‘Құдаймен қатынасыңда байсың’ ба?
“Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдаймен қатынасында бай болмаған адамның ақыры осылай болады” (ЛҰҚА 12:21).
1, 2. а) Адамдардың көбісі не нәрсе үшін үлкен құрбандықтарға баруға дайын? ә) Бүгінде мәсіхшілер қандай қиындық пен қауіпке кезігуде?
ТАРИХТАН көрінетіндей, байлыққа қол жеткізу үшін аянбай еңбектеніп, тер төккен адамдар қашан да болған. Мысалы, ХІХ ғасырда алтын іздеген көп адам, алыс-жақын демей, Австралия, Оңтүстік Африка, Канада мен Құрама Штаттарына ағылып келе бастады. Олар байлық үшін үйлері мен туыстарын қалдырып, бөтен, тіпті өздеріне жылы қабақ танытпаған жерлерге аттануға дайын еді. Расында да, дүние-мүлікке ие болуды аңсаған көп адам сол үшін өмірлерін қатерге тігіп, үлкен құрбандықтарға баруға әзір.
2 Бүгінде адамдардың көбісі тура мағынада қазына іздеп жатпаса да, күн көріс қамы үшін ауыр еңбек етуде. Иә, қазіргі қиын заманда бұл оңай емес. Адам тамақ, киім және баспана жайын тым көп ойлап, әлдеқайда маңызды нәрселерді елемей, тіпті естен шығарып алуы мүмкін (Римдіктерге 14:17). Иса адамның осындай бейімділігін айқын көрсететін көрнекі мысал, не астарлы әңгіме, айтқан болатын. Бұл әңгіме Лұқа 12:16—21 дейінгі тармақтарда жазылған.
3. Лұқа 12:16—21 дейінгі тармақтарда келтірілген Исаның көрнекі мысалын қысқаша айтып беріңдер.
3 Иса бұл әңгімесін ашкөздіктен аулақ болуды ескерткеннен кейін айтқан болатын. Әңгімесінде ол дүние-мүлік жиналған қамбаларын кіші санап, көбірек қор сыю үшін оларды бұзып, қайта салмақшы болған бір бай кісі жайлы сөз етеді. Бай адам енді тынығып, жайлы өмір кешетін кез келді деп ойлағанда, Құдай оған өмірінен айырылып, бар жиған-тергені басқа біреуге қалатынын айтады. Иса әңгімесінің соңында: “Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдаймен қатынасында бай болмаған адамның ақыры осылай болады”,— деген түйін жасайды (Лұқа 12:21). Осы астарлы әңгімеден не нәрсеге үйрене аламыз? Оны өмірімізде қалай қолдануға болады?
Бай кісінің қиыншылыққа тап болуы
4. Исаның астарлы әңгімесіндегі адамды қалай сипаттауға болар еді?
4 Исаның осы астарлы әңгімесі көп елге белгілі. Ол әңгімесін жай ғана: “Бір бай кісінің егіндік жері мол өнім береді”,— деп бастағанын байқаңдаршы. Иса сол кісі байлыққа арам не заңсыз жолмен қол жеткізді деп ештеңе айтпаған. Басқаша айтқанда, ол жаман кісі ретінде бейнеленбеген. Шындығында да, Исаның сөздеріне сүйенсек, ол аянбай еңбек етті деген тұжырым жасауға болады. Кем дегенде, бұл мысалдан оның, отбасының игілігі үшін болар, ертеңін ойлап, қор жинағанын білеміз. Осылайша, адами көзбен қарағанда, оны өз міндеттеріне жауапкершілікпен қараған еңбекқор адам деуге болар еді.
5. Исаның астарлы әңгімесіндегі кісі қандай қиыншылыққа тап болады?
5 Қалай болған күнде де, Иса астарлы әңгімедегі адамды қолында мол дүние-мүлкі бар бай кісі деп атады. Бірақ, Иса айтқандай, бай бір қиыншылыққа тап болады: жері күткенінен әлдеқайда көп өнім беріп, бұл ол қажет ететін не күтіп қарай алатын мөлшерден асып түседі. Ол не істер екен?
6. Құдайдың көп қызметшісіне қандай шешімдер қабылдау керек болады?
6 Бүгінде Ехобаның көп қызметшісі осы бай адамдікіне ұқсас жағдайларға кезігуде. Шынайы мәсіхшілер адал да еңбекқор жұмысшы болуға тырысады (Қолостықтарға 3:22, 23). Жалдамалы жұмысшы не жеке кәсіпкер болсын, олар жұмыстарын жақсы істеп, тіпті жетістіктерге жетіп жатады. Сондықтан дәрежесін жоғарылатуды ұсынғанда не жұмыста жаңа мүмкіндіктер пайда болғанда, оларға шешім қабылдауға тура келеді: олардың осындай ұсынысты қабыл алғаны не көбірек табыс табуды шешкені жөн бе, әлде одан бас тарту керек пе? Сол сияқты, мәсіхші жастардың көбісі де мектепте жақсы оқиды. Нәтижесінде, олар үшін беделді жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндіктер жасалуы не стипендиялар ұсынылуы мүмкін. Олардың көпшілікке еріп, осындай ұсыныстарды қабыл алғандары дұрыс болар ма еді?
7. Исаның астарлы әңгімесіндегі бай адам қандай шешім қабылдайды?
7 Исаның мысалына қайта оралайық. Жері мол өнім бергенде, оны қайда жинарын білмей басы қатқан бай кісі не істейді? Ол қамбаға сыймаған астығы мен дүние-мүлкінің бәрін жинап қою үшін бұрынғы қамбаларын бұзып, үлкейтіп қайтадан салуды шешеді. Құрған жоспары ертеңгі күніне сенімділік беріп, қанағат әкелген болу керек, ол ішінен былай деп ойлайды: “Сосын өзіме: көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер деймін” (Лұқа 12:19).
Неге “түйсіксіз”?
8. Исаның астарлы әңгімесіндегі кісі қандай маңызды нәрсені елемеді?
8 Алайда, Исаның сөздерінен көрінетіндей, бай кісінің ертеңгі күнге деген сенімділігі жай ғана алдамшы сезім еді. Ойға алғаны тиімді көрінгенмен, ол аса маңызды нәрсені — Құдай еркін — ескермеген еді. Ол қалай демалып, ішіп-жеп, көңіл көтерсем екен деп, өз қамын ғана ойлады. Сондай-ақ “Мол қорым бар, енді көп жыл жасаймын” деген ойда болды. Алайда оның жоспары іске аспады. Иса айтып кеткендей, ‘байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды’ (Лұқа 12:15). Бай кісі сол түні-ақ бар жиып-тергенінен айырылады, өйткені Құдай оған былай деген болатын: “Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады! Сонда сенің жиып-тергенің кімге қалады?” (Лұқа 12:20)
9. Астарлы әңгімедегі кісі неге түйсіксіз деп аталды?
9 Енді Исаның астарлы әңгімесіндегі басты ойға тоқталайық. Құдай бай кісіні түйсіксіз деп атады. Бір сөздікте осы грек сөзінің әртүрлі тұлғасы “түсініктің жоқтығын білдіретіні” айтылған (Exegetical Dictionary of the New Testament). Осы сөздікке сүйенсек, астарлы әңгімеде Құдай бұл сөзді “бай кісінің болашаққа қатысты құрған жоспары бекер” екенін көрсету үшін қолданғаны көрінеді. Аталмыш сөз ақыл-ойы жоқ адамға емес, “өзінің Құдайға тәуелді екенін мойындағысы келмейтін адамға” нұсқайды. Исаның бай адамды қалай суреттегені оның кейінірек бірінші ғасырда Лаудікидегі (Кіші Азия) мәсіхшілерге айтқан сөздерін еске салады. Ол былай деген: “Мен баймын, ауқаттымын, еш нәрсеге мұқтаж емеспін”,— дейсің. Ал өзіңнің шынында сорлы бейшара, рухани жарлы, жалаңаш әрі соқыр екеніңді білмейсің!” (Аян 3:17)
10. Неге ‘мол қорға’ ие болу ‘көп жыл’ өмір сүрудің кепілі емес?
10 Бұл астарлы әңгімеден өзімізге сабақ алуымызға болады. Біз де ‘мол қор’ жинау үшін аянбай еңбек етіп, бірақ ‘көп жыл’ өмір сүре алу үшін қажет нәрсені істемей, мысалдағы бай кісіге ұқсап жүрген жоқпыз ба? (Жохан 3:16; 17:3) Киелі кітапта былай делінген: “Қаһарлы күнде байлықтан пайда болмас... Байлығына сенім артқан сүрінер” (Нақыл сөздер 11:4, 28). Сондықтан да Иса астарлы әңгімесінің соңында мынадай кеңес береді: “Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдаймен қатынасында бай болмаған адамның ақыры осылай болады” (Лұқа 12:21).
11. Неге бар үміт пен сенімді байлыққа арту бекершілік деуге болады?
11 Иса “осылай болады” деуімен бар үміті мен сенімін байлыққа артатындардың бай кісінің кебін киетінін көрсетті. Мәселе адамның ‘өзі үшін байлық жинағанында’ емес, ‘Құдаймен қатынасында бай болмағанында’. Шәкірт Жақып та осындай ескерту айтқан: “Біз бүгін-ертең пәлен қалаға барып, сонда бір жыл тұрып, сауда жасап, олжаға батамыз” дейтіндерің құлақ түріңдер: сендер тіпті күні ертең не болатынынан беймәлімсіңдер!” Олар не істеулері керек еді? Жақып былай дейді: “Оның орнына “Құдай бұйыртса, аман болсақ, біз мынаны істейміз, не ананы істейміз” дегендерің дұрыс” (Жақып 4:13—15). Құдаймен қатынасында бай болмаса, адамның байлығының не дүние-мүлкінің көп болғанынан еш пайда жоқ. Бірақ Құдаймен қатынасымызда бай болу деген нені білдіреді?
Құдаймен қатынасымызда бай болу
12. Құдаймен қатынасымызда бай болу үшін не істеуіміз керек?
12 Исаның сөздерінен ‘Құдаймен қатынаста бай болу’ адамның ‘өзі үшін байлық жинауына’ қарама-қайшы әрекет екені көрінеді. Осылайша Иса өміріміздегі басты нәрсе байлық жинау не қолымыздағы дүниенің рақатын көру болмау керектігін айтқан. Қайта, қолдағы барымызды Ехобамен қатынасымызда бай болу үшін, басқаша айтқанда, онымен қарым-қатынасымызды нығайту үшін, қолдануымыз керек. Құдаймен қатынасымызда бай болсақ, мол батаға кенелетін боламыз. Киелі кітапта: “Жаратушының ақ батасы — бітім-болмысыңды байытады және қайғы-қасіретке ұшыратпайды”,— делінген (Нақыл сөздер 10:22, Тт).
13. Ехобаның батасы адамды қалай “байытады”?
13 Ехоба өз халқына бата ретінде әрдайым ең жақсы нәрселерді ғана сыйлайды (Жақып 1:17). Мысалы, ол исраилдіктерге ‘сүт пен бал ағып жатқан жерді’ берді. Мысыр елі де дәл осылай суреттелген болатын, десе де Ехобаның исраилдіктерге берген жерін, кем дегенде, бір маңызды нәрсе ерекшелендірді. Мұса айтқандай, ол ‘Жаратушы Ие осыншама қамқор болып отырған жер’ еді. Басқаша айтқанда, исраилдіктер Ехобаның қамқорлығының арқасында сол жердің игілігін көретін еді. Олар Ехобаға адал болып жүрген кездерінде, оның мол батасын көріп, айналасындағы халықтарға қарағанда әлдеқайда жақсы өмір кешті. Иә, Ехобаның батасы ғана адамды “байытады” (Руларды санау 16:13; Заңды қайталау 4:5—8; 11:8—15).
14. Құдаймен қатынасында бай адамдар не сезінеді?
14 ‘Құдаймен қатынаста бай болу’ деп аударылған тіркес “Құдайдың көз алдында бай болу” деп те тәржімаланады (Today’s English Version). Бай адамдар әдетте басқалардың көзіне түсуді ойлайды. Мұны жиі олардың өмір салтынан көруге болады. Олар, Киелі кітапта айтылғандай, ‘мал-мүліктеріне мастанып’, өздерін көрсеткілері келеді (Жоханның 1-хаты 2:16). Ал Құдаймен қатынасында бай адамдар оның ықыласы мен шексіз рақымына ие болып, онымен жақсы қарым-қатынаста болады. Осындай керемет баталардың арқасында олар өздерін бақытты әрі қауіпсіздікте сезінеді. Ал бұған ешқандай байлықтың көмегімен қол жеткізе алмас едік (Ишая 40:11). Бірақ Құдайдың көз алдында бай болу үшін не істеу керек?
Құдайдың көз алдында бай болу
15. Құдаймен қатынасымызда бай болу үшін не істегеніміз абзал?
15 Исаның әңгімесіндегі адам баюды ғана ойлап, аянбай еңбек еткен болатын, сондықтан ол “түйсіксіз” деп аталды. Ал біз Құдаймен қатынасымызда бай болғымыз келсе, оның көз алдында шын мәнінде құнды әрі мағыналы істерге барынша атсалысуға тырысуымыз керек. Бұған Исаның ‘Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер’ деген өсиетін орындау да жатады (Матай 28:19). Уақытымыз, күшіміз бен қабілеттерімізді өз жағдайымызды жақсартуға емес, Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне жұмсауды банкке ақша салумен салыстыруға болады. Осылай әрекет еткендер мол рухани “түсім” көріп, баталарға кенелуде. Мұны келесі мысалдардан көруге болады (Нақыл сөздер 19:17).
16, 17. Адамды Құдайдың көз алдында қандай өмір салты бай ететінін көрсететін мысал айтып беріңдер.
16 Шығыстың бір елінде тұратын мәсіхшінің мысалына көңіл аударайық. Ол компьютер маманы ретінде жұмыс істейтін әрі жалақысы да жоғары болатын. Алайда оның барлық дерлік уақыты жұмысына кетіп, нәтижесінде рухани аш екенін сезіне бастайды. Сөйтіп, табысқа жетудің қамын жасаудың орнына, ол жұмыстан шығады да, балмұздақ жасап, көшеде сата бастайды. Осының арқасында оның рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыруға және жауапкершіліктерін атқаруға көбірек уақыты болады. Бұрынғы әріптестері оны келеке етеді. Бірақ оның жағдайы қандай болды? “Мен бұрынғы жұмысымнан гөрі, балмұздақ сатып жүріп көбірек табыс таптым. Оның үстіне, бұрын сезінетін стресс пен уайымнан арылғандықтан, қуанышым да арта түсті. Ең бастысы, Ехобаға жақындай түстім”,— дейді ол. Осындай өзгеріс жасағаны бұл мәсіхшіге толық уақытты қызметті бастауға мүмкіндік берді. Қазір ол өз еліндегі Ехоба куәгерлерінің филиалында қызмет етуде. Ехобаның батасы шынымен де адамды “байытады”.
17 Келесі мысал білімге ерекше көңіл бөлінген отбасында өскен бір әйел бауырлас жайында. Франция, Мексика мен Швейцариядағы университеттерде оқыған бұл бауырластың мансап қууға керемет мүмкіндігі болды. “Мен көп жетістіктерге жеттім. Абыройым артып, жұмыста жоғарыладым, бірақ іштей көңілім толмай жүретін”,— дейді ол. Сосын, Ехоба жайлы біледі. Ол былай дейді: “Рухани өскен сайын, Ехобаға ұнамды болуға және оның көрсеткен бар жақсылығын аз да болсын қайтаруға деген ықыласым арта түсті. Бұл оған толық уақытты қызмет ету өмірімдегі ең дұрыс жол екенін түсінуіме көмектесті”. Ол жұмысын тастап, көп кешікпей шомылдыру рәсімінен өтеді. Соңғы 20 жыл бойы ол қуанышпен толық уақытты қызмет етіп келеді. Бауырлас сөзін жалғап былай дейді: “Кейбіреулер мен жайлы бар қабілетін жоғалтты деп ойлайды, дегенмен олар менің бақытты екенімді мойындайды және ұстанатын принциптеріме қайран қалады. Құдайдың ықыласына ие болу үшін мен оған күнде дұға етіп, кішіпейіл болуыма көмектесуін сұраймын”.
18. Пауыл сияқты, Құдаймен қатынасымызда қалай бай бола аламыз?
18 Кейінірек елші Пауыл атанған Саулдың мансап-атаққа қол жеткізуге мүмкіндігі болған еді. Алайда кейіндеу ол былай деп жазды: “Иә, мен бәрін де залал деп санаймын, өйткені Ием Иса Мәсіхті жақыннан танып білу өзге нәрселерден әлдеқайда жоғары” (Філіпіліктерге 3:7, 8). Пауыл үшін Мәсіхтің арқасында ие болған байлығы осы дүние ұсынуы мүмкін кез келген нәрседен артық болған. Сол сияқты, біз де қара басымыздың қамын ойлаудан бас тартып, Құдайға ұнамды өмір сүруге ұмтылсақ, оның көз алдында бай болып табылатын өмір кеше аламыз. Құдай Сөзі бізді мынаған сендіреді: “Тәңірді терең қастерлейтін кішіпейілдер Байлық, абырой, шын өмірге кенелер” (Нақыл сөздер 22:4).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Исаның көрнекі мысалындағы бай кісі қандай қиыншылыққа тап болды?
• Астарлы әңгімедегі кісі неге түйсіксіз деп аталды?
• Құдаймен қатынасымызда бай болу деген нені білдіреді?
• Қалайша Құдаймен қатынасымызда бай бола аламыз?
[29-беттегі сурет]
Жетістікке жетудің мүмкіндіктері мәсіхші үшін қалайша сынақ болуы мүмкін?
[30-беттегі сурет]
“Жаратушының ақ батасы — бітім-болмысыңды байытады”
[32-беттегі сурет]
Неге бай кісі “түйсіксіз” деп аталды?