Ақылға қонымды мақсаттар қойсаң, қуанышты боласың
“ТАҒЫ түк шықпады!” Жоспарыңды жүзеге асыра алмай қалып, талай рет осылай деген кездерің болған шығар. Мысалы, жас ана бөбегіне қарап, қолы бір тимегендіктен, рухани нәрселерге көп уақыт бөле алмай көңілі қалып, осылай деуі мүмкін. Өзге бір мәсіхшінің қауымда атқарып жүрген ісін үнемі аз көріп, өзіне көңілі толмауына тәрбиесі әсер етіп жатады. Егде тартқан бауырлас күш-қуаты қайтып, еркін жүріп-тұра алмағандықтан қызметке бұрынғыдай атсалыса алмағанына қынжылуы мүмкін. Отбасылық жағдайы Ехобаға өзі қалағандай қызмет етуге мүмкіндік бермейтін Кристиана: “Ізашарлық қызметті бастауға талпындыратын баяндаманы тыңдағанда, кейде жылағым келеді”,— дейді.
Мұндай сезімдермен қалай күресуге болады? Қалай кейбір мәсіхшілер өз жағдайларына дұрыс баға беруді үйренген? Өзімізге ақылға қонымды талап қоюдың қандай пайдасы бар?
Парасатты бол
Елші Пауыл қуанышты қалай сақтауға болатынын көрсетіп: “Әрдайым Иемізбен байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар! Сендердің кіші пейіл [“парасатты”, ЖД] екендеріңді елдің бәрі көре алсын”,— деген (Філіп. 4:4, 5). Құдайға деген қызметімізден қуаныш пен қанағат алу үшін өз шамамыз бен жағдайымызды ескеріп, ақылға қонымды мақсаттар қоя білуіміз керек. Тым жоғары мақсаттар қояр болсақ, “әлін білмеген әлек” дегеннің кері келеді. Ал басқа жағынан, өзіміз шектеу деп есептейтін жайттарды сылтауратып, қызметке аз қатысып, тым жанаяр болып кетуден сақ болуымыз керек.
Жағдайымыз қандай болмасын, Ехоба бізден қолымызда бардың ең жақсысын беруді, яғни жан-тәнімізбен және шын жүректен қызмет етуді, талап етеді (Қол. 3:23, 24). Ал бұлай етпегеніміз — бағышталғанымызға сай өмір сүрмегеніміз (Рим. 12:1). Оның үстіне, қолдан келгеннің бәрін істемесек, өзімізді шын жүректен қызмет етуден келетін зор қанағат пен қуаныштан, сондай-ақ басқа да баталардан айырамыз (Нақ. с. 10:22).
Киелі кітапта “парасатты” деп аударылған сөздің астарында “байқампаздық” деген ой бар. Ал “парасатты” дегеннің өзі сөзбе-сөз “иліге білу” дегенді білдіреді. Сондай-ақ ол тым талапшыл болмау деген ойды да қамтиды. Демек, парасатты болсақ, жағдайымызға дұрыс баға бере аламыз. Бұлай ету қиын ба? Кейбіреулерге қиын, десе де олар өзгелердің жағдайын дұрыс бағалай алатын шығар. Мысалы, жақын досымыздың өзін зорықтырып жүргенін байқасақ, қандай да бір өзгеріс жасағаны дұрыс екенін түсінуіне көмектесеміз емес пе? Сол сияқты, өз жағдайымызда да өзімізден шамамыз келмейтінді талап етіп жатқанымызды байқай білуді үйренуіміз керек (Нақ. с. 11:17).
Кезінде ата-анамыз тым көп талап қойған болса, шама-шарқымызға баға бергенде парасатты болу қиынға соғатын шығар. Кейбіреулер ата-анасының сүйіспеншілігіне ие болу үшін үнемі “әлі де жақсара түсуім керек” деген оймен өскен. Біз де солай өссек, Ехобаның бізге қалай қарайтынына деген көзқарасымыз бұрмаланған болуы мүмкін. Ол бізді шын жүректен атқарған қызметіміз үшін жақсы көреді. Құдай Сөзінде Ехобаның ‘неден жаратылдық, соны білетіні, топырақтан екеніміз Оның есінде’ екені айтылған (Заб. 102:14). Біздің мүмкіншіліктеріміздің шектеулі екені оған мәлім, әрі ол бізді соған қарамастан, бар ықыласымызбен қызмет етіп жүргеніміз үшін жақсы көреді. Құдайымыздың қатал қараушы емес екенін есте ұстағанымыз шама-шарқымызға қарай ойға қонымды мақсаттар қойып, қарапайым болуымызға көмектеседі (Миха 6:8).
Сөйткенмен де кейбіреулерге байсалды болу оңайға соқпайды. Бұл саған да қиын болса, неге өзіңді жақсы білетін тәжірибелі мәсіхшіден көмек сұрап көрмеске? (Нақ. с. 27:9). Бәлкім, жалпы ізашар болғың келетін шығар? Бұл — керемет мақсат! Саған кедергі болып жүрген нәрсе бар ма? Мүмкін, өміріңді қарапайым етуге көмек қажет болар. Я болмаса сенім артатын мәсіхші досыңмен отбасындағы көптеген жауапкершіліктеріңді ескере отырып, жалпы ізашар болу мүмкін ба, жоқ па — соны талқылайтын шығарсың. Ол саған мақсатыңа қол жеткізе алатын-алмайтыныңа көз жеткізуіңе немесе бұл үшін қандай өзгерістер жасауға болатынын көруіңе көмектесуі мүмкін. Отағасы да мұндай мәселелерде әйеліне шама-шарқын шамалауға көмектесе алады. Мысалы, әйелі көбірек қызмет етуді шешсе, оған сол айдың алдында аздап демалып алуға кеңес беретін шығар. Сонда ол күш жинап алып, қызметін қуанышпен атқарады.
Қолыңнан келетін істі ізде
Жастың ұлғаюы не денсаулықтың нашарлауы Ехобаға деген қызметімізді шектеп қоюы мүмкін. Ал балаларың бар болса, бар уақытың мен күшіңді соларға жұмсап, жеке зерттеу мен қауым кездесулерінің пайдасын толықтай көре алмай жүргендей сезімде боларсың. Алайда бар көңілің мүмкіндігіңнің шектеулі екеніне ауып, қолыңнан келетін іс назарыңнан тыс қалып қоятын кездер бола ма?
Мыңдаған жылдар бұрын бір леуілік қол жетпес арманын айтқан. Оның жыл сайын екі апта ғибадатханада қызмет ету мәртебесі бар еді. Бірақ ол үнемі құрбандық шалатын орынның қасында болуды қалап, мақтауға тұрарлық осы тілегін білдірді (Заб. 83:2—4). Осы адал кісіге өз қызметін қанағат тұтуға не көмектесті? Ол ғибадатхананың ауласында бір күн болудың өзі зор мәртебе екенін түсінеді (Заб. 83:5, 6, 11). Сол секілді, біз де бар көңілімізді шектеулі мүмкіндіктерімізге аудармай, қолымыздан келетінді байқап, соған разы болуымыз керек.
Мысалы, канадалық бауырлас Нирланданың жағдайын қарастырайық. Мүгедектер арбасында отыратын ол кезінде “қызметте қолымнан келері аз” деп ойлайтын. Бірақ көзқарасын өзгертіп, жақын маңдағы сауда орталығын өзінің учаскесі деп қарастыра бастайды. Ол былай деп түсіндірді: “Мен сауда орталығындағы отырғыштардың бірінің жанына барып, арбамда отырамын. Сөйтіп, сәл демалуға отырған кісілерге куәлік етемін. Бұл маған қуаныш әкеледі”. Қызметтің осы бір маңызды түріне қатысқаны Нирландаға зор қанағат береді.
Қажет болса, өзгерістер жаса
Желкендерін жел керген қайық зор жылдамдықпен жүзеді. Алайда теңізші қатты дауылды байқаса, желкендерді реттеу керек болады. Оның дауылға билігі жүрмейді, бірақ желкендерді реттеу арқылы әлі де болса қайықты игере алады. Сол сияқты, өмірде кезігетін дауыл іспетті жағдайларға біздің де билігіміз жүрмей жатады. Бірақ біз күш-жігеріміз, ой-санамыз бен сезімдерімізді “реттеу” арқылы белгілі бір шамада өмірімізді “игере” аламыз. Жағдайымыздың өзгергенін ескергеніміз Құдайға деген қызметімізде қанағат пен қуаныш сезімін жоғалтпауға көмектеседі (Нақ. с. 11:2).
Кейбір мысалдарды қарастырып көрейік. Егер әлжуаз болсақ, кешкісін қауым кездесуіне баруға күшіміз қалу үшін, күндіз тым зорықпаған дұрыс деп табатын шығармыз. Сонда бауырластарымызбен толыққанды араласа аламыз. Әйел бауырлас баласы ауырып, үйден-үйге жүріп қызмет ете алмаса, сәбиі ұйықтайтын кезде бір бауырласты үйіне шақырып, телефонмен уағыздауды тиімді көретін болар.
Қауым кездесулерінің әр бөлігіне алдын ала дайындалуға мүмкіндігің болмаса ше? Онда қаншалықты дайындала алатыныңды анықтап алып, соған дайындалуға тырыс. Мақсаттарымызды жағдайымызға қарай бейімдеу арқылы белсенді де қуанышты болуға болады.
Мақсаттарымызды өзгерту үшін қайсарлық және күш салу қажет болуы мүмкін. Францияда тұратын Серж бен Агнеске жоспарларын күрт өзгертуге тура келген. Серж: “Агнестің аяғы ауыр екенін білгенде, миссионер болу арманымыздың орындалмайтынын түсіндік”,— деді. Бүгінде елгезек екі қызы бар Серж мақсаттарын қалай өзгерткенін былай түсіндірді: “Шетелде қызмет ете алмайтын болғандықтан, өз елімізде “миссионер” болуды шешіп, шет тілді топта қызмет етіп жүрміз”. Олар мақсаттарын өзгерткендерінің пайдасын көрді ме? Серж: “Біз қауымға қажет екенімізді сезінеміз”,— деді.
Францияда тұратын Одиль деген жетпістен асқан бауырлас тізесінде остеоартриті болғандықтан, ұзақ уақыт тұра алмайды. Осының салдарынан үйден-үйге жүріп уағыздай алмайтынына оның көңілі түскен еді. Алайда ол берілмеді: телефонмен уағыздап, қызметтің басқа түріне қатысатын болды. Ол: “Мен ойлағандай емес, бұл әлдеқайда жеңіл әрі қуаныш әкелетін қызмет екен”,— деді. Қызметтің осы түрі оның уағыздауға деген ықыласын жандандыра түсті.
Ақылға қонымды мақсаттардың пайдасы
Қолымыздан не келетінін айыра білер болсақ, өзімізге ренжіп, көңіліміз қалудан аулақ боламыз. Мақсат қойғанда байсалдылық танытсақ, мүмкіндіктеріміз шектеулі болса да, қолымыздан бірдеңе келетініне көңіліміз тоқ болады. Осылайша салыстырмалы түрде аз іс атқарсақ та, соны істей алғанымызға қуанамыз (Ғал. 6:4).
Өзіміздің шама-шарқымызға байсалдылықпен баға беруді үйренетін болсақ, бауырластарға да анағұрлым түсінушілікпен қараймыз. Сонда олардың мүмкіндіктерін ескере отырып, ұсынған кез келген көмегіне риза боламыз. Осылайша қызметтестік рухы мен өзара түсінушіліктің болуына үлес қосамыз (Пет. 1-х. 3:8). Сүюші Әкеміз Ехоба қолымыздан келмейтінді талап етпейтінін әрқашан жадымызда ұстайық. Сонымен, байсалдылықпен өз жағдайымызды ескере отырып, қол жеткізе алатын мақсаттар қойсақ, қызметімізден көбірек қанағат пен қуаныш аламыз.
[29-беттегі сөздер]
Құдайға деген қызметімізден қуаныш пен қанағат алу үшін өз шамамыз бен жағдайымызды ескеріп, ақылға қонымды мақсаттар қоя білуіміз керек
[30-беттегі сурет]
Нирланда қызметте қолынан келгенді істеп, қуаныш алып жүр
[31-беттегі сурет]
“Желкенді реттеуді” үйрен
[Түпдерек]
© Wave Royalty Free/age fotostock
[32-беттегі сурет]
Серж бен Агнес мақсаттарын өзгерткендерінің пайдасын көруде