болу керек. Оның мұраға қатысты шағымдануына заңды негізі болған-болмағаны белгісіз. Бәлкім, ол Исаның адамдардың мәселерін шешетін дана төреші ретіндегі беделі мен билігін пайдаланғысы келген болар (Ишая 11:3, 4; Матай 22:16). Қалай болған күнде де, оның сұрағы жүрегінің түбінде жатқан нәрсені — рухани нәрселерді бағалаймайтынын — көрсетті. Бұдан өзімізді тексеріп тұрғанның қаншалықты маңызды екені көрінеді емес пе? Мысалы, мәсіхшілер кездесуінде ойымыздың басқа жаққа ауып кетуі не жиналыстан кейін не істейтініміз жайлы ойлап кетуіміз мүмкін. Алайда айтылып жатқан мәліметке ден қойып, оны өмірімізде қалай қолдануға болатыны жайлы ойланғанымыз маңызды. Бұл көктегі Әкеміз Ехоба Құдаймен және бауырластармен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектеседі (Забур 21:23; Марқа 4:24).
6. Неге Иса өтініш білдірген кісінің айтқанын орындаудан бас тартты?
6 Өтініш еткен кісінің ниеті қандай болмасын, Иса оны орындаудан бас тартып: “Кім Мені сендерге қазы немесе мұраларыңды бөлуші төре етіп қойды?”— деді (Лұқа 12:14). Иса бұл сөздермен адамдарға жақсы таныс жайтқа көңіл аударды: Мұса заңы бойынша, осындай мәселелермен қалаларда тағайындалған төрешілер айналысатын (Заңды қайталау 16:18—20; 21:15—17; Рут 4:1, 2). Иса болса анағұрлым маңызды істер үшін қам жеген. Ол үшін Патшалық туралы шындықты жариялау және адамдарға Құдай еркін үйрету басты орында болған (Жохан 18:37). Күнделікті тіршілік қамына беріліп кетудің орнына, Исаға еліктеп, біз де бар күшіміз бен уақытымызды ізгі хабарды уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне жұмсайық (Матай 24:14; 28:19).
Ашкөздіктен сақтаныңдар
7. Иса нені көре білді?
7 Адамның ішкі ниетін жақсы білетін Иса жеке мәселесіне араласуды сұраған кісінің өтінішінің артында не тұрғанын білді. Сондықтан оның өтінішін орындаудан тек бас тартып қоя салмай, мәселенің түп тамырын көрсетіп былай деді: “Абайлаңдар, дүниеқор болудан [“ашкөздік атаулыдан”, ЖД] сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды” (Лұқа 12:15).
8. Ашкөздік деген не және оның зардабы қандай болуы мүмкін?
8 Ашкөздік — орнымен жұмсап, игі мақсатқа қолдануға болатын ақшаны не қандай да бір затты жай ғана қалау емес. Бұған байлықты, дүние-мүлікті не біреудің затын нысапсыздықпен көксеу жатады. Ашкөз адам өзіне қажет болған-болмағанына не басқаларға қалай әсер ететініне қарамай, алған үстіне ала түссем екен дейді. Бұндай адамның аңсаған нәрсесі ой-санасын жаулап, іс-әрекетіне әсер ететіні сонша, ол, былайша айтқанда, оның құдайына айналады. Елші Пауылдың ашкөз адамды Құдай Патшалығына кірмейтін жалған тәңірге табынушыға теңегені есімізде болар (Ефестіктерге 5:5; Қолостықтарға 3:5).
9. Ашкөздік қалай көрініс табуы мүмкін? Мысал келтіріңдер.
9 Исаның “ашкөздік атаулыдан” сақтануды ескерткеніне назар аударайықшы. Ашкөздік әртүрлі болады. Он өсиеттің соңғысында оның кейбірі айтылған: “Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба! Оның әйеліне, құл-күңіне, өгіз-есегіне, не басқа да ешқандай нәрсесіне сұқтанба!” (Мысырдан шығу 20:17) Киелі кітапта ашкөздіктің қандай да бір түрін танытып, ауыр күнә жасағандардың көптеген мысалы бар. Айталық, Шайтан тек Ехобаға ғана тиесілі атақ-даңқ пен билікті көксеуімен өзгенің иелігіндегі нәрсеге сұқтанғандардың алғашқысы болды (Аян 4:11). Ал Хауа тәуелсіз болуды аңсады. Нәтижесінде алданып қалып, бүкіл адамзатты күнә мен өлім жолына түсірді (Жаратылыс 3:4—7). Жын-перілер адал періштелер болған кездерінде өздерінің бастапқы дәрежелерін қанағат тұтпай, құқықтары болмаған нәрсені қалап, тиесілі мекенжайларын тастап кетті (Яһуда 6; Жаратылыс 6:2). Балағам, Ахан, Гехезай мен Яһуда жайлы да ойлап көрейікші. Қолдағы барға қанағат етпеген олар дүние-мүлікті көксеп, жауапкершіліктерін теріс қолданды, нәтижесінде, құлдырауға ұшырады.
10. Исаның кеңесіне сай, қалайша ‘абай’ болуымыз керек?
10 Исаның ашкөз болмауға қатысты ескертуін “абайлаңдар” деген сөзбен бастағаны орынды болды. Неге? Өйткені адамға біреудің ашкөз екенін байқау оңай, ал өзінің сондай екенін мойындау қиын. Елші Пауыл ‘ақшақұмарлықтың әртүрлі жамандықтың түп тамыры’ екенін айтқан (Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Ал шәкірт Жақып: “Құмарлыққа берілу күнәны тудырады”,— деп жазды (Жақып 1:15). Исаның ескертуіне сай, ‘абай’ болып, ашкөздікті өзгелердің бойынан іздемегеніміз жөн, қайта, өз жүрек күйімізді тексеріп, “ашкөздік атаулыдан” сақтануымыз керек.
Мол байлық
11, 12. а) Ашкөздікке қатысты Иса қандай ескерту айтты? ә) Неге Исаның ескертуіне құлақ асқанымыз маңызды?
11 Ашкөздіктен аулақ болу керектігінің тағы бір себебі бар. Исаның әрі қарай не дегеніне назар аударшы: “Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды” (Лұқа 12:15). Бұл ойлануға тұрарлық сөздер, өйткені осы дүниеқұмарлық кең тараған заманда адамдар байлық пен жетістікті бақыт пен табыстың кепілі деп есептейді. Алайда Иса бұл сөздермен адамның дүние-мүлкі қанша көп болмасын, мағыналы да қанағат әкелетін өмірдің оған байланысты емес екенін айтқысы келді.
12 Әйтсе де кейбіреулер мұнымен келіспеуі мүмкін. Олар материалдық заттар өмірді анағұрлым жайлы да қуанышты әрі мағыналы етеді деп ойлайтын шығар. Сондықтан олар дүние-мүлік пен соңғы үлгідегі техникалық жабдықтарға қол жеткізуге барынша ұмтылады. Олар өмірлерін осылайша жақсартамыз деп ойлайды. Бірақ олардың бұндай ой қалып танытқаны Исаның кеңесін ұқпағандарын көрсетеді.
13. Қалайша өмір мен байлыққа қатысты байсалды көзқарас таныта аламыз?
13 Иса байлыққа ие болудың дұрыс не бұрыс екенін айтып жатпады, оның орнына адамның өмірі қолда бар байлығына байланысты емес екеніне назар аударды. Расында да, өмір сүру үшін адамға көп нәрсе қажет емес екені барлығымызға да аян. Бізге керегі — ішер ас, киер киім мен баспана ғана. Бай адамдарда осының барлығы молынан бар, ал кедей адамдар болса күнделікті нанын табу үшін маңдай терін төгеді. Алайда адамның өмірі үзілгенде, байдың кедейден еш айырмашылығы болмайды, өйткені оларға енді ештеңе де қажет емес (Екклесиаст 9:5, 6). Сондықтан адам өмірінің мәні байлығына не дүниеге қол жеткізуіне байланысты емес, байланысты болмауы да керек. Исаның қандай өмір жайлы айтқанын қарастырғанымыз бұны анығырақ түсінуге көмектеседі.
14. Лұқа жазған Ізгі хабардағы ‘өмір’ деп аударылған грек сөзінен не білуге болады?
14 Лұқа жазған Ізгі хабардағы Исаның “байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды” деген сөздеріндегі ‘өмір’ сөзі (грекше зое́) өмір салтына емес, өмірдің өзіне нұсқайдыa. Исаның айтуынша, бай не кедей болайық, шалқып өмір сүрейік не зорға күнелтейік, бәрібір қаншалықты ұзақ өмір сүретінімізге не тіпті ертеңгі күні тірі болатын-болмайтынымызға әсер ете алмаймыз. Иса Таудағы уағызында: “Осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады?”— деген болатын (Матай 6:27). Киелі кітапта “өмірдің қайнар көзі” тек Ехоба екендігі және сол ғана адал қызметшілеріне көкте не жерде “шынайы өмірді”, яғни “мәңгілік өмірді”, сыйлай алатыны анық айтылған (Забур 35:10; Тімотеге 1-хат 6:12, 19).
15. Неге көп адам материалдық игіліктерге үміт артады?
15 Исаның сөздерінен көп адамның өмірге қатысты жаңсақ көзқарас танытатынын көруге болады. Бай не кедей болсын, адамның барлығы да кемелсіз және барлығының да барар жері бір. Мұса пайғамбар былай деген болатын: “Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар, Күш-қуат жетсе, мүмкін, сексен болар, Осы аралық шегеміз бейнет-азап, Ақыры ғайып боламыз, ғұмыр зырлап” (Забур 89:10; Әйүп 14:1, 2; Петірдің 1-хаты 1:24). Сол себепті Құдаймен тығыз қарым-қатынасы жоқ адамдар, Пауыл айтып кеткендей, “бүгін ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өлеміз” деген ой қалып танытады (Қорынттықтарға 1-хат 15:32). Ал тағы біреулер болса өмірдің өткінші әрі баянсыз екенін сезініп, материалдық игіліктердің арқасында қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізуге тырысады. Бәлкім, олар көзге көрінетін көптеген материалдық игіліктерге ие болу өмірді анағұрлым қауіпсіз етеді деп ойлайтын шығар. Сондықтан да олар байлық қауіпсіздік пен бақыттың кепілі деген жаңсақ ой қалып танытып, дүние-мүлік жинауға бар күштерін жұмсайды (Забур 48:7, 12, 13).
Қауіпсіз болашақ
16. Өмірдің шын мәні неге байланысты емес?
16 Рас, мол ас, киім-кешек, баспана және басқа да игіліктерге ие болып, бақуатты өмір кешкеніміздің арқасында өміріміз әлдеқайда жайлы болып, тіпті сапалы медициналық ем қабылдап, өмірімізді бірнеше жылға ұзартуымыз мүмкін. Алайда бұндай өмірді шынымен де анағұрлым мағыналы әрі қауіпсіз дей аламыз ба? Өмірдің шын мәні адамның ұзақ жасағанына не байлыққа ие болғанына байланысты емес. Елші Пауыл осындай нәрселерге тым көп сенім артудың қауіпті екенін айтқан болатын. Тімотеге жазған хатында ол былай деді: “Осы дүниелік мал-мүлікке байларға ескерт: олар менмен болмасын; сенімдерін өткінші байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол рақатын көру үшін игіліктердің бәрін сыйлайды” (Тімотеге 1-хат 6:17).
17, 18. а) Мол байлығы болған Құдайдың ежелгі қызметшілері қалайша біз үшін керемет үлгі болып табылады? ә) Келесі мақалада Исаның қандай астарлы әңгімесі қарастырылады?
17 Үмітімізді байлыққа артқанымыз даналыққа жатпайды, өйткені ол “өткінші”. Құдайдың ежелгі қызметшісі Әйүп бай адам болған, сөйтсе де күтпеген жерден апатқа ұшырағанда, байлығы оны құтқара алмады: оның дүние-мүлкі әп-сәтте жоғалды. Ол Құдаймен тығыз қарым-қатынасының арқасында ғана басына түскен барлық сынақтар мен қиындықтарға төзе алды. Ыбырайымға мол байлығы Құдайдың берген қиын тапсырмасын орындауға кедергі болған жоқ, нәтижесінде ол Құдайдың батасына ие болып, “көптеген халықтардың түп атасы” атанды (Жаратылыс 12:1, 4; 17:4—6). Құдайдың осы және басқа да қызметшілері біз үшін үлгі болып табылады емес пе? Жас не кәрі болайық, барлығымыздың да өз-өзімізді тексеріп, біз үшін ненің маңызды екенін және үмітімізді не нәрсеге артатынымыз жайлы ойланғанымыз маңызды (Ефестіктерге 5:10; Філіпіліктерге 1:10).
18 Исаның ашкөздік пен өмірге деген дұрыс көзқарасқа қатысты кеңесінің маңызы мен мәні зор. Алайда оның тағы айтары бар еді. Ол әрі қарай түйсіксіз бай кісі туралы ойландыратын астарлы әңгіме айтып береді. Бұл әңгіменің біздің өмірімізге қандай қатысы бар және одан не нәрсеге үйрене аламыз? Бұл келесі мақалада талқыланады.
[Сілтеме]
a Би́ос деген басқа грек сөзі де “өмір” деп аударылады. Одан, мысалы, “биология” сөзі шыққан. Бір Киелі кітап сөздігіне сай, би’ос сөзі “өмірдің ұзақтығына”, “өмір салтына” және “күн көріске қажетті нәрселерге” нұсқайды (Vine’s Expository Dictionary of Old and New Testament Words).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Исаның өтініш білдірген кісінің айтқанын орындамағанынан не нәрсеге үйренуге болады?
• Неге ашкөздіктен сақтанғанымыз жөн және мұны қалай істеуге болады?
• Неге өміріміз дүние-мүлікке байланысты емес?
• Өмірімізді не нәрсе шын мәнінде мағыналы әрі қауіпсіз ете алады?
[23-беттегі суреттер]
Қалайша Ыбырайым материалдық игіліктерге қатысты дұрыс көзқарас танытты?