Өсімді Құдай береді!
“Сондықтан сенімдеріңді “еккен” де емес, “суарған” да емес, өсіріп отырған Құдай мадақталсын!” (ҚОР. 1-Х. 3:7).
1. Қай мағынада біз “Құдаймен бірге еңбектенушіміз”?
‘ҚҰДАЙМЕН бірге еңбектенуші’. Пауыл бәріміз де ие бола алатын мәртебені осылай атаған (Қорынттықтарға 1-хат 3:5—9 оқы). Ол шәкірт дайындау ісіне нұсқаған. Пауыл оны тұқым себуге және суаруға теңеген. Осы маңызды істе жемісті болу үшін бізге Ехобаның көмегі қажет. Өйткені Пауыл өсімді Құдай беретінін айтқан.
2. Неге өсімді Құдай беретінін мойындағанымыз қызметке деген дұрыс көзқараста болуымызға көмектеседі?
2 Осыны мойындағанымыз кішіпейіл әрі қызметке деген дұрыс көзқараста болуымызға көмектеседі. Біз уағыздау мен тәлім беру ісінде көп тер төгуіміз мүмкін, бірақ адамның рухани өскені үшін, негізінен, мадаққа Ехоба лайық. Неге бұлай дейміз? Өйткені қанша тырысқанмен, ешқайсымыз оның қалай рухани өсетінін толықтай түсіне алмаймыз, ал оны қадағалау жөнінде айтпаса да болады. Бұны Сүлеймен патша: “Барлығын да бір өзі жасайтын Құдайдың не істейтіндігін болжап біле алмайсың”,— деп тура сипаттаған (Екк. 11:5).
3. Тұқым себу мен шәкірт дайындау ісінің арасында қандай ұқсастық бар?
3 Адамның қалай рухани өсетінін түсінбегенімізге бола көңіліміз түсу керек пе? Жоқ. Қайта, бұдан қызметіміз қызықты да қуанышты бола түседі. Сүлеймен патша: “Өз тұқымыңды ертеңгісін себетін бол, әрі кешкісін де қолға тыным таптырма, өйткені сен бастапқысы ма, немесе келесісі ме, алғашқысы ма, қайсысының дұрыс болатындығын немесе бастапқысы ма және келесісі ме бірдей жақсы болатындығын білмейсің”,— деген (Екк. 11:6). Расында да, егін егуге келгенде, диқан әдетте тұқымның қайсысының өніп шығатынын, тіпті шыға ма, жоқ па — оны да білмейді. Иә, адам әсер ете алмайтын жайттар көп. Шәкірт дайындау ісі жөнінде де осылай деуге болады. Иса Марқа жазған ізгі хабардың 4-тарауындағы екі астарлы әңгімесінде осыған көңіл бөлген. Осы әңгімелерден қандай сабақ алуға болатынын қарастырып көрейік.
Әртүрлі топырақ
4, 5. Исаның диқан туралы астарлы әңгімесінің мазмұнын айтып беріңдер.
4 Марқа 4:1—9 тармақтарда Иса шашқан тұқымы әртүрлі жерге түскен диқан туралы әңгімелеген: “Тыңдаңдар: бір диқан тұқым себуге шығыпты. Ол сеуіп жүргенде дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып, жеп қояды. Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан тұқым тез көктеп шығады. Алайда күн шыққан соң күйіп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады. Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер өсіп, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды. Сондықтан олар жеміс бермейді. Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлар өсіп, толысып, кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді”.
5 Сол заманда диқан тұқымды әдетте қолмен себетін. Ол киімінің қатпарына не дорбаға салып алған тұқымды қолын барынша сермей шашатын. Сондықтан астарлы әңгімедегі диқан тұқымды әдейілеп түрлі жерге шашпаған, әншейін дәннің өзі әр жерге түскен.
6. Иса диқан туралы астарлы әңгімесін қалай түсіндірді?
6 Бізге бұл астарлы әңгіменің мағынасын болжап жатудың қажеті жоқ. Оны Марқа 4:14—20 тармақтарда Исаның өзі түсіндірген: “Тұқым себуші Ізгі хабардың сөздерін себеді. Жол бойына түскендері мынадай жайтты бейнелейді: бірқатар адамдар Ізгі хабарды естісімен-ақ әзәзіл шайтан келіп, олардың жүректеріне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. Сол секілді, тастақ жерге себілгені мынаны көрсетеді: кейбіреулер Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Кейін Ізгі хабарға бола бастарына азап не қуғын түскенде дереу сенімдерінен безіп кетеді. Тікен арасына себілген дәндер болса мынаны білдіреді: басқа адамдар Ізгі хабарды естиді, алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Өзге құмарлықтар да бойларына сіңіп, Ізгі хабар ескерусіз қалып, тұншығып, өнім бермейді. Ал құнарлы топыраққа себілген тұқымдар мынаны бейнелейді: бірсыпыра адам Ізгі хабарды тыңдап, қабылдайды. Кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді”.
7. Тұқым және әртүрлі топырақ нені білдіреді?
7 Байқасаң, Иса тұқымның әртүрлі болғанын айтпаған. Қайта, тұқымның бір түрі себіліп, оның әртүрлі топыраққа түсіп, әртүрлі өнім бергенін айтқан. Топырақтың бірінші түрі тапталып қалған қатты, ал екіншісі тастақ, үшіншісі тікенді, төртіншісі болса өнім беретін құнарлы болған (Лұқа 8:8). Тұқым нені білдіреді? Тұқым — Құдай Сөзіндегі Патшалық туралы хабар (Мат. 13:19). Ал әртүрлі топырақ нені бейнелейді? Ол жүректері әртүрлі адамдарды бейнелейді (Лұқа 8:12, 15 оқы).
8. а) Диқан кімді бейнелейді? ә) Неге Патшалық туралы хабарды адамдар әртүрлі қабылдайды?
8 Ал диқан кімді бейнелейді? Ол Құдаймен бірге еңбектенушілерді, яғни Патшалық туралы ізгі хабарды жариялаушыларды, білдіреді. Олар Пауыл және Аполлос сияқты, “тұқымды” егіп, оны суарады. Бірақ олар қаншалықты күш салмасын, нәтижесі бірдей болмайды. Неге? Себебі хабарды естіген адамдардың жүректері бірдей емес. Астарлы әңгімедегі диқанның еңбегінің қандай нәтиже беретіні өзіне байланысты болмаған. Бұл — неткен жұбанышты ой! Әсіресе ұзақ, тіпті кейде ондаған жылдар бойы адал қызмет етіп, бірақ айтарлықтай нәтижесін көрмей жүрген бауырластар үшін бұл — зор жұбанышa. Неге бұлай деуге болады?
9. Елші Пауыл және Иса жұбаныш беретін қандай шындықты айтқан?
9 Тұқым себушінің адалдығы еңбегінің нәтижесімен өлшенбейді. Пауыл осыған меңзеп: “Әрқайсымыз да еткен еңбегімізге қарай Тәңірден лайықты сыйымызды алатын боламыз”,— деген (Қор. 1-х. 3:8). Сый еңбектің нәтижесіне емес, еңбектің өзіне беріледі. Шәкірттері уағыздау қызметінен келгенде, Иса да осы жайтқа көңіл бөлген. Олар Исаның атын атағанда, өздеріне жындардың бағынғанына қатты қуанышты болған. Бірақ Иса оларға: “Жындардың өздеріңе бағынғандығына емес, есімдеріңнің көктегі кітапқа тіркелгендігіне қуаныңдар”,— деген (Лұқа 10:17—20). Ізгі хабардың тұқымын себушінің еңбегі көп жеміс бермеуі мүмкін, бірақ бұл оның өзгелерге қарағанда, ықылассыз не адал емес екенін білдірмейді. Өйткені көп нәрсе тыңдаушының жүрегіне байланысты. Сөйткенмен де өсімді, түптеп келгенде, Құдай береді!
Ізгі хабарды естігендердің жауапкершілігі
10. Хабарды естіген адамның жүрегі құнарлы топырақ сияқты болатын-болмайтыны неге байланысты?
10 Ал хабарды еститіндердің оны қалай қабылдайтыны алдын ала белгіленіп қойыла ма? Жоқ. Олар құнарлы топырақ сияқты бола ма, жоқ па — өздеріне байланысты. Адамның жүрегі жақсы не жаман жаққа қарай өзгеруі мүмкін (Рим. 6:17). Астарлы әңгімесінде Иса кейбір адамдар “Ізгі хабарды естісімен-ақ” Шайтан келіп, жүректеріне себілген сөзді ұрлап алып кететінін айтқан. Бірақ бұған жол бермеуге де болады. Жақып 4:7-де мәсіхшілер ‘шайтанға қарсы тұруға’ шақырылады, сонда ол олардан безіп кетпек. Иса хабарды естіген өзге біреулердің бастапқыда оны қуанышпен қабылдап, “бірақ тамыр жаймағандықтан”, сенімдерінен безіп кететінін айтқан. Бірақ Құдайдың қызметшілері ‘Мәсіхтің сүйіспеншілігінің қаншалықты кең де көз жеткісіз, терең және биік екенін түсіне алып, адам санасы жетпейтін осы сүйіспеншілікті танып білу’ үшін ‘тамыр жайып, негізделуге’ талпындырылады (Ефес. 3:17—19; Қол. 2:6, 7).
11. Тұрмыс қамы мен байлықтың ізгі хабарды тұншықтырып тастауына қалай жол бермеуге болады?
11 Хабарды естіген басқа біреулер ‘бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады’ да, естіген сөз ескерусіз қалып, тұншығып қалады (Тім. 1-х. 6:9, 10). Қалай бұған жол бермеуге болады? Бұл сұрақтың жауабын елші Пауылдың келесі сөздерінен табамыз: “Ақша жанды болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: “Мен сенен бас тартпаймын, Ешқашан жалғыз қалдырмаймын” деген ғой” (Евр. 13:5).
12. Жүректері құнарлы топыраққа теңелгендер неге әртүрлі өнім береді?
12 Сосын, Иса жүректері құнарлы топырақ сияқты адамдар туралы әрі олардың ‘отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім беретінін’ айтты. Хабарды қабылдап, өнім бергенмен, жағдайларына қарай, олардың өнімдері әртүрлі болады. Мысалы, жастың ұлғаюының немесе дерттің салдарынан адам уағыз ісіне өзі қалағандай қатыса алмауы мүмкін (Марқа 12:43, 44 салыстыр). Жүректері жақсы адамдардың жағдайында да тұқымның өсуі “диқанға” байланысты емес, бірақ ол Ехобаның оны өсіргенін көріп, қуанады (Забур 125:5, 6 оқы).
Тұқым себуші “ұйықтап жатсын, не жүріп-тұрсын”
13, 14. а) Исаның тұқым себуге шыққан кісі туралы әңгімесінің мазмұнын айтып беріңдер. ә) Тұқым себуші кімді бейнелейді, ал тұқым деген не?
13 Марқа 4:26—29 тармақтарда тұқым себуші диқан туралы тағы бір астарлы әңгіме жазылған: “Құдай Патшалығы мынаған ұқсас: біреу егіндікке тұқым сеуіпті. Ол ұйықтап жатсын, не жүріп-тұрсын, бәрібір, тұқым күні-түні көктеп, өсе береді. Әлгі адам оның қалай өсіп жатқанын түсінбейді. Жер өздігінен алдымен көк өскінді, содан кейін масағын шығарып, соңынан масақты дәнмен толыстырады. Егін толысып піскенде оратын мезгілі жетіп, диқан оған дереу орақ салады”.
14 Мұндағы диқан кім? Мәсіхшілер әлеміндегі кейбіреулер оны Исаның өзі деп ойлайды. Бірақ Иса ұйықтап, тұқымның қалай өсіп жатқанынан бейхабар деу ойға қонымды ма? Өсу процесінің қалай жүретінін оның жақсы білетінінде сөз жоқ! Алдыңғы әңгімедегідей, мұндағы диқан да бар ынтасымен Патшалық туралы хабардың тұқымын сеуіп жүрген жеке жариялаушыларды білдіреді. Ал себіліп жатқан тұқым олардың уағыздап жүрген хабарын бейнелейдіb.
15, 16. Тұқым себуші туралы астарлы әңгімесінде Иса тура мағынадағы және рухани өсім жайлы қандай шындықты айтты?
15 Иса тұқым себушінің түнде ‘ұйықтап’, күндіз ‘жүріп-тұратынын’ айтқан. Бұл оның бейқам екенін білдірмейді. Жай ғана адамдардың басым көпшілігі осылай өмір кешеді. Исаның сөз саптауы диқанның белгілі бір уақыт аралығында күндіз жұмыс істеп, түнде ұйықтап өз тіршілігін кеше бергеніне нұсқайды. Ал сол екі арада, Исаның түсіндіруіне сай, “тұқым күні-түні көктеп, өсе береді.” Сосын, Иса ‘әлгі адам оның қалай өсіп жатқанын түсінбейтінін’ айтты. Мұнда тұқымның “өздігінен”c өсе беретініне баса назар аударылған.
16 Бұл жерде Иса не айтқысы келген? Байқасақ, мұнда тұқымның өсуіне және оның бірте-бірте жүзеге асатынына назар аударылады: “Жер өздігінен алдымен көк өскінді, содан кейін масағын шығарып, соңынан масақты дәнмен толыстырады” (Мар. 4:28). Тұқым бірте-бірте дамып, бірнеше өсу сатысынан өтеді. Өсімді күштеп жылдамдату мүмкін емес. Рухани өсім туралы да солай деуге болады. Мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандардың жүрегіндегі шындық тұқымының өсуіне Ехоба жол бергенде, рухани өсім бірте-бірте жүзеге асады (Ел. іс. 13:48; Евр. 6:1).
17. Шындық тұқымы жеміс бергенде, кімдер қуанады?
17 “Егін толысып піскенде”, тұқым себуші өнім жинауға қалай қатысады? Ехоба жаңа шәкірттердің жүрегіндегі шындықты өсіргенде, ақыр соңында сүйіспеншілік оларды Құдайға бағышталуға талпындырады. Сосын, олар мұны суға шомылдыру рәсімінен өту арқылы паш етеді. Әрі қарай рухани толыса түсетін ер бауырластар уақыт өте келе қауымда көбірек жауапкершіліктер алуға қабілетті болады. Патшалықтың өнімін жинауға тұқым себушінің өзі, сондай-ақ бұл іске, яғни адамның шәкірт болуына көмектесу ісіне, тікелей атсалыспаған өзге жариялаушылар да қатысады (Жохан 4:36—38 оқы). “Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады”.
Біз үшін сабақ
18, 19. а) Исаның астарлы әңгімелерін қарастырғанымыз сені қалай жігерлендірді? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
18 Марқа кітабының 4-тарауында жазылған осы екі астарлы әңгімеден неге үйренеміз? Бізге “тұқым себу” жұмысы тапсырылған. Біз қазіргі не кезігуіміз мүмкін қиыншылықтарға бола бұл жұмысқа қатыспай қоюдан аулақ болуымыз керек (Екк. 11:4). Иә, бұл — оңай тапсырма емес, бірақ Құдаймен бірге еңбектенуші болу — біз үшін зор мәртебе. Біздің және хабарды қабылдаған адамдардың күш салып жатқанына батасын жаудырып, рухани өсім беретін — Ехоба. Біз ешкімді күштеп, рухани өсіре алмайтынымызды білеміз. Адам рухани өспесе не баяу өссе, бұған ұнжырғамыз түспеуі керектігін де түсінеміз. Қызметіміздің нәтижесі Ехобаға деген және оның бізге тапсырған ісіне, яғни “Патшалық туралы Ізгі хабарды барлық ұлттарға паш ету” ісіне, деген адалдығымызбен өлшенетінін білгеніміз неткен жұбаныш! (Мат. 24:14).
19 Иса жаңа шәкірттердің өсуіне және Патшалық ісіне қатысты тағы неге үйреткен? Бұл сұрақтың жауабын Ізгі хабарларда жазылған басқа астарлы әңгімелерден табамыз. Олардың кейбірі келесі мақалада талқыланады.
[Сілтемелер]
a Исландияда қызмет еткен Георг Фьёльнир Линдал бауырластың (“Жылнама” (ор.) 2005 жыл, 210, 211-беттер) және Ирландияда алғашқыда біраз жылдар бойы қызметте нәтиже көрмеген адал бауырластардың мысалдарын қараңдар (“Жылнама” (ағ.) 1988 жыл, 82—99 беттер).
b Бұрынырақта осы журналда “тұқым” адамның бойындағы дамып жетілетін қасиеттерін білдіреді, сондай-ақ олардың жаман не жақсы болатынына әртүрлі факторлар әсер етеді деп түсіндірілген еді. Алайда Исаның астарлы әңгімесінде тұқымның бүлінетіні не жаман өнім беретіні жайлы айтылмағанын ескерген жөн. Ол тек толысып жетіледі (“Күзет мұнарасы” (ағ.), 1980 жыл, 15 маусым, 17—19 беттер).
c Бұл сөз тағы бір рет тек Елшілердің істері 12:10-да кездеседі. Онда темір қақпаның “өзінен-өзі” ашыла кеткені айтылған.
Естеріңде ме?
• Тұқым себу мен Патшалық туралы хабарды уағыздаудың қандай ұқсастықтары бар?
• Ехоба үшін жариялаушының адалдығы немен өлшенеді?
• Иса тура мағынадағы өсім мен рухани өсімнің арасындағы қандай ұқсастықтарға баса назар аударған?
• Қалай “егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады”?
[13-беттегі суреттер]
Неге Иса Патшалық туралы хабарды уағыздаушыны тұқым себушіге теңеген?
[15-беттегі суреттер]
Құнарлы топыраққа теңелгендер, жағдайларына қарай, уағыздау ісіне шын жүректен атсалысуда
[16-беттегі суреттер]
Өсімді Құдай береді